Халықаралық құқық — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

1-тапсырма. Жаңа сөздермен жұмыс. Сөздікті пайдаланыңыздар.

Халықаралық құқық, құрылымдар, алғышарты, қағидалар жүйесі, мәжбүрлеу, 
төзімділік, дербес теңдік қағидасы, қоқан-лоққы жасамау қағидасы, қол сұқпау.

  2-тапсырма. Ой шақыру. Тобымызбен пікірлесейік!

   – Құқық дегенді қалай түсінесіз?
  –   Күнделікті өмірімізден құқықтың сақталуын байқап жүрсіз бе?
–  Құқық не үшін керек?

3-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. 

Халықаралық құқық

       Халықаралық құқық нормалары мен мемлекеттердің тәуелсіздік құқықтарын құрметтеу мемлекеттер арасындағы сапалы өзара қатынастардың негізгі алғышарты болып табылады. Халықаралық құқық нормалары халықаралық қатынастардың пайда болуынан туындайды. Халықаралық қатынастарды халықаралық құқық  реттеп отырады, сонымен бірге оның нормаларына өз әсерін  тигізеді. Халықаралық құқық кез келген қоғам өмірінде маңызды орынға ие болатын жан-жақты және дамыған халықаралық қатынастарды реттейді.
      Халықаралық құқық тар мағынасында алғанда мыналарды: біріншіден, мемлекеттер мен мемлекет тәріздес құрылымдарды; екіншіден, өз тәуелсіздіктері үшін күресуші халықтар мен ұлттардың, мемлекеттік құрылымдардың орнығу процесін;  үшіншіден, халықаралық ұйымдарды; төртіншіден, мемлекеттер тобын; бесіншіден, осы белгілердің арасындағы байланысты білдіреді.
       Халықаралық құқық – мемлекеттер арасындағы әр түрлі саяси, экономикалық және өзге де қатынастарды, сондай-ақ халықаралық қатынастарға қатысушы басқа да құрылымдарды реттейтін құқықтың бір бөлімі. Ол құқықтың ерекше жүйесі ғана емес, ішкі мемлекеттік құқықтың барлық өзге салаларынан едәуір айырмашылығы бар.  Халықаралық құқық халықаралық қатынастарды реттейтін шарттық және мемлекеттің салыстырмалы келісілген еркін көрсетеді.
Халықаралық құқыққа әдеттегі құқықтың белгілері тән болып келеді: мемлекеттік-еріктік сипаттағы құбылыс; белгілі бір қоғамдық қатынастарды заң нормалары реттейді; мәжбүрлеу арқылы; халықаралық құқықтық нормаларды ұстануды қамтамасыз етеді. Сөйте тұра, халықаралық құқықтың өзіне тән ерекшеліктері бар. Халықаралық құқықтың басты қызметі – оның мемлекетаралық қатынасының негізгі қатысушылары мен арақатынасынан көрінеді.
       Халықаралық құқық ішкі мемлекеттік құқықтан құқықтық нормаларды қамтамасыз етеді (Б. Құлжабаева.  Халықаралық жария құқық).

4-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз. Тірек сөздер мен тірек сөйлемдерді табыңыз. Сөйлемдерге сұрақ қойыңыздар.

5-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемді толықтырыңыз.

1.    Халықаралық құқық нормалары мен мемлекеттердің тәуелсіздік құқықтарын құрметтеу мемлекеттер арасындағы сапалы өзара қатынастардың ………  болып табылады. 
2.    Халықаралық құқық нормалары ………. пайда болуынан  туындайды. Халықаралық қатынастарды халықаралық құқық  реттеп отырады, сонымен бірге оның нормаларына өз әсерін  тигізеді.  
3.    Халықаралық құқық тар мағынасында алғанда мыналарды: біріншіден, ……….. ; екіншіден, ……………;  үшіншіден, ……….; төртіншіден,……..;  бесіншіден, ………….  білдіреді.
4.      Халықаралық құқық халықаралық қатынастарды реттейтін ……….. көрсетеді.
5.    Халықаралық құқық ішкі мемлекеттік құқықтан құқықтық нормаларды қамтамасыз етеді.

6-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыз.

Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары

       Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары халықаралық қатынастардың және халықаралық құқықтың осы заманғы жүйесінің маңызды заңдылықтарын көрсетеді. Қағидалар жүйесіне мынадай сипаттар тән: 1) әмбебаптық; 2) көпшілік мойындағандық; 3) жалпыға міндеттілік; 4) тұрақтылық
Халықаралық құқыққа құқықтың барлық негізгі белгілері тән, олар:
1. Құқық – бұл мемлекеттің еркіне тән құбылыс;
2. Қоғамдық қатынастарды реттейтін заң нормаларының жүйесі;
3. Тәртіп стандартын ұстану үшін мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану.
  
