Германия мен Еуропадағы реформациялар | туралы қазақша
Германияның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайлары
Өнеркәсіп пен сауда. XVI ғасырдың басында Германияның шаруашылығы дамып, өрлей түсті. Кен өнеркәсібі, әсіресе күміс өндіру мен металлургия жоғары дамыды. Рейн мен Дунай бойындағы қалаларда металлургия өнеркәсібі, атап айтқанда, қару-жарақ жасау едәуір дамыды. Бұл аудандарда сонымен қатар шұға, кендір, жібек, мақта-мата бұйымдарын шығаратын өнеркәсіптер жұмыс істеді. Елдің онтүстігінде де осындай өнеркәсіп өнімдерін өндіретін Аугусбург, Нюрнберг сияқты қалалар күшейді.
Руданы көп өндіру үшін 300 м тереңдікке дейін шахталар қазылды. Сонша терецддкке ауа беру және суын сорып сыртқа төгіп отыру оңай болған жоқ. Мұндай шахталарды қазып, оны ұстау көп қаржыны керек етті. Жеке адамдардың оған қаржысы жетпеді. Ішкі және сыртқы сауда нәтижесінде мол байлық шоғырландырған бай әулеттер қалыптасты. Олардың ең ірісі — Фуггерлер әулеті. Олардан Рим папасы, герман императоры, басқа да корольдер, князьдар мен герцогтар қарыз алып отыратын. Олар Аугусбург қаласының төңірегіндегі тоқымашыларды шикізатпен қамтамасыз етіп, шұға тоқытты. Сондай-ақ бұл әулет герман империясының түкпір-түкпірінде орналасқан қаржыны көп қажет ете бастаған күміс және мыс кен орындарының шығындарын сатып алып, өздеріне қаратты. Теңіз сыртына сапарға шыққан экспедицияларды жабдықтауға қатысып, отарларды тонау арқылы да байи түсті.
Бір сөзбен айтқанда, Германияда саудагер кен иелері мен өсімқорлардан жергілікті буржуазия өсіп шықты. Олармен қатар жерлерінен қуылған шаруалардан, цехтық не басқадай артықшылықтардан жұрдай, болашағында ешқандай үміті жоқ қаланың ең төменгі кедей тобы қалыптасты.
Германияда экономиканың дамуы біркелкі болмады. Әсіресе, елдің орталық аудандары мешеу, ұсақ тауарлы цехтық сипатта болды. Сыртқы саудаға тартылмады, тіпті өз облысындағы ішкі сауданың өзі де әлсіз болды. Ф.Энгельс «Германиядағы шаруалар соғысы» деген кітабында реформа қарсаңындағы Германияның экономикасының даму деңгейін былай сипаттаған: «Германияның ұлттық өндірісінің өсуі басқа елдердің өндірісінің өсуінен әлі артта қалып отырды. Неміс егін шаруашылығы ағылшын және нидерланды егін шаруашылығынан едәуір нашар болды; неміс өнеркәсібі итальян, фламанд және ағылшын өнеркәсібінен артта қалды, ал теңіз саудасында ағылшындар, әсіресе голландықтар немістерді ығыстыра бастады.» К.Маркс пен Ф.Энгельс, 7-том, 347-бет.
Елдің бытыраңқылығы. Германия бұл кезде жеке-жеке феодалдық князьдықтар мен өз мүдделерін ғана ойлайтын жеке ерікті қалалардан тұрды. Олар бір-біріне қарсы өзара келісімдер жасап, одақтасып жататын. Германияда Англия мен Франциядағы сияқты империялық ортақ заң, ортақ қазына, ортақ армия болған жоқ.
Ірі феодал-князьдардың иеліктері мен үлкен қалалары тәуелсіз болды. Олар өз алдына әскер жасақтап, өзара уздіксіз соғысып отырды. Өздерінің ақшасын соғып, тұрғындарды өздері соттап жазалауға үкім шығарды, олардан өздері белгілеген салықтар жинады.
Осыған байланысты сол кезде «Қожасы ұйықтағанда басы өз жерінде, аяғы көршісінің жерінде жатады» деген әзіл-оспақ сөз қалған. Өте ұсақ серінің өзі ешкімді мойындамай, кішкене тәуелсіз мемлекеттей сезінді. Бұлар өздерінің қоластындағы ұсақ иелігінің саны өте аз шаруаларының түсірген пайдасына жарымай, қарақшылық жасап, өткен-кеткен көпестер мен шаруалардың жолын торып, тонаумен шұғылданды.
