Гендерлік тәрбиенің тарихи аспектісін қарастыру және талдау жасау
Қазіргі таңда ғылым мен қоғамда ғана емес, сонымен қатар антропологиялық ғылымдардың барлығында гендер мәселесіне үлкен мән берілуде. Соған қарамастан пәндік ерекшеліктері де сақталуда: әйел мен еркектің жеке дара қасиеттері мен ерекшеліктері талқыға салынуда; әлеметтанушылар гендерлік ереже қоғамның гендерлік стратификациясы, еңбектің гендерлік бөлінуі және басқа да қызметтері туралы жиі сөз қозғауда; педагогикада гендерлік тәрбие, гендерлік әлеуметтану және т.с.с мәселелер қарастырылуда.
«Гендер ұғымы жыныстың әлеуметтік құрылымы деген мағынаны береді. Гендер қоғамның әйел және еркекке бөлінуінің өзі әлеуметтік өмірдің, жемісі екенін көрсетеді», – деп гендер ұғымын әлеуметтік тұрғыдан қарастырады [1; 68].
Гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы ерекшелік сияқты әлеуметтік мазмұнға ие. Бұл ерлер мен әйелдердің бір-біріне деген әлеуметтік қарым-қатынасын білдіреді. Гендерлік әлеуметтану – бұл адамның өз гендерлік рөлін игеру үдерісі. Осы үдеріс арқылы «ер» және «әйел» ұғымына сәйкес қоғамдағы этикет нормаларын, жынысына қатысты құндылықтарды, қажеттіліктерді меңгеруге болады.
Бүгінгі таңда «гендер» ұғымы бәріміздің жиі еститін таныс сөзімізге айналды. Бұл ұғымның әйел мәселесіне байланысты екенін аңғарамыз. Осы ұғымға терең үңіле қарасақ, «гендер» тепе-теңдікті үйлестіріп отыратын саясатты қамтиды. Демек, тепе- теңдіктің өлшемі – ер азамат. Ал әйел ер адамнан кем болмауы тиіс. Олай болса, ер азаматқа жүктелген шаруаның бәрінен әйелдерді тыс қалдырмағанымыз жөн.
Соңғы жылдардағы педагогикалық зерттеудің жетілген тұсында жарық көрген педагогикалық және психологиялық сөздікте «гендер» ерлер мен әйелдер арасындағы өзгешелікті негіздейтін әлеуметтік жыныс мағынасын білдіреді [2, 167 б.].
Әйелдер мәселесі – қоғамдағы әйелдердің жағдайына ден қою, қоғам өмірінің барлық саласында әйел мен еркектің тең құқылығына қол жеткізу, ұлттық және ұлтаралық мәселелерді шешу, саяси, әлеуметтік қайшылықтар мен кикілжіңдерді жеңу. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы ойшылдар әйелдер қозғалысын ер адамдармен бірдей азаматтық және саяси құқыққа тең дәрежеде қол жеткізу мәселелерін шешу ретінде қарастырды.
Баланың мінез-құлқы тәрбие арқылы қалыптасады. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өскен болса, бұған ең алдымен оның ата-анасы кінәлі. Отбасы үшін бала – зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ, бірақ баланың тууы ата-анаға зор міндет пен жауапкершілік те жүктейді. Отбасы тәрбиесі – бала мінез-құлқы мен психологиялық бейнесін қалыптастырудың қайнар көзі. Сондықтан оны балғын шағынан оқытып, жақсы тәлім-тәрбие беру керек. «Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі» демекші, баланы тәрбиелеу – әкенің де парызы. Келешекте ақылды әрі білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-анасы баласын үнемі назарда ұстауы тиіс. Балаларды қолөнерге баулу, ғылым-білімге деген құштарлығын ояту – ата-ананың қасиетті парызы («Балаңыз өмірде өксімес үшін оған білім мен кәсіп бер»). Үлгілі тәртіптің негізі – білім, әдет-дағдыларға машықтану. Сондықтан баланы кішкентайынан тіл алуға, үлкендерді сыйлауға, ағайын-туысты, ата-ананы қадірлеуге үйрету керек. Жүсіп Баласағұн жас жеткіншектерді үнемі ақыл-ойын дамытып отыруға, табиғаттың құпия сырларын танып білуге шақырады: «Егер жақсы адам болғың келсе, онда білімді мол игеретін бол. Білімсіз адам – бұл надан адам».
Әлеуметтік психология тұрғысынан қарастырсақ, гендер – еркек пен әйел міндеттері және әлуеметтік ақпаратта әйел мен еркек арасындағы айырмашылықтар өте көп деп сендіретін орныққан мәдени ерекшеліктердің зор ықпалында. Осыған байланысты жастардың гендерлік тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып есептелінеді. Гендерлік тәрбие жоғары оқу орындарының студенттеріне маңызды өмірлік мәні бар, өйткені осы мәселе бойынша ақпараттың жеткіліксіздігі ортадағы таптаурындардың, дұрыс емес гендерлік көзқарастың, кейде гендерлік рөлдік кикілжіңдер күйзелістердің пайда боуына соқтырады. Көптеген танымал басылымдардың авторлары еркек және әйел психологиясының ерекшелік мәселесі туралы өзіндік көзқарастарын ұсынады, бірақ бұл оқулықтардың басым көпшілігі автордың жеке тәжірбиесіне сүйенеді. Өткен ғасырдың 80-жылдары американдық тарихшы Джон Скоттың еңбегіндегі «гендер» термині қазіргі таңдағы көпшілік қауымға белгісіз болды. Соңғы уақытта гендерлік зерттеулер педагогика ғылымының ажырамас бір бөлігіне айналуда, ал гендерлік мәселе педагогика ғылымының барлық бағыттарында пайда болуда. Әрбір педагогикалық құбылыс өзіндік тәжірибелі даму жолы мен соған сәйкес теориялық негіздемеге ие. Бұл студент жастардың гендерлік тәрбиесіне қатысты. Гендер термині 1975 жылы пайда болды. Осы ретте кейбір идеялар мен әзірлемелерді зерттей отырып, бұл ұғымның педагогикаға да қатысы бар екенін айта аламыз. Студент жастардың гендерлік тәрбие мәселесін заманауи әлеуметтік қыбылыс ретінде зерттеу үшін қысқаша оның антикалық кезеңнен бастап даму ерекшеліктеріне талдау жасау керек.
Көбінесе антикалық кезеңдегі гендерлік зерттеулер туралы айтатын болсақ, оларды Аристотель және Платонның есімдерімен байланыстырамыз. Афиналық Платон жалпыға бірдей оқыту позициясын ұстанды. Ол балалардың қоғамдық тәрбиесі ұлға да қызға да бірдей болуы керек екендігін алға тартады. Әйел адамның табиғаты еркекке қарағанда ерекше болса да, ол түрлі міндеттерді атқаруына кедергі тигізбейді деп тұжырымдаған. Әйелдер өз қабілеттеріне қарай философ та, жауынгер де бола алатындығын айтқан. Платон да теңдік идеясын қолдады. Бірақ оның көзқарастарында қарама-қайшылықтарды да кездестіруге болады. Ол әйелді төменгі сатыға жатқызып, оған деген махаббаты ұрпақты жалғастыруға негізделген жануарлық сезім деп есептеген. Аристотель қыздар мен ұлдарды бөліп оқыту идеясын ұстанған. Ол еркек пен әйел табиғаты әртүрлі, сол себепті өз қызметтеріне сай білім мен дағдыны қабылдауы тиіс деп санаған. Олардың әрқайсысы бір-бірінің істеріне араласпай, табиғи міндеттерін атқаруы керек. Сондықтан әйелдің бастапқы қызметі дүниеге ұрпақ әкелу және үй шаруашылығын жүргізу болды. Тәрбиелік тұжырымдарды әзірлеу барысында ойшылдардың жыныс мәселесіне қатысты ойлары философиядан қоғамдық қатынастар саласына ауыса бастады. XVIII-XIX ғасырларда көптеген философ-тәрбиешілер және қоғамтанушы ғалымдардың пікірі бойынша, екі жыныстың өмір сүру мәні ол адам ұрпағын көбейту деген ортақ тұжырымға негізделеді.
