Фермадағы санитарлық-гигиеналық және ветеринарлық алдын алу шаралары туралы қазақша

0
115

Мал шаруашылығында малды жұқпалы аурулардан сақтау үшін жалпы санитарлық-гигиеналық және ветеринарлық алдын алу шараларын жүргізу керек. Осындай шараларды жүргізуге  дезинфекқия, дезинвазия, дезинсекция және дератизация жатады. Мұндай шаралардың мақсаты –қоршаған ортадағы жұқпалы арулардың қоздырғыштарын және тарататын паразиттік жәндіктерді жою.

Дезинфекция (залалсыздандыру) – қоршаған ортада жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын, бактерия, вирус, сақырауқұлақтар, риккетсиялар, қарапайым жәндіктерді жою.

Дезинвазия – паразитарлық  аурулардың ұрықтық элементтерін, яғни жұмыртқа мен балаңқұрттар кокцидиа ооцисталарын жою.

Дезинсекция – зиянды буынаяқтыларды – соналар, масалар, шыбындар мен шіркейлер, биттер және кенелерді жоюға бағытталған шара.

Дератизация – зиянды кеміргіштерді, егеуқұйрық, көптеген қоздырғыщтардың тасымалдаушылары мен таратушылары болып табылатын тышқандарды жоюға бағытталған шара.

Дезинфекция, дезинвазия, дезинсекция және дератизацияны     адамдар ең әуелі өзінің жеке басының қауіпсіздігі ережесін сақтап, қорғану үшін арнайы санитарлық киімдермен (күләпаралар, комбинизондар, фартуктер, резеңке қолғаптар, резеңке eтiктep, халаттар, қорғаныс көзілдіріктері) қамтамасыз етілуі керек.

Препараттармен жұмыс жасағанда, көздің кілегейлі қабықтарына және тыныс алу ағзаларына әсер етпеу үшін  газтұтқыларды (противогаз), ал сілті  және қышқылдармен жұмыс жасағанда қорғаныс көзілдіріктерін кию керек.

Дезинфекциялағыш заттармен, у дәрілермен және бактериалдық препараттармен жұмыс жасағанда тeмeкi тартуға және тамақ ішуге қатаң тыйым салынады.

Дезинфекция (залалсыздандыру). Залалсыздандыру жүйелі түрде атқарылатын eкi жұмыстан — механикалық тазартудан және залалсыздандырудың өзінен тұрады.

Механикалық тазарту мақсаты залалсыздандырылатын қоралар мен алаңдарды көңнен, төсеніштерден, қоқыстардан және басқа да ластардан тазалау, өйткені осының бәpi залалсыздандыратын заттардың әcepiн төмендетеді. Қора жайларды сақтандыру залалсыздандыруы шаруашылықта жұқпалы аурулар байқалмаған кезде жүргізілсе, ал еріксіз дезинфекция шаруашылықта жұқпалы ауру байқалған кезде жүргізіледі. Осыған байланысты дезинфекция үш түрлі – сақтандыру, ағымдағы және ақырғы болып келеді.

Мал шаруашылығында профилактикалық  залалсыздандыруды жылына екі рет – жазғытұрым малды жайылымға шығарарда және малды қыста қолға қоярда жасайды.

Фермадағы мал қораларының қабырғаларын және төбелерін жаздыгүні (егер де мал  қорада күтіліп бағылса) айына бір рет жаңа сөндірілген әкпен, ал басқа уақытта кірленуіне қарай сылайды, ал төлдер тұратын орынды сылауды қажетіне қарай жиі жүргізу керек.

10%-дық жаңа сөндірілген әк ерітіндісін дайындау үшін 1 кг әкті 1 л сумен сөндіреді де, 1 кг-на 9 л су қосады, 20 %- дық қоюлау жаңа сөндірілген әк ерітіндісін дайындау үшін 1 кг сөндірілген әктің 1 кг-на 4 л су қосады. Қораларды залалсыздандыру нормасы:  аумаққа 1 л ерітінді.

Ағымды залалсыздандыруды шаруашылықта малдың жұқпалы ауруы алғаш рет байқалғанда үнемі және жаңадан ауырған малды тауып, бөліп алған сайын, сондай-ақ  ауру байқалған малды жұқпалы ауруларға қарсы күресу жөніндегі нұсқауларда көрсетілген мерзімде кезекті тексергенде жүргізеді.

Залалсыздандыру заттарын ветеринарлық дәрігер анықтап, таңдайды. Ақырғы залалсыздандыруды карантинді алар алдында, шаруашылықта жұқпалы ауру жойылғаннан кейін жүргізеді.

