Дипломдық жұмыс. Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметі
МАЗМҰНЫ
ҚЫСҚАРТЫЛҒАН СӨЗДЕР
КІРІСПЕ …………………………………………………………………………………………………..3
І ОРАЗ ЖАНДОСОВТЫҢ ҚОҒАМ ЖӘНЕ САЯСИ ҚАЙРАТКЕР РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ
1.1 О.Жандосовтың өскен ортасы мен саяси көзқарасының қалыптасуы…………………………………………………………………………………………………
1.2 О.Жандосов 1917 жылдардағы қос революция кезеңінде………………………..
1.3 Ораз Жандосовтың мемлекет қайраткері ретінде
қалыптасуы…………………………………………………………………………………………………
ІІ ОРАЗ ЖАНДОСОВТЫҢ ЖЕТІСУДЫҢ САЯСИ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ӨМІРІНДЕГІ ОТАРШЫЛДЫҚТЫҢ ҚАЛДЫҚТАРЫНА ҚАРСЫ КҮРЕСІ
2.1 О.Жандосовтың Жетісу өңіріндегі жер – су реформасын дайындау мен жүзеге асырудағы қызметі…………………………………………………………………………….
2.2 О.Жандосовтың Қазақстандағы халық ағарту ісі мен мәдениетін өркендетудегі қызметі…………………………………………………………………………………..
ІІІ ОРАЗ ЖАНДОСОВ ЖӘНЕ ЖЕТІСУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫС МӘСЕЛЕЛЕРІ
3.1 О.Жандосов және 1924 жылдардағы ұлттық-территориялық межелеудің нәтижелері……………………………………………………………………………………………………
3.2 О.Жандосов – саяси қуғын сүргіннің құрбаны…………………………….
ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ……………………………………
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміздің өмірін түбегейлі өзгертіп, Қазақстан Тәуелсіздікке ие болған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының тарихта орнығуына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезімнің шиеленісі жағынан бұл ерекше жылдар болды [1]. Осы аз уақыт ішінде тарих ғылымы бұрынғы кеңестік идеологиялық қыспақтан арылып, Отандық тарихнамада шынайы зерттелмей қалған тарихи тұстарын жаңа көзқарас тұрғысынан қайта зерттеуді қолға алып отыр.
Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігі қазақ халқының ғасырлар бойғы ұлт – азаттық күресінің жемісі. Егер кез — келген халықтың, ұлттың тағдыры мен болашағы, белгілі дәрежеде, оның отаншыл, биік өрелі перзенттерінің саны мен сапасына тәуелді десек, онда ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ елінің жұлдызы шынымен де оңынан туған еді. Бұл қысқа тарихи мезгілде халқымыздың тағдырына орай ондаған, жүздеген талантты азаматтары өмірге келіп, қоғамдық тіршіліктің барлық саласына белсене араласып, өз елінің өмірін қайта жаңғыртуға даяр екендігін айқын таныта білді. Бірақ, өкінішке орай, осы жұмбақ ұрпақты өмірге әкелген шындық болса да, орта оларға тағдырдың өзі артқан қасиетті тарихи міндетті толық, аяғына шейін орындап кетуге мүмкіндік бермеді.
Қазақ зиялылар қауымының тарихын зерттеу, олардың қоғамдағы атқарған қызметтері мен қазақ халқының даму тарихына қосқан үлесін зерделеу, кейінгі ұрпақ үшін маңызды міндет. Кеңес үкіметі кезінде қазақ зиялыларының қоғамдағы алған орны жасанды түрде төмендетіліп, қазақ мемлекет қайраткерлері репрессияға ұшырап, олардың есімдері көпке дейін белгісіз болып келді. Бұл ұлт ой-санасының жетілуі мен дәстүр сабақтастығына орасан зор зиянын тигізді. Алайда осы кезеңде қазақ зиялыларының есімдері тарихтан күштеп өшірілгенімен де, олардың өз халқына деген жанашыр қызметімен ерекшеленген азаматтық бейнелерін есімізден өшіре алған жоқ. Өйткені олар бөлшектелінген қазақ жерін біріктіріп, еліміздің экономикасын түзеп, мәдени дамуына жағдай жасады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспарында «Біздер келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалаймыз» деп жазылған [1]. Осыған орай, Отан тарихында халқымыздың бір туар азаматы, мемлекеттік қайраткері Ораз Жандосовтың Жетісу өңіріндегі мәдени құрылысты дамытудағы қоғамдық-саяси қызметін ғылыми тұрғыда зерттеу тарих ғылымының алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі. Мәселен, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға және оны нығайтуға белсене қатысқан О.Жандосов 1918 жылы Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарды. Жаңа экономикалық саясатқа көшу кезеңінде 1921 жылы Жетісуда жүргізілген жер реформасының нәтижесінде қазақ, қырғыз, ұйғыр еңбекшілеріне 460 мың десятина жер беріліп, ауылдарда кедей шаруаларының «Қосшы» одағы құрылған болатын. О.Жандосов осы кезеңде Жетісу облыстық революциялық әскери комитеті және облыстық «Қосшы» одағын, ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарады. Сонымен қатар, осы кезеңдегі экономикалық жағдайға байланысты жер мәселесі туралы өзінің мақалаларын көпшілік назарына баспасөз арқылы ұсынып отырған. Оның мақалалары «Көмек», «Кедей еркі», «Советская степь» газеттерінде жарияланып тұрған.