Германияны бір орталықтандыру әрекетінен ештеңе шықпады, қайта император V Карлдың кезінде императорлық үкіметтің беделі кеми түсті. Елдің бытыраңқылығы өнеркәсш пен сауданың дамуына кедергі келтірді.
Шаруалардың жағдайы. Ауыл шаруашылығында өндірістің феодалдық тәсілі үстем болды. Шаруалар негізгі өндірушілер болып қала берді. Рейн жағалауының кейбір аудандарында капиталистік шаруашылықтың енді дами бастағаны болмаса, Германияның қалған жерлерінде түгел дерлік ұсақ шаруа шаруашылығы өмір сүрді. Қалалардың өсуімен бірге қала тұрғындарына ауылшаруашылық өнімдері көп қажет болып, олар бір жағынан ауылшаруашылығынан мол табыс тауып отырды.
Феодалдарға жақсы, сән-салтанатты қызық өмір сүру үшін мол ақша керек бола бастады. Олардың шаруашылығында енді базарға шығарып сату үшін түрлі ауылшаруашылық дақылдарын егіп, етті және сүтті мал өсіру қолға алынды. Сонымен қатар егістік жердің көлемі ұлғайтылды, қауымдық жерлерді тартып алды, шаруалардың үлес жерлерінің көлемі азайтылды, орман-тоғай, өзен, көлдерді пайдалану құқылары шектелді, мал жайылатын жайылым өрісі тарылды. Нәтижесінде шаруалардың жағдайы нашарлап кетті. Әсіресе, олардың жағдайы түрлі төлемдердің көбеюімен, бай жерінде істелетін жұмыс уақытының ұзартылып, түрлерінің көбеюімен қиындай түсті.
Германияда тегін пайда-ақша табуға деген құнығу енді оянып келе жатқан осы кезеңде Англияның және Францияның шаруалары басыбайлықтан құтылып, тәуелсіз шаруаларға айналған еді. Неміс шаруалары шіркеуге ондық салығын төледі. Төлемдердің көптігінен шаруалар қарызға белшесінен батып отырды, Өсімқорлардан қарыздар алуға мәжбүр болды. Қарызын мерзімінде өтей алмаған шаруа өзінің мүлкін беріп құтылды. Міне, осындай жолдармен неміс шаруалары жан-жақты, яғни феодал, шіркеу және өсімқор тарапынан қанауға түсті. Шаруалардың басыбайлылығы капитализмнің дамуын тежеді.
Католик шіркеуі. Шіркеу елдің үстем тап өкілдерінің үлкен тірегіне айналды. Ол дінді уағыздаумен қарапайым адамдардың санасын улап, оларды байларға көнбістікпен еңбек еткізуге көмектесті. Католик шіркеуі елдің едәуір бөлігін иемденді. Рейн өзенінің жасыл жағалауларының өн бойындағы құнарлы жерлер, жүздеген қоныс пен ондаған қаласы шіркеу иелігінде болды.
Архиепископтар мен епископтар, тәуелсіз князьдар өз иеліктеріндегі тұрғындарды аяусыз қанады, Тұрғындарға бұл дүниедегі күнәлерінен арылуға «құдайдың рақымын» түсіруге уағыздау католик шіркеуінің көмегімен жүзеге асырылады деді.
Католик шіркеуі саяси билікте жетекшілік жасауға тырысты, сөйтіп барлық билікті өз қолдарында ұстауға ұмтылды. Адамдарды «күнәсінен» арылатын куәліктер сатты, шіркеу салықтарын жинады. Рим папасы бастаған католик шіркеуінің бұл әрекетіне абсолюттік монархия, нығайған мемлекеттердің корольдері шек қоя бастады. Бірақ бытыраңқы Германияның католик шіркеуіне мұндай шек қоюға мүмкіндігі болмады, өйткені онда мықты монархиялық басқару қалыптаспаған еді.
Император тарапынан күшті қарсылыққа тап болмаған католик шіркеуі Германияда өзін еркін сезінді. Рим папасы өз кірісінің көп бөлігін осы Германиядан түсірді. Ал ақсүйек князьдар мен серілер шіркеу жерлерін мемлекетке қаратуды армандады. Қала адамдары Римге ауыр салық төлеуден құтылып, «арзан шіркеу» құруға ұмтылды. Бір сөзбен айтқанда, шіркеу мәселесі Германияда бүкілхалықтық ұлттық мәселеге айналды, Сондықтан неміс оппозициясы түгелдей дерлік шіркеуге қарсы жұмыла күреске кірісті.
