Химиялық элементтер және олардың таңбалары туралы қазақша

0

Осы тақырыпта: әр химиялық элементтің өзінің жеке таңбасы болатынын білетін боламыз; химиялық элемент атомның белгілі бір түрі екенін түсінеміз; элементтерді металдар және бейметалдар, заттарды жай және күрделі заттар деп жіктеуді үйренеміз.

Химия ғылымына ұлы орыс ғалымы Д.И.Менделеев: «Химия — элементтер және химиялық қосылыстар туралы ғылым», -деп дұрыс әрі дәл анықтама берді. Химиялық элементтер — химияның түпнегізі. Қазіргі уақытта белгілі және болашақта алынатын қосылыстар химиялық элементтерден түзіледі.

Атомдардың белгілі бір түрі химиялық элемент деп аталады. Бүгінгі күні атомдардың, яғни химиялық элементтердің 116 түрі белгілі. Бізді қоршаған әлем, Күн жүйесі, жұлдыздар және ғарыштық денелер -барлығы осы элементтерден түзілген.

Жай заттар бірдей химиялық элемент атомдарынан құралады. Жай заттар металдар және бейметалдар деп екіге бөлінеді. Металдар (сынаптан басқасы) 20°С температурада қатты, шыңдалуға бейім, иілімді, берік, электр тогы мен жылуды жақсы өткізеді, металдық жылтыры болады. Оларға алюминий, темір, мыс, алтын, күміс, қалайы т.б. жатады.

Көптеген бейметалдар 20°С-та газ тәрізді және қатты күйде болады, жалғыз сұйық бейметалл — бром. Бейметалдар электр тогын нашар өткізеді. Оларға күкірт, азот, оттек, көміртек және басқалар жатады. Молекулалары екі атомнан тұратын жай заттарды естеріңде сақтаңдар (18-сурет).


Молекулалары екі атомнан тұратын жай заттар

Әртүрлі атомдар бірігіп күрделі заттар түзеді. Кез келген күрделі заттың құрамы мен қасиетін сақтайтын ең кіші бөлшегі — оның молекулалары (19-сурет).


19-сурет
Күрделі заттар молекулалары

Күрделі заттар әртүрлі химиялық элементтер атомдарынан құралады. Химиялық элемент және жай зат ұғымдарын ажырата білу үшін жай заттар мен күрделі заттардың қасиеттерін салыстырайық. Мысалы, оттек — тыныс алуға қажетті түссіз, жануды қолдайтын жай зат. Су құрамындағы оттек элементінің қасиеті жай заттан мүлде өзгеше, мысалы, балықтар байланысқан оттекпен емес, суда еріген жай зат түріндегі оттекпен тыныс алады. Сондықтан химиялық қосылыс туралы сөз болғанда оның қүрамына жай зат кірмейтінін, тек сәйкес элемент атомдарының белгілі түрлері кіретінін есте сақтау қажет.

Химиялық элементтердің таңбалары

Заттардың құрамы мен құрылысын зерттеуді жеңілдету үшін химиялық элементтерді қысқартылған химиялық таңбалар арқылы белгілейді. Швед химигі Й.Берцелиустың ұсынуымен химиялық элементтерді олардың латынша аталуына сәйкес бірінші немесе келесі әріптерінің бірімен қоса таңбалау қабылданған. Мысалы, сутек (лат. hydrogenium гидрогениум) Н деп таңбаланады, сынап (лат. hydrargyrum — гидраргирум) Hg деп таңбаланады және т.б.

Сен білесің бе? Оттек, көміртек, сутек және азот — адам организмін құрайтын ең маңызды элементтер. Егер ересек адамның салмағы шамамен 73 кг шамасында болса, оның 70 кг-ы осы айтылған элементтердің үлесіне тиеді. Кальций мен фосфордың массасы 2 кг-ға жуық, олар сүйек құрамында болады және оған беріктік қасиет береді. Калий, күкірт, натрий, хлор бірнеше ондаған грамға жетеді. Адам организміндегі темірдің массасы небәрі 6 г-ға жуық болғанымен, гемоглобин құрамына кіретін темір ерекше маңызды рөл атқарады.

Химияны әрі қарай жақсы оқып меңгеру үшін жиі кездесетін элемент таңбалары мен олардың атауларын жатқа білу қажет. Көптеген элемент сәйкесінше толық атауымен аталады. Мысалы, калийдің таңбасы К (kalium) «калий» деп оқылады, мыстың таңбасы Cu (cuprum) «купрум» деп оқылады. Химиялық элементтің салыстырмалы атомдық массасы (Ar) деп элементтің атомдық массасының көміртек атомы массасының 1/12 бөлігіне қатынасын айтады.

Біліміңді тексер

Химиялық элемент дегеніміз не?

Жай заттар қандай үлкен екі топқа бөлінеді және олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?

Бүгінгі күні химиялық элементтердің неше түрі белгілі?

#Химиялық #элементтер #және #олардың #таңбалары

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз