Ежелгі Мысыр | туралы қазақша

0
71

Ежелгі Мысыр қоғамы жан-жағын сұрқай шөл басқан, ені үш шақырымнан жиырма шақырымға дейін жететін Ніл өзенінің жасыл желек жамылған аңғарында қалыптасқан. Жерорта теңізіне құяр жерінде тармақталып кететін өзен мыңдаған жылдар бойы сумен араласып келген тропикалық өсімдік қалдықтары, ығынды көкөніс тоспаларымен теңіз атырауын толтырады. Олар даладағы табиғи тыңайтқышқа айналып, егін өніміне әсерін тигізіп, тіршілікке қолайлы «жасанды» мекенді өмірге әкеледі. Міне, осыдан да болар, ежелгі грек тарихшысы Геродот Мысырды «Нілдің сыйы» деп атайды.

Ежелгі мысырлықтар Ніл өзенін жағалай созылған екі тау тізбегінің ортасында орналасқан өз елін Та-Кемет — «Қара Жер» деп атаған. Осы жерге келген өзге ел адамдарының: «неге Қара Жер?» деген сұрағына, «Қара — құнарлы жер, ал «Қызыл Жер» — аңызақ жел, ыстық аптап соққан таулы қыраттардың екінші жағы. Шөл дала — ажал ұрығын сепкен зұлым Сеттің патшалығы. Өмір «Қара Жерде», жасыл желек жамылған аймақта», — деп үлкен ыждаһатпен жауап берілген.

Өзен құдайы қайырымды Хапи — беліне балықшы алжапқышын байлаған ересек ер адам, Нілдің қожасы, су тасқынының әміршісі. Ол әрбір жыл сайын өзен суын кең далага жайылуға мәжбүр етеді; су қайтқан кезде егіс алқабында құнарлы қалың шөгінді қалады. Осы Та-Кемет жерін жанды қара түске батырады…

Ніл өзенінің аңғары бірде суы тасып, ернеуінен асқанда шалғынды, шұрайлы жерге, енді бірде су деңгейі көтерілмей, күн күйдірген жансыз, сағым ойнаған маң далаға айналады. Егін шаруашылығы болмаған бастапқы кезде өзен бойында мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді тайпалардың өмір сүргені жайлы деректер бар. Археологиялық қазба жұмыстары ежелгі Мысыр қоғамының, мәдениетінің қалыптаса бастауы — энеолитке, тас-мыс дәуіріне сәйкес келетінін көрсетеді. Осы кезде өзен бойы құнарлы, егін шаруашылығына тиімді, халық тығыз қоныстанған қасиетті мекен болған.

Б.д.д. V-IV мыңжылдықтар шамасында осы өзен аңғарына белгісіз бір халық келіп қоныстанған. Зерттеушілер еңбектерінде бұлар, азиялық семит тайпасының бір бөлігі болуы мүмкін деген жорамал жасалады. Табиғат тануда, оны игеруде үлкен жетістікке жеткен осы адамдар құрғақшылықтан сақтану жолдарын қарастырып, жасанды суландыру жүйелерін жасайды, жетілдіреді. Тасыған өзен суын тоқтату жұмыстарымен айналысады, суы мол жерден егіншілікке қолайлы басқа өңірлерге арықтар тартылады. Жер өңделіп, су бөгейтін жасанды тоғандар салынады, құрылыстар тұрғызылады.

Тарихшы Д.И. Иловайский өзінің «Древняя история. Средние века. Новая история» кітабында осы ел тұрғындарының қолымен, III Аменемха перғауынның бұйрығымен қазылған ең үлкен су қоймасы Мери (мысырлық түсінігі көл деген ұғымды білдіреді) деп аталатынын, ал арықтар ортасындағы айтарлықтай үлкен Иосиф каналының Ортаңғы Мысырды бойлай, Ніл өзеніне паралелль ағатыны туралы мәліметті береді. Демек, ежелгі заманның өзінде өзеннің мол суының адам өміріне қауіпсіз болуы, ел игілігіне пайдаланылуы, ылғалды ұзақ сақтаудың мүмкіндіктері қарастырылды.

