І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні — Тарих
ӘОЖ 811.512.122:39 Қолжазба құқығында
АМАНГЕЛДІ АЙНҰР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ
І.Есенберлиннің «Көшпенділер” романындағы жылқы
атауларының этнолингвистикалық мәні
10.02.02 – Қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің практикалық қазақ тілі курсы кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшілері: Филология ғылымдарының докторы,
профессор Манкеева Ж.А.
Филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Жылқыбаева А.Ш.
Ресми оппоненттері: Филология ғылымдарының докторы,
профессор Қасым Б.
Филология ғылымдарының кандидаты
Жаткенова Ж.
Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты
Диссертация 2008 жылы «26” мамырда сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылдың «25” сәуірінде таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
филология ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г.
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады. Осыған байланысты ұлттық рухани-мәдени мұраның тарихи маңызын саралап, қайта бағалау мүмкіндігі туып отыр. Кез келген этнос атаулының ежелгі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрініс табады. Бұл ретте В.Гумбольдт: «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык. Язык насыщен переживаниями прежних поколений и хранит их живое дыхание”,- деп пайымдаған [1,68-82 б.]. Әр халықтың өзіндік салт-санасы, елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың қазіргі таңдағы маңызды бір мүмкіндігі – оның осы танымдық қызметін неғұрлым толық ашып көрсету, сол арқылы ежелгі елдік атрибуттарды, халықтық қалыпты, рухани тамырды тереңірек зерттеп, жете тану. Тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс ретінде сабақтастыра қарау академик Ә.Т.Қайдаров ұсынған «тіл мен ұлт біртұтас” немесе «адамды тіл әлемі арқылы тану” деген қағидаларға сүйенетін қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттың қалыптасуына әкелді. Этнолингвистиканың ғылыми-теориялық негізі Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Р.Сыздықова, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Р.Шойбеков, А.Жылқыбаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде қаланды. Соңғы уақытта қазақ тіл білімі лингвомәдениеттану, когнитивтік тіл білімі сияқты тілдік салалармен толығып, өз жемісін бере бастады. Төрт түлік мал атауларын зерттеуде де осы бағыттарды қолдану оң нәтиже берері анық. Өйткені төрт түлік атауларын, әсіресе жылқы атауларын зерттеуді осы бағыттарға сәйкес жүргізу ұлттың тарихы мен тегін зерделеумен қатар, оның дүниетанымын, өзіне ғана тән ұлттық болмысы мен мінез-құлқын айқындауға жол ашады.
Кәсіп пен олардың таңбалық сипаттамасы – тіл бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде жылқының маңызы зор болды. Қазақ халқы үшін жылқы – қозғалыс көзі, өмір сүру, тіршілік ету формасы. Сондықтан жылқыға қатысты сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер тілімізде көптеп ұшырасады. Осы тілдік деректерді жүйелі түрде жинау, ғылыми талдау сөздік қордың толығуына ғана емес, оны жаңа қырынан зерттеуге, тануға әсер етеді. Сол сияқты жылқы атауларын көркем мәтінде қарастыру мәселесі де өзекті. І.Есенберлин сынды сөз зергерінің атын әлемге паш еткен «Көшпенділер” трилогиясындағы жылқы атауларына этнолингвистикалық талдау жасау, біріншіден, қазақ халқының ұлттық танымының, ұлттық болмыс-бітімінің, ұлттық рухының, менталитетінің жарқырай көрінуіне жол ашса, екіншіден, жазушының тілдік тұлғасын тану мүмкіндігіне ие боламыз. Мұның өзі жылқы атауының негізіндегі ғаламның ұлттық тілдік бейнесін және қаламгердің идиостилін айқындауға жол ашады. Тақырыптың өзектілігі де осында.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты – І.Есенберлиннің «Көшпенділер” романындағы жылқы түлігіне байланысты тіл деректерін жинақтап, бір жүйеге түсіру, жылқыға қатысты тілдік бірліктерді этнолингвистикалық тұрғыдан талдау. Осыған байланысты жұмыста төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:
— шығармадағы жылқы атауларының ұлт мәдениетіне қатысын белгілі бір мағыналық байланыстарға негізделген тұтас лексика-семантикалық топтарға жіктей отырып зерттеу;
— шығармадағы жылқы малына, шаруашылығы, кәсіптік атаулары т.б. байланысты этнолексиканы сараптап, жіктеп көрсету;
— шығармадағы жылқы атауларының этнолингвистикалық сипатын ономасиологиялық аспектіде (жылқының жасы, жынысы, түрі, түсі т.б.) түсіндіру;
— шығармадағы жылқы атауларының сөзжасамдық тұрғыдан құрылымдық моделін анықтау;
— жылқы малына байланысты фразеологиялық тіркестердің, мақал-мәтелдердің, топонимдердің, метронимдердің т.б. этномәдени мазмұнын ашу.