Католик шіркеуінің реформацияға қарсы күресі. Реформация Германиямен шектеліп қалмады. XVI ғасырдың 20 — 30-жылдарында Еуропаның Швеция, Норвегия, Дания, Англия, Нидерланд сияқты елдерінде кең етек алды. Реформацияны жақтаушыларды протестанттар, ал жаңа шіркеуді — протестанттар шіркеуі деп атай бастады. Бұлар: Германияда Лютеран шіркеуі, Швейцарияда Кальвиндік шіркеу деп аталған шіркеулер еді. Жан-Кальвин Швейцария реформаторы өзін қолдаушыларды баю үшін еңбектенуге шақырды, шашпа-төкпе, ойын-сауық, ойсыз өмір сүруге қарсы болды, кедейлерді көнбістікке шақырды. Кальвин ілімі және Англияда етек алған пуританизм ілімі Еуропа буржуазиясының баюшылық ұмтылысына сай келді, сондықтан да үлкен қолдау тапты.
Бұның бәрі Еуропадағы католик шіркеуінің үстемдігіне нұқсан келтірді, католик дінін әлсірете түсті. Рим папасы 1540 жылы оларға қарсы күресетін арнайы «Мыстандарды аулаушы» — изуит орденін құрды. Бұл орден мүшелері — «Мақсатқа жетуде барлық әдіс жарамды» деген ұранмен бірікті. Католик дінінен ауытқуларды тоқтатып, протестанттарға еріп, «адасқан бұқараны шіркеу ауласына қайтаруды» көздеді. Ол үшін алдау-арбау, жарамсақтану, қорқыту жазалап өлтіру сияқты әдістерді кең түрде пайдаланды. Испанияда инквизицияны барынша қолданды. Күпірлерді өртеу аутодафе (діннің ісі) деп аталды. Шіркеуге қарсы пиғылда жазылған кітаптарды да көпшілік алдында өртеді.
Күпірлерді өлтіру қала алаңында, халық жиналған жерде, көбіне корольдің және ақсүйек шонжарлардың қатысуымен шіркеу мейрамы ретінде өткізілді. Жаппай қыруға дейін барды. Сондай оқиғалардың бірі Варфоломей түні деп аталады. Протестанттардың көсемдері корольдің қарындасының тұрмысқа шығу тойына деп Парижге алдап шақырылды. Католиктер олар түнеген үйлердің есіктеріне крест белгілерін салып қойды. 1572 жылы тамыз айының бір түні (әулие Варфоломей күні қарсаңы) шіркеу қоңырауының дабылымен оларды өртеу, жатқан жерлерінде өлтіру, терезеден лақтыру басталды. Әйел де, бала да аман қалмады, бәрін өлтірді. Бұл іс Францияның басқа қалаларында да жалғасып, екі аптада 30 мыңдай адам қырылды.
Германияда реформацияның басталуы. Шаруалар соғысы
Шіркеуді қайта құру талаптары. Неміс халқының феодалдық құрылысқа қарсы күресі — оның мықты тірегі болып отырған католик шіркеуіне бағытталды. Өйткені католик шіркеуінің өзі ірі жер иесі болды. Ол қарапайым халықты діни сенімдерді уағыздау арқылы қараңғылықта ұстап отырды. Елде азаматтық ілім, ғылым мен білімнің таралуын, өндіргіш күштердің дамуын тежеді. Сондықтан осындай құдіретті шіркеуді реформалау Германияның әлеуметтік топтарының барлығы үшін қажет етті.
Қаланың бай адамдарына католик шіркеуінің құдайға құлшылық ету рәсімі мен көптеген діни ғұрыптары өте қымбат болып көрінді. Сондықтан қала байлары оны ұстанып, тұтуға кететін, өз есептерінен алынып жататын түрлі жинауларды азайтып, оның есесіне өздері байи түскісі келді. Оларға «арзан шіркеу» керек болды. Олардың мақсаты — әлсіз, бұрынғы құдіретінен айырылған шіркеудің жеріне ие болу еді. Олар шіркеуді өздеріне бағындырып, шіркеу уағызы арқылы шаруаларды қанауды күшейте түскісі келді. Жері жоқ серілер шіркеу жерлерінен жер алғысы келді.
