«Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?»

0







Құрметті ұстаз тілегі сайтының қолданушылары. 05-06.02.2019ж. аралығында сайтта жөндеу жұмыстары жүреді. Сондықтан осы уақыт аралығында сайтта кейбір беттер дұрыс көрінбеуі мүмкін. Сайт бойынша барлық сұрақтарды 8-771-234-5599 номеріне ватсап арқылы қоюға болады




«Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?»

Автор: Смағұлова Жансая Бауыржанқызы

Бағыты: Психология Бөлімі: Эссе, шығарма, мазмұндама Сыныбы: Барлық сыныптар

Жарияланған уақыты: 2019-02-06


Материал туралы қысқаша түсінік

Мектеп жасындағы қыздарға кеңес




ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТІҢ ЕРТЕҢІ ҚАНДАЙ? Бүгінгі күннің трагедиясы тәрбиеден басталып жатқан жайы бар. Біз көз жұма қарап жүрген бұл өзекті мәселенің мән-жайынан қалың көпшілік хабардар. Өрімдей жас қыздардың басына түскен қасірет олардың өмірінде сызат қалдырды. Ашығын айтар болсақ, бұл күні жеткіншек қыздардың оң жақта отырып-ақ құрсақ көтеруі жиіледі. Бұрындары қысылғанда қуыс таппайтын құбылыс енді бір-екі жел сөзге ұласып, жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болды. Біреу біреуге ақыл айтып, жөн сілтейтін заман келмеске кетті. Арды жоғары қоятын қыздарымыз жоқ жерден қылық шығаруда. «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегендей, бойжеткен қыздың соңынан қашанда сөз еретіні белгілі. Жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін тартатын қыздарымыз көбейді. Бұрындары бір кісі «қызды баққаннан, ешкі баққаным артық» деген екен. Аруларымыз санасыздықтың салдарынан сан соғып қалып жатыр. Бір кездері қазақ қыздарының намысын ерлеріміз найзамен қорғаса, бүгінде кейбір аруларымыздың ары аяқ астында. Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген көріктісымақ қызды ма, «қызға қырық үйден тыйым салмаған» ата-анасын ба, әлде ойнап-күлген ортасын ба?! Махаббаттың буына мас болып, ерте ұрынатындар сезімнің жетегінде кетеді де, сол сезімге тағдырын билетеді. Ақыл емес, сезім басқарған өмірлерінің әп-сәтте күлі көкке ұшады. Бар қадір-қасиетінен айырылған қыз ертеңгі күніне күмәнмен қарап, болашақ бағытына жол таппай адасады. Аяғының ауырлағанын білгеннен соң психологиялық зардап шегетіні тағы бар. Таяқтың бір ұшы өзіне тиетінін біле тұра, батыл деп тапқан қадамға кіріспек болады. Айтайын десе, анасынан артық ауыз сөз естігісі келмейді. Сосын өзінше шешім қабылдауға тырысады. «Тағдырыма жазылғаны осы шығар» деп, түсік тастауға дейін барады. Жүкті боп қалған қыздардың тірлігін көз алдыңызға елестетіңіз. УЗИ-ге барып, құрсағындағы шарананың ай-күнін біліп алады. Одан қалды, баланы алдырту үшін ақша жинайды. Ақырында бір тоқтамға келеді. Жеке емханаға барып, аборт жасатады. Оның құны туылмаған баланың мерзіміне байланысты. Осындай қадамға барған бір қызды әңгімеге тартып көрдім. Бірақ кейіпкеріміз аты-жөнін жарияламауды өтінді. Оған медбике «2 апта мен 4 ай аралығындағы бойға біткен шарананы қиындықсыз алдыруға болады» деп түсіндірген. Ойланып жатпастан 20 мың теңгеге келіседі. Осының алдында жігіті «үйленем» деп уәде берген. Қыздың аяғы ауыр боп қалғанын біліп, сөзінен тайқып шығыпты. Қыздың мұндай қадамға баруына әлеуметтік тұрмысы әсер еткен. Үйленуіне ата-анасы қарсы болған. «Аш құлақтан тыныш құлақ» деп, ақыры баладан құтылды. Қазіргі таңда жасанды түсік жасатудан өзге, қыздардың қолданып жүрген тағы бір амалы – әртүрлі дәрілерді пайдалану. Таныс арқылы тапқан медбике оған