Гректердің Жеті даналары | Скачать Материал

0
304






Жұмыс түрі: 
Материал

Көлемі: 27 бет
Бұл жұмыстың бағасы: 400 теңге

Таңдаулыға:   




Антикалық философия.
Көне шығыс философиясынан кейін біз Батыс философиясына көшеміз. Әдебиетте оны антикалық философия дейді. Оның Отаны – қазіргі Греция. Грек философиясының әлеуметтік-экономикалық негіздері – патриархалдық-құлдық қоғамынан дамыған құл иеленушілік қоғамға көшу, қосымша құнды өсірудің негізінде, байлықтың көзі ашылып, қала-мемлекеттердің қалыптасуы, интеллегенцияның дүниеге келуі т.с.с. Бұл үрдістер Vқ-V б.ғ.д. өтті.
Грек философиясының қайнар көзі – оның бай мифологиясында, гректердің өте терең нақыл сөздер қалдырып кеткен 7 дана аталарында. Сондықтан қысқаша оларға тоқтап кетпеуге болмайды.
Грек мифологиясы.
Грек мифологиясы – осы күнгі уақытқа дейін адамзатты таңғалдыратын мәдени құбылыс. Ол – бүкіл Европа өркениетінің іргетасына сіңген, бүкіл ағарған адамзаттың рухани өміріне осы уақытқа дейін ықпалын тигізіп, шығармашылық шабыт туғызатын көне мәдениет туындылары.
Грек мифологиясынан сонау көне замандағы адамдардың өмір-салтын, олардың қиялдар мен үміттерін, табиғаттың құбылыстарына оның ашылмаған сырларына деген көзқарастары мен қорқыныш сезімдерін, Дүниенің қалайша пайда болғаны жөніндегі алғашқы түсініктерін байқауға болады.
Грек мифологиясының кейіпкерлері осы уақытқа дейін өнер, философия, әдебиетте қолданылады. Кейбіреулерін атап өтейік. Грек мифологиясында ең жоғарғы құдай – Зевс, – Кронның баласы. Ол өзінің інілері Посейдон мен Аидпен Дүниені бөліп алады. Зевсқа аспан, Посейдонға – мүхит, Аидқа жер тиеді. Зевс аспандағы бұлттарды жинап, жерге жаңбыр жаудыртып найзағайды жібереді, ол үй шаруасына көмектесетін Құдай.
Грек мифологиясында егер Эрот – махаббатың Құдайы болса, өмірдегі қуаныш пен бақытты көрсетсе, Танатос – өлім Құдайы болған. Ал оның інісі – Гипнос – ұйқы Құдайы.
Егер Афродита – сүю мен құнарлықтың әсем Құдайы болса, онда Пандора – әсем залымдықты көрсетеді. Зевстің бұйрығы бойынша, ұста құдайы Гефест Пандораны өте әсем қылып жасап шығарды. Ол адамдарға келгенде өзімен әкелген қобдишасын ашып, бүкіл залымдықтарды жер бетіне шығарып жіберді, тек қана оның түбінде үміт қалыпты.
Көне гректердің Құдайларының ішіндегі әділқазысы – Фемида, әділеттілікті қадағалап байқап отыратын – ол Дике.
Егер Эфир күн Құдайы болса, онда Нюкта – түн Құдайы. Нюкта ешкімге қосылмай жалғыз өзі алдауды, құмартуды, қайғыны, аштықты, кәрілік пен өлімді тудырыпты.
Ал адамға келетін болсақ, грек мифологиясында оның жаны (психе) және ақыл-ойы (нус) бар. Жануарлардың жаны болғанымен олардың ақыл-ойы жоқ. Нус адамдарға ғана тән құбылыс.
Адам өмірінің ұзақтығын, жасын анықтайтын құдай – ол Мойра, ал адамның тағдырын анықтайтын – Ананке. Ал Тихе деген тағдыр құдайы белгілі бір кездейсоқтықтың негізінде адамның тағдырын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Адамның ақыл-ойы мен сезімінде шабыт тудыратын құдайлар – олар Музалар. Эрато – махаббат пен поэзияның, Клио – тарихтың, Мельпомена – трагедияның, Терпсихора – бидің, Талия – комедияның, Урания – астрономияның музалары.
Оқырманның байқағанындай бұлардың бәрі қазіргі мәдениет, білім салаларында осы уақытқа шейін айтылатын кейіпкерлер.
Гректердің «Жеті даналары.
Грек философиясының пайда болып қалыптасуына өзінің тікелей әсерін тигізген олардың «Жеті даналары. Олар б.з.д. 7-ғ. өмір сүрсе керек, аттары – Фалес, Клеобул, Питтак, Биант, Солон, Хилон, Анахарсис. Соңғы кісінің шыққан тегі – қазақ жері болса керек. Білім іздеп, сонау Грецияға барып Солон патшаның кеңесшісі болыпты-мыс деген аңыз бар. «Сіз қалай ойлайсыз, жер бетінде өлі көп пе, тірі көп пе , – деген сұраққа ол кісі сұрақпен жауап қайтарған екен. – «Түбінің қалындығы 3 елі тақтайдан жасалған қайықтағы теңіздің толқынында жүзген адамдар өлі ме, әлде тірі ме? – Осы жауаптан Анахарсистің ХХғ пайда болған экзистенционализм философиясының негізгі қағидаларының бірі – адам өмірінің нәзіктігі, ол тек «шекаралық, яғни өмірмен өлімнің екі ортасында қалған жағдайда өзінің өмірінің мән-мағнасын ашатыны жайлы шындықты болжай білгенін байқаймыз.
Гректің «жеті даналары үлкен философиялық туындылар қалдырмаған, олар кітап жазбаған. Бірақ, олардың Дүние, адам, таным мәселелеріне арналған біршама нақыл сөздері қалған. Кейбіреулерімен таныстырайық.
Клеобул: «Өлшем – ең жақсы, «әкеңді сыила, «Көбірек тыңда, азырақ сөйле, «Ләзатты ауыздықта, «әйелді теңіңнен ал т.с.с. деп айтқан екен.
Солон патшадан мынандай нақыл сөздер қалыпты: «Өте ешнәрсе, «Зардап тудыратын ләзаттардан аулақ бол, «әке-шешең пікірлері әрқашанда дұрыс (бұған күмән келтіруге, әрине, болады. С.М.), «Елді басқару үшін, ең алдымен көнуді үйрен, «Көрмегенді айтпа, білмесең – үндеме. «ұлы істермен бәріне жақсы болу қиын.
