Философияның негізгі мәселесі. Бірінші жағы — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Бүгінгі таңда жаңарудағы қоғамның философиялық-әлеуметтік мәселелерін қою және шешу жолында бұрынғы кеңестік қоғамның идеологиялық негізі болған марксизмді сырттатуда философияның негізгі мәселесін де жоққа шығарғысы келетін пікірлер аз емес. Әрине, маркстік философияның шеңберінде «негізгі мәссле» тек қана диалектикалық материализмді дәріптеуге, қалған философиялық бағыттарға «бейғылымдылық» баға беру жолында пайдаланылды.

Бірақ, соған қарамастан, біз философияның негізгі мәселесі марксизмнің ойлап шығарған «жалған мәселссі» деген ойдан алшақ болуымыз керек. Өйткені философия дүниеге келісімен-ақ, оның шеңберінде әртүрлі бір-біріне қарсы бағытталған ағымдар пайда болды.

Философиядағы әрбір дүниеге деген көзқарастың негізінде осы пәннің негізгі мәселесінің шешімі жатыр.

Философияның негізгі мәселесі осы пәннің терең табиғатынан шығады. Дүниенің біртұтастығын, бірлігін ой-өрісімен қамту үшін, біз мына сұраққа жауап беруіміз керек: Дүниенің алғашқы негізгі субстанциясы неде? (substantia — латын сөзі, негізінде, астында жатқан).

Екінші жағынан, бұл Дүниені ең шегіне жеткен жалпылық тұрғысынан алып қарағанда, онда біз екі-ақ құбылысты табамыз: оның бірі материя (materia — латын сөзі, зат) — табиғат заты,  екіншісі — сана — адамның ішкі жан-дүниесі, рухы.

Жалпы айтқанда, жоғарыда көрсетілген үш ұғымда Дүниені зерттеудегі негізгі үш идея берілген. Ол — Дүниенің бірлігі, екіншіден — оның заттық субстраты (substratum — негіз), үшіншіден қоғамның өз ішінен табатын материалдық емес, рухани тебіреністері.

Келесі ерекшеліктері — бұл ұғымдардың метафизикалық табиғаты, яғни оларды жеке ғылымдардағы ұғымдар сияқты тәжірибе арқылы тексеру мүмкін емес, өйткені олар бүкіл әлемді өз мазмұнында қамтуға бағытталып, бүкіл адамзат тәжірибесінің сыртына шығып, тек болжамдық мағынаға ғана ие болады.

Олай болатын болса, қайсыбір философиялық ағым, қалай дегенде де, бұл ұғымдардың арақатынасын өзінше анықтамай, әрі қарай бір қадам аттай алмайды.

Егер Дүниенің субстанциясы материя деген пікірге келсек, онда философияда материалистік ағым пайда болады.

Керісінше, субстанция дегеніміз жеке адамның жан дүниесі, я болмаса дүниежүзілік абсолюттік идея, pyx т.с.с. деп болжамдасақ, онда да философияда идеалистік ағым пайда болады.

Егер Дүние субстанциясының екі ажырамас — материалдық және рухани — жағы бар деген көзқараста болсақ, онда біз философияда реализм бағытын тудырамыз. Тек қана бұл ұғымды орта ғасырлардағы схоластикалық философияның жалпы ұғым жөніндегі  реализмінен айыруымыз керек.

Философияда сирек кездесетін ағымдардың бірі — Дүние субсианциясы екеу — материя және рух және олар бір-біріне тәуелсіз деген пікір. Мұны алғаш рет философия тарихында француз философы Р.Декарт айтқан болатын. Мұндай көзқарасты біз дуализм бағытына жатқызамыз (dualis — латын сөзі, екіжақтылық)

Ал жоғарыдағы үш Дүниеге деген көзқарас монистік бағытта болмақ (monos — грек сөзі, біреу).

