Фихтенің философиясы — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0
111

Иоган Готлиб Фихте (1762-1814 жж.) — И.Канттан кейінгі неміс классикалық философиясының өкілі. Иена және Лейпциг университеттерінде оқып, білім алған.

Бір жағынан алғанда, И.Фихтенің өмір сүрген уақыты Напелеонның Еуропа елдерін жаулап алып, империя құруымен байланысты болса, екінші жағынан, Германияның өзіндегі феодал-дық қатынастардың іріп-шіріп, буржуазиялық-демократиялық қо-ғамға қарай бетбұрысымен байланысты болды.

Сондықтан И.Фихтенің бүкіл жан-дүниесін баурап алған идея — ол неміс халқын азат ету, оған бостандық әперу, екінші жа-ғынан жеке тұлғаның еріктігі үшін күресу, феодалдық адам тәуел-ділігіне қарсы шығу.

Бұл идеяларды философиялық жолмен негіздеу үшін И.Фихте субьективтік идеалистік философия жолына түсіп, өзінің тамаша ойларын дүниеге әкеледі.

И.Фихтенің философиясын терең түсіне алмаған замандастары ол жөнінде неше түрлі аңыздар қалдырған. Солардың бірі: Фихте өзінің зайыбымен театрға келгенде, әйелдер бір-біріне сыбырлап: «Фихте мырза, бізді айтпағанның өзінде, өз әйелін басын-дағы қиялы ғана деп есептей ме екен», — деп күлген екен.

Неміс халқын азат ету жолында Фихте соғысқа өз еркімен кетіп, сүзек ауруынан 1814 ж. қайтыс болады.

Негізгі еңбектері: «Ғалымның міндеті», «Ғылым жөніндегі ілім», «Неміс ұлтына арналған сөздер» т.с.с.

Адамның еріктілігін, оның моральдық іс-әрекетін негіздеу  жолында Фихте тұлғаның рухани белсенділігін көрсетеді, ал оның өзі бүкіл Дүңиенің негізін құрайтын рухани үлкен күштің жалғасы ретінде түсіндіріледі.

Фихтенің ойынша, Дүниенің бастауы «Үлкен Менге» барып   тіреледі. Ол — ешқандай шектелмеген, таза, қайсыбір сезімдіктен жоғары белсенділік, еріктік, іс-әрекеттік, өзін-өзі толығынан танып-білуге ұмтылған, өзінің себебі өзіндегі рух. Сондықтан ол Дүниені өз ішінен жарата алады.

Фихтенің ойынша, Дүниенің өмір сүруінің үш негізі мынандай:

1. Алғашында орасан зор тебіреніс арқылы «Үлкен Мен» өз-өзін анықтап «Мен — Менмін» деген дәрежеге келеді.

2. Келесі сатыда «Мен» өзінен «Мен еместі» тудырып, өзін қарсы қояды. «Мен емес» өз ішінде «кіші Мен» (оның санасы бар) мен бірге табиғатты (оның санасы жоқ) қамтиды. Сонымен «кіші Мен» — ол тарихта өмір сүріп жатқан тұлғалар — тірі адамдар.

3. Соңғы сатыда шексіз «Үлкен Мен» мен өзі тудырған «Мен еместің» арасында, бір жағынан, шексіздікке бағытталған, екінші жағынан, шектелген диалектикалық байланыстар пайда болады.

Сонымен қатар «Мен еместің» өз ішінде адам (кіші Мен) мен Табиғаттың арасында «кіші Меннің» белсенділігі, оның қоршаған ортаны, қол астындағы болмысты өзгерту, «Үлкен Менге» қарай ұмтылу, соған қосылу іңкәрінің негізінде күрделі байланыстар пайда болады.