Хилон былай депті: «Өзіңді тани біл, «Тойды арзан ақыға жаса (әсіресе қазақтарға керек. С.М.), «Өлгенді көтер, үлкенді сыила, «Тілің ойыңды озып кетпесін (әсіресе бізге керек нақыл сөз. С.М.).
Фалес: «әке-шешеңді қалай сыйласаң, балаларың соны жасайды, «Ең жаман нәрсе – тәрбиесіздік, «Өлшемді сақта, «Елді басқару үшін ең алдымен өзіңді-өзің басқара біл.
Питтак: «қорқыныш пен үрей – болашақта, тыныштық – өткенде, «Кек алудан гөрі кешіру жақсы.
Биант: «Күнде айнаға қара – әсем болсаң – дұрыс жүр, кемшілігің болса түзетуге тырыс, «Өзімдікінің бәрін өзіммен бірге алып жүрмін.
Периандр: «Талаптан. Сонда ғанан барлық арманыңа жетесің, «Дүниедегі ең тамаша – тыныштықта.
Әрине, осы және басқа нақыл сөздерде жеті даналардың өмірден алған тәжірибесі, олардың дүниетанымы, адамдардың қарым-қатынасы жөніндегі терең ойлары берілген. Осындай рухани тебіреністерден кейін грек даласында философияның өзі туады.
Алғашқы философтар. Натурфилософиялық кезең.
Алғашқы грек философтары Иония (Кіші Азияның батысы) топырағында дүниеге келеді. Олар тарихқа «фисиологтар (physіs – табиғат,-грек сөзі, natura- табиғат, латын сөзі), яғни табиғатпен айналысатын ойшылдар ретінде кірді. Дүние жөніндегі мифологиялық көзқарасқа қанағаттанбай, олар бүкіл Дүниені біріктіретін, соның негізінде жатқан алғашқы затты іздеді. Олардың ойынша, ол зат біріншіден сезіммен танылатын, ең кең тараған, әртүрлі қасиеттері бар зат болуы керек. Сонымен олар Дүниенің бастауын мифологиядағы Құдайлардан іздемей, табиғаттың өзінен табуға тырысады.
Егер мифология Құдайлардың аяны ретінде есептелсе, Дүниеге келген ойшылдар өздерінің «даналыққа деген құштарлығын, білімге деген талпыныстарын көрсеткісі келеді. Пифагор айтқандай «Толығынан дана ол Құдай ғана, ал біз тек сол даналыққа құштармыз.
Тарихи бірінші рет осындай ой-өрісіне көшіп, Милет қаласынан шыққан Фалес (625-547 б.ғ.д.) алғашқы Дүниенің негізін құрайтын зат – су деді. Өйткені, су ең әртүрлі өзгеріске ұшырайтын табиғаттың заты, сондықтан, ол табиғаттағы барлық өзгерістердің негізінде жатуы мүмкін. Фалес барлық заттардың қорегі дымқыл болып келеді, барлық тіршіліктің ұрықтары мен дымқыл табиғаты бар,- деген ойларды айтыпты-мыс деген қағидалар тарихта қалған. Құрғақшылық – тіршіліктің өліміне әкеледі. Өмір әрқашанда сумен байланысты, бәрі де судан шығады, су арқылы өмір сүреді де, суда өмірі бітеді. Аңыз Фалесті жүзімнің шырынын қысып шығаратын құрал жасаған адам дейді. Мүмкін, бұл нәрсе де оның ойына судың, дымқылдың тірі өмірдегі маңызын көрсетсе керек.
Ал адамның жан-дүниесіне келер болсақ, Фалес оны барлық Дүниедегі заттарға теңеген. Магнит темірді тартады, олай болса темірдің де жаны бар деген екен. Олай болса, бүкіл Дүние тіршілікке толы. Мұндай көзқарасты біз гилозоизм дейміз (hyle-грек сөзі-материя, zoe-өмір,тірі) . Сонымен Фалес жанды бүкіл дүниедегі заттардың ішкі қозғайтын күші ретінде қараған.
Фалестен қалған кейбір нақыл сөздерді «Жеті дана жөніндегі тарауымызда айттық. Тағы да басқа ойларын осы арада келтіруге жөн дейміз. Плутархтың айтуына қарағанда, Фалеске берілген сұрақтардан мынандай жауаптар алыныпты.
Бәрінен де жасы үлкен кім?, – Құдай, өйткені ол тумаған. Бәрінен де не үлкен? – Кеңістік, өйткені ол бүкіл Дүниені қамтиды. Не нәрсе ең әсем? – Дүние, өйткені әсемдіктің бәрі оның құрамында. Ең дана не? – Уақыт, ол бәрін тудырды, тағыда да тудырады. Барлыққа ортақ не? – үміт. Қолында ешнәрсе жоқтардың да үміті бар өмірден. т.с.с.
Сонымен Фалеспен бірге грек ой-өрісі бірте-бірте аңыз қиялдан айырылып, ғылым жолына қарай бетбұрыстың есігін ашты.
Милет мектебінің келесі үлкен ойшысы – Анаксимандр. Ол Фалестің жан досы, оқушысы болған деген пікір бар.
Анаксимандр алғашқы негіз мәселесін тереңдете түседі. Судың өзі нақтылы заттың түрі ретінде алғашқы негіз бола алмайды. Алғашқы негіз (arche -бастау, грек сөзі) шексіз және бейнақтылы болуы керек. Оны Анаксимандр апейрон деген үғыммен береді. (apeіron – шексіз, бейнақтылы, грек сөзі).
Апейронның кеңістікте сыртқы шектеуі жоқ, яғни сандық жағынан шексіз, сонымен қатар ішіне қарай да шектелмеген, яғни сапа жағынан да анықталмайды.
Сонымен ішкі және сыртқы жағынан алғанда шексіз апейрон Дүниедегі шектелген әртүрлі заттарды тудырады. Апейрон бүкіл Дүниені қамтып, қоршап, бүкіл заттарды тудырып, ауыстырып отырады.
Бұл шексіз алғашқы негіз жоғарыда айтқандай құдіретті болғаннан кейін ол Құдайға тең, өйткені, ол өлмейді де құрымайды. Егер грек мифологиясындағы Құдайлар дүниеге келеді де мәңгілік өмір сүрсе, Анаксимандрдың Құдайы – апейрон – мәңгілік, шексіз, оның басы да соңы да жоқ.
Анаксимандр дүниедегі заттардың табиғатының қарама-қарсы жақтарын аңғарған ойшы. Олар жылы мен суық, құрғақ пен дымқылдың күресі.