О.Жандосов 1928-1937 жылдардағы ауыл шаруашылығы артелін, мал шаруашылығы аудандарында жерді бірлесіп өңдеу мен шөп шабу жөніндегі серіктестік (ТОЗ) құруға көп еңбек сіңірген. И.Сталиннің «Социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі» — деген сөзі кеңес қызметінің шектелуіне негіз болды. Жеке адам құқығы барған сайын аяққа басыла берді. Балама пікірлі адам халық жауы қатарына жатқызылды. Сол «халық жауы» болып ұсталған жанның бірі – көрнекті мемлекет қайраткері О.Жандосов. Оның қоғамдық қызметі, азаматтық болмысы, ұстанған жолы, үміт – тілек, арман – мақсаты қазақ ұлтының үмітімен жалғасты. Халықтың қалың ортасынан таланттарын танып, іскерлерін өсіріп, талайлардың қолтығынан демеген, рақымы тиген. Сондықтан О.Жандосов бейнесі Жетісу облысындағы мәдени, қоғамдық – саяси қызметте ерекше дараланып тұрады.
КСРО-ның саяси жүйесінің күйреуі, Қазан төңкерісіне қатысқан еліміздің қайраткерлерінің өмірбаянына көлеңке түсіргенімен, олардың жүріп өткен жолдарын зерттеуде ғылыми танымдық қызығушылықты жоғалтпайды. Тарихты қайта жасау емес, одан тағылым алу қажет. Кеңестік дәуірдің тарихын зерттеу арқылы «социализм құрылысы» кезеңіндегі Ә.Жангелдин, О.Жандосов, С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов және тағы басқа жекелеген тұлғалардың жаңа тарихи-өмірбаяндық келбетін қалыптастыруға негіз болады.
Осы кезеңдегі отаршылдық-жазалау мен ұлттық езгінің қалдығын жою және саяси-әлеуметтік, ұлттық теңдік, ұлттық мемлекеттік саясат мәселесін дамытуды көздеген азаматтардың бірі — Ораз Қиқымұлы Жандосов.
Бұл қарастырылып отырған «Ораз Жандосов және Жетісудың қоғамдық – саяси, әлеуметтік – экономикалық және мәдени өмірі (1917-1937жж.)» атты Дипломдық жұмыстың маңыздылығы – Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің тарихына қоғамдық шығармашылықтың, қызығушылықтың өсуімен түсіндіріледі. Кеңес үкіметі кезеңінің орнауы жылдарында Қазақ елінің ұлттық негізін салғандардың ғылыми қызметіне бүгінгі күн тұрғысынан объективті баға беру, халқымыздың даму жолын тереңінен қарастырып қазіргі тәуелсіз еліміздің әлемдегі лайықты орнын анықтауға мүмкіндік туғызады. Қазақ халқының ұлттық тарихы мен мәдениетін, ұлттық өнерін дамыту мәселесі бүгінгі таңда да өзінің өзектілігін жойған жоқ. Осыған орай Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1999 жылды «Ұрпақтар сабақтастығы және бірлік жылы», ал 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» [2], — деп жариялаған болатын. Осы бағытта біздің халқымыздың тарихи – мәдени құндылықтарын дамыту мен сақтау жөнінде шаралар әзірлеуге үлкен қадамдар жасалуда.