Зерттеу нысаны. І.Есенберлиннің «Көшпенділер” трилогиясындағы жылқы атауларын этномәдени тұрғыдан зерттеу.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеудің материалы ретінде І.Есенберлиннің «Көшпенділер” тарихи трилогиясындағы жылқыға қатысты тілдік деректер алынды. Жалпы жылқыға қатысты деректер түсіндірме, этимологиялық, фразеологиялық және т.б. сөздіктерден, оқулықтар мен көркем шығармалардан, ғылыми еңбектерден алынды.
Зерттеу әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында теориялық-әдістемелік негіз ретінде антропоцентристік және когнитивтік лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі” теориясының қағидалары басшылыққа алынды. Қажетіне қарай сипаттама, тарихи-салыстырмалы, этнолингвистикалық талдау, жүйелеу, топтау, салыстыру тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Зерттеу нысаны бойынша төмендегідей мәселелер ғылыми шешімін тапты:
— жылқы атауларының көркем мәтіндегі қолданысы кешенді талданды;
— І.Есенберлиннің «Көшпенділер” тарихи трилогиясындағы жылқы атауларының шебер қолданысы шығарманың этномәдени, тарихи мазмұнымен сабақтас өрілгені нақты анықталды;
— шығармадағы жылқы атаулары жинақталып, жүйеленіп, этномәдени бірлік ретінде сипатталды;
— жылқыға қатысты рухани және материалдық лексика қазақ халқының мәдениетінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының ажырамас бөлігі екендігі айқындалып, қаламгер қолданысындағы жылқы атауларының этностың рухани және материалдық мәдениетімен, халықтың шаруашылығымен байланысының лингвомәдени, әлеуметтік мәні нақты дәлелденді;
— шығармада жылқыға қатысты лексиканың кең қолданылуы, «жылқы” атауының ұлттық санадағы оған қатысты барлық жалпы ұғымдарды қамтуы оның («жылқы” атауының) шығармадағы қолданысының концептілік жүйесін айғақтайды.
Жұмыстың теориялық және практикалық мәні. Зерттеу барысында алынған тұжырымдар мен нәтижелер лексикология, семасиология, сөзжасамның жалпы теориялық негіздерін, этнолингвистиканы, когнитивтік лингвистиканы дамытуға септігін тигізе алады. Жұмыстың нәтижелерін лексикология, сөзжасам, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, елтану бойынша арнайы курстарда, қазақ тілін ана тілі деңгейінде оқитын аудиторияларда, практикалық қазақ тілі курсында, әртүрлі оқулықтар, сөздіктер (түсіндірмелі, диалектологиялық, этимологиялық, жиілік т.б.) жасауда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
— І.Есенберлиннің «Көшпенділер” тарихи романындағы жылқыға қатысты этномәдени лексиканың молдығы қаламгердің тілдік тұлғасына тән ой-танымының, қайталанбас даралығының көрінісі;
— шығармадағы жылқы атауларын зерттеу «ғаламның тілдік бейнесінің” тілдік көрінісін дәйектейді;
— шығармадағы жылқы атаулары сөздік қордағы ең байырғы лексика ретінде қазақ халқының өзіндік ұлттық ерекшелігін айқындайды;
— жылқы атаулары қазақ тілінің сөздік қорында өзіндік орны, үлес салмағы бар тілдік единицалардың мағыналы жүйесі болып табылады;
— жылқы атаулары қазақ халқының ұлттық танымы мен мәдениетінің, ұлттық рухының тілдік бейнесін сипаттайды;
— аналитикалық тәсіл жылқы малының түр-түс атауларын жасауда өнімді болып табылады;
— автордың көркем мәтінде жылқы атауларын қолдану шеберлігі жазушының тілдік тұлғасын сипаттайтын аялық білімін де көрсетеді.
Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері «Управление университетским образованием: проблемы и перспективы” (Өскемен), «Қазақстандағы мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы мен даму болашағы” (Өскемен), «С.Аманжолов оқулары-2004” (Өскемен), «С.Аманжолов оқулары-2005” (Өскемен), «Орта Азия және Қазақстан: Түркі өркениетінің бастауы” (Тараз), «Мемлекеттік тілдің ахуалы, проблемалары және оны шешу жолдары” (Өскемен) атты халықаралық, «Жоғары кәсіби білім: оқытудың тиімді стратегиялары трансфері” (Семей), «Абай шығармашылығының әлеуметтік-философиялық, ұждандық және саяси әлеуеті мен қазіргі заман” (Өскемен) атты республикалық ғылыми-практикалық конферецияларда баяндалды. 9 мақала Комитет бекіткен ғылыми басылымдарда жарық көрді. Ғылыми жұмыс бойынша барлығы 18 мақала жарияланды. Диссертация С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің ғылыми-теориялық семинарында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы мен оны оқыту әдістемесі кафедрасында талқыланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
Негізгі бөлім
Зерттеу жұмысының бірінші бөлімі «Жылқы атауларының тарихи-ономосиологиялық және сөзжасамдық негіздері” деп аталады.
1.1 Төрт түлік малға қатысты деректердің зерттелу жайы. Қазақтардың дәстүрлі идеологиялық таным-түсінігінде төрт түлік маңызды орын алады. Төрт түлікке қатысты тілдік деректердің қайнар көзі – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың зерттелуі өз бастауын ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басында жазылған этнографиялық зерттеулерден алады. Көшпенділерде төрт түлік шаруашылық қатынастарымен қоса, мәдениет үрдісінде де алдыңғы орынға шығып, сол кезеңдегі адамдардың наным-сенімдерінде культтік мәнге ие болумен қатар, олардың идеологиялық танымында да бекемденген еді. Х.Арғынбаев, Ә.Төлеубаев, А.Тоқтабаев т.б. этнограф-ғалымдар төрт түлікке қатысты сүбелі еңбектер жазған. Төрт түлік атауларының тілдік тұрғыдан зерттелуіне келсек, алғашқы деректер А.М.Щербак, Э.В.Севортян, Г.Н.Потанин, А.И.Левшин, Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, А.И.Добромыслов, А.Е.Алекторов еңбектерінде кездеседі. Төрт түлік атаулары бүгінде түрлі зерттеу нысанына айналып отыр. Мәселен, төрт түлік атаулары, түр-түсі т.б. төрт түлікке қатысты атаулар, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер этнолингвистикалық тұрғыдан академик Ә.Қайдаров, Р.Сыздықованың еңбектерінде жан-жақты зерттелген. Төрт түлікке байланысты табу мен эвфемизмдер Ә.Ахметовтың зерттеулерінде талданған. Ә.Жақыповтың зерттеу жұмысына түйе малы арқау болса, Б.Тлепиннің жұмысына қой-ешкі атаулары нысан етіп алынған. С.Сәтенованың еңбектерінде төрт түлік атауларына қатысты фразеологизмдерге талдау жасалады. Т.Линко, Е.Керимбаев, У.Ержанова, А.Әлімхан т.б. зерттеушілердің еңбектерінде төрт түлік атауларына қатысты лексика тарихи-ономосиологиялық тұрғыдан зерделенеді. Қазақтың алғашқы зиялылары Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, Ә.Бөкейхановтың, С.Сейфуллиннің, С.Аспендияровтың ғылыми-зерттеу еңбектерінде жылқыға қатысты этнографиялық лексика орын алады. С.Қасимановтың, Б.Хинаятұлының еңбектерінде жылқыға қатысты деректер кездеседі. Жылқыға байланысты арнайы жазылған жұмыс ретінде Н.Айтбаеваның «Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулардың лексика-семантикалық және дүниетанымдық сипаты” және Ж.Байтелиеваның «Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі” зерттеулерін атауға болады. М.Бейсенованың, Ұ.Қайырбаеваның, Қ.Шотаның, Р.Панзарбекованың жұмыстарында өзге түліктермен қатар жылқыға қатысты тілдік бірліктерге талдау жасалған. А.Жылқыбаеваның жұмысында жылқыдан алынатын тағам атаулары талданады.
