Халықаралық ұйымдар. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 1-тапсырма. Ой шақыру. Пікірлесу. 

–    Қандай халықаралық ұйымдарды білесіздер?
–     Қазақстан қандай халықаралық ұйымдарға мүше?
–     Қазақстан үшін мұндай халықаралық ұйымдарға мүше болудың қаншалықты маңызы бар?

2-тапсырма. Сөздікті оқыңыз, жазып алыңыз.

Қауіпсіздік – безопасность
Ынтымақтастық – сотрудничество, согласованность, единодушие, солидарность
Ұйым – организация
Келісімшарт – договор
Үлес – вклад
Шиеленіс – обострение, осложнение.

3-тапсырма.  Мәтінді оқыңыз.

Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы
       
     Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы – дүниежүзіндегі ең ірі қорғаныс мекемесі болып табылады. Негізінен БҰҰ-ға көмекші ұйым ретінде құрылды. Алғашында Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы бізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі ретінде  танымал болды. ЕҚЫК 1975 жылы Хельсинки Қорытынды Акт негізінде құрылды. Кеңес шеңберінде көптеген маңызды конференциялар өткізіліп, көптеген құжаттар қабылдап, келісімшарттарға қол қойылды. Сонымен бірге, мемлекеттер арасында жақсы қарым-қатынастар орнатуға өз үлесін қосты. Кейін, 1994 жылы Будапешт келісімі бойынша   Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы болып өзгерді. ЕҚЫҰ қарама-қарсылықтарды ескерту, алдын алу, дағдарыс және шиеленісті жағдайды шешу, сонымен қатар мемлекеттердің постконфликті реаблитациясымен айналысады. Ұйымның Копенгагенде, Женевада, Гаагада, Прагада Варшавада өкілеттіктері орналасқан.
ЕҚЫҰ міндеті: аймақтағы қақтығыстардың алдын алу,  дағдарысты жағдайды реттеу, қақтығыс салдарын ликвидациялау.

Ұйымның негізгі мәселелерді шешудегі құралдары:

1.    Қарудың таралуын бақылау;
2. Қақтығыстың алдын алудағы дипломатиялық талпыныстар;
3.Сенімді қатынастар мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі шаралар;
4. Адам құқықтарын қорғау;
  5. Демократиялық институттардың дамуы;
  6. Сайлау мониторингі;
  7. Экономикалық және экологиялық қауіпсіздік.
     Бүгінгі таңда ЕҚЫҰ құрамына 56 мемлекет мүше. Барлық мүше мемлекеттер тең мәртебеге ие және шешімдер консенсус негізінде қабылданады. Шешімдер қандай да бір құқықтық сипатқа ие емес, бірақ саяси маңыздылығы бар.  Ұйым штаты – 370 адам, (ұйымның басқарушы  органдарында шамамен  3500-ге  жуық   қызметкерлер әр түрлі миссияларда  жұмыс істейді).                                           
      ЕҚЫҰ Еуроатлантика және Еуразия кеңістігін біріктіріп отыр. 1992 ж. Қаңтарда Қазақстан  ЕҚЫҰ-ның жаңа мүшесі болып қабылданды. 1995 ж. Вена қаласынан  ҚР өзінің тұрақты өкілдігін ашты. 2010 ж. Қазақстан ЕҚЫҰ төраға болып сайланды.

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз. Сұрақтарға жауап беріңіздер.
  
1. ЕҚЫҰ қандай мекеме?
2.   Ол қашан құрылды?
 3.  Атқаратын қызметі қандай?
 4.  Қазақстан бұл ұйымға қашан мүше болды?
  5. ЕҚЫҰ-ға  қанша ел мүше?

5-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемді толықтырыңыздар.
       
Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы – дүниежүзіндегі ………. болып табылады. Негізінен БҰҰ-ға ……… ретінде құрылды. Алғашында Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы бізге …………. ретінде  танымал болды.   Кеңес шеңберінде көптеген ……. өткізіліп, ………. қабылдап, …….. қол қойылды. Сонымен бірге, мемлекеттер арасында жақсы ……… орнатуға өз үлесін қосты.   ЕҚЫҰ …….. ескерту, алдын алу, …………. шешу, сонымен қатар мемлекеттердің постконфликті реаблитациясымен айналысады. Ұйымның Копенгагенде, Женевада, Гаагада, Прагада Варшавада ………. орналасқан.

6-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыз. Таныс емес сөздерді сөздіктен қараңыз.
 
ЕҚЫҰ-ның құрылымы, институттары

Саммит –  ЕҚЫҰ елбасшылары мен үкімет басшыларының мерзімді өткізілетін кездесуі. М., Хельсиндік саммит (1975) – қортытынды акт қабылданды. Париждік саммит (1990) – Жаңа Еуропа үшін Хартия мен Еуропадағы қарулы күштер жөніндегі Шартқа қол қойылды. Будапештік саммит (1994) – бірқатар институтционалдық реформалар жүзеге асты. ЕҚЫК тұрақты ұйым ЕҚЫҰ-ға ауыстырылды. Стамбул саммиті  (1999) – Еуропалық қауіпсіздік Хартиясына қол қойылды. 