Дезинсекция. Мал шаруашылығына шыбындар мен шіркейлер, соналар, масалар, т.б. жәндіктер зор зиян келтіреді, олар жұқпалы аурулар, яғни сібір жарасы, оба, туберкулез, бруцеллез, туляремия, маңқа, холера, сүзек, сальмонеллез, энцефаломиелит, тілме, аусыл, гельминтоздардың таралуына және осы аурулардың бірталай аймақтарға тез жайылуына себепкер болады.

Мәселен, қансорғыш буынаяқтылар малды мазалап қана коймай, қанын сорып, улы сілекейі әcepiнен интоксикация тудырады. Зиянкес жәндіктердің шағуы салдарынан сиырлардың сүтi 12 % төмендесе, шошқа 30% үстеме салмағын жоғалтады. Аттар жұмыс қабілетін жоғалтады, кұстар жұмыртқа өнімін төмендетеді, ал қойлардың жүні түседі.

Бір ғана бөгелектің өзі (танау, ішек, тepi) ет өнімдеріне, теріге көптеген зиян келтіреді, малдың арықтауына және өлім-жітіміне әкеп соғады. Әpбір сона 200 мг-ға дейін мал қанын сорып алады, көп қан жоғалтқаннан мал ауырады.

Зиянды жәндіктер өздерінің жылдам көбеюімен ерекшеленеді. Мысалы, үй шыбынының толық даму циклі 2-3 апта. Ұрғашы шыбындар жұмыртқаларын қи, шөп қалдықтарына және азық-жем қалдықтарының астына салады. Бір салғанда 120-160 жұмыртқа салады. Содан 8-35 сағат өткен соң жұмыртқадан балаңқұрттар өсіп шығады, олар жерге еніп,  сонда қуыршақтанады, ал қуыршақтардан тipi ұшатын шыбындар пайда болады. Бір жазда шыбындар 9 ұрпақ тобын бере алады. Ал сона ұрғашысы 1000-ға дейін, бөгелек 500-800-ге дейін жұмыртқа салады.

Зиянды жәндіктердің кеңеюіне кедергі жасау үшін ферма аумағын, жайылымды, қи сактағыш кұрылымдарды, садыра жинағыштарды және азық калдықтарын бір жерге жинап, арқашан да таза ұстау керек. Сондықтан жәндік балаңқұрттары және кенелер ұрықтарының шығатын орындарын, олардың ересек түрлерін жою шараларын қарастырып, оны жүзеге асыру керек.

Жою шаралары физикалық, химиялық және биологиялық әдістерден тұрады. Химиялық тәсілі ең таңдаулы болып саналады. Мұнда улы заттарды, яғни жәндіктерге инсекцидті, ал кенелерге акарицидті немесе зиянды жәндіктерді үpкiту үшін репелленттерді  қолданады.

Инсектицидтер дифос, амидофос, карбофос, дибром, хлорофос, акарицидтер натрий арсенит, күкipт, фталофос; репелленттер диметил фталат, бензиминдерді қолданады. Хлорофостың 2 % -дық сулы ерітіндісін гидропульттің көмегімен шыбындардың ең көп жиналатын жерлеріне,  яғни қорадағы терезелерге, eciк тeciктepiнe, бағаналардың далдасына 1м2 аймағына 200 грамнан шашады.

Шыбындардың балаңқұртын жою үшін олардың жұмыртқалары болатын орындарды хлорофостың 2/1 бөлігінің қоспасына, ыстық суда еріген 25 бөлігіне 98 бөлік пайдаланған автолды қосып суландырады. Биотопқа 1м 2  көлемін өңдеу үшін 1 л осындай қоспа қажет eтiледі. Қораларды ерте көктемнің басынан айына 1 рет хлорофоспен, ал шыбындардың ұрықтарының орнын 3 айда 1 рет өңдеу керек.

Малды шағатын жәндіктер мен бөгелектерден әрдайым өңдегенде әрбір сиырдан 100-150 кг сүт және 8-10 кг ет өнімдерін жоғалтудың алдын алуға болады.

Дезинвазия. Дезинвазияны міндетті түрде малды дегельминтизациялаудан (малды ішекқұрттардан босату) кейін жасайды және оны әрбір кeзeктi дегельмитизацияда қайталайды.

Дезинвазияны дезинфекция сияқты қораларды механикалық тазартудан — қилардан және азық, қоқыстардан тазартқаннан кейін жүргізеді.    Дезинвазиядан соң қораларды желдетіп,    астаулар мен су ыдыстарын сумен жуады, малды күтіп-тазалайтын құрал-жабдықтарды залалсыздандырады. Мысалға, шошқа аскаридозы, жылқының параскаридозында 10% ксилонафтың астық ерітіндісін 3 сағат сайын, 5%-дық күйдіргіш натрий немесе күйдіргіш калийдің (сілті) ыстық ерітіндісін 6 сағат сайын қолдануға ұсынылады. Көрсетілген ерітінділерді 2 рет аралықпен 1 сағат сайын 1 м2 көлемге 0,5 л есебінде колданылады.