1.2 І.Есенберлиннің «Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының жіктелімі мен лексика-семантикалық топтары. Сөздік қордағы тілдік деректер бір-бірімен қандай да бір байланыста болып, өзара белгілі бір сөз топтарын (тақырыптық, мағыналық) құрайды. Демек, сөз мағынасын зерттеуде тілдік бірліктерді лексика-семантикалық топқа бөліп қарастыру ыңғайлы, тиімді де қажетті әдіс. Сөздерді лексика-семантикалық, тақырыптық топтарға бөлу жөнінде ғалымдардың пікірі әрқилы. Кейбір ғалымдар бұларды мағыналас терминдер деп есептесе, басқа бір топ ғалымдар оларды бірі бірінен тәуелсіз екі термин ретінде қолданады. Сөздерді тақырыптық топтарға бөлу тілдік емес, ой-танымдық критерийлерге негізделетіндігі белгілі. Сондай-ақ, кез келген лексика-семантикалық топ қандай да бір тематикалық топқа енеді. Бірақ бұған қарап, бұл екі терминнің арасында айырмашылық жоқ деп айтуға болмайды.
Тақырыптық топ сөздердің тек парадигмалық қатынасына негізделмейді, ол әрі парадигмалық, әрі денотаттардың арасындағы байланыстарға сүйенеді. Демек, тематикалық топтың көлемі парадигмалық қатардан да, лексика-семантикалық топтың көлемінен де кең болады. Тематикалық топ ұғымы лексика-семантикалық топ ұғымынан кеңірек. Әдетте тематикалық топқа зерттеушілер түрлі сөз табынан құралған сөздерді енгізсе, лексика-семантикалық топқа бір сөз табына жататын сөздерді кіргізеді. Тематикалық топқа енген сөздердің мағыналары бір-бірінен тәуелсіз болып келеді, бұл топқа жаңа сөздер қосылса немесе, керісінше, кейбір сөздер түсіп қалса, бұл осы топ мүшелерінің мағынасына ешқандай залалын тигізбейді, яғни тақырыптық топқа өзара семантикалық байланысы жоқ сөздер енеді. Мысалы: жылқы, жүйрік, ат, бие, сәйгүлік, бесті, құлагер т.б. Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір-бірімен лексикалық мағынасы жағынан байланысады. Мәселен, құлын, жабағы, тай т.б. Ұқсастық: екі топқа енетін сөздер де ақиқат шындықты бейнелейді. Айырмашылығы – лексика-семантикалық топтың мүшелері арасында белгілі бір оппозициялық байланыс болады. Құрамына қандай да бір сөз енсе немесе шығатын болса, оппозициялық байланыс өзгереді. Демек, лексика-семантикалық топқа енген сөздердің бірінің мағынасы өзгеріске ұшырайды, тарылады немесе кеңейеді.
Жылқы атауларын бірнеше лексика-семантикалық топтарға жіктеуге болады. Сөздерді мұндай топтарға бөлу жылқы атауларының мән-мағынасын ашуға, олардың қолданылу аясын, қолданылу жиілігін т.б. анықтауға мүмкіндік жасайды. Ғалым М.Оразов сөздерді лексика-семантикалық топтарға бөлу барысында кейбір шарттардың ескерілуі тиіс екенін атап көрсетеді. Шығармадағы жылқы атауларын жіктегенде біз осы шарттарды негізге алдық [2,124-125 б.].
