Ел жайлауға қонғанда ашық сабақ — Ашық сабақтар — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар
Жүрегі қазағым, салт – дәстүрім, ұлтым деп соққан әр бір азамат !
«Ел жайлауға қонғанда …» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Біздің ауыл наурыз, көкек, мамыр айларында қыстаудан қозы көш жердегі көктеуге көшіп, мал төлдетеді. Содан кейін жайлауға көшіп барып , маусым, шілде, тамыз айларын сонда өткіземіз.
Жайлау – қыстаудан алыс шалғай жатқан даладағы жазғы қоныс. Шөбі шүйгін , суы мол, әрі тұнық, салқын ауалы жер.
Қыстан көтерем шыққан мал жайлауға іліккен соң – ақ тойынып семіреді . Мал ғана емес адамдар да сергіп, жиын-той өткізіп, аунап-қунайды. Жаздың осы қақ ортасын Қанжайлау деп атайды. Бұл өте қызықты мезгіл. Үлкендер ат шауып, көкпар тартады. Балалар әсем гүлдер теріп, көбелек қуып, суға шомылады.
Осындай бір тамаша кезеңде біздің ауылдың жастары алтыбақан құрып, ән салып, көңіл көтрмекші. Алтыбақанға сіздер де келіңіздер!
Жанар: Жаз көңіл, жарқылдаған бұл бір шағым
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,
Жайғандай ерке нәзік күн құшағын.
Сүлеймен:
Жаз көңіл жігіт болдық той бастаған,
Құрбыға зейіні бар ой тастаған.
Жас өмір жайлауында шіркін көңіл,
Бәйгеден күнде келіп ойқастаған.
Гүлмира:
Желпимін жанымды бір осындайда,
Үңілер жүрегіме досым қайда!?
Кездесіп көңілімнің күнгейінде,
Әніме асыл құрбым қосылмайма.
Ақерке: Алтыбақанның сәнін ән келтірер, ендеше ән тыңдайық. Жанар ән айтсын. Ән. «Ауылдың арғы жағы»
Сүлеймен: Пах шіркін неткен дауыс, неткен келбет,
Көңілге дем берердей, жүрек тербеп.
Әні де, өзі де әсем ерке сұлу,
Бойыңды балқытқандай, жанды өртеп.
Гүлнұр: –Қыздар, жігіттердің де өнерін қөрейік. Қане, жігіттер, қарап қалмаңдар, өнерлеріңді ортаға салыңдар.
Сүлеймен: — Иә, көрсетсек, көрсетейік.
Асыл зат таптасаң да жерде қалмас,
Жасықты берсең- дағы ешкім алмас.
Алтайдай асқар биік тау сұңқары
Қонам деп шөпсіз сусыз шөлге бармас.
Ануар:
Жас тұлпар тұра алар ма өрге шаппай,
Жас қыран отырар ма, қанат қақпай.
Жас жігіт – жалын жігер жай жата ма,
Маздатып өмірінің отын жақпай.
Шаукат:
Алтын таң түннен қорқып тұра ма атпай,
Күміс күн ұялар ма күлім қақпай!
Жас жігіт таң атқанда талаптанған
Қояр ма өмір таппай, бақыт таппай!
Өскен гүл тұра ма екен шешек атпай,
Қоймақшы сандуғашты кім сайратпай.
Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді-
Жас жігіт қояр ма жыр сорғалатпай.
-Ой бәрекелді. Ал қыздар не дейсіңдер?
Гүлнұр: Сұлудың сымбаты
Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал, қызыл тіл шекер балдай.
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай.
Қара көзін төңкере қарағанда,
Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай.
Жымың қағып, еркелеп сызылғанда
Балдан тәтті қылығы- ес танғандай.
Жарқ-жұрқ етіп тұрғанда, жүргенінде
Көзге түсер таудағы өр құландай.
Нәзік даусы сыңқылдап күлгенінде,
Аққу құсы айдынның ойнағандай.
Ергеш: –Ау қыздар , өздеріңді тым мақтап жібердіңдер. Қыз болған соң сұлу болу – заңдылық. Қыз сулулыққа бай жігіт ақылға бай болу керек, солай емес пе жігіттер? Сүлеймен, сонда қыздарда ақыл жоқ дегің келе ме?Ендеше сақ патшасы Тұмар ханшайымда ақыл жоқ деп қалай айтасың?Ел басқарып хан орнына хан болған Шоқанның әжесі Айғаным ше,Ұлпанше,Жиреншенің Қарашаш сұлуы,Төлебидің келіні Данагүл ше? Қазақ топырағында ұшқыр ойлы,орақ тілді коркіне ақылы сай қыздар болан жоқ қой. -Құдай сақтасын. Қыздар,ақымақ дегем жоқ.Тек, сұлулықты дәріптейін дегенім ғой. Кешіре көріңдер, ендеше айыбымызды жуу үшін бір ән айтып берейік.
Ән «Гүлім» Мейрамбек
Жанар: -Жігіттер ақыры бізбен сөз таластырып қалдыңдар, онда айтысып көрейік.Кәне, менімен айтысқа түсетін, жүрегінің түгі бар жігіт бар ма?
Айтыс. Ерлан мен Жанар
Гүлмира: -Бізде өнерлі қыздар көп.Ән де салады, би де билейді, күй де тартады. Сондай қыздардың бірі- Ақерке сұлу. Ақеркеге арнап Мейрамбек өлең де жазған.Кәне Мейрамбек оқып жіберші.
Мейрамбек:
Бір күй бар домбыраңда тартылмаған,
Бір сыр бар көңіліңде айтылмаған.
Сен үшін келдім арнап, ерке сұлу!
Көзіңнен айналайын жалтылдаған.
Ақерке аспанда аймен таласасың,
Төгіліп иығыңа қара шашың.
Жалт беріп, құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауындай жарасасың.
Ақерке: Домбырамда бір күй бар тартылмаған,
Көңілімде бір сыр бар айтылмаған.
Күйімді де, сырымды сыйлар едім,
Ақкөңіл достар болса жарқылдаған.
Күй. -Ой бәрекелде! -Ақсүйек ойнайық. –Иә, ойнасақ ойнайық. Сүйекті әкеліңдер.
Ақсүйек-ау, ақсүйек!
Қырдан асып қаш, сүйек.
Таңға дейін табылмай,
Әуреге бізді сал, сүйек.
(Музыка ойнап тұрады. Сүйекті лақтырады. Бәрі сүйекті іздеуге кетеді.Сахнада Жанар мен Сүлеймен қалады.) Жанар: –Сүлеймен, біздің ақсүйек іздеген қыздарға қарашы, ал ұлдарымыз қайда жүр? (Қыздың жеңгесі келеді). –Еркем-ау, қайтатын уақыт болды. Ел жатпай үйге қайтайық.
Сүлеймен: -Жеңеше, біз ақсүйек ойнап жүрміз.
Жанар: -Жеңеше, сіздер де алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап па едіңіздер? (Жеңге ойланып қалады).