Сыртқы істер министрлігінің Кеңесі – ЕҚЫҰ құрамындағы елдердің сыртқы істер министрлерінің жыл сайын өткізілетін кездесуі. Негізгі қызметі: ЕҚЫҰ-ның бас хатшысын тағайындап, жұмыс істеп отырған төрағаны ұйымдасқан түрде қолдау. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ миссиялары мен жобаларына қолдау көрсету, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнату, ЕҚЫҰ-ның экономика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатын айқындау. 

Тұрақты кеңес –  ЕҚЫҰ-ның атқарушы органы болып табылады. Кеңес аптасына бір рет веналық «Хофбург» конгрес орталығына жиналады. Онда ЕҚЫҰ-ның территориялық жауапкершілік зонасындағы мәселелер талқыланып, сәйкесінше шешімдер қабылданып отырады. 

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы – жыл сайын Венада жиналып, қарулануды бақылау мәселесін талқылайды. 

Аз ұлт өкілдері ісі жөніндегі жоғары комиссар.

ЕҚЫҰ демократиялық институттары мен адам құқықтары жөніндегі бюро.

 ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы.
  
БАҚ еркіндігі ісі бойынша өкіл – ЕҚЫҰ құрамына кіретін 56 мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарының даму үрдісі мен жағдайын бақылайды.

7-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіздер.

 –   ЕҚЫҰ  қандай құрылымдары бар?
–     Олардың негізгі қызметтері?

8-тапсырма. Сөйлемдерден қысқарған сөздерді табыңыз. Өзіңіз тағы да қандай қысқарған атауларды білесіз? Жазыңыз.

9-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!
Жатыс септік. 

Жатыс септігі  істің, қимылдың жасалу орнын, мезгілін, мекенін, көлемін білдіреді. Мысалы: Өмірде себепсіз іс болмайды. Мен ауылдамын, сен қаладасың.  Сұрақтары: Кімде? Неде? Қайда?

10-тапсырма.  Екі  мәтіннен жатыс септік тұлғасында тұрған сөздерді табыңыздар.

Деректер  сөйлейді.

 1992 ж. қаңтар — Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ның мүшесі болып қабылданды.

1995 ж. —  Вена қаласында ҚР ЕҚЫҰ  жанындағы өзінің тұрақты өкілдігін ашты.

1999 ж. қаңтар — Алматыдағы ЕҚЫҰ Орталығы ашылды.

2004 ж. 3 сәуір — Алматы қаласындағы  ЕҚЫҰ орталығының басшысы И.Викки (Норвегия) Қазақстандағы жұмысын бастады.

2007 ж. 21 маусым айынан бастап ҚР ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты кеңесінің шешіміне сәйкес Орталық ЕҚЫҰ Орталығы болып атауы өзгерді.

2008 ж. маусым айынан бастап — Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығын А. Кельчевски (Франция) басқарады. 

 2010 жылы  Қазақстан  ЕҚЫҰ төрағасы болды

 Сөзіңіз құнарлы болсын!

Жалпақ  әлемді аузыңа қарату үшін – рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек (Әбіш Кекілбайұлы. Қазақ афоризмдері). 

–    «Рухани ерлік» дегенді сіз қалай түсінесіз?
–    «Рухани байлық» деген қандай байлық?
–    Бұл екі қасиеттің өлшемдері қандай?

11-тапсырма.  Мәтінді оқыңыз.

