Г. Әзімбаеваның «Қызғаныштың кесірі» әңгімесі

0
Өзiн — өзi тану сабағының жоспары
Мектеп: Мерзім: № 13 сабақ
Тақырып: «Ойнай білу де — өнер»
Құндылық: дұрыс әрекет
Қасиеттер: көпшілдік, сыйластық, әділдік, кешірімділік
Мұғалім: Сынып 3
Сабақ мақсаты:
Балалардың «сыйластық», «достық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
— шыдамдылық, сабырлық, ақылдылық адами қасиеттердің өмірдегі маңыздылығын түсіндіру;
— жағымды қарым — қатынас жасау іскерліктерін дамыту;
— көпшілдікке, әділдікке, кешірімділікке тәрбиелеу; Ресурстар:(құралдар, мәліметтер)
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасып, «Өзін — өзі тану» сабағының ережесін «5 — Т» қайталап, сабаққа қатысқандары үшін әр балаға 20 ұпайдан беремін
. Оқушылардың оқу құралдарын «5 затты» тексеріп, ұпайларын түгендейміз.
Тыныштық сәті
Нұрға бөлену
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ — қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек — қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте — бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан — жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан — жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір — түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.
Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Үй тапсырмасын тексеру
Г. Әзімбаеваның «Қызғаныштың кесірі» әңгімесі
Сұрақтар:
— Назым мен Шынар неге ренжісіп қалды?
— Достар ойын кезінде өздерін қалай ұстау керек деп ойлайсыңдар?
— Апасы Назымға қандай ақыл айтты?
— Сендерде сондай жағдай кездесті ме? Естеріңе түсіріп айтып беріңдер. Сабақ барысын талдау
Дәйексөз.
«Бәрінен күшті адам – өзіне — өзі ие болатын адам».
Мақал
— Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?
Әңгімелеу (мұғалімнің сыйы)
Шана
Күн бұлыңғыр. Жәнібек ұйқысынан ерте оянып алды.
Сыртта не болып жатқанын байқайын деп терезе алдына келді.
Өкшесін көтеріп еді, бойы жетіңкіремей, орындықты жылжытып үстіне шықты.
— Ой, қандай қызық болып кеткен! – деді ол сыртқа үңіліп
Айнала аппақ. Ұлпа қар тізіліп, асығыс жерге түсіп жатыр. Үйдің мұржалары тұп — тура саңырауқұлақ болып қалыпты. Ағаш бұтақтары ақ шәлісін жамылған.
Осы кезде көрші досы Самат та шанасымен есік алдына шыға қалды. Жан — жағына қарап, тамашалап біраз тұрып, дөңге қарай бет алды. Өйткені, демалыс күні бар бала сырғанақ маңында.
Ал, Жәнібектің шанасы жоқ еді.
Ол өз — өзіне: «Қар кетіп қалатын болды ғой. Ал, менде әлі шана жоқ.», — деп бұртиды.
Осылайша терезе алдында біраз тұрып, ас үйге қарай жүрді. Дастарқан басында әкесі отыр екен.
Жәнібек:
«Кімде — кімнің баласы бар, барлығында шанасы бар», — деп тақпақтай жөнелді. Әкесі баласының тосын сөзінен сасып қалды. Бірақ, ертеңіне Жәнібекке судай жаңа қызыл шана сатып әкелді.
Апасы:
— Балам, сырғанақта күн ұзаққа жүріп алма. Үстің су болып, ауырып қаласың, — деді.
— Жарайды, – деді Жәнібек. Оның қуанышында шек жоқ.
Шанасын сүйретіп балаларға ілесті.

Сұрақтар:
— Әңгімеден не ұқтыңыздар?
Шығармашылық жұмыс
Оқушылар ойын кезіндегі достарының арасындағы ұнамды жәні ұнамсыз әрекеттер туралы өз ойларын жазады..
Топпен ән айту.
Айгөлек

Сөзі: Н. Баймұхамедов
Әні: Б. Байқадамов

Көлдей шалқып жас өмір,
Тасып жатқан шағында.
Кемерінен шалықтап,
Асып жатқан шағында.
Ойын ойнап, ән салмай,
Өсер бала бола ма?
Күміс күлкі көрмей ол,
Кемеліне толар ма?
Қайырмасы:
Айгөлек — ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айдай толған кезімде,
Би билеймін дөңгелеп.
Асыл сөздің ұстазы –
Ақын болар ұрпақпыз.
Өнер, білім, еңбекке
Жақын болар ұрпақпыз.
Тұла бойы толғап бір
Өнер болар ұрпақпыз.
Он саусағы майысқан,
Шебер болар ұрпақпыз.
Үй тапсырмасы.
К. Дәуренбековтың «Кімнің жұмысы?» әңгімесін оқу
Соңғы тыныштық сәті.
Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады.
Мұғалім жәй дауыспен:
— Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Көздеріңді ашуға болады.

Дереккөз: http://bilimsite.kz/