Ұжымдасқан еңбек бір орталыққа бағынған күшті билікті, көптеген адамның ортақ мүддеге жұмылдырылуын қажет етеді. Материалдық игіліктер мен адам санының жеткілікті болуы ғажайып үлкен құрылыстар тұргызуға, мемлекеттің гүлденуі ғана емес, басқаларға үлгі боларлық гибратты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасайды. Уақыт өте, мол өнімнің арқасында халықтың белгілі бір бөлігі тікелей егін шаруашылығы жұмыстарынан босап, діни рәсімдерді атқарумен айналысады, қол өнерімен шұғылданады. Аңыз әңгімелер, діни сенімдер, алғашқы білім негіздерінің пайда болуы, таралуы Ніл аңғарының өркениет жолына түскенін білдіреді. Ең алгашқылардың бірі болып мәдениет дамуы жолына түскен ежелгі мысырлық дүниетанымнан әлемнің жаратылуы, күн қүдайы және Осирис туралы аңыздар ерекшеленеді.

Мысыр күнтізбесі бойынша. маусым, тамыз, қыркүйек — Ніл суының таситын айлары. Тек қыркүйек айының соңына қарай, өзен өзінің қалыпты деңгейіне түседі. Осыдан кейін, қарапайым еңбек құралдары — соқа, кетпенмен жер өңделіп, ылғал топыраққа егін егіледі.

Өмір, тіршілік молшылық, құнарлылық, жайлы тұрмыс бастауы тәуелді болған өзенді мысырлықтар ерекше қастерлейді, фетиштік табыну нысанына айналдырады. Оған арналған дұғаның бірінде: «Болашақ әлемге, Мысырға өмір беру үшін осы жерден шыққан Хапи (Нілді мысырлықтар Hapi деп атаған), сен қасиеттісің. Сен -барлық жан-жануарға өмір беру үшін Күн жаратқан құпия құдайсың, бау-бақшаларды ылғалдандырасың; сен — барлық жерді және төніп тұрған аспан күмбезін суландырасың; сен — нан жасаушысың, арпа өндірушісің, балықтар қожасысың; сенің арқаңда ғибадатханалар өмір сүреді, бақытсыз бейбаққа сенің еңбегің демалыс береді… Сенің суың тасығанда, жер қуанышқа толады, тіршілік иелерінің бәрі той тойлайды, кез келген жан-жануар өзінің тағамын табады, кез келген ауызға ас түседі; сен өнім өндіресің, ләззат бересің; сен — таңдаулының, дәмді тағамның билеушісісің; сен кез келген жақсылықты жасайсың, жануарлар үшін шөп шығарасың, астық қоймаларын толтыру, кедейлерге дүние-мүлік әкелу үшін Жоғарғы және Төменгі Мысырды құшағыңа аласың. Сен барлық көздің жасын ішесің және сол үшін өзіңнің мол игілігіңді ысырап етесің» деп айтылады.

Аңыз бойынша, Шу құдай жаңбыр бұлтын қуып келсе, Тефнут әйел құдай егістікті суарады, жомарт Хапи егістік жерін құнарландырады. Ал ұлы Ра өзінің алтын сәулесімен жерді жылытады. Егіннің мол өнімі үшін құдайларга үздіксіз алғыс айтылып, ғибадатханаларда әнұрандар шырқалады, құдайлардың мүсіндері гүлдермен көмкеріледі. Бақытты өмір сүрген, қуаныш сәті мәңгілік тәрізді көрінетін мысырлықтар жақын арада ұлы жұтқа, қуаңшылық пен індетке душар болатынын білмейтін еді. Бұган Ра мен Тефнут арасындағы араздық себеп болады. Адам берген құрбандық, сыйлар мен мадақ жырларға бойы үйренген Тефнут бірде Күн ғибадатханасында Раның беретін жарығы пен жылуы үшін, егіншілердің алғыс білдіргенін есітеді. Күн құдайына артығырақ құрмет көрсетіледі деп ойлаған оның көңілі құлазиды.

1822 жылы француз филологы Франсуа Шампольон (1790-1832 жж) Мысыр иероглифтері сырын ашқасын, оқырман қауым ежелгі жазу мазмұнымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жердегі баса назар аударатын нәрсе ол, Мысыр аңыздары мазмұнының сол тарихи дәуірде өмір сүрген басқа халықтар шығармаларына мүлде ұқсамайтыны. Зерттеушілер, Құдайлар туралы пікірлерде бірізділіктің жоқтығын, оларды қалай бейнелеу керектігі туралы түсініктің де болмағанын көрсетеді. Мысалы, енді шығып келе жатқан күн, қи қоңыздың бейнесіне енген, күн шарды батқанға дейін алдына салып домалататын Хепри құдай; күндізгі күн — қаршыға басты адам Ра құдай; ал кешкі «өліп бара жатқан» күн — Атум құдай бейнелерінде көрінеді. Хепри, Ра, Атум бір ғана күн құдайының үш түрлі кейіптегі көрінісін береді.

Мысыр Құдайлары

Күндіз Ра аспан өзені бойымен жерге жарық түсіріп, күндізгі қайығы Манджетпен жүзіп жүреді, кешке жанындағы нөкерлерімен бірге түнгі қайығы Месектетке отырып, жер асты әлеміндегі өзенмен жүзеді. Мәңгі түнек кеңістігіндегі түнгі саяхатында Ра басқа құдайлармен бірге он екі тозақ аймағынан өтеді, түнек әзәзілдерімен сайысады. Раның қатерлі жауларының бірі, жер асты әлемінің әміршісі алып жылан Апоп оның жолына тосқауыл қою, жазым ету үшін өзен суын жұтып қояды. Жыланмен соғыста Ра мен оның нөкерлері жеңіске жетіп, Апоп суды қайта қалпына келтіруге (құсуға) мәжбүр болады. Ра, таңертең жерге жарық түсіру үшін жолын жалғастырады.

Мысыр аңыздары ішінде күнді құс ретінде бейнелейтіндері де бар. Мысалы, аңыз бойынша, мұхиттан көтеріліп төбе көрінеді. Ондағы жер мен ылғалдың қосындысынан жұмыртқа пайда болып, соны жарып құс — күн шығады. Келесі аңызда құдайлық қасиеті бар Гоготун қаз төбеге ұя салып, кейін күн құдайы шығатын жұмыртқаны туады. Бұлармен қатар, күнді кешкісін жұтып қоятын, нәтижесінде түн келетің, ал келесі таңда оны қайта шығаратын аспан құдай әйелі туралы да аңыз айтылады.

Ежелгі Мысырда егін, мал шаруашылығының пайда болуы, күнделікті тұрмыста ірі қара малдың қолданылуына орай, күн құдайы туралы аңыздарға өзгерістер енеді. Елдің белгілі бір аймақтарында аспан әлемі үлкен сиыр түрінде сипатталады. Аңызда осы сиырды Шу құдай өз қолымен демеп, оның арқасына Ра отырады. Аспан сиыры өмірге әкелген алтын бұзау күн түрінде көрінеді. Ра ежелден қалыптасқан аңыздық белгілерді сақтап, басы құс, денесі адам ретінде бейнеленді.

Ежелгі тұрғындар Күн құдайы Ра және онымен байланысты құбылыстарға қызығушылық білдіреді. Сондықтан Ніл өңірінде өмір сүрген түрлі аймақ тұрғындарының бәрі Күнге табынып, Күн құдайы туралы аңыздардың көбеюіне әсерін тигізеді. Ніл аңғарындағы халық бірігіп, бір орталыққа бағынған мемлекет құрылғаннан кейін, Ра, Амон және Осирис барша халыққа ортақ құдайлар ретінде мойындалады. Өзіндік шығу тарихтары бар бұл құдайлар табиғат құбылыстарын, әлемнің пайда болуын түсіндіруге қызмет етеді. Егер аңыздық деректерге сүйенер болсақ, онда хаостан шыққан Ра басқа құдайларды жаратады, өз әйелі мен балаларының көмегімен хаостан жарық пен ғаламдық денелерді бөледі. Ғаламды жарату кезінде оған аспанды жерден ажыратқан баласы, жел құдайы Шу ерекше көмек көрсетеді.

#Ежелгі #Мысыр