Ертегі: Ақ жылан мен қара жылан
Сонан соң ақ жылан тұрып, бір нәрсені жалап алады. «Түсі ақ, маған да жала деп отыр ма?» – деп, мерген де әлгі нәрсені жалап алады да сол сағатында жер үстіндегі нәрсенің тілін түгел біліп кетеді. Жыланмен сөйлеседі. Жылан: «Екеуіміз енді дос болайық және тіл білдім деп кісіге айтпа!» – дейді де ат басындай алтын береді. «Тіл білдім деп айтсаң, өлесің», – дейді.
Ақ жыланмен дос болып, үйіне қайтады. Алтынды үйіне апарып тастап, қайтадан аң қарап жүріп, бір байдың үйіне қонады, сонда түнде қасқыр ұлиды және осы түнде боран болады. Байдың қойы ығады. Қасқыр: «Байдың қойын жейім, болмаса, қонағының атын жеймін», – дейді. Оны мерген біліп отырады және оған жауапты қорадан қара төбет сөйлейді: «Мен түк жегізбеймін, егер де қонағым алдына қойған табақтағы етін маған берсе», – дейді. Тамақ піскеннен кейін, берген етін қонақ итке беріпті. Сонымен жатып ұйықтаса, қатты боран соғып қойы ығып кетеді. Қоймен бірге ат та кетеді. Сонда бай: «Малды қырады ғой, құтты қонақ болсаң, мал аман қалар еді», – дейді. Мерген: «Бай, жылама, мал аман, табылады», – деп ұйықтай беріпті.
Таң атқан соң бай мен қонақ мал мен атты іздеп екеуі келе жатса, қара төбет бәрін иіріп жүр екен. Қасқыр да төңіректеп сол жерде төбетпен аңдысып тұр екен, бұларды көріп, қасқыр қаша жөнеледі, бірақ төбет қайырмалап қасқырды жібермейді. Қасқыр қолға түседі. Қонақ атын аман алады. Бай да қойын аралап аман екендігін көріп: «Қонақ, сен құтты қонақ болдың қалағаныңды алып кет!» – дейді. Сонда бір ұрғашы сары бас тоқты маңырайды. Маңырағандағысы: «Бес жылда мың болам!» – деген екен. Мұны мерген біліп, сары тоқтыға ен салды да: «Бес жылдан кейін алам, осы тоқты мың болады», – дейді.
Бес жыл толғаннан кейін, мерген қайтып байдың үйіне келіп: «Уағдалы қойымды бер!» – дейді. Бай уағдасынан танып: «Қой берем деп айтқан жоқпын», – дейді.
Екеуі жүгініп, бір қазы биге келіп, бастан-аяқ сөздің жөнін айтқаннан кейін оған қазы: «Қойыңды екі аша жолмен айда, мергеннің үйіне қарай жүрген қойды мерген алсын, өз үйіңе қарай жүргенді сен ал!» – деп билік айтады. Бай көніп, қойды айдайды. Мерген жаққа қарап сары бас тоқты бастап мың қой шығады да мерген ол мың қойды алып үйіне қайтады. Сонымен бай болады.
Қатыны «төркініме барам» дейді, жазғытұрым төркіні тайы ерген буаз бие мінгізеді. Қатыны болса және екіқабат, бесіктегі баласымен неше күн жатып үйіне қайтыпты. Қайтып келе жатса, тай барып биені еміпті. Енесі: «Қайтіп емесің, үстімде үшеу, өзім де буаз, шаршап келем», – дейді де тайды қуып жібереді. Оны мерген біліп күліп жібереді. «Сен неге күлдің?» – деп қатыны сұрайды. Айтса өледі, айтпаса, қатыны кетеді. Қысылғаннан мерген: «Үйге барғанда айтайын», – дейді. Үйіне келген соң: «Сен жолдағы сөзді айт!» – деп, қатыны болмайды. Мерген бір малды сойып, жұртты жиып, жөнін айтпақ болады. Малын сойып жұртты сыртқа шығарып қатынына айтайын деп отырғанда, үйге екі тауық кіреді де әтештің алдындағы бидайын шібиі жейді. «Мен мерген емес, қатынына сырын айтып өлгелі жатқан», – деп, шібиін тістеп әтеш талап тастайды. Сонан мерген де қатынын сабайды. Онан кейін қатыны қорқып, қайтадан сұрамайтын болыпты. Мерген тауықтың арқасында аман өлмей қалыпты.
Тағы да бір кезде аң қарап жүріп, бір тауешкі атып алып, сойып жеп отырғанда, кұлағына бір дауыс келеді. Дауыс: «Жалғыз ешкімді атып алдың, жазаңды қасқыр берсін!» – дейді. Мерген оны тыңдамастан, үйіне қайтады. Кешке таман жолда бір керуен қонып жатыр екен, мерген сол керуенмен бірге далаға қонады. Қонып отырғанда, қасқыр ұлиды. Қасқыр: «Сұр мергенді бүгін не қылсам да жеп қоямын», – деп ұлиды. Мерген керуенге: «Не білдіңдер?» – дейді. Керуен: «Түк те білмедім», – дейді. Мерген:
— Ендеше, мені қасқыр жейді, – дейді. Керуен жер қазып, ол мергенді жерге тығып, үстіне киіз төсеп жатып қалса, қасқыр бір жағынан қазып алып мергенді жеп кетіпті.