Грамматика — Қазақ тілі — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар
Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдердің жиынтығы тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады. Грамматикалық құрылыс сөзге сүйенеді және сөз арқылы ғана көрініп отырады, сөзді таяныш етпейтін бірде-бір грамматикалық құрылыс болмайды. Грамматика ғылымы, тілдің грамматикалық құрылысын зерттейді, өзінің тексеретін объектісінің негізі етіп сөзді және сөйлемді алады. Тексеру нысанасының осындай ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді. Морфология – сөз және олардың формалары туралы ілім. Сөйлеу дағдысында әр сөз сөйлем ішіндегі өзге сөздермен белгілі заң бойынша әрқилы өзгешеліктерге ұшырап, әр алуан қызмет атқарады. Морфология осындай сөздерді жеке-жеке қарамай, жалпы сөз атаулыны алып, оларды белгілі топтарға бөліп, сол топтардың әрқайсысына тән жалпы грамматикалық сыр-сипатын анықтайды. Соның арқасында сөздердің әр тобының өзіне лайық жалпы грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формалары айқындалып, сөз таптары ажыратылады, әр сөз табына тән категориялардың сыр-сипаттары ашылады. Сөздің формасы деген ұғымға сөздің негізгі түбірі де, сөздің туынды, біріккен, қосарланған, әр қилы қосымшалар қосылған түрлері де, сөз тіркестері де енеді. Екінші сөзбен айтқанда, сөздің формасы деген ұғым – сөзден сөз тудырып, сөз бен сөзді байланыстыратын тәсілдері де, сондай-ақ, сөзге қосымша мағына жамайтын өзге тәсілдерді де қамтиды.