Home Білім Ертегі еліне саяхат

Ертегі еліне саяхат

0
217


Бағыты: Өзін-өзі тану Бөлімі: Өлең, ертегі, әңгімелер Сыныбы: 4 сынып

Ертегілер
Ертегілер – халықтың ауыз әдебиетінен мол орын алатын және жазу-сызу өнері болмаған кезде ауызша шығарылған күрделі шығармаларының бір түрі.
Ертегілер көбінесе қара сөзбен айтылатын болғандықтан, оны ерте замандағы ауызша шығарылып айтылатын көркем әңгіме деуге де болады.
Халық әдебиетінің басқа түрлері сияқты ертегілер де адам баласының еңбек кәсібі, тұрмыс-тіршілігіне байланысты туған. Онда халықтың ой-арманы, әдет-ғұрпы, мұң-шері, арман-мұраты баяндалады.
Қазақ ертегілерін, академик М.О.Әуезовтің пікірінше, үш жікке бөліп қарастыруға тура келеді. Олар: қиял-ғажайып ертегілер, хайуанаттар жайлы ертегілер, тұрмыс-салт ертегілер. Солардың ішіндегі ең көне түрі – қиял-ғажайып ертегілері. Ертегілердің бұл түрі халықтың сана-сезімінің табиғаттың дүлей күшінің ішкі сырын танып білмей тұрған сәбилік кезінде пайда болған. Олардың бәрі жанды, киелі деген түсініктен туған. Табиғат сырларын білсем екен деп армандаған халықтың ой-тілек түйінінен шыққан.
Ертедегі адамдар ауыр еңбекті жеңілдетсек, жақсы шат өмір сүрсек екен деп армандаған. Бұл арманға олар өздерінің қиялы арқылы ғана жеткен.
Мысалы, «Үш өнерпаз» деген ертегіде өнерлі үш жігіттің ғажайып істері әңгімеленеді. Оның біріншісі – көреген, екіншісі – мерген, үшіншісі – ұшқыш болады. Бұлар өздерінің өнерлерін сынатпақ болып бір елге келсе, қалың жұрттың абыржып отырған үстінен түседі. Мұның мәнісін сұрастырса, біреудің сұлу қызын алып қарақұс аспанға көтеріп әкеткен екен. Осыған елі-жұрты қайғылануда көрінеді. Мұны ести сала жаңағы үш өнерпаз іске кіріседі. Көреген алып қарақұстың қай жерде ұшып бара жатқанын айтады. Мерген көреген сілтеген жаққа садағын атып жібереді. Садақтың оғы алып қарақұсты қақ айырады, қыз аспаннан төмен құлдырап келе жатады. Осы сәтте үшінші өнерпаз аспанға ұшып көтеріліп, қызды жерге түсірмей қағып алады. Бұлар қызды аулына аман алып келеді. Жиналған жұрт зор қошемет көрсетеді, бірақ бас бәйгені үш өнерпаздың қайсысына беруді білмей аң-таң болады. «Бас бәйге менікі, – дейді көреген, – алып қарақұсты мен көрмесем, оның қайда кетіп бара жатқанын айтпасам, қызды ешкім де айырып ала алмаған болар еді». Сонда мерген тұрып былай дейді: «Көрегеннің сөзі дәлелді емес. Егер алып қарақұсты мен атып түсірмесем көрегеннің көргенінен не пайда? Мен болмасам, көреген көргенімен қарақұс қызды алып кете берер еді. Сондықтан бас бәйге маған тиісті». Үшінші өнерпаз айтады: «Кереген мен мергеннен де менің өнерім артық. Аспаннан құлап келе жатқан қызды ұшып барып қағып алып ажалдан құтқардым. Егер мен қызды қағып алмасам, онда қыз тау-тасқа кұлап, күл-паршасы шығатын еді. Қызды ажалдан алып қалған бас бәйге менікі». Ертегі «Бас бәйге менікі деп үш өнерпаз күні бүгінге дейін таласуда. Ал сіздер қайсысына ұйғарар едіңіздер?» – деп жұмбақтың шешуін тыңдаушы қауымға тастайды.
Қиял-ғажайып ертегілерінің жағымды кейіпкерлері қарапайым еңбек адамдары, аңшы-мергендер, бақташы-малшылар болып келеді. Олар өздерінің күн көрісі жолында неше түрлі жыртқыш аңдармен немесе табиғаттың дүлей күшімен күресуіне тура келеді. Ал бұған қарама-қарсы қиял-ғажайып ертегілерінің нағыз жағымсыз кейіпкерлері ретінде жалмауыз кемпір, жеті басты жылан, жалғыз көзді дәу, жезтырнақ, айдаһар, қорқау қасқыр, т.б. алынады. Сөйтіп, қиял-ғажайып ертегілерінде жанды-жансыз кейіпкерлер арасында орасан зор тартыс, күрес басталады. Жауыздық пен әділдік, қастық пен достық, жамандық пен жақсылық күресіп, ақыры, соңғылары жеңіп шығады. Сөйтіп, қоршаған, күресетін жаулары қанша мықты болса да адам баласы өздерінің ақыл-парасатымен оларды жеңіп отырады. Жағымды кейіпкерлер өзінің мақсат-мұратына жетеді.
Бұдан ертедегі адамдардың өз күш-қайратына, ақыл-парасатына деген сенімінің мол болғанын байқаймыз. Ертегіні шығарушылар адам айласынан, ақыл-парасатынан асқан күшті еш нәрсе жоқ, ол қандай да болмасын қиындықты жеңе алады деген қорытындыға келген. Халық қиялының нәтижесінде ғылым мен техника қарыштап өсіп, аспанға ұшатын, айға қонатын корабльдер, теңіз астында бірнеше ай жүзетін сүңгуір қайықтар, жер шарының әр түпкірінен хабар алатын телетайп, телеграф, телевизорлар, жер астындағы метролар, т.б. ойлап тапты. Бұл — халықтың ой-қиялының іске асуы, адамның ақыл-ойының керемет күші.