Дүниеге деген материалистік көзқарас әлемдегі болып жатқан барлық құбылыстарды дене, я болмаса сол материалдық заттардың қасиетттері ретінде қарайды. Сонау көне заманнан бастап осы уақытқа дейін материалистік философиядағы ағым (жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып) материя жөнінде әртүрлі пікірге келгенменен, жоғарыдағы көрсетілген көзқарастан тайған жоқ.

Материалистік көзқарастың негізінде сонау көне заманда пайда болған адамдардың жағалай қоршаған ортаның адамнан тәуелсіз, өзімен-өзі өмір сүріп жатқаны және сол Дүниедегі заттар мен құбылыстар жөніндегі адамның түйсіктері мен басқа қабылдау мүшелерінің дұрыс дерек беретіндігі жөніндегі алғашқы балама ойлары жатыр. Сондықтан алғашқы философтар Дүниенің негізін «бірінші заттан» (су, от, ауа т.с.с.) іздейді, ал адамның өзі де дене ретінде ғана қаралады. Ал адамның жан дүниесіне келетін болсақ, оның өзін тыныспен теңестіріп «жеңіл зат» ретінде қарайды. Гераклиттің «бірінші заты» отта, Демокриттің жеңіл және қозғалыстағы атомдары да адамның жан дүниесін құрайтын заттар ретінде түсіндіріледі.

Ал таным мәселесіне келер болсақ, оның негізгі себебі заттың үстіндегі жеңіл атомдар сезімдік мүшелерге келіп кіреді де, адамның түсініктерін тудырады деген пікір тарады.

Дегенмен тарихи мұндай көзқарастардың тұрпайылығы жара­тылыстану ғылымдары мен психологиялық түсініктердің жетілуі арқасында анықталды. Адамның рухани өмірі материалдық заттардың ерекше жеңіл бөлшектері емес, ол, жалпы алғанда, бүкіл материяға тән қасиет жэне белгілі бір жағдай туған кезде өзін көрсетеді деген пікір кеңінен Жаңа дәуірде тарай бастады. Соңынан түйсік дегеніміз — жалпы материяның ажырамас қасиеті және белгілі бір жағдайда ол саналы түйсікке айналуы мүмкін деген ой туды. Олай болса, күрделі психикалық процестер тек қана түйсіктердің әр түрінің бір-бірімен қосылуынан туады деген пікір дүниеге келді.

XIX ғасырда жаратылыстану ғылымдарының дамуы, капи­талисте қоғамның әлеуметтік саяси қайшылықтарының өршуі маркстік материализмнің дүниеге келуіне әкеліп соқты. К.Маркс пен Ф.Энгельс Дүниеге деген материалистік көзқарасты қоғам өміріне дейін көтеріп, біртұтас материалистік ілімнің негізін қалады. Сана, рухани өмірді түсіну үшін олар философияға бейнелеу теориясын енгізді. Материяның ең жалпы қасиеті —бейнелеу, осы арқылы тарихи материя өне бойы даму, күрделену үстінде. Адамның санасы — бейнелеудің ең биік идеалды түрі деген пікір айтып, мидағы болып жатқан неше түрлі бұлдыр, көмескі үрдістердің өзі адамдардың материалдық болмысынан шығады деген пікірді олар «Неміс идеологиясы» деген еңбектерінде ашық айтты.

Сонымен қатар марксизм адам санасының өзін тудырған материалдық үрдістерге белсенді кері әсерін тигізіп, оны жетілдіретінін мойындады.

Философиядағы материалистік ағым ең көне, бүгінгі таңда жан-жақты дамыған жеке ғылымдардың нәтижелерін өз бойына сіңіріп, адамзаттың ағарған бөлігінің Дүниеге деген көзқарасы ретінде өзін көрсеткісі келеді.