Анаксимен (585-525б.ғ.д.) деген ойшыл да Милет қаласында өмір сүрген. Табиғаттың негізінде жатқан алғашқы негіз шексіз және біреу болғанымен ол бейнақтылы емес, керісінше, нақтылы – ол ауа. (aer- грек сөзі, -ауа). Бірақ, ауаның ерекшелігі – ол көрінбейді, сонымен қатар ол үне бойы қозғалыста, олай болса өзгерісте. Ауа сирей келе отты тудырады, қысыла келе – желге, содан кейін – бұлтқа, содан кейін – жерге, сосын – тасқа т.с.с. айналады.
Грек мифологиясындағы жанды адамның тынысымен теңеуін, Анаксимен өзінің философиясында пайдаланады. Ауа адамның жан-дүниесін де тудырады. Олай болса, Құдайды да тудырған ауа деген пікірге келеді.
Алғашқы грек философиясының негізін қалаушылардың арасында оқшау тұрған Гераклит (Vқ-Vб.ғ.д.). Ол Эфес қаласында дүниеге келген.
Гераклиттің нақыл сөздерінің мәнін түсіну қиын болғаннан кейін оған «күнгірт деген ат қойылған. Гераклит «Бұл ғарыш, барлық өмір сүргенге бір, еш Құдай, я болмаса адам жаратпаған, болған, болып жатқан, және болатын жарқыраған тірі от, өлшемді түрде сөніп, жанып отырады.
«Алтын тауарларға, тауарлар алтынға алмастырылғандай, бәрі де отқа, от бәріне алмастырылады.
Гераклит Дүниенің мәңгілік өзгерісте, қалыптасу үстінде екенін ашық көрсетеді. Панта рей (pan ta rheі), бәрі де қозғалыста, бәрі де ағым, ешнәрсе қозғалмай тұрақты тұрмайды, бәрі де өзгеріп басқаға айналады,- деген терең пікір айтады. «Өзен суына екі рет кіруге болмайды. Біз өзен суына кіреміз, сонымен қатар кірмейміз, біз сол өзімізбіз, сонымен қатар басқамыз.
Ойшылдың бұл ойлары бізге түсінікті. Бір қарағанда өзен сол өзен болып көрінгенмен оның суы үне бойы ағыста болғаннан кейін жаңарып отырады. Сондықтан, екінші реттей өзенге түскенде, алғашқы сулар ағып кеткен. Сонымен қатар біздің өзіміз де осы уақыт шеңберінде өзгердік.
Гераклиттің шәкірті Кратил біз бір реттей де өзенге түсе алмаймыз, өйткені, біз суға кіріп жатқанда олар сол сәтте ағып кетеді, оның орнына жаңа су толқындары келеді, біз өзімізде сол сәтте өзгеріп жатамыз,- дейді.
Гераклит Дүниенің мәңгілік қалыптасу екенін көрсетіп қоймай, сонымен қатар, оның қайнар көзін іздейді. Гераклиттің түсінігінше, қалыптасу дегеніміздің өзі қарама-қарсылықтан екіншіге өту: суық ыстыққа, ыстық суыққа, дымқыл құрғаққа, құрғақ дымқылға, жас кәріге, тірі өліге, т.с.с. айналады. Өмір садаққа, лираға ұқсайды (лира – гректердің музыкалық аспабы, әртүрлі тартылған шектерден тұрады). Заттардың қарама-қарсы жақтары өшпейтін күресте. «Соғыс – бар заттың анасы және басқарушысы, – дейді Гераклит. Бірақ, ол біржақтылықтан аулақ. Соғыс белгілі бір уақытта бейбітке, не үйлесімділікке айналады. «Олар (надандар) түсінбейді – айырмашылығы бар нәрсе ғана, өз-өзіне келеді. Ауру саулықтың тәттілігіне, аштық тоқтықтың жақсылығын, ауыр еңбек демалысты бағалаудың кепілі. әділеттіліктің не екенін біз ренжу болмаса білер ме едік , – дейді ұлы ойшыл.
Қарам-қарсылықтардың бәрі бір-біріне өтіп гармонияға (harmonіa – грек сөзі, -қарама-қарсылықтың үйлесімге келуі) келеді. Жоғарыға кететін жолмен төменге кететін жол – сол жол, өлі мен тірі – біреу. Сонымен «Бәрі де бір, біреуден – бәрі де шығады. Бұл Дүниенің гармониясын қадағалайтын Логос. Логос – грек сөзі және оның мағнасы әртүрлі – ол ілім, сөз, сөйлем, баяндау, есептеу, қатынастарды анықтау т.с.с. Гераклиттің философиясында Логос заң ұғымына жақын. «Ақылдылыққа үйрену үшін Логосқа жақынырақ болу керек, қаланы өркендету үшін оның заңдарын күшейту қажет, – деген Гераклиттің нақыл сөздерінен Логосты Дүниенің өзгеру заңдылықтары деп түсінуге болады.
Гераклиттің Логосын, ол кісінің айтуынша, қайсыбір адам түсіне бермейді. «Маған Логосты тыңдау даналықты мойындау – бәрі де бір.
Гераклиттің «Aіon – асықтармен ойнап жатқан сәби- деген ойы жөнінде осы уақытқа шейін философтар әртүрлі түсініктемелер береді. Біздің ойымызша, ол заңды түрде сөніп, тағы да лапылдап от болып жатқан Дүниедегі кездейсоқтықтың үлкен орнын көрсеткісі келгендей. Ал мұндай көзқарас қазіргі философиядағы Дүние жөніндегі, оның өз бойында орасан зор әртүрлі даму мүмкіншіліктерінің бар екені, олардың өмірге кездейсоқтық арқылы кішкентай ғана бөлігінің іске асатынын еске түсіреді.
Сонымен, алғашқы грек философтарының ішіндегі Гераклиттің орнының ерекшелігін, оның аса ғұлама тұлға екенін, қорыта келе, тағы да атап өтуіміз керек.
Келесі үлкен тұлға – Пифагор (Vқ-V б.ғ.д.). Жас кезінен бастап білімге деген құштарлығы оны шығысқа – Мысыр еліне тартты. Еліне қайтып оралғаннан кейін ол өзінің құпия мектебін ашып, өзінің философиясын шәкірттеріне таратты.
Пифагор математика ғылымымен айналыса келе Дүниедегі құбылыстардың заңдылықтарын математикалық сандық өлшемдермен беруге болатынын байқайды. Олай болса, Дүниенің алғашқы негізі суда, ауада, жерде т.с.с. емес, санда болар деген ой келеді.