Хайуанаттар жайындағы ертегілер. Бұл топқа жататын ертегілер де өте ерте заманда пайда болған. Ертедегі адамдар өздерінің күн көрістері үшін төрт аяқты хайуанаттарды пайдалану, оларды үйрету, асырау жайын қарастырды және әрбір хайуанат туралы, олардың қасиеттері туралы мифтік ұғым-түсініктер ойлап шығарды. Бертін келе, экономикалық дамудың, қоғамдық сана-сезімнің өсуі нәтижесінде ол көзқарас-пікірлер жоғала бастады. Ертедегі хайуанаттарды қасиетті, киелі деген ұғым біртіндеп өзгерді. Сөйтіп, ертегілерде хайуанаттар жөнінде реалистік түсінік пайда болып, олардың адамға келтірер пайда, зияны, атқаратын қызметі сөз болды.
Мал мінсе көлік, ішсе тамақ, кисе киім болатыны баяндалады. Оны «Алтын сақа», «Боз інген», «Жақсылық пен жамандық», т.б. ертегілерден көреміз.
Хайуанаттар жайындағы қазақ ертегілерінің екінші тобы хайуанаттарды өз бейнесінде, нағыз хайуан бейнесінде алып суреттейді. Олардың мінез-құлқына портреттік мінездеме береді. Қазақ ертегілерінде ожарлық, аңқаулық кескінмен аю бейнеленсе, жұрттың бәріне мазақ, күлкі ретінде маймыл жүреді. Ал айналасындағы аң атаулыны жер соқтырып кететін айлакер, өсек пен күншілдікті қоздырушы, ойда жоқ жерде пәлені бастаушы түлкі болып келеді. Бұл топтағы ертегілердің оқиға құрылымына дәнекер және оған қатысатын аңдардың басын қосатын, оқиғаның дамуына себепкер болатын бастаушы да – түлкі. Мұны «Арыстан, қасқыр, түлкі және түйе», «Маймыл мен түлкі», «Түлкі, тасбақа, кене», «Түлкі, аю, қойшы», «Түлкі мен бөдене» секілді ертегілерден көруге болады.
«Түлкі мен маймыл» ертегісінде айлалы түлкі маймылдан: «Патша болдың», – деп сүйінші сұрайды, алдап қақпанға түсіреді де, жемге салынған балықты өзі жейді. Және ол маймылды «Екі бақ болады, бірі басқа, бірі аяққа қонады», – деп мазақ-әжуа етеді.
Түлкі қанша айлакер, қу болғанымен ұтылып қалатын кездері де болады. Мәселен, бұл «Түлкі, тасбақа, кене» ертегісінде анық байқалады.
Ертегіні шығарушылар хайуанаттар бейнесін суреттей отырып, соларға мінез-құлқы ұқсас адамдардың жексұрын іс-әрекеттерін мегзеп отырғаны байқалады.
Тұрмыс-салт ертегілері. Қазақ ертегілерінің ішінде тақырыбының көптігі жағынан болсын, оқиға-әңгімелерінің молдығы жағынан болсын аса көлемділерінің бірі – тұрмыс-салтпен байланысты туған ертегілер. Бұл топқа кіретін ертегілер ерте заманнан өмірдің алуан түрін қамтиды. Тұрмыс-салт ертегілерінде өмірде болған немесе болуға тиісті уақиғалар басты орын алады. Оның кейіпкерлері қиял-ғажайып ертегілеріндегідей жалғыз көзді дәу, мыстан, жеті басты жалмауыз, жезтырнақ, т.б. бейнелерде емес, күнделікті өмірде кездесетін қарапайым еңбек адамдары болып келеді.
Қазақтың тұрмыс-салт ертегілері қарапайым шаруа адамдарын ардақтай отырып, еңбек-кәсіп ету жайына айырықша көңіл бөледі. «Жатып ішер жалқау болма, ерінбей еңбек ет, өжеттен де, өрге ұмтыл», – дегенді білдіреді. Жастарды пайдалы еңбекке тәрбиелеу арқылы қоғамға керекті ер-азамат етіп шығару көзделеді. Ақыл-өсиет кейде жұмбақ түрінде айтылады. Мәселен, «Қарттың ұлына айтқан өсиеті» деген ертегіде дүние салғалы жатқан бай қарттың баласына айтқан өсиет-аманаты айтылады. Ол ұлына: «Қарағым, менің артымда мол байлық қалып барады. Соның иесі сенсің. Саған айтар өсиетім: қала сайын үй салдыр, ішкен-жегенің жал мен жая, қазы мен қарта, шекер мен бал болсын, жұма сайын әйел ал» – дейді. Әкесінің бұл сөзін тура мағынада түсінген баласы әкеден қалған байлықты оңды-солды шашып, көп қатын алып, әр қаладан үй салып, тез арада кедейленеді, ақыры, қайыршылыққа ұшырайды. Жігіт әкесінің өсиетін «мүлтіксіз орындаса» да кедейленгенін бір қарияға айтады. Қария жігітке былай дейді: «Әкең ақылды адам екен, бірақ сен оның өсиетін теріс түсініпсің. Әкеңнің қала сайын үй салдыр дегені – әр жерде жақсы көретін досың болсын дегені; ішкен-жегенің жал-жая болсын дегені – еңбек ет, еңбекпен тапқан азығың жал-жая, шекер-балдай көрінеді дегені; жұма сайын әйел ал дегені – басқаға көз салма, сүйген келіншегіңмен жаңа қосылғаңдай тату-тәтті бол дегені», – дейді. Бұл ертегінің жастарды еңбекке, адамгершілік, достыққа, т.б. жақсы қасиетке тәрбиелеуде мәні зор.
Тұрмыс-салттан туған ертегілердің тағы бір тақырыптары – үй іші, жанұя, жақсылық пен жамандық, ұры мен аярлық жайыңда болып келеді. Бұларды ертегіге айналдырған халық өзінің жанұяға деген көзқарасын білдіруді мақсат еткен. Жарасқан ынтымақ, тату-тәттілік бар жерде бірлік, ырыс бар дегенді білдіреді.
Ертегілердің құрылымы. Ертегілер ауызша айтуға лайықты түрде құрылады. Сөз, сөйлем құрылыстары да осыған лайық келеді. Қай елдің ертегісінде де дәстүрлі салтқа айналған бастамасы және шешуі болады. Мәселен, қазақ ертегілері:

Бар екен де, жоқ екен,
Аш екен де, тоқ екен…
Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні келте екен, –

деп басталады. Ертегінің бұлай басталуы – айтушылар үшін керекті әдіс. Өйткені, адам әрдайым білмегенін білуге құмар. Тыңдаушы үшін әңгімені жұмбақтап бастау, оқиғаның мазмұнын білуге деген құмарлықты туғызу үшін керек. Бұл әдіс әуелде осы жағдайға байланысты туса да, кейін айтушылардың әдетіне айналған.
Ертегілердің көпшілігі қара сөзбен айтылады. Бірақ, араларында өлең сияқты ырғаққа құрылған үзінділер жиі ұшырасады. Мысалы, «Күндерден күн еткенде, күн артынан күн жеткенде, айлардан ай, жылдардан жыл өтіп, темір етік теңгедей, темір таяқ тебен инедей болып, өлдім-талдым, өштім-жандым дегенде…», – деп әсірелей суреттеу – ертегілерге тән қасиет.
Қазақ ертегілерінің ішіндегі күлдіргі тақырыпқа құрылған, уақиға мазмұны қызықты болып келетін ертегілер – тазшалар туралы ертегілер. Олар өздерінің ақыл-парасаты, тапқырлығы арқылы хан, уәзір, жендеттермен айқасып, оларды жеңіп тынады. Мысалы, мүдірмей қырық ауыз өтірікті қисындырып, ханның қызын алған тазша бала – халықтың сүйікті кейіпкері. Айлалы-епті тазшалар жұрттың бәрін күлкіге батырып, дегеніне жетеді. Оның күлкісінде ащы сықақ, сатира, өмір шындығы жатады.
Ертегілердің негізгі кейіпкерлері хан, оның уәзірі, шал, кемпір, мерген, тазша, қойшы, өнерпаз жігіттер, дәулер, мыстан-жалмауыз кемпірлер, айдаһар, самұрық құс, т.б.
Мерген жігіт, айлакер, тапқыш тазшалар өздерінен күші басым жауларымен күресіп, қай-қайсысын болсын жеңіп тынады. Ойлаған мақсатына жетеді. «Барша мұратына жете алмай» шешуі басқаша болып бітетін бір де ертегі болмайды. Ертегілердің осылай аяқталуының өзінде халықтың оптимистік, болашаққа сенушілік көзқарасы жатқанын айқын көруге болады.


Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.