Бұл қарастырылып отырған зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасының дамуы жолындағы мемлекет қайраткерлерінің жанкешті қызметінің айтылмай, зерттелмей келген тарихи ақтаңдақтар бетін ашуға септігін тигізеді. Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметін зерттеу – Қазақстанның және Жетісу өңірінің 1917-1937 жылдар аралығындағы саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму үрдістерін жеке тұлға негізінде ғылыми тұрғыдан зерттеу болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тақырып өз бастауын кеңестік дәуірдегі зерттеушілердің еңбектерінен алады. О.Жандосовтың әсіресе, 1916 жылы Жетісудағы аса ірі көтерілісті патшаның жазалаушылары басып тастаған кезде
Ғылыми жұмыстың деректік негізін ғылыми айналымға енбеген мұрағат құжаттары құрап отыр. Зерттеу жұмысы тікелей О.Жандосовтың өзі болғандықтан, біріншіден, оның сол кезеңде жарық көрген газет-журналдардағы мақалалары мен қолжазбалары және мемлекеттік қызметін талдап көрсетудегі мұрағат қорларының өзіндік орны бар. Сондай-ақ, мәліметтік жинақтар мен естеліктерді және баспасөз материалдарындағы О.Жандосовтың суретші-каррикатура, журналистика, әдебиет саласындағы қызметі туралы зерттеулер құрайды. Ретімен келтірер болсақ, О.Жандосовтың 1916-1920 жылдардағы Жетісу өлкесінде Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрескер саяси қызметін саралаудағы Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының (БК(б)П 141 және 139 қорларының) рөлі айрықша болды. Бұл қорларда О.Жандосовтың мәдени ұйымдастырушылық істеріне қатысты және қоғамдық қызметі туралы деректер топтастырылған. Сондай-ақ, О.Жандосовтың қазақ съездерінде сөйлеген сөздері, осы кездері атқарған қызметі, әрі халық шаруашылығының қайшылықты мәселелеріне жауап беретін деректер молынан кездеседі. Сонымен қатар, (725, 2, 666)
Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты қорларынан алынған мұрағаттық деректер Жетісу облысында 1921-1922 жылдардағы іске асырылған жер-су реформасы кезіндегі О.Жандосовтың көзқарасы мен ұстанымдарын талдап шешудегі қызметі және оның нәтижелері туралы көптеген мағұлматтар береді. Ондағы Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің (30 қоры), Тәркілеу комиссиясының (135 қоры), Жер ісі Халық Комиссариатының (74 қоры), Ағарту Халық Комиссариатының (86 қоры), ҚазПИ-дің (1142 қор) және тағы басқа құжаттар қоры негізге алынды.
Алматы Облыстық Мемлекеттік Мұрағатының 489, 488 және 370 қорларынан алынған мұрағаттық деректерінде О.Жандосовтың Кеген ауылпарткомы хатшысының қызметін атқарғандығын және оның ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алуды ұсынуда жүргізген іс-шаралары туралы деректер көптеп кездеседі. Сонымен қатар, оның Жетісу өлкесінде «Ақындарды іске жұмылдыру туралы» ұсынысы облыстық ұлттар ісі бөлімі коллегиясында қаралғандығы және қайраткердің қоғамдық-саяси қызметінің мазмұнын ашуға септігін тигізді.
Сонымен қатар, О.Жандосовтың баспасөз саласындағы атқарған қызметі мен қоғам қайраткерлігіне дәлел ретінде, осы кезеңдегі оның «Көмек», «Кедей еркі» «Қызыл Қазақстан», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде жарық көрген мақалалары кеңінен пайдаланылып, зерттелді.
Зерттеу жұмысында Кеңес үкіметі кезінде жарық көрген еңбектер мен қазіргі заман тұрғысында жазылған зерттеулер салыстырмалы тұрғыда жүйеленіп, сараланып берілді.