Бірақ бұл көзқарастың сонау тұрпайы материализмнен бастап диалектикалық материализмге дейінгі негізгі әлсіз жері — мате­риалдық қоршаған ортаның логикасы қайдан шықты? Дүниенің заңдылықтары, оның дамуының қайнар көзі неде? деген сұрақ. Бүгінгі адамды «ол — Дүниенің ішкі қайшылығында, материяның бейнелеу қасиетімен байланысты» деген жауап толығынан қанағаттандыра алмайды.

Философияның негізгі мәселесін шешу жолындағы материа­лизмге қарама-қарсы бағыт — идеализм (idea — грек сөзі, ой, идея). Дүниенің негізінде субстанция ретінде рухани болмыс жатыр деген қайсыбір дүниетаным мен дүниені қабылдауды біз идеализм дейміз. Идеализм адам өмірінің рухани жағын бірінші орынға қояды. Бұл ағым қайсыбір белсенділік, шығармашылықтың қайнар көзі рухта деген пікір айтады. Материя мойындалғанымен, ол енжар, болмыстың төменгі жаратылған түрі ретінде ғана қаралады.

Идеализмнің қайнар көзі сонау мифологиялық дәуірдің өзіне тіреледі. Өйткені алғашқы қауымның шеңберінде өмір сүріп жатқан адам бүкіл Дүниедегі құбылыстарды адамға ұқсатып  түсіндіреді, оларды жандандырады. Әрі қарай жүре келе, адамның абстрактылық ойлау дәрежесі жоғарылаған сайын, идеализмнің дүниеге келуіне толық жол ашылады. Өйткені қайсыбір Дүниедегі құбылыстарды бейнелейтін жалпы ұғымдарда сол заттардың ішкі терң мәні берілген. Сезіммен қабылданатын сол заттар күнбе-күн өзгеріп, тіпті өмірден кеткенмен, ұғымның мағынасы тұрақты

болғандықтан, ол өмірде қала береді. Мәселенің екінші жағы -қайсыбір нақтылы зат, құбылыс өзінің ұғымына ешқашанда толық сәйкес келмейді (ханның қызында да кемшіліктер бар). Сондықтан ұлы Абайдың «адам бол» деген нақыл сөзінде терең сыр жатыр. Өйткені   бұл   Дүниедегі   өмір   сүріп   жатқан   миллиондаған адамдардың ішінен бірде-бір адам идеясына толық сәйкес келетін жанды табу мүмкін емес. Тірі адамның үлесі — өмірінің соңына шейін күнбе-күн өзін жетілдіруге тырысу, сол адам ұғымына жеткенінше сай болу. Олай болса, идеалистердің айтуына қарағанда, ұғым шынайы болмысқа жатса, нақтылы дүниеге келіп, біршама уақыттан кейін дүниеден кетіп жатқан мінді заттар — елес, жалған болмыс ретінде түсіндіріледі.

Егер материализм адамның ішкі өмірінен гөрі сыртқы дүниені танып-білуге бағытталса, идеализмнің ең негізгі мәселесі — адам, оның өмірі мен ой-өрісі, тағдыры мен үміті, зардабы мен қуанышы т.с.с. Сондықтан идеалистік философияның аксиологиялық, праксеологиялық жақтары онтологиялық, гносеологиялық жақтарына қарағанда басымырақ болады. Идеалистік философияның негізгі екі түрін бір-бірінен ажыратуға болады: ол объективті және субъективті идеализм.

Батыс философиясында алғашқы рет тұжырымдама ретінде жан-жақты біртұтас жүйелік объективтік идеалистік көзқарас Платонның философиясында қалыптасты.

Платонның Эйдос әлемі — рухани әлем және сонымен қатар, бұл Дүниедегі нақтылы заттардың алғашқы кейпі (eidos — идея). Философтың ойынша, идеялар заттардың табиғатында көмескіленіп, бұрмаланады. Сондықтан сезімдік заттар әрқашанда толығынан өзінің идеясына сәйкес келмейді. Платонның ойынша, идея әлемі мен заттар әлемін бір-бірімен қосқан Демиург — ол мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материядан идеяларға ұқсайтын, соған сәйкес заттарды жасайды (demieourgos — грек сөзі, өнерші, demiourgos — қолөнерші, ұста).