Мартин Лютер. 1517 ж. папаның индульгенция саудасына бірінші қарсы шыққан профессор ғалым-монах Мартин Лютер болды. Германияға индульгенция көптеп әкелініп, базарлар мен көп шоғырланған жерлерде ашықтан-ашық сауда жүргізді. Монахтар «о дүниеде жұмаққа баратындығына кепілдік беретін, бұл дүниедегі күнәлерінен құтқаратын құдіреті бар» индульгенция (куәлік қағаз) сатып тұрды.
Папаның қазынасын толтыра түсу мақсатындағы халықтың қараңғылығын пайдаланып отырған ұятсыз бұл. әрекетін сынап, қарсы шыққан Мартин Лютер шіркеу құдай мен адам арасында делдал бола алмайды деп дәлелдеді. Өзі дәріс беретін университет шіркеуінің есіктеріне өзі жазған «95 тезис» деп аталатын үндеуін іліп қойды. Онда Лютер индульгенциямен сауда жасауды айыптады, өзімен келіспейтіндерді ашық айтысқа шақырды. Ф.Энгельстің сөзімен айтқанда, бұл үндеу «дәрі толы кеспекке жай түскендей» болды.
Күйзелгендерді көріп тұрып, соған қарамастан индульгенцияға ақшасын берген христианды бұнымен сен папаның күнәні кешіруіне ие болған жоқсың, құдайдың кәріне ұшырадың деп үйрету керек. Папаның елтаңбасымен әсемденіп, храмдардың төбесіне шаншылған күнәні кешіру крестерін Христ кресімен құны бірдей деу — оны қорлаушылық», — деп Лютер индульгенцияға қарсы өз көзқарасын ашық білдірді.
М.Лютер өзінің жасаған ілімінде құдай мен адамның арасында шіркеу «қызметкерлерінің» оларды күнәдан тазартуға көмектесеміз деген желеумен делдалдық жасау әрекетін айыптады. «Адам сенімі» арқылы күнәдан арылуы керек деген ілім жасады. Онда былай деп жазды: «Әрбір христиан егер тек шынайы жалбарынса, оның индульгенциясыз-ақ күнәсі толық кешіріледі. «Ол тақуалық сеніммен өмір сүреді» деген сөзді көп айтқан.
Лютер 1519 жылы Лейпциг қаласында өткен пікірталаста шіркеудің папасыз-ақ өмір сүре алатынын мәлімдеді, Дін, священник қызметін жоққа шығарды, құдай алдында әрбір христианның өзі священник деп есептеді. Чехтің атақты реформаторы Ян Густің көзқарастарын қолдап, оны өртеп өлтіргендерді сынады.
1520 жылы Рим папасы Лютерді шіркеуден қууды талап еткен шешім қабылдады, бірақ ер жүрек Лютер оған мән бермеді. Папаға жауап ретінде әжуалап жазған памфлетінде: «Папаның өзін — антихрист» деп атады. Лютер лақтырған найзағай нысанаға дөп тиді. Шаруалар мен қала кедейлері бұны көтеріліске шақыру деп түсінді. Оларға бюргерлердің бір бөлігі, тіпті діни қызметкерлердің төменгі топтарының өзі қосыла бастады.
Лютердің ілімі реформацияның, яғни шіркеуді қайта құру күресінің бастамасы болды. Бірақ Лютер өзі ұсынған реформаны «бейбіт» жолмен жүзеге асыруды қолдады. Князьдар мен бюргерлердің мүддесін қорғаушы адам ретінде, өршіп келе жатқан халықтың қозғалысынан қорқып, оларды өкіметке бағынуға шақырды,
Томас Мюнцер. Томас Мюнцер халықтық реформацияның көсемі болды. Әуелі ол Лютердің папаға қарсы күресін қызу қолдады. Көп ұзамай Лютердің реформасының самарқаулығын түсінді. Көп оқыған, жоғары білімді Мюнцер поп болып қызмет еткендіктен, халықтың алдында өз уағыздарын кең таратты. Еңбекші халықтың мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін, күткен үмітін жақсы білді. Сондықтан ол өзінің шіркеуге деген көзқарасында Лютерден бөлекше, тіпті ақсүйек феодалдар мен байларға қарсы болды. Сенімнің негізі библия емес, адамның ақылы деген тұжырым жасады. Христің өзін жай адам, оқытушы және пайғамбар деп бағалады. «Егер Лютердің пікірлестері поптар мен монахтарға шабуыл жасаудан әрі барғысы келмесе, бұл істі қолға алмағаны дұрыс болған болар еді… — Лютер нашар реформатор, ол нәзік жандылардың астына көпшік қояды, сенімді шамадан тыс әсірелейді, іске өте аз мән береді», — деп жазды Т.Мюнцер,
Мюнцер барлық қанаушыларды — князъ, сері, қаланың бай тұрғындарын өте жек көрді. Қала кедейлері мен шаруалар алдында сөйлеген сөздерінде, оларды феодалдық құрылысты қолға қару алып құлатып, бай да, кедей де болмайтын әділетті тәртіп орнату керек деп үгіттеді. «Барлық билік еңбекші халыққа берілуге тиіс!» — дегенді көп айтты. Мюнцердің мұндай батыл күреске шақыруы байлар мен шіркеуді қатты қорқытты. Ал қарапайым адамдар болса, оны өте қадірледі. Мюнцерді тұтқындаудан құтқарып қалып отыр.