Лексика-семантикалық топтар туралы сөз қозғағанда сема және оның түрлері мәселелеріне де тоқталған жөн. Семалардың табиғатын ашу, түрлерін айқындауда В.Б.Гак, Н.И.Толстой, Д.Н.Шмелев, И.Кучқартаев, Ю.А.Найда, О.И.Селиверстова, сонымен қатар М.Ержанов, М.Оразов, Б.Қалиев, А.Жылқыбаева т.б. ғалымдардың зерттеулері басшылыққа алынып жүр.
Шындық болмыстағы заттардың жаратылысына тән ортақ белгілері мен айырмашылықтары болатындығы белгілі. Демек, сөздердің семантикалық құрылымын анықтауда жалпылаушы сема мен даралаушы семалардың болуы заңды құбылыс. Романдағы құлын, тай, жабағы семалары – даралаушы семалар болса, жалпылаушы сема – жылқы малының жасы болады. Сол сияқты ілбу, аяңдау, желу, шабу сөздерінің семасы – даралаушы сема болса, қозғалыс – оның жалпылаушы семасы. Жалпылаушы сема сөздердің белгілі бір лексика-семантикалық топтарға бөлінуіне негіз болса, айырушы сема сөздердің жеке-жеке өмір сүруіне негіз болады. Сонымен қатар, сөздердің семантикалық құрылымын анықтауда қосымша семалардың алар орны ерекше. Өйткені кез келген тілде ауыспалы мағынада қолданылатын сөздер бар. Олар – сол этностың тіл байлығының көрсеткіші. Мысалы, құлыным лексемасының да қосымша мағынасы бар. Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, «құлыным” деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған? [3,87 б.]. Бұл сөздің этнографиялық мәні зор. Ол – қазаққа ғана тән жақсы көргендікті, сүйіспеншілікті білдіру. Қандай да бір жануар атауы ұқсату арқылы адамға қатысты қолданылғанда, халықтың дүниетанымы мен ұлттық менталитетіне тікелей байланысты болады. Шығармада жазушы бұл лексеманы романның эмоционалды-экспрессивтік реңкін арттыру үшін пайдаланады.
1.2.1 Жылқының жасы мен жынысына, түрі мен түсіне қатысты т.б. атаулардың жазушы шығармасында берілуі. Жылқының жалпы атаулары: ат, жылқы, жұнт, қылқұйрық. Шығармада ат, жылқы сөздерінің қолданылу жиілігі өте жоғары. Себебі шығарманың оқиғалар желісі қазақ хандығы құрылған тарихи кезеңде өтеді. Бұл – көшпенді қазақ халқы үшін жылқының маңызы ерекше артып, жылқы әрі көлік, әрі азық, әрі соғыс құралы болған кезең болатын. Сондықтан шығармада атты, салт атты, атты әскер тәрізді сөз қолданыстары да жиі ұшырасады.
Шығармада жылқының жасы мен жынысына қарай қойылған атаулар түгелдей көрініс тапқан: тай, құнан, бесті, байтал, дөнежін, сәурік, бие т.б. Олар жеке-дара емес, бір лексика-семантикалық топта қарастырылды.
Халқымыз еркек жылқыларды айғыр және саяқ деп екіге бөледі. Үйірге түсетін еркек жылқы айғыр, бес жасқа дейін үйірге салмаған еркек жылқы сәурік деп аталады. Бес жастан асқан, ақталған жылқыны азбан, екі жастан асып, үш жасқа қараған еркек жылқыны құнан, төрт жасқа шыққан еркек жылқыны дөнен дейді. Құнан, дөнен, құнажын, дөнежін лексемаларындағы -құ/-гу, -дө/-ду қосымшаларының беретін мағынасы монғолдың үш, төрт сан есімдерімен сәйкес екеніне қазір ешкім күмәнданбайды.
Қылшылдаған жас айғыр кезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады [3,101 б.] деген сөйлемде жазушы айғыр, үйір сөздерін ауыспалы мәнде, адамға қатысты қолданып, көркем бейнені сомдауға жұмсаған.