        2002 ж. 8 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 55/2 қарарымен бекітілген Мыңжылдық декларациясы қабылданды. Онда өркениетті адамзаттың басшылыққа  алатын  құндылықтары мен қағидалары көрсетілген.        Мыңжылдық  декларациясы нақты әрекеттерді көрсетеді, мақсатқа жетер жолды айқындады және оған ерекше мән беруде. Оларға мыналар жатады: бейбітшілік, қауіпсіздік пен қарусыздану; кедейшілікпен күресу мәселелері, қоршаған ортаны қорғау; адам құқықтары, демократия мен игілікті басқару; әлсіздерді қорғау мәселелері; Африканың ерекше сұранысын қанағаттандыру. Халықаралық бірлестік БҰҰ-ның бүкіл кезек күттірмес  мәселелерді тиімді шешу құралына айналуына барлық күш-жігерін жұмылдыруда.
     Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары – бұл халықаралық құқықтық салада болып жатқан түбегейлі өзгірістерді айқын бейнелейтін негізгі бастаулар. Халықаралық құқық қағидалары оның басты ережелері болып табылады, оның халықаралық құқықтық толық нормалары мен арақатынасын заңдағы нормалардың конституциялық қағидаларының арақатынасымен салыстыруға болады.
     Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары – өзіндік сипаттамасы бар дербес құқықтық санатқа жатады. Біріншіден, қағидалар барлық құқықтық жүйеге таралады.  Екіншіден, олар міндетті (императивті) cunama jus cogens. Үшіншіден, қағидаларға жүйе құраушы рөлі сипаты тән. Төртіншіден, қағидаларға заңдылық өлшемі тән болады.
      Халықаралық құқықта қағидалардың екі түрлі санаты бар: жалпы, негізгі қағидалар; және тар мағынадағы тәртіп ережелерін бекітетін негізгі қағидалар.
Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары, біріншіден, БҰҰ Жарғысында бекітілген. Бірақ, БҰҰ Жарғысы халықаралық құқық қағидаларын тұжырымдау жөнінде арнайы мақсатты көздемендіктен, олардың кейбіреулері өте қысқа мазмұндалған. Сондықтан, бірқатар мемлекеттердің бастамасымен, бірнеше негізгі қағидалардың мазмұнын айқындау үшін БҰҰ-да бірсыпыра жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыс 1970 жылы БҰҰ Бас Ассамблеяның БҰҰ Жарғысына сәйкес (мұны былай, халықаралық құқықтың негізгі қағидалары туралы Декларация)  мемлекеттер арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқықтың негізгі қағидалары туралы Декларацияны қабылдаумен аяқталады.

1970  жылғы Декларацияда халықаралық құқықтың жеті қағидасы мазмұндалған:
1. Күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасы;
2. Ішкі істерге араласпау қағидасы;
3. Халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы;
4. Мемлекеттердің өзара міндетті ынтымақтасу қағидасы;
5. Халықтардың теңдік және өзін-өзі басқару қағидасы;
6. Мемлекеттердің дербес теңдік қағидасы;
7. Міндеттемелерді адал орындау қағидасы;

     Келесі топқа халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті тікелей қолдайтын қағидалар кіреді. Мұндай қағидаларға күш қолданбау немесе күш қолданамын деп қоқан-лоққы жасамау қағидасы; халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу қағидасы; шекаралардың мызғымастық қағидасы жатады.
Халықаралық ынтымақтастықты айқындайтын қағидалар тобына мыналар жатады: мемлекеттердің дербес теңдік қағидасы; қол сұқпау қағидасы; халықтардың теңқұқылық және өзін-өзі басқару қағидасы; мемлекеттердің ынтымақтасу қағидасы; халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидасы  (Б. Құлжабаева.  Халықаралық жария құқық). 

7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Мына сұрақтарға жауап беріңіздер.
 
1. Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары қандай?
2. Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары нені көрсетеді?
3. Декларация қашан қабылданды?
4. Халықаралық ынтымақтастық қағидасына нелер жатады?

Дипломатиялық сөздіктен:

Халықаралық құқық – заңдық қағидалар мен нормалар жүйесі. Заң ғылымдарының саласы. 

Халықаралық құқықтың негізгі қағидалары – халықаралық қатынастарда күш қолданбау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, кез-келген мемлекеттің ішкі ісіне қол сұқпау, мемлекеттердің егеменді теңдігі.

8-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Көптік жалғауы.

Көптік жалғауы – көптік мағына беретін қосымша. Ол көбіне зат есімге, есімдіктерге жалғанады. Мысалы кітаптар, қаламдар, сендер, мыналар, оқиғалар. Көптік жалғауы үндестік заңына бағынып жалғанады. 
 
9-тапсырма. Мәтіннен көптік жалғауларын табыңыз.  

10-тапсырма. Мына сөздерге көптік жалғауларын жалғаңыз.  

Халықаралық бірлестік… , декларация…. , Ассамблея… , шарт… , 

11-тапсырма. Көру диктанты. Мына сөздердің дұрыс жазылуына, айтылуына назар аударыңыз.

Халықаралық құқық, құқық қағидалары, халықаралық ынтымақтастық, мызғымастық, қанағаттандыру.

12-тапсырма. Мына сөздерге лексикалық түсініктеме жазыңыз.

Міндеттеме –
Достық қатынастар –
Мемлекетаралық қатынастар –
Қауіпсіздік –

13-тапсырма. Адасқан әріптерден бүгінгі тақырыпқа тән терминдерді жазыңыз. 

Дқсаіпкуізі, хаылраықалқ уардал, ққыұқ, халраықықал дұайымр. 

Глоссарий

Халықаралық құқық – мемлекеттер мен халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерінің арасындағы қатынастарды реттейтін заңнамалық қағидаттар мен ережелер жиынтығы (Саяси түсіндірме сөздіктен).

Студенттердің білімін тексеру үшін бақылау сұрақтары:

1.    Халықаралық құқық дегеніміз не?
2.    Халықаралық құқық нормалары неден туындайды?
3.    Халықаралық құқықтың негізгі нормалары қайда бекітілген?
4.    Қағидалар жүйесіне қандай сипаттар тән?
5.    Халықаралық құқықта қағидалардың неше санаты бар?
6.    Көптік жалғауы дегеніміз не?

СӨЖ тапсырмасы: Халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын жаттау.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!