Платонның таным теориясы адамның жан дүниесінің бұрынғы идеялар әлемінде өмір сүрген кезін анамнезистеуге, еске түсіруіне негізделеді (anamnesis — грек сөзі, еске түсіру). Оған түрткі болатын адамның сезімдік қабылдауы, өйткені ол заттың ұғымдық мәніне жете алмайды да, адамның ойлау қабілетін оятады. Адамның жан дүниесі идеялар әлемінен шыққаннан кейін мәңгілік, ол ешқашан өлмейді.

Объективті идеализмнің негізгі қағидалары Орта ғасыр заманында монотеистік (monos — грек сөзі, біреу; theos — құдай) діндердің қалыптасуына зор эсерін тигізді.

Платонның идеялары христиан дінінде Құдайдың ойына айналады. Егер Платонның Демиургі мәңгілік өмір сүріп жатқан материяға идеалдық бітім берсе, христиан діні Кұдайдың құдіретті сөзі арқылы жоқтан бар Дүние жаратылды дейді. Сонымен Платонның мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материясы үзілді-кесілді теріске шығарылып, Құдайдан бұрын еш нәрсе жоқ, Дүниенің бәрі соның құдіретті күші арқылы пайда болады деген қағидаға аса үлкен мән беріледі.

Дінде адамның дүниетанымындағы ақыл-ойы теріске шығарылмайды, бірақ ол сенім ақиқаттарымен шектеледі. Адамның ақыл-ойы Құдайдың берген аянынан биік емес, керісінше сенімге сәйкес болуы керек.

Платонның көзқарасы бойынша, зұлымдық Дүниенің кемшішіліктерінен пайда болады, ал оның өзі енжар материя мен идея қосылған кезде, яғни бұл жалған Дүние пайда болысымен-ақ сонымен бірге өмірге келеді.

Діни философияда керісінше: Құдайдың логосынан (logos -грек сөзі, сөз, мән-мағына) жаратылған Дүние еш мінсіз, таза, әсем болып дүниеге келеді. Зұлымдықты алатын болсақ, ол – тарихи оқиға, оның себебі — адамның еркінің алғашқы көрсетілген Құдайдың жолынан ауытқуы. Олай болатын болса, тарихтың соңында Құдайдың жасаған таза, әсем жаратылысына қайтадан оралуға болады.

Жаңа дәуірде Декарттың философиясында идея бөлек мате­риямен қатар өмір сүретін ерекше субстанция ретінде қаралса, Гегельдің философиясында абсолюттік идеяның өзін-өзі тану жолындағы белсенділігіне айналады. Ал XX ғасырдағы философияда ерекше өмір сүріп жатқан құндылық, мән-мағына әлеміне феноменология (phenomenon — грек сөзі, құбылыс), я болмаса ғылыми идеялар мен теорияларға айналады (ағылшын философы  К.Попердің «үшінші әлем» ілімі).

Сонымен 2,5 мың жылға созылған объективтік идеализмнің тарихының негізінде оның әртүрлігіне қарамастан, бұлжымаған біp ғана нәрсе бар, ол — рухтың, ойдың, жан-дүниенің, Құдайдың біріншілігі мен материяның, жаратылған дүниенің екіншілігі.

