Геотермалды энергетика — Физика,механика — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар

0

Геотермалды энергетика

Қазақстанның геотермалды әлеуеті өте үлкен. Үңгіме сағасындағы көптеген арынды көздердегі судың температурасы 40-100°С. Олардың республика аумағындағы сұйытылған қоры шартты отынның 100 млрд. тоннасын құрайды, бұл елдің мұнай мен газының жинақты қорынан асып түседі.

Геотермалды көздердің көпшілігі негізінен Батыс Қазақстанда (75,9%), Оңтүстік Қазақстанда (15,6%) және Орталық Қазақстанда (5,3%) орналасқан [6, 9,11].

Орналасқан жері бойынша геотермалды сулар Іле ойпатында, Сырдария, Ертіс, Маңғышлақ-Үстірт, Шу-Сарысу, Келес және Зайсан артезиан бассейндерінде ашылған. Іле ойпаты аясында өнеркәсіптік болашағы бар, сонымен қатар Алматы және Жаркенттік артезиан бассейндерін атауға болады. Сол бассейндердің арынды, минералдануы төмен суларының температурасы 40-100 °С, бұл электр энергиясын өндіру мен жылумен жабдықтаудағы өзінің артықшылығын тағы бір рет көрсетеді. Бассейндердің қоры сәйкесінше 106,5 және 216 млрд. текше м, бұл шартты отынның, шамамен 1,8 млрд. тоннасына эквивалентті [8,48].

Сырдария артезиан бассейнінің энергетикалық потенциалы ауқымды, қоры 470,3 млрд. текше м. және арынды сулардың температурасы 30-75°С және одан жоғары.

Қазақстанның оңтүстік өңірін жылу және энергиямен жабдықтау мәселелерін шешуде Келес артезиан бассейнінің болашағы зор, оның қоры 120,5 млрд. текше. м. және арынды сулардың температурасы 40-85 °С [1,44]. Әртүрлі экономикалық себептерге байланысты еліміздің геотермалды ресурстары энергия көздері ретінде әзірше жұмылдырыла қойған жоқ. Шағын көлемде олар бальнеологияда және бақшалық дақылдарды суаруда қолданылады. Алайда өздерінің потенциалды мүмкіндіктеріне қарай олардың болашағы керемет, өйткені олар міндетті түрде Батыс және Оңтүстік Қазақстан энергиясының негізгі көздері болатыны анық.

Электр энергиясын және жылуды геотермалды көздерден алу мүмкіндігі әлі күнге әлемде кең жариялана қоймаған, таулы ортада жасанды баламасын алу бойынша жаңа идеясын өмірге келтірді. Егер шикізаттың энергия көзіне айналу сатысын ескерсек, онда мұнайды, газды және көмірді өндіру мен өңдеу, уранды ыдырату тек қана жылу және атом электр станцияларының турбиналарын айналдырып, электр энергиясын шығаратын аса қызған бу түріндегі соңғы өнімді алу үшін ғана өндіріледі. Бірақ оларды өндірмесе де болады, ал аса қызған буды дайын күйінде жер асты жасанды геотермалды көздерден алуға болады.