Үкімет Мюнцерді үздіксіз қудалады. Сондықтан олардың қолына түсіп қалмау үшін, өзінің тұрағын жиі алмастырып отырды. Жүрген жерінің бәрінде ол астыртын одақтар құрып, өз көзқарасы жазылған хаттар таратты. Өзінің жақтастарын елдің түкпір-түкпіріне жіберіп, халықты феодалдарға қарсы көтеріліске дайындады.
Көтерілістін, басталуы. 1524 — 1525 жылғы щаруалар көтерілісі жаппай халықтық қозғалысқа айналды. Көтеріліс Германияның негізгі үш ауданын — Швабия, Франкония және Тюрингия-Саксонияны қамтыды. Бұдан басқа батыста — Эльзас, шығыста — Тирольдағы таулы альпі аймақтарын, Жоғарғы Австрия, Штирияны қамтыды. 1525 жылдың бас кезінде шаруалар соғысы кең қанат жайды. Елдің оңтүстік-батыс бөлігінде 40 мың шаруалардан құрылған 6 отряд қимыл жасады. Қала кедейлері оларға қосымша күш жіберіп отырды. Шаруалар феодалдардың қорғандары мен монастырьларын өртеп, шаруалардың қарыздары тіркелген құжаттарды жойды. Олар бұрын тартып алынған қауымдық жерлерді қайтарып, шаруалар арасында бөліске салды. Шіркеу дін басылары мен феодалдар зәре-құты қалмай қалаларға қашты.
Мюнцер көтерілісшілермен байланыс жасап тұрды. Көтеріліс болып жатқан кейбір аудандарға өзі барып, күрес тәсілдері туралы ақыл-кеңестер берді. «Олардың масқара билігі мен қарақшылық мінездерін қарғыс атсын! Ортақ қазына мен елдің пайдасына түсуге тиісті барлық салықтар: баж және басқа жинауларды иемденіп алып отырған қатал билеушілер туралы не айтуға болады? Егер оған наразылық білдіргендерді сол жерде опасызды жазалағандай жазалайды: қинауға апарады, басын кеседі, төрттағандайды. Құтырған итті аяғандай да аямайды… Иә, олардың билігін құдай берген емес, олар жын-перімен істес, олардың әміршісі — шайтан. Бұны құлату — шынайы құдайлық іс; діни жазуда да оларды құдайдың қызметшілері демейді, жыландар мен қасқырлар делінген,..» — деп түсіндірді ол.
1525 жылы наурызда шаруа отрядтарының басшылары бас қосып «12 бап» деп аталып кеткен бағдарлама қабылдады. Бұл 12 тармақтан тұратын талапта олар жеке бас тәуелділігін жоюға қол жеткізуге тырысты. Бұнымен қатар қауымдық жерлерді қайтаруда барщинаны, оброкты, ондық салықтың көлемін азайтуды, әр қыстақтың өзіне дін басы сайлап алуына рұқсат беруді талап етті. Көріп отырсыздар, бұл құжатта феодалдық құрылысты құлату туралы әңгіме жоқ, үстемдікті жұмсарту сарыны бар. Ендеше бұл құжат самарқау мазмұндағы құжат болып шықты.
Шаруалар көтерілісін қаланың бай тұрғындары өз мүдделері үшін пайдаланып қалғысы келді. Олар сауданың дамуына кедергі болып отырған — бытыраңқылықты жоятын императордың билігін күшейтуді, Германияда ортақ ақша жүйесін енгізуді, елдің ішінде баж салығын қысқартуды мақсат етті. Шаруаларға жақсылық жасағысы келмеді, олар еркіндіктерін сатып алсын деді. Шарулар көтерілісі барлық жерде қанат жайды. Батыс Германияда 1525 жылы сәуірдің орта кезінде франкондық көтерілісшілер жүздеген қамалдар мен монастырьларды басып алып, талқандады.