Міне, осы сәттен бастап, дүниетанымға жаңа көзқарас кіріп батыс мәдениетінің ерекшеліктерінің қалыптасуына зор әсерін тигізді. Музыка саласында дыбыстардың ара-қатынасы математикалық түрде көрсетіле басталды. Жердегі ауа-райының өзгеруі, маусымдардың келу ерекшеліктері, тіршіліктің даму циклдары – бәрі де математикалық заңдылықтарды көрсетті. Өздерінің космологиясында, олар геоцентризмнен (geos -грек сөзі, -жер; centrum-латын сөзі, -орталық) бас тартып, жердің шарға ұқсастығын, күннің тұтылуы айдың жермен күннің екі ортасынан өтуде екенін т.с.с. көрсетті.
Сонымен, сан – заттардың алғашқы негізі. Бүгінгі таңдағы біздерге сан – абстракция, ақыл-ойдың туындысы. Бірақ антикалық ой шеңберінде – сан – ол шындықтың алғашқы негізі, ол заттардың «фюзисі – яғни табиғаты.
Элея мектебі. Парменид пен Зенон.
Парменид (Vқ-V б.ғ.д.) Элеяда дүниеге келеді. Өсе келе ол өзінің философия мектебін құрады.
Парменидтің философия ғылымындағы жасаған жаңалығын асыра бағалау өте қиын, өйткені, ол грек ой-өрісінің шеңберінде алғашқы рет Болмыс мәселесін қойып, оны өзінше шешеді. Сонымен, философия ғылымының негізгі тарауларының бірі – онтология дуниеге келеді (ontos-грек сөзі, болмыс, logoc-білім).
Парменидтің ойынша, Дуние жөніндегі ақиқатқа бір ғана жол бар – ол: «бар нәрсе бар, ал жоқ нәрсе – жоқ, өмір сүрмейді. Олай болса, бізге жалғыз ғана жол қалады – ол Болмыс.
Жоғарыдағы көрсетілген ой-пікірден келесі тұжырымдар шығады:
1. Бар нәрсе бар, болып жатыр;
2. Жоқ нәрсе жоқ, өмір сүрмейді;
3. Олай болса, пайда болу (дуниеде болмағанның пайда болуы) және құру (бар нәрсенің жоқ болып кетуі) деген жоқ, өмір сүрмейді;
4. Кеңістік (қуыс) және уақыт (қазіргінің өткен шаққа ауысуы) жоқ, өмір сүрмейді;
5. Бар нәрсенің бәрі – толы;
6. Барлықтың, құрамдас бөліктері жоқ (олай болса, кеңістікті мойындауға тура келер еді), ол – біртұтас;
7. Барлық біреу болғаннан кейін, ол кемеліне келген;
8. Қозғалыс жоқ, өйткені, кеңістік жоқ.
Болмыс туылған жоқ және жоғалмайды да. Өйткені, болмыс бейболмыстан пайда бола алмайды, оның себебі бейболмыс – жоқ. Болмыстан ешнәрсе пайда болмайды, өйткені, ол өмір сүріп жатыр.
Болмыстың уақыты – мәнгілік, қазір, өйткені өткен шақ – ол жоқ, ал болашақты алатын болсақ – ол да әлі жоқ.
Болмыс турақты және қозғалыссыз, өйткені қозғалысты мойындау бейболмысты мойындауға тең, ал ол – жоқ.
«Мұндай тұжырымдарға мен ақыл-ой арқылы келдім, -дейді Парменид.
Екінші жалған жол – ол сезімдік таным жолы. Ол жол бізге өлім мен өмірдің бар екенін, Дуниедегі заттармен құбылыстардың бәрінің өзгеріп отыратынын, бір нәрсенің Дүниеге келіп, екіншінің Дүниеден кетіп жатқанын көрсетеді.
Бірақ, осы күнделікті өмірден алған тәжірибеге қарамастан, Парменид Дүниедегі сандық және сапалық өзгерістерді ешқандай мойындамай-ақ қойды. Оның мұндай көзқарасының қателігін көрсеткісі келетіндер ой-шеңберінде оны жасай алмады, өйткені оның негізгі себебі – ой арқылы қозғалысты қамтудың, бейнелеудің орасан-зор қиындығы. Керісінше, қайсыбір өзгеріс пен қозғалысты ой арқылы теріске шығару – анағұрлым жеңілірек. Міне осы жолға түсіп Парменидтің тұжырымдарын қолдаған ойшыл Зенон болды.
Зенон Элея топырағында б.ғ.д. Vқғ. аяғында дүниеге келеді. Аңыздар бойынша ол өз заманының саяси өміріне ат салысқан ойшыл болса керек. Тиран Неарх оны тұтқынға алып оның билігіне қарсы шыққан адамдарды айт деп қинаған кезде Зенон өз тілін тістеп кесіп тиранның бетіне түкіріпті – міс дейді.
Екінші аңыз, керісінше, тиранның ең жақын достарын соның жаулары ретінде көрсетіп, Зенон оларды бір-біріне айдап салу арқылы елді сол тиранның билігінен құтқарды,- дейді.
Ал енді Зенонның философиялық көзқарастарына келетін болсақ, ол Дүниенің болмысын мойындаған, бірақ кеңістікті жоқ деп есептеген. Дуниедегі болмыстың табиғаты жылы мен суық, дымқыл мен құрғақтың қосындыларынан тұрады. Адамның өзі жерден, ал оның жан-дуниесі жоғарғы көрсетілген 4 элементтің тең қосындыларынан тұрады деп есептеген.
Зенонның еңбектерінің негізгі жақтары Парменидтің көзқарасын жақтау жолындағы көптік пен қозғалыстың жоқтығы жөніндегі дәлелдемелері.
Белгілі бір нәрсе қозғалыста болып шыққан жерінен басқа нүктеге жетуі керек. Бірақ, ол мүмкін емес, олай болса дұрыс емес. – Неге? – Өйткені, зат алдағы нүктеге жету үшін қашықтықтың жартысын өту керек, ол үшін – жартының жартысын т.с.с. шексіздікке кете береді. Олай болса, зат қозғалмайды, бір орнында қала береді, – дейді Зенон.
Екінші дихотомия (грек сөзі,- қаққа бөлу деген мағна береді) «Ахилл. Жүйрік Ахилл өте баяу қозғалатын тасбақаға жете алмайды. Оның дәлелдемесін жоғарыда көрсеткенбіз.
Үшіншісі – «Оқ. Садақтан атылған оқ тұрақты, қозғалмайды. Өйткені, әрбір уақыттың сәтісінде атылған оқ белгілі кеңістікте тұрақты орын алады. Келесі сәтте – келесі кеңістікте тұрақтайды. Ал тұрақтаулардың қосындысы – тұрақтылықты береді. Олай болса атылған оқ қозғалмайды.
