Инвестициялардың мәні, ұғымы және жіктелуі туралы қазақша

0

«Инвестиция» (лат. invest — «салу», яғни салым) ұғымы халық шаруашылығының барлық салаларының неғізгі қорларын кеңейте отырып ұдайы өндіруге бағытталған материалдық және еңбек шығындарының, сондай-ақ ақша қорларының жиынтығын білдіреді. Инвестицияларды экономиканың әртүрлі салаларында елдің ішінде де, шетелде де жүзеге асыруға болады.

Инвестиция — біздің экономикамыз үшін салыстырмалы жаңа термин. Орталықтандырылған, яғни орталықтан басқарылатын жоспарлы жүйе аясында «жалпы ірі қаржы салымдары» деген түсінік пайдаланылып, сол арқылы негізгі қорлардың ұдайы өндірісіне жұмсалатын барлық шығындарды (оларды жөндеуге кететін шығындарды қосқанда) түсіну қалыптасқан-ды.

Ал инвестициялар — ол «нақты инвестициялар» (мазмұнына қарай біздің «ірі қаржы салымдары» деген терминімізге жақын) деп аталатындарды да, «қаржылық» (қоржындық) та, сондай-ақ «зияткерлік» те салымдарды қамтитын ауқымдырақ ұғым.у

Нақты инвестициялар мемлекеттің немесе жеке фирманың капиталды экономиканың әлдебір саласына немесе кәсіпорынға салуы болып есептеледі: оның нәтижесі — жаңа капиталдың пайда болуы немесе қолда бар капиталдың (ғимараттар, құрал-жабдықтар, тауар-материалдық қорлар және т.б.) өсуі.

Қаржылық инвестициялар — капиталдың (мемлекеттік те, яки жеке де) акцияларға, облигацияларға, басқадай бағалы қағаздарға, сондай-ақ банк депозиттеріне салынуы. Бұл жерде нақты капиталдың өсуі болмайды, тек меншікті сатып алу, оның мәртебесін беру орын алады. Сөйтіп, трансферттік (яғни берушілік) операциялар орындалады.

Зияткерлік инвестициялар — ол ғылыми мекемелердегі мамандарды даярлау, тәжірибелер, лицензиялар және «ноу-хау», бірлескен ғылыми әзірлемелермен алмасу (беру) тағы сол сияқтылар.

Нақты инвестициялар — ақшаны нақты материалдық және материалдық емес активтерге (негізгі капитал және айналым капиталына, зияткерлік меншікке) салу.

Қоржындық инвестициялар — ақшаны әртүрлі қаржы құралдарына (бағалы қағаздарға, банк депозиттеріне, валютаға, асыл металдар мен тастарға) салу.

Тікелей (төте) инвестициялар — қаражат салу үшін инвестация нысанын таңдауға инвестордың тікелей өзінің қатысуы.

Жанама инвестициялар — қаражат салымына басқа тұлғалардың (инвестициялық фирмалар мен компаниялар, үлестік жарнаның инвестиция қорлары, басқа қаржы мекемелері) жанамаласуы арқылы салынатын инвестициялар.

Қысқа мерзімді инвестициялар — капиталды бір жылдан аз уақыт кезеңіне салу.

Орташа мерзімді инвестициялар — капиталды бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге салу.

Ұзақ мерзімді инвестициялар — капиталды бес жылдан артық мерзімге салу.

Жеке инвестициялар — қаржы салымдарын азаматтар мен жеке ұйымдардың (фирмалар, компаниялар) салуы.

Мемлекеттік инвестициялар — бюджеттік, бюджеттен тыс және қарыз қаражаттары есебінен орталық және жергілікті билік және басқару органдары, сонымен қатар біртүтас кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар өздерінің меншікті қаржы көздерін жұмылдыру жолымен салатын салымдар.

Аралас инвестициялар — мемлекеттің, аймақтардың, муниципалдық білім беру мекемелерінің, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың үлеспен қаржы салымдарын салуы.

Шетелдік инвестициялар — шетелдік мемлекеттік, жеке және заңды тұлғалардың салатын салымдары.

Бірлескен инвестициялар — аталған елдің және шетелдік мемлекеттердің субъектілері салатын салымдар.

Ішкі салымдар — елдің бір немесе басқа аумағы шекараларында орналасқан инвестициялау нысандарына қаражат салу.

Сыртқы инвестициялар — қаражатты шетелдегі инвестициялау нысандарына салу.

Жалпы инвестициялар — жаңа құрылысқа, еңбек құралдары мен заттарын сатып алуға, тауар-материалдық қорлардың және зияткерлік құндылықтардың өсіміне салынатын қаражаттың жалпы көлемі.

Таза инвестициялар — жалпы инвестициялардың амортизациялық аударымдарды алып тастағандағы барша сомасы.

Инвестициялық ресурстар түсінігі: өндірістің барлық өндірілген құралдарын, яғни құрал-саймандардың, машиналардың, жабдықтардың, фабрика-зауыт, қойма, көлік құралдарының, сату желісінің, өндірісте пайдаланылатын тауарлардың және олардың түбегейлі тұтынушыға жеткізілуі қызметтерінің барлық түрлерін қамтиды.

Ал үдеріс, яғни соның көмегімен ресурстар халық шаруашылығының өндірістік және өндірістік емес салалары нысандарына айналатын үдеріс инвестициялау деп аталады.

Инвестициялық тауарлар (өндіріс құралдары) тұтыну тауарларынан кейінгілердің қажеттіліктерді тікелей қанағаттандыратындығымен ерекшеленеді, ол кезде алғашқылар бұны жанама түрде, тұтыну тауарларын өндіруді қамтамасыз ете отырып орындайды.