Фихтенің ойынша, «Мен еместің» ішіндегі құрамдас бөлік —табиғат — өз-өзіне жеткілікті, дербес емес, ол тек қана объект, зат, кедергі. Оны субъект — «кіші Мен» әр қашанда іс-әрекет арқылы бұзып, игеріп, өзін-өзі толықтырып, «Үлкен Менге» жақындай түседі. Алайда «кіші Мен» мен «Үлкен Мен» бір-біріне толық ұласып кетпейді: ондай жағдай болғанда ешқандай іс-әрекет қажет болмай қалар еді. Сондықтан бүкіл адамзат тарихы — «Үлкен Менге» — Дүниежүзілік рухқа өне бойы шексіз жақындау.

Сонымен «Үлкен Мен» Дүниедегі барлық субъектілер мен объектілерді жаратады. Оның барлық тірі адамдардың санасына қарым-қатынасы бар, бірақ ол өзі шексіз болғаннан кейін, нақтылы тұлға бола алмайды.

Ал енді адамның тұлғалық өзіндік санасына келер болсақ, ол тек қана өзінің «мен еместен», яғни табиғаттан айырмашылығын түсіне келе ғана пайда болады. Олай болса, субъектісіз объект жоқ объектсіз субъект жоқ. Олардың өзара байланысында, әрине, субъект шешуші рөл атқарады, оның рухани күштері, шығармашылық іс-әрекеттері айнала қоршаған ортаны өзгертуге бағышталған. Өзінің ішкі мүмкіндіктерін сыртқа шығарып қана тұлға өз-өзін орнықтыра алады, яғни еріктікке жетеді.

Материалдық дүниені — Табиғатты игеру тарихы, Фихтенің ойынша, адамзат мәдениетінің қалыптасып дамуымен тең. Осы процесте адам тек қана табиғатты игеріп қана қоймай, сонымен қатар өзінің табиғи негіздерін де жетілдіру керек, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Осы арада біз Фихтенің тарих философиясына жақындап қалдық.

Тарих философиясы

Тарих мәселелерін Фихте идеалистік мақсатқа лайықтылық жолмен шешеді. Абсолюттік «Мен» (Үлкен Мен) — тарихи дамудың қайнар көзі, анықтамасы және мақсат мұраты. Тарих дегеніміз — ол дүниежүзілік зерденің қалыптасып, күрделеніп шексіз алға ұмтылуы. Әрине, ол жеке адамдардың іс-әрекеттері мен шығармашлығың шабыты арқылы жүзеге асады.

Фихтенің ойынша, тарих алға қарай жылжыған сайын, адамның еріктігінің де өрісі кеңейе береді. Адамдар өзінің алдына қойған мақсат-мұраттарын іске асыру жолында табиғатпен (Мен емес) күрделі қарым-қатынасқа түсіп, оның қойған қиын кедер-гілерін жеңіп, белестерінен өтеді. Олай болса, еріктік өрісінің Кеңеюі білімнің өсуімен тығыз байланысты. «Еріктіктің болмысы өзінің ішкі бітімі мен мәні тұрғысынан алып қарағанда білімге тең», деген пікірді Фихте басым айтады. Қоғам өміріндегі адамның өз дарындарын шексіз жетілдіруге қарай ұмтылысы — тарихтың өзегін құрайды. Ал осы ұмтылысқа жасалатын сыртқы құрал — ол мемлекет пен құқ.

Мемлекет пен құқ мәселелері

Фихтенің ойынша, адам әрқашанда әлеуметтік пенде ретінде ғана өмір сүре алады. Олай болса, адамдардың қарым-қатынасын ретке келтіріп отыратын заңдар әрқашанда қоғамға қажет. Осы себепті, Фихте адамзат тарихындағы табиғи, иә болмаса мемлекетке дейінгі сатыны толығынан теріске шығарады. Мемлекет әрқашанда  дүниежүзілік тарихта болған.

