Фейербахтың философиялық антропологиясы — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Людвиг Фейербах (1804-1872 жж.) — неміс классикалық философиясының соңғы өкілі. И.Канттан бастап Гегельге дейін неміс философиясының өкілдері идеалистік бағыт ұстағанын жоғарыда байқадық. Л.Фейербах та өз жолын осы бағытта бастап, 1823 ж. Гейдельберг университетінің теология (дін зерттеу) факультетіне оқуға түседі. Бірақ тез арада ондағы дәріске қанағаттанбай, Берлин университетіне ауысып, Гегельдің лекцияларыи тыңдайды. 1828 ж Эрланген университетінде диссертация қорғап, содан кейін осы оқу орнында приват-доценттік жұмыс атқарады. Осы уақыттан бастап Фейербах бірте-бірте гегельдік көзқарастан ауытқып, материалистік бағытқа қарай бетбұрыс жасайды. Соның нәтижесінде ол анонимді (өз атын атамай) түрде 1830 ж. «Өлім және өлместік жөніндегі ойлар» деген еңбегін жарыққа шығарып, онда жанның өлместігі жөніндегі діни қағидаға қарсы шығады. Ол кітап дереу тәркіленіп, Фейербах жұмыстан қуылады. Жұмыссыз қалған ойшыл 1836 ж. кедейленген дворян отбасынан шыққан қызға үйленіп, сонымен бірге Брукберг деген ауылдық жерге қоныс аударып, сол жерде 25 жыл бойы ешқайда шықпай өмір сүреді. Түске дейін ағаш жарып, я болмаса шөп шауып, түс ауа ғылыми жұмыстарымен айналысады. «Христиандықтың мәні» атты негізгі еңбегі осы жерде жазылып бітеді. Осы кезден бастап ол үзілді-кесілді материалистік-атеистік бағытқа көшеді. Өмірінің соңында өте үлкен мұқтаждық көріп, 1872 ж. дүниеден өтеді. Нюрнберг қаласында жерленген. 60 ж. кейін ізбасарлары оның қабіріне құлпытас орнатып, оған Фейербахтың өзі жазған «Адам Құдайды өз бейнесіне ұқсастырып жасады», «Адамды сүйіп, оған жақсылық жаса» деген сөздерін эпитафия ретінде жазды.

Гегельдің философиясының алғашқы негіздерін зерттей келе, Фейербах   оның   түп-тамырының   теологияға   кететінін   айқын көрсетеді. Фейербахтың ойынша, қайсыбір идеализм, соның ішінде Гегельдің философиялық жүйесі де — дүниеге деген нәзіктелген діни көзкарас. Табиғаттың алдында өмір сүріп жатқан логикалық категориялар жөніндегі Гегельдің ілімі — басқаша сөздермен айтылған Дүниені Жаратушы идеясы. Ойлауға қабілеті бар пенделерден басқа материядан тыс өмір сүріп жатқан таза ойлау еш жерде жоқ. Материя рухтан шықпайды, керісінше, материя рухты тудырады. Адамның ойлау қабілеті — ол қандай ғажап болса да -мидың қызметінен туады. «Табиғат тек қана асқазан шеберханасын жасап қана қоймай, сонымен қатар мидың әсем сарайын орнатты. Табиғат рухтың, бейсаналық саналықтың, беймақсаттық мақсаттылықтың алдында өмір сүреді». Фейербахтың ойынша, рух дегеніміз — ол іс-әрекеттегі адамның қабілеті, қасиеті. Денеден бөліп алып, адамның шектелген және соңы бар өмірінен босатып қаралған рух Құдайға айналады. Мән дегеніміз — ол ұғым ғана, оны адамның денесін құрастыратын сүйектерімен салыстыруға болады. Бірақ тірі адамның денесі, еті мен қаны да бар. Бірақ Гегельдің философиясы тек өлімтікті жеп қоректенетін қорқау сияқты, Дүниенің каңқасымен ғана қанағаттанады.

Олай болса, философия өзінің қайнар көзін болмыс ұғымынан емес, нақ болмыстың өзінен бастауы қажет. Онда біз заңды түрде жалпылықтан емес, жалқылықтан бүкіл философиялық ұғымдар-ды шығаруымыз керек. Өйткені қайсыбір болмыс — ол нақтылы бол-мыс — дүниеде болып жатқан «бірдеңе», «мынау», «анау». Болмыс жалқылық  пен жекеліктен тұрса, ойлау — жалпылықты тудырады.