Қазақ тілінде құлын атаулары өте көп. Шығарманың да өн бойында ұшырасып отырады. Халықтық дәстүрлі тәжірибе негізінде пайда болып, сұрыпталып, қолданысқа енген құлынның түрлі атауларын біз былайша топтадық: 1) туылған уағына қарай: марқа құлын, кенже құлын; 2) енесінің сүтке жарыту, жарытпауына т.б. байланысты: күнқақты құлын, мәйекті құлын, еміншек құлын, тіленшек құлын; 3) құлынның жаратылысына, басқа да түрлі әсерлерге байланысты, даму ерекшеліктеріне қарай: асау құлын, шу асау құлын; 4) жас мөлшеріне қарай: қара құлақ құлын, жабағы; 5) түгіне байланысты: қаракер құлын, шабдар құлын, бурыл құлын т.б.
Жылқының жасына, жынысына, тұқымына, мінез-құлқына, табиғи ерекшеліктері мен түрлі қасиеттеріне байланысты тілімізде өте көп атаулар пайда болып, сөздік қордан орын алған. Сол сияқты жылқының түр-түсін білдіретін атаулар да көп. Этнограф Х.Арғынбаев жылқының түсі дәстүрлі 4 топқа бөлінеді деп атап көрсетеді: 1) қылаң; 2) баран; 3) ала; 4) шұбар [4,29 б.]. Жылқының түсін білдіретін жалаң атаулардың барлығы да шығарманың өн бойында кездесіп отырады. Мысалы, қылаң, қылаңға жататын басқа түстер де шығармада назардан тыс қалмайды: Қос қылаңы – Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері [5,39 б.]. Қылаң тобына жататын түстердің негізгісі – ақ. Жылқының ақ бозын халық қасиетті санайды. Шығармадағы қолбасшылардың, хандар мен әміршілердің жорық аттарының ақ боз болып келуі тегін емес. «Ақ ат мінген сайыпқыран жорықта кілең жеңіске жетеді. Әдетте, мұндай атты сардар немесе патшаның өзі мінсе жарасады”, — дейді Омар Хайям. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші… [3,364 б.].
Жаугершілік заманында жиі болып тұратын анттасу дәстүрі қазіргі заманда ұмытыла бастады. Соғыс кезінде боз бие құрбандыққа шалынып, оның қанына екі жақтың адамдары саусағын батырып, серттесіп, бітімге келетін болған. Жалпы қазақ ұғымында ақ – ең қалаулы түс, қасиетті ұғым, жақсылықтың, пәктіктің, әділдіктің белгісі. Шығармада халықтың ежелгі хан сайлау дәстүрі бірнеше рет сөз етіледі. Ертеде хан сайлауында болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, хан сайлаған. Шығармада қазақтың атақты Жәнібек, Қасым, Абылай сияқты хандарын хан көтеріп, таққа отырғызуы баяндалады. Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады [3,291 б.]. … Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты [5,181 б.]. Жылқының ақ боз түстісі ерекше символдық және магиялық, сакральдық (киелілік) сипатқа ие. Құрбан шалғанда ақ жылқының таңдалу себебі: ақ түс – күннің символы. Дегенмен, қазақ күнді ақ емес, қызыл дейді. Сол сияқты жылқының ақ түстілерін қызыл жылқы деп атайды. Ендеше, жылқының түсін атауда сирек қолданылатын қызыл түс те күннің түсі, Тәңірдің символы. Қызыл ат денесін қартайса майда-майда қоңырқай теңбіл басады, яғни жылқы түсі енді тарланға айналады. Шығармада тарлан ат та кездеседі: Кәрі тарланның кей қимылы жас тұлпарға бергісіз [5,156 б.]. Жазушы мұнда қарт адамның қимылын кәрі тарланға балайды.
Қазақ ұғымындағы тағы бір қасиетті түс – көк. «Көк – түгі нағыз көк емес, қоңырлау көк денені, әсіресе, бас-аяғын көкшіл қылшықтар басқан жылқы түсі, …құлын кезінде қоңыр, күлгін, сұр болып келетін бұл түс бара-бара өзгеріп, бозара түседі” [6,92 б.]. Ертеде көк ала жылқыны да құрбандыққа шалатын: Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көк ала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді [3,247 б.].