Дератизация.Сұр және кара егеуқұйрықтар мен тышқандар эпидемиологиялық және эпизоотологиялық тұрғыдан қауіпті болып саналады. Егеуқұйрықтар мен тышқандар өздерінің нәжіс, несеп, сілекей, қан, сонымен қатар, бүрге және кенелерімен көптеген туляремия, оба, құтырық, ciбір жарасы, туберкулез, бруцеллез, лептоспироз, энцефалит, тырысқақ, Ауески ауруы, пастереллез, листериоз, аусыл, дизентерия, іш сүзегі, салмонеллез, сары ауру, шошқа тілмесі, қоян және тауық кокцидиозы, қысаға, трихиниллез сияқты жұқпалы ауруларды адам мен малға таратады.

Тышкан тектес  өте сезімталдығымен  сипатталады. 33,5 жылда 2 жұп егеұқұйрық 20 млн.-ға дейін  ұрпақ, ал 5 жұп егеуқұйрық 6-млрд.-қа дейін ұрпақ таратады. Егеуқұйрық алғашқы ұрпағын бір жарым айлығында, ал сұртышқан бір айлығында таратады. Ай сайын сұртышқан 12 (буаздық  кезеңі 18-20 күн), ал егеуқұйрық 2 ай сайын 15 тұқым әкеледі.

Бір жыл ішінде бір жұп егеуқұйрықтың ұрпағы 40 тоннаға дейін астық өнімдерін бүлдіреді және құртады. Егеуқұйрық және тышқандарды жою үшін ең тиімді дәрі зоокумарин болып есептелінеді, онда қорғаныс рефлексі  болмайды, сондықтан оған арнап жасалған қармақ жемдерді айыра алмайды. Бұл препарат қоспа түрінде  (1 кг зоокумарин және 200 г крахмал) сатылады.

Кеміргіштерді жою үшін  5 г осындай қоспаға 95 г қармақ жемін (нан, ұн, дән, балық) қосады. Егеуқұйрықтар қармақ жемге жақсы келуі үшін 1 кг-ға бір шай қасық күнбағыс майын қосады. Қармақ жемді таза эмальды немесе шыны ыдыста дайындайды, қармақ жемге егеуқұйрықтар жоламайды.

Қармақ жемді дәрі-дәрмектердің иісі жоқ қораларда жасайды. Қармақ жемді дайындаған кезде шылым шегуге болмайды. Қармақ жемді мал маңына бара алмайтын орындарға, еден астына, кеміргіштерге арналған арнайы тесігі бар жәшіктерге, құбыр кесінділеріне, бос станоктарға таратып салады. Желінуіне қарай қосып отырады.

Егеуқұйрықты зоокумаринмен уландыру мөлшері 15 мг. Олар 7-10 тәулік ішінде ішкі қан құйылудан өле бастайды. Егеуқұйрықтар өлер алдында қораларды тастап кетеді.

Сұртышқандарды жою үшін арсенат-натрийдің 5%-дық сулы ертінідісіне  арпа, бидай, сұлы, тары дәндерін тәулік бойы езіліп тұрған бойында қолданады. 30 г мырыш фосфидіне 1 кг дән алып, оны 20 г күнбағыс майымен қосып отырып араластырады, содан соң әрбірiнe 2-3 г уланған дәнді себеді. Егер де уланған топырақ бетiне сұртышқандарды уландыру үшін сепсек, онда тышқандармен бірге үй малын және құстарды да уландырып алуымыз мүмкін.

Кеміргіштермен күресу үшін әрбір малшының қауіпсіз және қолайлы тәсілдері бар. 30-40 г ұнды, 25 г гипспен араластырады және оған күнбағыс майын қосады, осындай қоспаны жегенде ішек-қарын жолдарында гипс қатып, соның нәтижесінде кеміргіштер өлімге ұшырайды.

Басқа да бір тәсілі: ыдысқа сөндірілмеген әкті салып, оны құлмақ және қантпен араластырады, жанына суы бар ыдыс қояды. Желінген әк шөлдетіп, су ішкен кeмipгіштер өледі.

Тышқандар мен егеуқұйрақтар нафталин иісіне шыдамайды. Сондықтан кеміргіштер iнiнe тең бөлікте қосылған нафталин және ағаш үгіндісін шашады. Тышқандар жабайы жалбыз иістеріне де төзе алмайды.

Тышқан тектес кеміргіштерді  жою кезінде қолданатын дәрілік заттарды қалай қолдану керегі         туралы мал дәрігері жұмысты орындаушыларға нұсқау береді.

#Фермадағы #санитарлықгигиеналық #және #ветеринарлық #алдын #алу #шаралары