Таным мәселесін қарай келе, Фейербах агностицизмді қатты сынға алады. Оның ойынша, түйсіктер бізді Дүниеден алшақтат-пайды, керісінше, бізді онымен байланыстырады. Ол — сыртқы Дүниенің бейнесі. Бұл жерде ол діни терминді қолданып, оны  «Евангелие» (яғни «Ізгі хабар») ретінде түсінеді. Түйсіктер арқылы біз Дүние жөнінде хабардар боламыз.

Фейербах Дүниенің көптүрлілігін мойындайды. Материяның өмір сүру формасы — ол қозғалыс, ал ол қажетті түрде кеңістік пен уақытты талап етеді. Олай болса, олар болмыстың өмір сүруінің негізгі жағдайлары. Табиғаттың өзінің себебі өзінде, оны ешкім тудырған жоқ, ол мәңгілік өмір сүреді. Табиғат пен қоғамнан тыс ешкім және еш нәрсе жоқ. Табиғатта ақыл-ой жоқ, ол адам арқылы  ғана ақыл-ойға ие болады. Адам арқылы ғана ол өзін-өзі түсіну дәрежесіне көтеріледі. Тек адам ғана өзінің іс-әрекет жасау негізін-де табиғатты қайта өзгертіп, өзінің санасын табиғатқа танады.

Олай болса, pyx дегеніміз — ол тірі пенде, адамның қасиеті, ойлау мүшесі — ми адамның денесіне жатады. Сондықтан адамды Құдай жаратты деген жалған аңыз Құдайдың өзін адам тудырды деген шынайы білімге негізделген қағидаға ауыстырылуы керек.

Осы мақсатты өз алдына қойып, оны өмірге енгізу жолында Фейербах қажымай-талмай, батыл жұмыс жасады. Оның ойынша, қалың бұқараның Құдайға сенуінің қайнар көзі адамның жан дүниесінің құпияларында жатыр. Солардың ішіндегі ең негізгілерінің біреуі — адамның табиғаттың орасан зор күштерінен қорқып соларға тәуелді болуы. «Үрей құдайларды тудырды. Барлығы билеп-төстейтін бұл үрейдің өзін кім тудырды? Оны тудырған тірі пенденің бақытқа деген ұмтылысы», — деп қорытады ол. Қаһарлы я болмаса мейірбанды құдайлар адамдардың құмартуының тұңғиығы мен шытырман қажеттіктерінен шығады. Сонымен адамдардың сан алуан мұқтаждықтары мен содан шығатып тілектері — діннің дүниеге келуінің әкесі. Ал сонда оның шешесі кім? Фейербахтың ойынша, ол адамның бақытқа деген іңкәрінен шығатын қиялдары, яғни таным процесіндегі қиындықтарда жатыр. «Адамның надандығының түбі және қиялының шегі жоқ. Надандықтың арқасында өзінің негізінен айырылған табиғат күштері шексіз қиялдауға қосылып, Құдіретті Құдайды тудырады».

Сонымен қатар Фейербах діннің психологиялық түп-тамырына да терең мінездеме береді. Ол — адамның өлместікке деген іңкәрі, соның себебінде қайсыбір діннің «о дүние» жөніндегі ғажап қағидасына сенуі. «Адам өзінің өмірінің соңдығын, әлсіздігін, шектелгенін басқа еш нәрсеге қарағанда өлімнен қашып құтыла алмайтындығынан ең терең сезініп тебіренеді», — деп қорытады ұлы ойшыл. Сонымен дін дегеніміз — құпияландырылған қиялдың жемісі болып шықты.

Фейербах діннің ғасырлар бойы қалыптасқан екі формасын көрсетеді. Біріншісі — ол мистификацияланған (құпияланған, құді-реттелген) табиғат күштері. Екіншісі — ол адамның өзіне ұқсайтын Құдай идеясы. Ол жөнінде Фейербах былай дейді: «Шексіз де құдіретті Құдайдың мәні дегеніміз — ол адамның өзінен бөліп алынып, ерекше өмір сүріп жатқан сияқты адамның рухани мәнінің өзі».