Идеализмнің философия тарихындағы екінші түрі — субъективті идеализм. Бұл философиялық ағымның ерекшелігі — тек қана жан дүниесінің өмір сүруін мойындау. Өйткені адам өз-өзіне үңіліп қарағанда өзінің жан дүниесінен басқа ештеңе таппайды. Субъективті идеализмнің өкілі Дж.Берклидің айтуынша «Өмір сүру -қабылдауға келетін нәрсе ғана». Ал адамның санасындағы неше түрлі ұғымдарды алатын болсақ, олар бізді алдайтын жалған елестер, өйткені біз оларды нақтылы қабылдай алмаймыз. Әрине, бұл қағида материализмге де, объективті идеализмге де қарсы бағытталған. Мысалы, Дж.Берклидің айтуына қарағанда, материя ұғымы — жалған елес, өйткені біз оны өзіміздің жан дүниемізден таба алмаймыз. Біз нақтылы ағашты, үйді, басқа жанымыздағы адамдарды, машиналарды т.с.с. қабылдай аламыз, ал материяны ешкім өзінің жан дүниесінде елестете алмайды.

Олай болатын болса, шындықтың өлшемі ұғымдар емес, адамның түйсіктері, солардың жиынтығы, жалпы адамның психикалық өмірі ғана (psyche — грек сөзі, жан дүниесі). Мұндай көзқарасты шегіне шейін қайшылықсыз созсақ, онда Дүние дегеніміз сол өмір сүріп жаткан субъектінің жан дүниесі ғана, басқа ештеңе де жоқ. Мұндай көзқарасты философияда солипсизм дейді (solus -латын сөзі, жалғыз, бір; ipse — өзім, жалғыз өзім ғана деген мағына береді). Әрине, мұндай көзқарас абсурдқа (absurdus — латын сөзі, беймағыналық) әкеліп тірейді.

Олай болса, адамның дүниетанымының шындығын қалай дәлелдеуге болады деген сұрақ пайда болады. Субъективті идеализм оған шарттық тұжырымдама арқылы жауап береді. Егер біздің дүниетанымымыз басқа адамдардың сезіміне сәйкес келсе, онда ол рухани болмыстың шындығын дәлелдейді. Ал рухани ортақ болмыстың болуының өзі оны тудырған Құдайды мойындауға әкеледі. Сонымен субъективті идеализм өз шеңберінен шығып, ақырында, объективтік идеализммен ұштаса кетеді.

Қорыта келе, идеализмнің қай түрі болмасын рухты алғашкы күш ретінде мойындайды. Ал бұл ағымның әлсіз жағы — қалайша жоқтан бар нәрсе туады деген сұрақ, өйткені бүкіл адамзаттың тәжірибесі жоқтан барды туғызуға болмайтынын көрсетеді. Әрине, мұндай көзқарас қазіргі көзі ашық адамды толығынан қанағаттандырмайды.

Бұл арада біз материализм және идеализм деген ұғымдардың жай қарапайым өмірде де басқа мағынада қолданылатынын атап өтуіміз керек. Қарапайым адамдар материалист деп өмірде бардың бәрін алуға тырысатын, байлық пен мансап іздейтін, ләззат қуатын адамдарды айтады. Керісінше, идеалист деп өне бойы рухани ізденісте, өзінің мүддесінен гөрі қоғамдық мүддені жоғары ұстаған, басқа адамдарға риясыз көмек беретін, өзінің ар-ұжданына кір келтірмеуге тырысатын адамды айтады.

Сонымен бұл үғымдардың екі мағыналығы толығынан бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, өзінің философиялық көзқарасында материалистік бағыт ұстаған адам нақтылы өмір салтында идеалист болуы сирек емес. Керісінше, философиялық идеалистік бағыт ұстап, өзінің нақтылы өмірінде өзін металға (алтынға) сататын адамдар да аз емес, ал қазіргі заманда тіпті көбейіп келе жатыр.

Әңгіме материалист, ия болмаса идеалистік бағытта болу емес, сол шеңбердегі философияны саналы түрде игеріп, өмірдегі өз орныңды табуда болса керек. Философиялық даналықпен қаруланған адам бүкіл адамзатпен бірге қазіргі рухани ізденіске атсалысып, бүгінгі өркениеттің тамаша жетістіктерін игеріп, сонымен бірге оның қайғылы да аянышты қателіктерін түзеу жолыңда белсенділік көрсетсе екен дейміз.

 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!