                    ЕҚЫҰ:
Қазақстан ірі жауапкершілік кезеңінде
    
     Қазақстан биыл Европалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық  ету миссиясын қолға алды. Бұл тәуелсіз ел тарихындағы ең ірі, ең елеулі әрі маңызды оқиға.  Қазақтан бұл ұйымға төрағалық етуіне орай өткен ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев 11 жыл бойы бас қоспаған ЕҚЫҰ саммитін өткізу идеясын ұсынған болатын: «Қазақстанға ЕҚЫҰ-да сәтті төрағалық тілегім келеді. Бұл үлкен күш-жігерді қажет ететін жұмыс. Қазақстанға біз жан-жақты көмектесуге әзірміз, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге дайынбыз», деді  Ресей басшысы өз сөзінде. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі коммисияның төрағасы Парламент Мәжілісінің депутаты Сағынбек Тұрсынов былай дейді:   «Әлемдік жаһанданудың тағы бір айқын көрінісі – адамзат тарихында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының тізгінін 70 пайыз мұсылман халықтар тұратын Орталық Азиядағы түбі түркі Қазақстан мемлекеті ұстады. Әлемнің   көптеген беделді де белгілі саяси қайраткері мұны Қазақстанның және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен абыройы, саяси және тарихи оқиға деп бағалауда.  Осы уақытқа дейін бұл ұйымға тек Еуропа елдері ғана жетекшілік жасап келді. Өйткені Азия елдерінен біздер тәуелсіздік алғанға дейін бірде-бір  ел ұйымды басқарып көрген жоқ. Мұның өзі ұйым жұмысын бірсарындылыққа итермеледі. Тіпті кейбір елдердің ұйымға жетекшілігі әлемдік аренада елусіз өтіп жатты. Бір сөзбен айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етуі еліміздің әлемдік саяси аренадағы беделі мен берерін таразыға салумен бірге Ұйымның тағдырын шешуге де зор ықпалын тигізгелі отыр. 
Сонымен, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етуге қандай дайындықпен, қандай  мақсат-жоспарлармен келді?
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев 2005 жылдың 1 қыркүйегіндегі сөзінде: «Қазақстанның  Еуропаның үлгілері мен Азияның дәстүрлері бар, бейбітшілікпен тұрақтылықты, қоғамдағы конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайтуда жинақтаған бірегей тәжірибесі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының осы заманғы әлемнің сан алуандығы мен ашық, демократиялық қоғам орнатудың түрлі жолдары жөніндегі түсінігін едәуір байытуға жәрдемдесетініне толық  сенемін», –  деген болатын. Әлем бойынша төртінші орындағы ядролық қарудан бас тартып, демократияландырудың жандануына, сонымен бірге ұйымның бұдан әрі Азия елдерінің қауіпсіздігіне назар аударуына мол мүмкіндік ашады.
ЕҚЫҰ үшінші бағыты адам құқықтарын қорғау ісінде де Қазақстанның басқаларға үлгі боларлық істері жоқ емес. Соңғы жылдары сандық (цифрлы) кітапхана жасалды, базалық баяндама дайындалды. Қазақстан Республикасында адам құқығы жөніндегі 2009 -2011 жылдарға арналған іс шараларының  Ұлттық  жоспары бекітілді. Ұлттық  жоспардың негізінде еліміздегі адам құқықтарының тұғырнамасы әзірленді. Осы аталған шаралар негізінде көптеген жаңа заңдар өмірге келіп, адам құқығына көңіл бөлетін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді.
Біздің ендігі міндетіміз Ұлттық жоспардың, Тұғырнаманың орындалуын, онда айтылған ұсыныстардың өмірге енуін қадағалау, мемлекеттік органдардың өз құзіретіне сәйкес адам құқықтарының қорғалуына барынша жағдай жасауын талап ету болмақ («Экономика» газеті. № 7. 18-24 ақпан 2010 ж).

12-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.  Түсінігіңізді тексеріңіз. Мәтінге сұрақ қою арқылы түсінгеніңізді баяндаңыз.
 
1.    Мәтіндерге  абзац бойынша  сұрақ дайындаңыздар.
2.    Қазақстан ЕҚЫҰ төраға болуға қандай дайындықтармен келді?

 13-тапсырма.  Жатыс септікті сөздерді табыңыз. Қандай қосымшалармен жасалып тұрғанын айтыңыздар.

14-тапсырма.  Пікірлесу. 

–    Үстіміздегі жылдың жетістіктері туралы топпен пікірлесейік.

15-тапсырма. Көру диктанты.  Жазылуына, айтылуына назар аударыңыз.

Тұғырнама, құзірет, ұлтаралық келісім, жаһандану.

16-тапсырма.   Осы сөздерді қатыстырып, жатыс септіктің жалғауларымен сөйлем құрастырыңыздар.

Тест тапсырмалары

1. ҚР ЕҚЫҰ-ның мүшесі болып  қай жылы қабылданды?

А.  2007 ж. 21 маусым  
Б.  2004 ж. 3 сәуір     
С. 2008 ж. маусым
Д. 1992 ж. қаңтар

2. …… ЕҚЫҰ-ның атқарушы органы болып табылады.

А. Сыртқы істер министрлігінің Кеңесі
Б. Тұрақты кеңес 
С. ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы
Д. Аз ұлт өкілдері ісі жөніндегі жоғары комиссар

3. Стамбул саммиті  (1999) –……..қол қойылды. 

А. Еуропалық қауіпсіздік Хартиясына
Б. Париждік саммит (1990) – Жаңа Еуропа үшін Хартия мен Еуропадағы қарулы күштер жөніндегі Шартқа
С. Хельсиндік саммит (1975) – қорытынды актісіне    
Д. Будапештік саммит (1994) – бірқатар институционалдық реформаларға  

4. Жатыс септікті сөйлем қай қатарда?

А.  Қазақстанның басқаларға үлгі боларлық істері жоқ емес
Б. Адам құқығына көңіл бөлетін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді
С. Ұйымның тағдырын шешуге де зор ықпалын тигізгелі отыр
Д. Жыл сайын Венада жиналып, қарулануды бақылау мәселесін талқылайды

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    ЕҚЫҰ немен айналысады?
2.    Біздің бұл ұйымда қандай мүддеміз бар?
3.    Құрылымдарын атаңыздар.
4.    Жатыс септігі қалай жасалады? Сұрақтары қандай?
5.    ЕҚЫҰ төрағалық жасау бізге қандай міндеттер артып отыр?

СӨЖ тапсырмасы: «ЕҚЫҰ төрағалық жасаудың артықшылықтары мен кемшіліктері жайында болашақ дипломат ретіндегі көзқарасыңыз» Реферат дайындау.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!