Сонымен қатар Фейербах христиан дінінің езілген адамның рухани жұбатушысы ретіндегі қызметін көрсетіп, оны әшкерлейді. Оның ойынша, Құдайға сену — дүниедегі зұлымдықты құртуға бағытталған құралдар жөніндегі ойларды шетке шығарып тастайды. Адам бұл дүниеде іске аспайтын ынталарына бола, іске асыра

 

 

алатын тілектерін аяққа басады. Олай болса, Фейербах: «Мен құқдайды терістеймін, олай дегенім — мен адамды терістеуді терістеймін», — деп, Гегельдің тілімен оның іліміне қарсы шығады. Өйткені о дүниені терістеу дегеніміз — бұл дүниені орнықтыру деген сөз. Жарқын болашақ — ол сенімге емес, адамның өзінің борышына жатады.

Міне, енді біз Фейербахтың философиясының негізгі мәселесіне келіп тірелдік, ол — адам мәселесі. «Жаңа философия адамды және соның негізі ретіндегі табиғатты философияның ең негізгі универсалды пәніне айналдырады». Сондықтан біз Фейербахтың ілімін антропологиялық философия дейміз. Ол адамды, негізінен психо-физиологиялық пенде ретінде қарайды. Фейербахты неміс философтарының адамды тек қана pyx ретінде түсінуі қанағат-тандырмайды. Оның ойынша, адам, бір жағынан, материалдық дене болатын болса, екінші жағынан, — ойлайтын рух. Фейербах көбіне адамның табиғи-биологиялық жақтарын қайта орнына келтіруге тырысады. «Мен» дегеніміз — ол ойлайтын pyx қана емес, ол денесі мен ойлай алатын басы бар, нақтылы кеңістік пен уақыттың шеңберінде өмір сүріп жатқан тірі адамның өзі.

Фейербах адамның негізгі мінездемесі ретінде оның сезімдігін келтіреді. Гегельдің ойлау мен болмыстың теңдігіне Фейербах болмыс пен сезімдіктің теңдігін қарсы қояды. Оның ойынша, тек қана «сезінетін пенде ғана — шынайы ақиқатты пенде». Сезімдік болмыс деп Фейербах біздің санамыздан тәуелсіз өмір сүріп жатқан материалдық дүниені айтады. Олай айтқан себебі, Дүниедегі мате-риалдық заттар мен құбылыстардың өзіндік өміріне Фейербах онша көп мән берген жоқ, ол олардың бәрін тек қана адамға деген байланысы арқылы қарады, соңғының өзі сезімдік деректер арқылы адамға берілетіні сөзсіз. Екіншіден, адамның өзінің материалдығын, денелігін ойшыл сезімдік арқылы түсінеді. Адам түйсіктері мен сезімдерінің өзі — оның материалдық дене екендігін көрсететін бірде-бір дәлелдеме. Сонымен «мен» — сезімтал пенде, олай болса, дене адамның мәніне толық түрде кіреді. Егер табиғатты Фейербах өз болмысынан өзін айыра алмайды деп түсінсе, адам, өзінің мәнін болмыстан айыра алатын пенде.

Фейербахтың сезімдік қағидасының гносеологиялық (таным-дық) жағы да бар. Айнала қоршаған ортаны танып-білу сезімдік қабылдау, түйсіктер, аңдау арқылы жүреді. Оның айтуынша, тек сезімдік аңдаумен анықталған, бағытталған ойлау ғана шынайы. Егер ойлау сезімдіктен алыстаса, онда ол шындықтан да қол үзіп, өзінің шеңберінен шыға алмай адасады.

Сезімдіктің тағы да бір аса мәнді жағы — оның ішіне қажетті түрде сүюдің енуі. Фейербахтың ойынша, «біздің сүймейтін, сүюге болмайтын нәрсеміз — ол жоқ» , «сүю жоқ жерде — ақиқат та жоқ», «сүю — заттардың бізден тыс өмір сүруінің шынайы онтологиялық дәлелдемесі». Әрі қарай өз ойын жалғастырып, Фейербах сүюді іңкәрмен теңейді. Олай болса, тек іңкәр ғана — заттың өмір сүруінің анықтамасы. Тек іңкәрдің ұмтылған заты ғана ақиқатты. Фейер-бахтың бұл сөздерін субъективті-идеалистік бағытта қарауға бол-майды. Оның айтқысы келгені — адам өзінің керек қылатын затта-рына, өмірлік құндылығы бар құбылыстарға немқұрайды қарамай-ды, ол оларды сүйеді, оларды игеруге, иеленуге тырысады, тек осы сәтте ғана олардың адамнан тыс өмір сүріп жатқаны оған айқын көрінеді. Егер ол өзі сүйетін, керек қылатын заттарға жете алмаса, ол онда қайғырып-қамығады, зардап шегеді. Оның өзі шынайы өмірде керек нәрсенің жоқтығын, оның біздің жан-дүниемізден тыс өмір сүретінін көрсетеді.