баланы түсіруге көмегі тиеді деген дәрі қабылдауды ұсынады. Кейбір жеке емханалар үшін бұл ақша табудың көзі болып тұрғаны жасырын емес. Ардан аттаған қыздың алысқа бармайтыны анық. Қыздардың ерте жүктілікке бой алдыруын әлем гинекологтары былай түсіндіреді: «Қыз балалардың физиологиялық жетілуі ер балаларға қарағанде ерте. Олар жыныстық жетілу кезінде өрескел қателікке бой алдырады. Себебі сол уақытта психологиялық, әлеуметтік өзгерістерге ұшырайды. Қыз баланың жыныстық жетілуі 18 жасқа дейін толық қалыптасады. Сондықтан көбіне сезімге ерік береді». Ал Қызылорда қалалық перзентханасының бас дәрігері Г.Жұмашева: «Қабыну процестерінен бөлек, жүктіліктен тыс аурулар да ерте босануға себепші. Қалада жас қыздардың босануы тым жиілеп кетті немесе азайып бара жатыр деп біржақты айта алмаймыз. 18 жасқа толмаған қыздарды жас босанушылар категориясына қосуға болады. 2011 жылы қалада осы категорияға жататын 18 жасқа жетпеген 77 қыз болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 40-ты құрады. 13-15 жастағы қыздар да босанып жатыр. Олардың қандай жағдайда дүниеге сәби әкеліп жатқаны айтпаса да түсінікті. 19 жастағы қыздың үшінші нәрестесін босанғанын білеміз. Қайда асығатынын қайдам?! Біз оларға ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Дегенмен, әйел ағзасы бір сәбиін босанғаннан кейін қалыпты жағдайға түсу үшін кем дегенде 2 жыл уақыт қажет. Босанушы жасөспірімдер, ең алдымен, психологиялық тұрғыдан зардап шегеді. 15-тегі қыздың өзі әлі бала емес пе?! Дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге қаншама күтім, дайындық керек. Мұндай жағдайларға заңдық тұрғыдан шара қолдану қажет деп есептеймін» — дейді. Жас босанушыларға ең қажет дүниетуу туралы куәлік. Ол үшін неке куәлігі сұралатыны белгілі. Неке жасын шегеру процесі арқылы ол да орындалып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, құжатсыз қалып жатқан бала жоқ. Абыройынан айырылған қыз көлденең көк аттының соңынан еруге мәжбүр болады. Бұрындары ауыл қыздары аңғалдықпен алдауға түсіп қалатын болса, бүгінде бұл жағдайдың құрығына қала қыздары да ілінуде. Жігіттердің қыздардың аузын айға қаратып кететін айласы таусылмай тұр. Сорлап қалатын қыз байғұстың қамын жеп әуре болмайды. Өзінің анасы, апасы, қарындасы жоқтай жауапкершіліктен қаша жөнеледі. «Еркекке емес, екі босағаңа сен» деген ескіден қалған есті сөз бар. Бүгінгінің есінде осы сөз болғаны жөн. Қазақстанда жыл сайын мектеп пен студенттік кезеңдегі қыздардың 10 мыңы жасанды түсік жасатады. Осыдан-ақ бағамдай беріңіз, қыздарымыздың өз болашақтарына өздері қаншалықты балта шауып жатқанын. Келіспей пішкен тонның келтелігіндей қыздардың ақылы қысқа боп бара жатқаны ма?! Түсік тастаған қыздың екінші рет құрсақ көтеруі екіталай. Жасанды түсік жасататын қыздардың 30%-ы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығады. Арақ-шарапқа, темекіге әуес бақылаусыз жеткіншектер осы қадамға біртабан жақын. Ата-анасы шектеу қоймаған соң бала да өз тағдырына алаңдай қоймайды. Қазақстан зерттеу агенттігі жүргізген сауалнама қорытындысына сүйенсек, қазіргі таңда 16-17 жастағы қыздардың 30%-ы жыныстық қатынасқа түскен. Ата-аналардың бала сүйгендегі 75% қуанышы алғашқы сәбиіне арналады екен. Ал тұла бойы тұңғышын тұншықтырып жатқандардың жайы мынау.

Педагог-психолог Смағұлова Ж.Б.







Материалды сайттан тегін жүктеу

Жүктеу

Материал ұнаса парақшаңызға сақтап қойыңыз!


Өз пікіріңізді қалдыру үшін тіркелу қажет.