Өткен ғасырлардағы ағартушылардың, педагогтар мен қоғам қайраткерлерінің еңбектерінде жыныстық-рөлдік (қазіргі таңда гендерлік) тәрбие мәселесіне қатысты түрлі ойларын кездестіреміз. Мәселен, Жан- Жак Руссо қыздар мен ұлдарды тең жағдайда тәрбиелеу керек деп, әйел тәрбиесіне байланысты жаңашыл идеялар ұсынды. Ол әйел мен еркектің қайырымдылықтары әртүрлі, сондықтан әйел ұяң, қу, қылықты болу керек, ал еркек ашық, тік мінезді, шыншыл болу керек деп есептеген. Еркек тек өзіндік ойларына сүйенуі тиіс, ал әйел басқа да адамдардың пікірлеріне құлақ асуы керек, еркек ешқашан өтірік айтпауы, ал әйел кей кездерде алдамауы тиіс.
Ағылшын философы Джон Локк тәрбие жүйесі байлардың балаларының білім алуына ғана бағытталуы керек, дәлірек айтқанда іскер, тапқыр еркекке –жентельменге, оның тәрбиесі отбасына жағдайында арнайы даярланған тәрбиеші қармағында өтуі тиіс деп есептеген. Болашақ джентельмендерге ол латын, ағылшын, француз тілдерін меңгеруге, философия, математика, география пәндерін үйренуді кеңес берген. Оның ойынша, нағыз леди өз тәрбиесіне сай би, ән салу, өнерді және ақсүйектік әдет пен мінез-құлықты меңгеруі тиіс.
Ян Амос Коменский бөліп оқыту ұстанымын қолдап-қуаттағанымен, оқытудың педагогикалық қағидаларын әзірлеу барысында тең мүмкіндіктер қағидасын толық негіздемеген. Академияда оқу тек қана ұлдарға ғана қарастырылған.
Иоганн Генрих Песталоцци балалардың жынысына қарай тәрбиелеу мәселесіне қатысты педагогикалық көзқарастарды қатты сынға алды. Ол жалпыға бірдей білім беру ұстанымын құптады, оның пікірі бойынша тәрбиенің мәні – баланың табиғи даму заңдылықтарына сәйкес туа біткен қабілеттерін дамыту деп есептеген.
К.Д. Ушинский тәрбиеге патриархалдық тұрғыдан келуге қарсы болған. Ол бірдей тәрбие беруді ұстанған және еркек пен әйелдің теңдігі үшін күрескен. Григорий Ващенконың пікірі бойынша, тәрбие беру барысында ұлттық дәстүрлердің ерекшелігіне сүйену керек: ер жігітте адами қайырымдылық пен ұстамдылықты, әйел баласында балаға деген сүйіспеншілік пен мейірімділікті тәрбиелеу қажет.
А.С. Макаренконың ойынша, жыныстық тәрбиеде ең бастысы еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынасты жолға қою керек.
В.А. Сухомлинский жыныстық тәрбиеде ең басты қажеттілік жігіт пен қыз арасындағы үйлесімділік пен өзара сыйластық деп тұжырымдаған. Жыныстық рөлдердің патриархалдық бөліну позициясын ұстанған.
Біздің ойымызша, жоғарыда қарастырылған мәселелердің көпшілігі гендерлік тәрбиенің педагогика саласында антикалық заманнан бастап осы күнге дейін қарастырылып келе жатқандығын айғақтайды. Бүгінгі студентке, болашақ ата-аналар мен тәрбиешілерге, сондай-ақ кәсіби біліміне және бағытына қарамастан, гендерлік мәселе баршаға қызықты, қажетті де маңызды мәселелердің бірі болып қалмақ.
Әдебиеттер
- Основы гендерных исследований. Хрестоматия. М.,
- Воронина О.А, Клименкова Т.А. Гендер и культура-М.,
- Введение в гендерные исследования. Ч.1-2. Харьков – СПб.
Автордың аты-жөні, тегі: Н. Исманова