Шаруалар өзінің қаталдығымен аңызға айналған граф Гельфенштейнді жазалап өлтірді. Жергілікті басқа князьдарға соғыс шығыны салығы салынды. Үстем тап өкілдері де аса қатал, опасыз әдістерімен шаруалар көтерілістеріне соққылар берді. Сол жылы мамырдың 12-сінде көтерілісшілердің бюртембергтік отрядын талқандап, оның көсемі шаруа Яков Рорбахты жанып тұрған от үстінде ұстап, өртеді. Шаруалар көтерілісі біршама белсенді әрекет жасаған — Орталық Германияда орналасқан Тюрингия аймағы. Бұл аймақ өнеркәсібі дамыған, плейбелік топтардың көп шоғырланған жері болатын. Шұға өнеркәсібінің үйренушілері мен кен жұмысшыларының арасында толқу күшейіп тұрған кез еді. Мұнда 1525 жылы ақпанда Томас Мюнцердің өзі болып, Мюльгаузен қаласына тоқтады. Бұл қалада наурыздың 17-сі күні төңкеріс жасалып, қалалық кеңес жаңа, демократияшыл «мәңгі кеңес» дегенмен алмастырылды. Мюнцердің ықпалында болған бұл Мюльгаузен коммунасы өндіріс құрал-жабдықтарын қоғамдастыруда терең шараларды жүзеге асыра алмады. Мюнцерге бірінші кезекте демократиялық міндет — феодалдармен күресті шешу керек болды. Көп ұзамай Мюнцер өзін жақтайтын шаруалардан 8 мың адамдық жасақ құрды. Жасақ нашар қаруланған еді. Мюнцердің өзінің де әскери тәжірибесі аз болды. 1525 жылы мамырдың 16-сында болған ұрыста 8 мың адамның 5 мыңы қаза болып, Мюнцердің өзі тұтқынға түсті. Көп ұзамай оны қатты қинап, басын кесіп өлтірді. Жекелеген аудандарда шаруалар көтерілісі әлі жүріп жатты. Бірақ ол көтерілістер де басылды. Феодалдар аса қаталдықпен көтерілісшілерден өшін алды.
Жер-жерде дар ағашы орнатылды. Қолға түскендерді қатты жазалады, дарға асты, өртеді. Шаруалар соғысы кезінде өлгендердің саны 100 мыңнан асты.
Шаруалар соғысының жеңілу себептері. Шаруалар көтерілісінің бытыраңқылығы мен феодалдарға әлі де сенетін жалтақтығы, шаруалардың ауқатты бөлігінің „мырзалармен» келісуге бейімділігі сияқты қасиеттері шаруалар көтерілісін жеңілуге әкеліп соқтырды.
Шаруалардың одақтастары — серілер өздері ұсақ феодалдар — басыбайлы шаруалардың еңбегін пайдаланушылар болғандықтан, көтерілісші — шаруаларға байсалды басшы бола алмады. Феодалдық құрылысты құлатуға мүдделірек деген бюргерлердің өзі де шаруаларды сатып кетіп отырған.
Германияда капиталистік өндірісті дамыту үшін феодалдық қанауды жою және елді біріктіру қажет болды. Бірақ шаруалар соғысы барысында бұл міндет орындалмады. Егер көтерілісшілерді буржуазия басқарған болса, бұл міндеттер, реформация мен шаруалар соғысының барысында орьшдалған болар еді. Бірақ өте әлсіз, жаңа пайда болып келе жатқан неміс буржуазиясы бүған қабілетсіз болды. Шаруалар соғысына серілер — ұсақ феодалдар басшылық жасағандықтан, шаруалар соғысының жеңілісінен кейін Германияда олар қайта күшейіп, шаруаларды бұрынғыдан да бетер езе түсті.
Елді біріктіру жүзеге аспады, князьдар бұрынғыдан да дербес бола түсті. Германиядағы бұл шаруалар соғысы феодалдық құрылысты революциялық жолмен құлатудың Еуропадағы алғашқы әрекеті еді. Шаруалар соғысының жеңілуі Германияның бытыраңқылығын бірнеше ғасырға созды және феодалдық езгі бұрынғыдан да күшейді.
Б. Аяғанов, Қ. Ізтілеуов. — Орта ғасырлар тарихы
#Германия #мен #Еуропадағы #реформациялар