Іс жүзінде, өзінің мазмұнына қарай, инвестициялар ұлттық байлықты арттыруды іске асыратын капитал болып есептеледі. Оның үстіне, «капитал» терминінің «ақша» дегенді білдіретінін де ескерген жөн. Рас, менеджерлер мен экономистер «ақша капиталы» туралы сөз болғанда, машиналар мен құрал-жабдықтар жэне өндірістің басқа құралдарын сатып алу үшін пайдаланылуы мүмкін ақшаны айтады. Алайда ақша өз бетінше ештеңе өндірмейді. Демек, оларды экономикалық ресурс деп есептеуге болмайды. Нақты капитал -құрал-саймандар, машиналар, жабдықтар, ғимараттар және басқа да өндірістік қуаттар — ол экономикалық ресурс; ақша немесе қаржы капиталы ондай ресурс болмайды.

Инвестициялардың көмегімен болашақта көбірек тұтыну мүмкіндігі пайда болады. Инвестициялардың бір бөлігі — ол ағымдағы кезеңде пайдаланылмайтын, қор жасауға салынатын тұтынушылық игіліктер (яғни қорларды көбейтуге салынатын инвестициялар). Инвестициялардың екінші бір бөлігі — ол өндірісті кеңейтуге бағытталатын ресурстар (ғимараттарға, машиналар мен құрылыстарға салынатын салымдар).

Өкінішке қарай, Қазақстанда инвестициялық қызмет (ірі қаржы салымдары) статистикасы материалдық шығындарды ғана қамтиды, бірақ «ақыл-ойға», ғылыми зерттеулер мен білім беруге салынатын маңызды инвестицияларды есепке алмайды. Инвестицияларға тікелей материалдық құрамдас бөлшектер ғана енгізілетін бұндай көзқарас инвестициялардың нақты, іс жүзіндеғі көлемін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді.

Жеткілікті дәрежеде өркендеген елдердің жетекші фирмалары мен корпорациялары мамандарға қатысты жұмысты ары қарайғы ғылыми-техникалық және экономикалық дамудың аса маңызды факторы ретінде қарайды.

Мьтсалы, АҚШ-тың жеке компанияларының қызметкерлерді даярлау, олардың біліктілігін көтеру және іс жүзінде оқыту секілді шараларға бағыттайтын шығындары жылына бес миллиард долларға жуық. Бұл әлемдік нарықта өз орнын нығайтудың өте маңызды шарты болып саналады.

Сонымен, инвестициялар деп қоғамның нақты капиталын арттыруға, яғни өндірістік қуаттарды кеңейтуге немесе жаңартуға бағытталатын экономикалық ресурстарды түсіну керек. Ол жаңа машиналар мен ғимараттар, көлік құралдарын сатып алуға, сонымен қатар жолдар құрылысын, көпірлер мен басқа да инженерлік құрылыстар салуға байланысты болуы мүмкін. Алайда міндетті түрде бұған білім беруге, ғылыми зерттеулерге және мамандар даярлауға жұмсалатын шығындарды қосу қажет. Бұл шығындар «адам капиталына» инвестиция салу болып есептеледі: ол экономиканың өркендеуінің қазіргі заманғы кезеңінде күннен-күнге үлкен мағынаға ие болып келеді, өйткені, ақыр соңында, ғимараттар мен құрылыстар да, машиналар мен құрал-жабдықтар да адам қызметінің нәтижесі болып шығады.

Инвестициялар мемлекеттің экономикалық жүйесінде аса маңызды құрылым түзу қызметін атқарады. Экономиканың болашақ құрылымы инвестициялық қаражаттың қандай салаларға салынғанына тікелей байланысты. Мысалы, инвестициялық қаражаттың үлкен бір бөлігі металлургия өнімдерін шығаратын зауыттарға немесе, керісінше, жеңіл тоқыма өнеркәсібімен айналысатын комбинаттардың өндірісін кеңейтуге бағытталуы мүмкін.

Әдетте, жеке инвестициялар, негізінен, толықтай жедел түрде пайда алу міндетіне шоғырландырылған. Демек, экономиканың әрбір жеке саласының (немесе қосалқы саласының), жеке кәсіпорынның пайдалылық деңгейі арқылы аталған саланың, қосалқы саланың, кәсіпорынның инвестициялық тартымдылығының деңгейі айқындалады.

Шетелдік және отандық тәжірибе басым жағдайларда нақ осы пайдалылықтың инвестициялардың артықшылығын айқындайтын құрылым құрушы белгі болатынын дәлелдейді. Инвестициялардың мемлекеттік емес көздері, бәрінен бұрын, капиталдың айналымдылығы жылдам, әрі жоғары рентабельді салаларға бағытталады. Бұл жағдайларда экономиканың салынған қаражаттың өтелімділігі баяу салалары «жете инвестицияланбаған» күйінде қалып қояды, бұл, ақыр соңында, дефлщияга (инфляцияны азайту үшін ақша санын азайтуға) экеліп соқтырады. Керісінше, әлдебір саланы шамадан тыс (артығымен) инвестициялау инфляцияға келтіреді.

Экономикалық саясаттың бұл кереғар екі жағын үкімет тарапынан жүзеге асырылатын салықтар, мемлекеттік шығыстар, кредит-ақша және қаржы-бюджет іс-шаралары саласындағы тиімді стратегия реттеуге тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.

#Инвестициялардың #мәні #ұғымы #және #жіктелуі

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз