Ертегі: Қасқыр мен кісі
— Қайтсең де мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығыңды. Мені қабыңа салып, арқалап жүре бер. Қасқыр жылап тұрған соң, егінші қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей аңшылар мылтығын жарқылдатып жетіп келеді.
Кісіден:
— Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе? – деп сұрайды. Кісі:
— Жаңа бір қасқыр анау маңайдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар, – дейді.
Аңшылар бел асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға:
— Жөніңе бара бер, маған да бір жақсылық етерсің, – дейді. Қасқыр қуанып егіншіге:
— Мен сені жеймін, қарным ашты, – деп тап-тап береді. Егінші байғұс сасқалақтап:
— Ай, қасқыр, бұның қалай, мен сені өлімнен құтқарып алып қалып едім, жақсылыққа жамандық ете ме екен, олай болса, біреуден төрелік сұралық, қайсымыздікі жөн екен, – дейді.
Екеуі керісіп тұрғанда, қаңғырып бір жағынан түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып шығады.
Түлкі:
— Жоқ сөзді айтпаңыздар, менен басқа біреу естісе, күліп жүрер, мына дорбаға үлкен қасқыр сыяды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік, – дейді.
Қасқыр мен кісі:
— Бұл рас, – деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:
— Қапқа кірмей сенбеймін, – дейді. Қасқыр сендірмекші боп қапқа кіргенде, түлкі егіншіге:
— Байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді. Қане, мен көрейін, күздігүні егінді қалай соғып жүрсің? – дейді.
Егінші құралын алып, қасқырды ұра бастайды.
Түлкі:
— Енді қаптың аузын аш, – дейді.
Қасекең алды-артына қарамастан ата жөнеледі. Артынан түлкі:
— Көптен бері істеген бір әділ төрелігім еді, – деп сақ-сақ күліпті. Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің айласымен ажалдан құтылыпты.