Зенонның көптікті теріске шығаруға арналған дәлелдемелері де қызықты. Көпшілік көп бірліктерден тұрады, бірақ ол мүмкін емес. «Егер Дуние көп болса, онда қажетті түрде, олардың саны өздерімен тең. Бірақ олар шексіздікке кетеді, өйткені, екі дуниенің ортасына тағы бір дуниені, олардың екі ортасында тағыда екі дуниені орналыстыруға болады, яғни бұл да шексіздікке кетеді. Олай болса, тек біреу ғана бар, ал көптік жоқ.
Зенон өзінің дәлелдемелерімен Логостың мәртебесін жоғары көтеріп қозғалыс пен көптікті әрі қарай оймен зертеудің, бейнелеудің қажеттігін басқа ойшылдарға көрсетті.
Элей философиясының өкілдерінің бардың біреу екені ғана және оның қозғалмайтындығы басқа ойшылдарды қанағаттандырмады.
Дүниедегі қозғалыстың бар екені барлық адамдарға аян. Олай болса, ол мүмкін. Ал қозғалыс болса, онда Парменидтің бірлігіне негізгі соққы тиеді. Бұл пайда болған жаңа ой-өрісін дамытқан Эмпедокл болды.
Эмпедокл (490-430 б.ғ.д.( жан-жақты дамыған ірі тулға болған – ол философия мен қатар өлең жазған, саясатқа араласқан, адамдарды емдеген. Эмпедоклдың айтуынша,Дуниенің негізінде 4 стихия (stoіcheіon – грек сөзі, -табиғат құрамы) жатыр – от, су, жер мен ауа. Оларды бір-бірімен біріктіретін Сүйіспеншілік, ал ажырататын – Жаугершілік.
Бірақ, Эмпедокл Парменидтің бейболмыс жоқ деген қағидасын ұстайды. Олай болса, қалай Дүниеде қозғалыс болады деген заңды сұрақ туады. қозғалыс заттардың құрамындағы 4 стихияның бір-біреуінің араласқандағы көлемге байланысты болады екен.
Сонымен 4 стихия Дүниенің алғашқы негіздерін құрайды. Олар мәңгілік және тұрақты, бірақ бір-бірімен қосылып мәңгілік қозғалыста.
Ал Сүйспеншілік пен Жаугершілікке келер болсақ, Эмпедоклдың ойынша, олар рухани күштер емес – олардың табиғи қасиеттері бар. Сүйспеншіліктің ұзындығы мен ені бүкіл Дүниеге бірдей тарап кеткен оның қасиеті – ылғалдығында. Ал Жаугершілікке келетін болсақ – ол отқа жақын.
Кейбір уақытта Дуниеде Сүйспеншілік билеген кезде 4 стихия толығынан бір-бірімен араласып шар сияқты болып көрінеді (Сфайрос – шар). Ол кезде Жаугершілік шардың шетінде.
Ал Жаугершілік шардың ішіне кіре бастағаннан-ақ әрбір стихия өзінше жиналып бір-бірінен бөліне бастайды.
Келесі сатыда бірінші процесс тағы да басталады…
Дүниеде 4 стихиядан басқа тіршілік – өсімдіктер, жануарлар, адамдар – бар. Олар 4 стихия арқылы қалай пайда болады? Әрине, бұл сұраққа Эмпедокл тұрпайы жауап қайтарады. Оның айтуынша, ең алдымен 4 стихияның әртүрлі бір-бірімен қосындысынан бөлек-бөлек жануарлардың денелерінің бөлшектері пайда болды. Жер бетінде бір жерде қол, екінші жерде аяқ, үшінші жерде көз т.с.с. жатады.
Екінші сатысында олар бір-бірімен ретсіз қосылып басы адамға, денесі бұқаға ұқсаған т.с.с. құбыжықтардың пайда болуына әкеледі. Бірақ, олардың өмір сүруі мүмкін емес, сондықтан олар өмірден кетеді.
үшінші сатысында пайда болған жануарлардың екі жыныстық қасиеттері бар, сондықтан олар өсіп-өне алмайды. Ең соңғы төртіншісі сатысында ғана бір жыныстық жануарлар дүниеге келіп тіршілік әлемі өмір сүре бастайды.
Эмпедоклдың берген жауабы тұрпайы болғанымен, оның астарында тіршіліктің «мақсатқа лайықтылық табиғаты бар екені жатыр. Ал, бұл мәселе, діннің Құдайды мойындаудағы негізгі дәлелдемелерінің бірі болып мыңдаған жылдар бойы әртүрлі даудаманы ғылымда тудырды. Тек, ХХ ғ. ғана бұл «мақсатқа лайықтылық барлық тіршіліктің миллиондаған жылдардың ішіндегі күн мен түннің, жылдың мауысымдарының т.с.с. ауысуына бейімделуінің арқасында табиғаттағы үрдістерді «алдын-ала бейнелеудің негізінде келгені дәлелденді.
Эмпедокл көптік пен қозғалыс Дүниеде бар екенін көрсеткенімен, бірақ, қалайша бір нәрсе дүниеге келіп, екіншісі дүниеден кетіп жатыр деген сураққа қанағаттанарлық жауап берген жоқ.
Сондықтан Анаксагор бұл сұраққа жауап іздейді.
Анаксагор (500-428 б.ғ.д.) бай және кең танымал ақсүйектер жан-ұясында дүниеге келеді. Бірақ ол өсе келе байлықтан бас тартып, өзінің өмірін толығынан ғылым мен өнерге арнайды. Ол кісінің ойынша Күн – ол Құдай емес, орасан зор жанып жатқан от, Ай жер сияқты және онда тіршілік бар, күн-күркіреуі, найзағайдың себебі – бұлттардың бір-бірімен соқтығысуында т.с.с.
Афина қаласында Анаксагор ең бірінші болып философиядан сабақ бере бастады. Бірақ ол қудаланып (гректердің Құдайларын мойындамағаны үшін) Афинадан қашуға мәжбүр болады. Өзінің философиялық еңбектерінде Анаксагор нақты сұрақтар қояды: «қалайша шаш еместен шаш, ет еместен ет пайда болады Эмпедоклдың стихияларының ішінде ет, сүйек, шаш, қан сияқты элементтер жоқ еді ғой.
Анаксагор бұл сұраққа «әр-нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан- гомеомериялардан пайда болады деген жауап қайтарады. Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол НУС (nous-грек сөзі,- ақыл-ой) – Дүниежүзілік ақыл-ой.