Фейербахтың философиясында әлеуметтік, моральдық мәсе-лелерге көп көңіл бөлінген. Ол өз заманындағы қоғамдық қаты-настарға қанағаттанбайды, әсіресе христиан дінінің осы Дүниенің құдіретті Жаратушысы Құдайдың өзіне сеніп, адал болған адамдарға мәңгі рақатқа бөленген о дүниедегі өмір беріледі деген негізгі қағидасына теріс баға беріп, ол қарапайым адамдардың осы өмірдегі жағдайларын жақсартуға бағытталған ұмтылысына кедергі келтіреді деген пікір айтады. Фейербахтың ойынша, аспандағы мәңгілік өмірге сену — жердегі өмірдің құндылығын жояды.

Бірақ Фейербах христиандықты қатты сынға алғанмен, қоғам өміріне бәрібір діннің керектігін мойындайды. Оның ойынша, тарихтағы бірін-бірі ауыстыратын үлкен дәуірлер діндердің ауысуымен тығыз байланысты. Олай болса, өзінің мүмкіндіктерін сарқыған христиан дінінің орнына жаңа дін керек. Ол дін Құдайға деген сүйіспеншіліктің орнына адамды сүюді қою керек. «Христиандықтың мәні» деген негізгі еңбегіндегі соңғы тарауында Фейербах «Адам адамға — Құдай» деген пікір айтады. Сонымен бүкіл философиясы материалистік бағытта болған философ мұндай көзқарасқа неге келеді деген сұрақ біздің ойымызға еріксіз келеді. Оның ойынша, адамдардың бір-біріне деген қатынастарына діни бітім берілмесе, олар өзінің гуманистік (адамгершілік) қасиеттерінен жұрдай болады, өйткені ондай жағдайда адамдар өздерінің табиғи өзімшілдігінен арыла алмай қалады. Дінсіз болу — тек адамның өзін ғана ойлауымен тең, дінге сену — басқаларды да ойлаумен бірдей, — дейді Фейербах.

Енді, міне, Жаңа замандағы материалист-ойшыл Фейербах бұл мәселеге қандай жаңалық әкелді екен? Оның ойынша, еркек пен әйел арасындағы жыныстық сезімге негізделген сүйіспеншілік осы жаңа діннің арқауы болуы керек. Өйткені адам табиғи-биоло-гиялық пенде болғаннан кейін, оның түйсіктері мен сезімдері оны алдамайды, тек қана сүйіспеншіліктен басқа шынайы практикалық және органикалық нәрсе адамдар арасында жоқ деген өз пікірін айтады. Олай болса, «аспандағы ләззаттан» гөрі, адам жердегі (сезімдік бақытқа» ұмтылуы қажет. Ол, әрине, бір-бірін сүйетін «сен» мен «меннің» қарым-қатынасы. Адамдардың бір-біріне деген қажеттіктері оларды бір-бірімен теңеп, топтастырады. Егер адамдар Құдайға сенуден гөрі, өздеріне сеніп, адамның өзін Құдай ретінде қараса, онда барлық адамдардың арасында, олардың жынысына қарамай, достық қарым-қатынастар қалыптасып, коммунизмге жол ашылар еді, — дейді ұлы ойшыл. Осындай өздерінің рухани-адамгершілік ойларымен Фейербахтың есімі біздің санамызда  сақгалып қалады.

Міне, осымен неміс классикалық философиясына арналған Соңғы бетті аударамыз. Келесі сарапталатын ағым — тек қана философияда ғана емес, біздің өткен тарихымызға тікелей өзінің зор әсерін тигізген ілім-ол маркстік философия.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!