Бірақ, соған қарамастан, мемлекет адамдардан жоғары тұрған мақсат-мұрат емес, ол — тек қана қоғамды ұйымдастырудың, адам-дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ғылым мен білімді, өнді-рісті ұйымдастыратын құрал ғана. Олай болса, халықтың мемле-кетті әрқашанда бақылап отыруға деген құқы бар. Мемлекет сала-сында істеп жатқан шен иелерінің алауыздығы мен жемқорлығын сынай келіп, Фихте: «Мемлекет — қажетті залымдық, бірақ адамдар мыңдаған жылдардан кейін адамгершілік тұрғысынан кемеліне келген кезде, мемлекет қажет болмай қалады», — деген пікірге  келеді. — Сонда ғана, моральдық жетілудің негізінде нағыз адамның табиғи ахуалы» дүниеге келіп, мемлекет, құқ, шіркеу деген құбылыстар келмеске кетеді, — деп қорытады ұлы ойшыл.

Шамасы, Фихтенің бұл ойлары К.Маркс пен Ф.Энгельстің көзқарастарына зор әсерін тигізген болуы керек, өйткені олар адамзат тарихындағы болашақ коммунистік қоғамда да дін, құқ, мемлекет деген нәрселер «жаңа адамға» қажет болмай қалады деп болжаған болатын.

Фихтенің екінші — жоғарыдан ұйымдасқан «жоспарлы эконо-миканы» жасау, адамдардың білім алуға және еңбекке деген құқын қамтамасыз ету, сыртқы басқа елдермен сауда-саттықты жасауды толығынан мемлекетке беру идеялары да күмән туғызбаса керек.

Әсіресе, қазіргі өтпелі қоғамдағы үлкен қиындықтарды жеңу жолында, Фихтенің кейбір ойларын жандандыратын ахуал қалып-тасып жатыр. Біз қоғамды жаңарту жолында бүкіладамзаттық қауымның бір бөлігі ретінде «ашық қоғам» болуымыз керек деген тұжырымға жармасып, елдегі көп өндірістер шетелдерден келген тауарлардың қысымына шыдай алмай, тоқтап қалды. Екінші жағынан алғанда, бүкіл сыртқы экономикалық байланыстарды өз құзырына алған бұрынғы Кеңес мемлекетінің өндірісті қандай тұйықтыққа әкелгенін жақын тарихтан жақсы білеміз.

Сонымен қатар «ашық қоғамға» деген ұмтылыс бізді тағы да бодандықтың астыртын түріне, трансұлттық корпорациялардың билеп-төстеуіне әкеліп соқпас па екен? — деген күдік тағы да бар. Бұл мәселелер оқырманның өз ойын тудырып, қазіргі тұйықтықтан шығатын жолды табуға өз үлесін қосар ма екен деген үміттеміз.

Дінге қарай бетбұрыс

Фихтенің субъективті-идеалистік философиясы соңында бірте-бірте діни философияға қарай жылжи бастайды. Егер алғашқы шығармашылық сатысында онтологиялық (болмыстық) маңызы бар «Үлкен Мен» мәңгілік «Ерік», шығармашылық «өмір» ретінде түсіндірілген болса, келесі сатыда ол болмыстың адам арқылы өз-өзін танитыны жөніндегі ойларды қозғайды. Гегельдің философиялық жүйесі осы соңғы ойдың негізінде пайда болды деп те айтуға, болжауға болатын сияқты.

Ақырында, «Үлкен Мен» абсолюттік «Болмысқа», өмірдегі «Бірге», «Құдіретті Сәулеге», ең соңында «Құдайға» келіп тіреледі. Бірақ кенеттен сүзек ауруына шалдығып дүниеден ерте кеткеннен кейін, Фихтенің философиясы толығынан діни көзқарасқа айнала алған жоқ.

Қорыта келе, біз Фихтенің неміс классикалық философиясының шеңберіндегі өз орны бар ұлы ойшыл екенін тағы да атап өткеніміз артық болмайды. Фихтенің: «Іс-әрекет жаса, тағы да іс-әрекет ет!» — деген ұраны біздің халыққа бүгінгі таңда ауадай қажет. Адамның орасан зор шығармашылық белсенділігін көрсете білген, адамзаттың жарқын болашағына сенімділік көрсеткен ұлы ойшыл философия тарихында мәңгілік қалады.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!