Қорыта келе, Анаксагор Афинадағы ғылымның, философияның дамуына өзінің зор әсерін тигізді.
Демокриттің атомистік ілімі .
Элеаттардың көтерген мәселелеріне Эмпедокл мен Анаксагорға қарағанда басқаша жауап берген Левкипп пен Демокрит болды.
Егер біріншілер Дүниенің негіздерін құрайтын әртүрлі сападағы стихиялар, заттардың тұқымдары т.с.с. деген тұжырымға келсе, Левкипп пен Демокрит өздерінің атом жөніндегі ілімдерінде Дүниенің негізінде жатқан сандық жағынан әртүрлі ұсақ бөлшектер жөніндегі ілімдерін ұсынады.
Левкипп (V б.ғ.д.) Милетте туғанымен Элеяға келіп өз ілімін таратады. Демокрит (460 б.ғ.д. туған) Левкиптің шәкірті болған.
Левкипп пен Демокрит ғылымға атом (atomos-бөлінбейтін) ұғымын, әрі қарай бөлінбейтін, көзге көрінбейтін, өте ұсақ, сапасыз тек қана бітімі, көлемі жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар ұсақ бөлшектерді ұсынады.
Атомистер бейболмыс өмір сүрмейтінін қолдады, өйткені бірдеме Дүниеге келгенде бар ұсақ бөлшектердің қосындысынан пайда болады, ал ол бөлшектер тарай бастаса ол зат құриды. Әрине, атомдар қозғалуы үшін кеңістік керек, сондықтан олар Дүниені орасан-зор қуыс ретінде қарады. Егер біз кеңістіктен атомдарды алып тастасақ, онда ештеңе жоқ, тек қуыс қана қала береді. Олай болса, ештеңе өмір сүреді.
Дүниедегі атомдардың саны шексіз болғаннан кейін, кеңістік те шексіз, өйткені шектелген кеңістікке шексіз атомдар симас еді. Дүниенің кеңістіктегі шексіздігі уақыттың да мәңгілігін, қозғалыстың да бастауының жоқтығын мойындауға мәжбүр етеді.
Атомистика Дүниенің пайда болуын қозғалыс арқылы түсіндіреді (бірінші сатыда). Алғашында атомдар кеңістікте ешқандай тәртіпсіз түрде өмір сүреді. Олар оны күннің көзі түскен кездегі үй ішінде сәулеге шалынып көзге көрінетін қалқып жүрген өте ұсақ шаңмен салыстырады. Екінші сатысында ауыр салмақты атомдардың жеңіл бөлшектермен соқтығысуының нәтижесінде пайда болатын дауылға ұқсас қозғалыс туады. Бұл «дауылда бір-біріне ұқсас атомдар басқалардан бөлініп Дүние өмірге келеді.
үшінші атомдардың қозғалысы – ол заттың бетіндегі өте жеңіл атомдар. Олар заттан ұшып біздің түйсекерімізге әсерін тигізіп иісті тудырады.
Атомистердің айтуына қарағанда 4 стихияның атомдары әртүрлі. Оттың атомдары ең кіші және дөңгелектеу болып келеді, қалған атомдарының бітімі кубқа ұқсайды. Олардың ішіндегі ең кішісі ауаны құрайтын атомдар, орташа көлемді – суды, үлкендері – жерді құрайды.
Атомдардың жалпы саны шексіз болғаннан кейін ғарышта әртүрлі Дүниелер бар. Біреулерінде күн мен ай болмауы мүмкін, кейбіреуінде екі-үштен болуы мүмкін, біреулерінде тіршілік болса, келесілерінде болмауы ғажап емес …
Сонымен Демокриттің Дүние жөніндегі ілімінде ешқандай Құдай, я болмаса басқа рухани күш жоқ – ол бәрін де механистік көзқарастың шеңберінде түсіндіргісі келеді.
Атомистердің философиясының тамаша жері – олар алғашқы рет себеп, қажеттілік деген ұғымдарды философияға еңгізеді. Демокриттің ойынша, әр нәрсенің өз себебі бар – ол қажеттіктен туады. Сондықтан, Дүниеде ешқандай кездейсоқтық жоқ. Белгілі бір құбылыстың себебі ашылмаған кезде оны адамдар кездейсоқ деп атайды.
Адам мен таным мәселелеріне келер болсақ, Демокрит адамның жан-дүниесін мойындайды. Ол дөңгелек, тез қозғалатын, оттың атомдарына ұқсас бөлшектерден тұрады. Олай болса, адам өлгенде оның жан-дуниесі де жойылады – атомдар кеңістікке тарап кетеді (жан-жаққа). Ал түйсік пен ойлау мәселелеріне келсек, онда жан-дуниені құрайтын атомдардың түйсіктік қасиеттері бар екен. Заттардың үстінде орналасқан жеңіл атомдар адамның түйсіктеріне жетіп өзінің әсерін тигізген кезде біздің жан-дүниемізде неше-түрлі сезімдер мен түсініктер пайда болады. Сезімдік және ақыл-оймен тануда Демокрит сезімдік танымның адамды қаталастыруы мүмкіндігін, сондықтан оны ақыл-ойға тоқу керектігін айтады.
Атомистика шеңберіндегі әлеуметтік және моральдық мәселелерге келетін болсақ, демократиялық саяси тәртіп ең тиімді қоғамды уйымдастыру түрі. Демократия бұзылмау үшін адамдарды тәрбиелеу керек.
Адам өзінің табиғаты бойынша өмірден ләззат алуға, зардаптан қашуға тырысады. Бірақ Демокрит ләззатты өлшемді табумен теңестіреді. Адамға ең жақсы нәрсе – еутемия (eythymіa) – жақсы көңіл-күйде болу, ешқандай қорқыныш сезім, я болмаса аса құмартудан алшақ болу. Дүниеге салқын сезіммен қарап даналыққа көтерілу – адамның ең биік мұраты.
Дүниені зерттеуден адам мәселесіне бетбұрыс. Софистика. Сократ ілімі.
Натурфилософия өз уақытының шеңберінің шегіне келіп, әрі қарай Дүниені зерттеуде жаңа идеялар тудыра алмады.
Екінші жағынан, гректердің қала-полистеріндегі саяси өмірдің жандануы, әсіресе тікелей демократияның дамуы, халық жиналысының, соттың мәнінің өсуі философия саласында жаңа бетбұрыс тудырады. Жалпы Дүние жөніндегі тебіреністерден ойшылдар қоғам мәселелеріне, адамның өміріне, мән-мағналықты ашуға көп көңіл бөле бастайды.