Қара – баранға жататын, сыртқы түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы жылтыр қылшықты жылқы түсі. Шығармада баран, қара, қара көк жылқылар аз сөз етілмейді. — … әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе.. Жиырма мың қылаң мен бараным бар [5,101 б.].
Жылқыға біткен негізгі төрт түстің бірі – ала — жылқының негізгі түгінің (торы, көк, сары т.б.) ара-арасында ретсіз орналасқан үлкенді-кішілі ақ, ақшыл дақтары бар түс [6]. Ала сөзі екі түрлі мағынада жұмсалады: әрі әбден есейіп, күш жиған, мықты жылқы дегенді білдірсе, әрі жылқының түсін білдіреді.
Шығармада жылқының барлық түстері (қылаң да, баран да, ала да, шұбар да) қамтылған. Автор жылқыға біткен әр түсті өзіндік символикалық, магиялық, сакральдық мәндеріне қарай ұтымды қолдана білген.
1.2.2 Жылқының тұқымына және табиғи ерекшеліктеріне, жүрісіне, дене мүшелеріне, сыны мен бабына байланысты атаулардың қаламгер шығармасында берілуі. Шығармада жылқының тұқымы мен түрлі табиғи ерекшеліктеріне байланысты: қазанат, арғымақ, ақалтеке, жүйрік т.б. сөздер мол қамтылған. Жазушы әр тұқымның өзіндік қасиеттері мен кемшіліктерін, артықшылықтарын, сын-сипатын ашып, шығармада шебер пайдаланады.
Жылқы жүрісінің атаулары: ілбу, жол жорға, тайпалу, жорыту, жортақтау, бұлаң құйрық, май бүлкек, ит бүлкек, текіректеу. Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс. Жылқының табиғи жүрісінің түрлері: аяң, өгіз аяң, желіс (бүлкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді), шабыс (жай түрін майшоқырақ, қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіндігінше шабуын ағынды шабыс дейді). Қара жүріс деп халқымыз шаппай жүріп отырған аяңды ұзақ жүрісті, қалмақы жүріс, желіс деп ұзақ уақыт желе жортуды айтады. Құлан бүлкілге (бүлкекке) басты деп жорта жөнелгенді, сау желіске салғанды айтады.
Шығармада жылқыға тән қимыл-әрекет атаулары мол қамтылған. Оқыранды, кісінеді, шұрқырасты, осқырынды, шіңгірледі, азынады, сатұр-сұтыр шабу т.б. жылқының жүрісіне, шабысына, үркуіне, үні мен түрлі әрекеттеріне қатысты еліктеуіш сөздер (етістіктер). Жылқыға байланысты дыбыстық еліктеуіш етістіктерге Қ.Н.Шотаның диссертациясында жан-жақты талдау берілген [7,56-61 б.]. Ал қасысты, тістесті, тебісті, үрікті, тулады, тарпыды, қарғыды, т.б. жылқының түрлі қимыл-қозғалысының атаулары.
Жылқының дене мүшелерінің атаулары шығарманың өн бойында ұшырасып отырады. Бұл топтағы жал, ерлік, құйысқандық т.б. атаулар тікелей жылқыға қатысты болса, қалғандары түрлі жануарларға ортақ атаулар. Жұмыста сербек, шаша, жаңбырлық, шідерлік т.б. сөздерге талдау жасалады.
Жұмыста бәйгеге атының сыны жөнінде Кей-Қауыстың (ХІ ғ.), Киікбай сыншының үлгісі (ХІХ ғ.), сыншы Ш.Шөңкейұлының (ХІХ ғ.) талаптары, Күреңбай (ХІХ ғ.), Толыбай сыншының, З.Сәніктің үлгілері мысалға алынды. Ат баптаудың қыры мен сырын қазақ атбегілері жақсы түсініп, жеке тәжірибесінде қолдана білген. Халықтың бәйге атын баптауға қатысты ұжымдық тәжірибелері – тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде сақталып қалған халықтың қазынасы. Осы ұлттық құндылықтар жазушының назарынан тыс қалмай, шығарманың танымдық мәнін арттыра түскен.