Халықаралық кредит — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Халықаралық кредит — кредит беруші ретінде мемлекет, банк, басқа елдердің жеке және заңды тұлғалары жататын халықаралық экономикалық қатынас саласындағы қарыздық капиталдың қозғалысын білдіреді. Осылайша, халықаралық кредит — қайтару, мерзімді және ақылы шарттарының негізінде елдер арасындағы қарыз капиталының қозғалысына қызмет ететін кредит қатынасын әр түрлі формаларымен субъектілері бойынша біріктіретін үлкен ұғым. Халықаралық кредит жаңа техника, технология, тауар мен қызмет көрсету импортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол төлем балансының тапшылығын (экспорт пен импорттың арасындағы айырмашылықты) жабудың құралына және жинақтаудың (қорланудың) қосымша көзіне айналады.

Шетелдік инвесторлар үшін халықаралық кредит басқа елдерге, әсіресе, қосымша инвестицияға мұқтаж дамушы елдерге капитал салудың ең тартымды формасы болып табылады. Бұл кредит ең сенімді кредит ретінде саналады, өйткені, ол тек компаниялармен, фирмалармен және банктермен ғана емес, сонымен бірге, үкімет кепілдігімен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда Қазақстан, әсіресе, ірі компаниялар, филиалдар және банктер халықаралық кредитті жиі пайдаланады. Бұл белгілі бір реттеуді және шектеуді қажет етеді. Әйтпесе өтелмеген берешектердің жинақталуы және сыртқы қарыздың ағымдағы қызмет көрсетуі бойынша өсе түскен төлемдер мемлекеттің қаржылық — валюта жағдайын қиындатып, оны тұрақсыз етеді, тіпті, үкімет, яғни мемлекет тарапынан саяси және экономикалық қысым көрсетілуі мүмкін.

Халықаралық кредит делдалдың көмегі арқылы немесе тікелей берілуі мүмкін. Делдал ретінде аса ірі ұлттық және трансұлттық банктер, халықаралық және аймақтық валюталық — кредит әрі қаржы ұйымдары болады.

Меншік формасы бойынша халықаралық кредит мемлекеттік, жеке және аралас кредиттерге бөлінеді. Қазақстан жеке халықаралық кредитті жиі алады, яғни кредитті жекеше компаниялардан, фирмалардан, банктерден алады. Ол қарыз алушы елдің валютасында, үшінші елдің валютасында берілуі мүмкін. Халықаралық кредит формасы бойынша коммерциялық (тауарлық) және банктік кредиттерге бөлінеді.

Коммерциялық немесе фирмалық кредит сыртқы саудамен және қызмет көрсетулермен тікелей байланысты болады. Оны, әдетте, басқа елдердегі әр түрлі коммерциялық құрылымға ие компаниялар, фирмалар вексельдің көмегімен тауарлы формада береді. Экспорттаушы тауарды тиегеннен кейін аударылатын вексельді (траттаны) импорттаушыға қояды. Импорттаушы коммерциялық құжаттарды алғаннан кейін оның векселін акцептейді, яғни оның төлемін белгілі бір мерзімде төлеуге келісімін береді.

Банктік кредиттеу тек экспорт-импорт операциялар бойынша есеп айырысулармен ғана байланысты.

Экспорттық банк кредиті — бұл экспорттаушы ел банкісінің импорттаушы елдің банкісіне машина, құрал-жабдық жеткізілімін кредиттеу үшін беретін кредиті. Ол, сонымен бірге, байланысқан кредит деп аталады, өйткені, ол тек машина мен құрал-жабдық үшін ғана беріледі.

Импорттық банк кредиті — бұл импорттаушы елдің фирмаларына және банктеріне тікелей берілетін кредит берушінің елінде қандай да бір тауарларды сатып алуға арналған кредит. Сатып алушы кредиттің бірнеше формалары бөліп көрсетіледі: бір жолғы контракты бойынша кредит, кредит желісі, сондай-ақ, өнеркәсіптік және азаматтық құрылғыларға арналған кредит, оны құрал-жабдықты жеткізумен береді. )

Қазақстанның халықаралық жетекші ұйымға кіруі экономикалық реформаларды жүргізуге қажетті қосымша қаржыға жол ашты.

Халықаралық валюта қорымен (ХВҚ) «стенд-бай» кредит аясында 185,6 млн қарыз алудың арнайы құқығы (СДР) сомасында келісімге қол қойылды.

Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық және Еуропа қайта құру және Даму банкілері, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Жапонияның экспорт-импорт банкі және өзге де халықаралық қаржы-валюта мекемелері беретін кредитті пайдаланады.

Қазақстанның және банктердің халықаралық рейтингі алуы төмен кредит бағасы бойынша да, оның мерзімі бойынша да пайдалы шартқа құрылған халықаралық кредитте жол ашты.

Халықаралық кредит арқылы ұлғайтылған ұдайы өндірісті қамтамасыз ету, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамытудың халықаралық есеп айырысу саласындағы айналыс шығынын үнемдеу, сондай-ақ, капиталдың шоғырлануын және орталықтандырылуын күшейту мақсаттарында капитал мемлекеттер арасында қайта бөлінеді.

Қазақстан 2003-2015 жылдарына арналған Индустриалдық-инновациялық дамудың стратегиясын жүзеге асыруда халықаралық кредитті қосымша құны жоғары әрі бәсекеге жарамды ғылыми сыйымдылығы бар өнімдер өндірісінің жаңа машина, кұрал-жабдық және технология импорты үшін пайдалануы қажет.

Қазақстандағы компаниялар, фирмалар және банктер бір кредит келісімі аясында топтасқан банктердің кредит беруін білдіретін бірлестірілген деп аталатын кредитті алады. Бұл арада банктердің біреуі бірлестірілген (синдицированный) кредитті ұйымдастырушы ретінде алға шығып, кредиттеуге қажетті қаражатты жинау үшін өзге банктер мен қаржы институттарын тартады (біріктіреді), кредит береді әрі қарыз алушылардан қайтарылған кредиттерді пайызымен банктерге бөліп таратады.

Бірлестірілген кредит банктердің шектеулі кредит мүмкіндіктері мен бірінші класты қарыз алушылардың ауқымды қажеттіліктері арасындағы қайшылықты жоюға мүмкіндік береді.