Осы кезде грек топырағына софистика ағымы келеді. (sophіa- дана, даналық). Бұл ұғымның мағнасы даналықты, білімділікті көрсеткенмен уақытында теріс мағнада «жалған білімділік ретінде қолданыла басталды.
Оның негізгі себебі – софистердің оқытушылық қызметі, өйткені, сол уақыттағы саяси өмірдің дамуы риторика, логика, философия ғылымдарына деген үлкен сұранысты тудырды. (риторика – әсем және әсерлі сөйлеу өнері, логика – ойлау заңдылықтарын зерттейтін пән). Өйткені, саяси өмірде белсенділік көрсету үшін жиналған адамдарға өзіңнің көзқарасыңның дұрыстығын дәлелдеп, олардан қолдау табу қажет болды, ал оның өзі оңай жұмыс емес, оған оқу керек болды. Өмірде пайда болған сұраныс – софист-оқытушыларды дүниеге әкелді. Олар тек қана даналыққа емес, сонымен қатар өзінің саяси оппоненттерінің ( – қарсыластарының) көзқарастарының тұжырымдарын қалайша теріске шығаруға болады, қалай білдіртпей алдап кетуге болады т.с.с. қазіргі саяси технологияларда қолданылатын әдістерге ұқсас нәрселерді үйрете бастайды.
Екіншіден, софистер өздерінің сабақтарына ақша алады. Негізінен билікке таласатын ақшалы адамдар – аристократтар мен плутократтар (arіstos- ең жақсылар, ақсүйектер, plutos- байлық, cratos – билік) болғаннан кейін, олардың табыстары да аз болған жоқ. Ал ол кездегі ерікті адамдар еңбекпен ақша тапқан адамдарға менсінбей жоғарыдан қараған. Сондықтан, қоғамдық санада софистер жөнінде теріс пікір туып, оларға «жалған дана деген ат берілген.
Ал, шынына келгенде, софистер философия саласында үлкен төңкеріс жасап, ой өрісін физис, космос мәселелерінен этика, саясаттану, риторика, тіл, дін, тәрбие мәселелеріне аударды. Олай болса, оларды антикалық философияның гуманистік-адамгершілік бағытын ашты деген пікірге келуге болады.
Софистердің арасындағы ең кең танылған тұлға – Протагор (481-411 б.ғ.д.(. Оның «Еватл деген софизмімен танысайық.
Протагор өзінің оқушысы Еватлмен келісімге келеді: егер Еватл алғашқы рет сотта жеңіске жетсе, онда Протагорға ақша төлеуге тиіс.
Бірақ, Еватл асықпайды. Онда Протагор Еватлға «мен сені сотқа беремін деп қорқытады. Оған Еватл: «келісім бойынша мен сотта жеңіске жетсем ғана төлеймін, мен әлі бір сотты да ұтқан жоқпын, – дейді.
Сонда Протагор айтыпты: «Егер мен сотта сені ұтсам, онда сен төлейсің соттың шешімі бойынша, егер сен ұтсаң – онда бәрібір төлейсің, келісім бойынша.
Оған Еватл былай депті: «Егер мен ұтылсам, онда төлемеймін, – келісім бойынша, ал егер ұтсам, онда төлемеймін соттың шешімі бойынша.
Осындай софизмдердің негізінде Протагор мынандай тұжырымға келеді: әр нәрсе жөнінде бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі пікір айтуға болады. Олай болса, мәселенің бір жағына шығу керек, оның кепілі – адамның өзі. Сондықтан Протагор өзінің атақты нақыл сөзін айтады: Адам – барлық заттың өлшемі, олардың барының барлығын, жоғының жоғын көрсетеді. «Адам – өлшем дегеніміз, маған қандай болып зат көрінсе, ол – сондай, ал саған керісінше көрінсе, ол саған – сондай. Оны қазақ «біреу тойып секіреді, екіншісі – тоңып секіреді – деген.
Сонымен, Протагордың айтуынша, бәрі де салыстырмалы, еш жерде соңғы ақиқат, ең құнды моральдық қағидалар, нормалар, т.с.с. жоқ.
Олай болса, өз пікіріңді дәлелдей ал, айтыста өз ойыңның артықшылығын көрсете біл, қате пікірдің әлсіз жағын тауып алуға тырыс. Тіпті әйдік болсаң, нәзік дәлелдемені күшейтіп, күшті дәлелдемені теріске шығара біл.
Протагордың оқушылары саяси мінбелерге шығып өздерінің қарсыластарын жеңе білген, өздерінің табиғи дарындарын ашып, саяси өмірге белсенді қатысқан. Ал мұның өзі Протагордың даңқын арттырған.
Қорыта келе мынаны айту керек. Егер адамның жететін ақиқатының бәрі салыстырмалы болса, онда оларды салыстырып пайдалысын таңдай біл және оның сондай екенін басқаларға дәлелдеп қөздерін жеткіз. Сонда ғана даналық деңгейге қөтерілуге болады,- дейді Протагор.
Софистердің философияға еңгізген жаңылықтары – ақыл-оймен Дүниенің қайшылығын бейнелеу арқылы жасалатын ұғымдардың аумалы-төкпелілігі, іштей қайшылықтары. Ой-өрісінің дамуын зерттей келе олар логиканың, риториканың көп мәселелерін көтеріп, осы уақытқа дейін ғалымдар ойландыратын нәрселерді қалдырды.
Мысалы мына софизмді алсақ: «Егер алдаушы мен алдадым десе, онда оның шындықты айтқаны. Бұл софизм осы уақытқа дейін шешілген жоқ. Оқырман, кәне, сен оны шешіп көрші!
Сократ ілімі.
Сократ (469-399 б.ғ.д.) Афина қаласының қарапайым адамдарының жанұясында дүниеге келеді. Өз заманының халық силайтын, сонымен қатар, байлары мен билері үрейлене қарайтын ірі тұлғасы болса керек.
Сократ жөнінде тарихта әр түрлі пікірлер қалған Аристофанның «Бұлттар деген комедиясында Сократ «өтірікпен шындықты жеңетін софистердің біреуі деп қөрсетілсе, Ксенофон оны заңды сүйгіш, әдет-ғұрыпты силаған адам ретінде, ал оның оқушысы, шәкірті Платон ең ақылды кемеліне келген дана ретінді сүреттейді.
Сократ жазба еңбектерді қалдырмаған адам. Байлық қумаған. Сондықтан, өз заманының софистерін олардың ақиқатты тым салыстырмалы қылғаны үшін жек көрген.
Сократ софистердің «Адам-өлшем деген тұжырымдарымен келіседі, бірақ ол нақтылы, өз заманының пайда іздеген адамы емес, ол адам- тек ретінде алынғандағы адам.
Сонымен оны негізінен толғандыратын мәселелер : олар – адам табиғаты, оның терең мәні.Оның айтуынша, адамның терең мәні – оның жан-дүниесінде. Ал адамның жаны – ол оның ойлауға деген қабілеті, оның парасаты, адамгаршілікке негізделген жүрыс-тұрысы мен іс-әрекеті.
Адамды дене ретінде емес, сана ретінде түсіну керек. Ол өз-өзін санасы арқылы сынай алатын, ар-ұжданы бар тұлға. Олай болса, адамның жан-дүниесін тәрбиелеу қажет, оны өсіп-өндіруіміз керек. Өз қаласының адамдарына арнап ол былай дейді: сендер өз денелеріңді я болмаса байлықты, басқа керек заттарды бірінші ретте ойламаңдар, ең алдымен өз жан-дүниелеріңді тәрбиелеп өсіріп, тазалаңдар, өйткені ізгілік байлықтан емес, байлық пен басқаның бәрі ізгіліктен шығады,- дейді.
Сократың ойынша, ізгілік (даналық, әділеттілік, тұрақтылық, қанағаттылық т.с.с.) әрқашанда білім, ал залымдық – надандық.
Ешкімде саналы түрде жамандық жасамайды, ал жамандық жасайтындар оны білмегендіктен жасайды.
қзгілік дегеніміз жақсылықты білу және соның негізінде іс-әрекет ету; батылдық – ол қауып төнген жағдайда не істеу керектігін білу; әділетті адам өзінің мемлекет пен қарым-қатынасын біледі т.с.с. Оның себебі, ізгіліктің табиғаты жөнінде адамдар ойланбайды, өйткені, олардың көпшілігі әдет-ғұрып арқылы беріледі. Ал егерде біз оларды ақыл-оймен танып білсек, онда біз өзіміздің жан-дүниемізді байытып жамандыққа бара алмаймыз.
Әрине, ізгіліктен ауытқу, күнәға бату – ол тек қана білмегендіктен шықпайды, ол адамның еркімен де тығыз байланысты. Бірақ ерте замандағы адамдарға ерік әлі таныс емес, оны тек Орта ғасырдың діни ойшылдары ғана ашқан болатын.
Сократтың ойынша, адамның ең тамаша қасиетінің бірі – өз-өзін ұстауы. қандай көңіл-күйде болсаң да – шаттық, қайғы-қамығуда да, неше түрлі құштарлықта да адам өзін-өзі билеп ұстауы қажет.
Сократ грек ойшылдарының бақыт жөніндегі түсініктерін тереңдете түсті. «Менің ойымша тек ізгі адам бақытты; шындығы жоқ, арам пиғылды – әрқашанда бақытсыз.
Сократ адамның жан-дүниесінің терең мәнін ашып қана қоймай, сонымен бірге оны жетілдірудің жолын көрсетті. Оның жолы – ирония мен маевтика. Ирония дегеніміз сұхбат барысында білмеген сияқты болып талқыланып жатқан мәселе жөніндегі қарсыда отырған адамның тұжырымдарының неше түрлі сұрақтар арқылы ішкі қайшылығын ашып, ең ақырында оны «Менің білетінім тек қана ештеңе білмейтінім,- деген ойға әкелу. Бірақ мұнымен сұхбат бітпейді. Егер осы сатыда әңгіме бітсе, адам толығынан күмәнға батып, дүниеде не істерін, қалай өзін ұстайтынын білмес еді.
Сұхбаттың екінші сатысында маевтика басталады. Ол сәбидің Дүниеге келуіне көмектесетін кіндік шешенің қызметі сияқты. Бірақ сәби емес, Дүниеге ақиқат келеді. Ол үшін жоғарыдағы талданған мәселе жөніндегі пікірлер салыстырылып, олардың ішіндегі ақиқатқа әкелетіндері алынады.
Бірақ, Сократтың мақсаты – одан да әрі тереңдеу. Қандай мәселе талқыланбаса да әңгіме ақырында адам өмірінің мән-мағнасына келіп тіреліп, осы мен қалай өмір сүріп жатырмын, не істеп – не қойдым, менің ар-ұжданым таза ма т.с.с. деген сұрақтарға әкеледі. Міне, негізгі мақсат енді ғана орындалды, осы уақытқа дейін өзінің жан-дұниесі жөнінде ойланбай келген адам іштей тазарып, өмірге басқа көзбен қарай бастайды.
Олай болса, адамның өз-өзін танып-білуі – оның ең биік мұратына айналуы керек. Сонда ғана адам мен қоғам арасындағы қайшылықтар шешіледі. Ол үшін адам күнделікті өмірдегі «ұсақ мәселелердің жолын табуы емес, ол бүкіладамзаттық ақиқат деңгейіне көтеріліп, өзінің жан-дүниесін толтыруы керек. Бұл пікірді қолдайтын бір аңыз бар. Сократтан «Сіздің туған жеріңіз қайда? – деп сұрағанда, ол «Мен ғарыштанмын – деп жауап берсе керек. Сократтың … жалғасы

Ұқсас жұмыстар


Пәндер

  • Іс жүргізу
  • Автоматтандыру, Техника
  • Алғашқы әскери дайындық
  • Астрономия
  • Ауыл шаруашылығы
  • Банк ісі
  • Бизнесті бағалау
  • Биология
  • Бухгалтерлік іс
  • Валеология
  • Ветеринария
  • География
  • Геология, Геофизика, Геодезия
  • Дін
  • Ет, сүт, шарап өнімдері
  • Жалпы тарих
  • Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
  • Журналистика
  • Информатика
  • Кеден ісі
  • Маркетинг
  • Математика, Геометрия
  • Медицина
  • Мемлекеттік басқару
  • Менеджмент
  • Мұнай, Газ
  • Мұрағат ісі
  • Мәдениеттану
  • ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
  • Педагогика
  • Полиграфия
  • Психология
  • Салық
  • Саясаттану
  • Сақтандыру
  • Сертификаттау, стандарттау
  • Социология, Демография
  • Спорт
  • Статистика
  • Тілтану, Филология
  • Тарихи тұлғалар
  • Тау-кен ісі
  • Транспорт
  • Туризм
  • Физика
  • Философия
  • Халықаралық қатынастар
  • Химия
  • Экология, Қоршаған ортаны қорғау
  • Экономика
  • Экономикалық география
  • Электротехника
  • Қазақстан тарихы
  • Қаржы
  • Құрылыс
  • Құқық, Криминалистика
  • Әдебиет
  • Өнер, музыка
  • Өнеркәсіп, Өндіріс