Нысанаға алып отырған зерттеу жұмысымыз аталған кезеңдегі жалпы Жетісу өлкесіндегі саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай дамыды, қандай заңдылықтар мен ерекшеліктері болды, оны өзгертіп дамытуда О.Жандосовтың алатын орны мен қызметі, оларды қазіргі тарихи сана тұрғысынан қалай бағалауға болады, осы тақырып төңірегінде қандай зерттеулер мен еңбектер жарық көрді, оған біздің көзқарасымыз бен ойымыз қандай болуы керек деген сауалдарға жауап береді деп сенеміз.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмысының негізгі мақсаты О.Жандосовтың өмірінің барлық кезеңдерін қамти отырып, оның Жетісу өңіріндегі қоғамдық-саяси, мәдени, ағарту саласын дамытудағы қызметінің маңыздылығы мен ерекшеліктерін қазіргі көзқарас тұрғысынан зерделеп, жан-жақты зерттеу болып табылады. О.Жандосовтың Қазақстанның ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында дамып-өркендеуіне зор үлесін қосумен қатар, ұлтына жанашыр ұлтжанды қайраткер болғандығын дәлелдеу. Сондықтан қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін біздер алдымызға мынандай міндеттер қойдық:
-О.Жандосовтың өмір жолын зерттей отырып, оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы мен мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өсуіне түрткі болған жәйттерді саралау;
-төңкерістер барысындағы саяси бағытының айқындалуына шешуші рөл атқарған негіздерге тоқталып, оның саяси қызметке араласуының алғашқы кезеңдерін бейнелеу, мемлекеттік лауазымының күрт өрлеуінің себептерін зерттеу;
-1921-1922 жылдарда Жетісу өлкесінде жүргізілген жер-су реформасының жергілікті халық арасында ел мүддесіне тиімді шешілуіне қатысы және «Қосшы» одағындағы қазақ кедейлерін жермен қамтамасыз етудегі қызметіне қазіргі көзқарас тұрғысынан баға беру;
-Жетісу облысындағы халық шаруашылығын дамытумен сауатсыздықты жою өзара тығыз байланыста қарастырылып, өзіндік ұстанымы мен ой-толғамы бар, балама даму жолын ұсына алған О.Жандосовтың жеке тұлға ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін, отандық тарихнамада тиісті орын алатын қайраткер болғандығын дәлелдеу;
-1928 жылы Халық Ағарту Комитетінің төрағасы болған О.Жандосовтың бүгінгі таңда өз маңыздылығын жоймаған жоғары оқу орындарын ашудағы мақсаты мен зиялы қауымның сол кезең талабынан туындағанын айқындау;
-О.Жандосовтың Жетісу облысындағы қоғамдық қызметінің мазмұнын ашып, одақтық дәрежедегі қайраткер болғандығын дәлелдеу барысында елеусіз, ескерілмей келген деректер мен мұрағаттық құжаттарды ғылыми айналымға енгізу.
Ғылыми жұмыстың зерттеу нысаны Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнатылуы кезеңіндегі зиялы қауымның қазақ елінің келешек өмір сүру жолдарын нұсқауының саяси-әкімшілік, қоғамдық-мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытудағы барысы болып табылады. Ондағы негізгі қарастырылатын мәселе Кеңестік одақтар құрамында болған Қазақстан мен Қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет болу жолында күрескен О.Жандосовтың қоғамда атқарған қызметі мен алтын орны.
Зерттеу жұмысының хронологиялық ауқымы. О.Жандосовтың қоғамда атқарған қызметі жылдары, яғни 1917 жылдан 1937 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі ғылыми принциптерге негізделген. Нақтылы фактілік материалдарды және мұрағатттық құжаттарды зерделеуде объективтілік, тарихилық, бір ізділік сияқты сапалық, жүйелілік және салыстырмалы талдау, қорытындылау сияқты жалпыға бірдей белгілі әдістер негізінде жазылды. Бұған дейін О.Жандосов жайлы жарияланған мақалаларда оның мемлекеттік қоғамдық-саяси қызметі тұрғысынан ғана талданып, шешіліп келген болатын. Сондықтан бұл зерттеудің үлгісіне О.Жандосов туралы соңғы жылдардағы жарық көрген мәдени даму саласы тұрғысындағы зерттеу еңбектері негізге алынып, қоғам қайраткерінің атқарған қызметі мен алатын орнын зерттеу тарихи қажеттілік ретінде алынып, тарихи үрдістің шынайы тұрғысынан қарастырылды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу барысында алдыңғы қатарға мына мәселелер шығарылды:
— О.Жандосовтың 1917 жылғы Жетісу өңірінде Кеңес үкіметін орнатудағы
Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Зерттеу жұмысының
нәтижесін жеке тұлғалардың ара қатынасын анықтап баға беруде зерттеушілердің пайдалануына, сондай-ақ, Қазақстан тарихына арналған оқулықтарды жазуда, әрі жоғарғы оқу орындарында жеке тұлғалардың қызметіне қатысты дәрістерді жүргізуде зерттеу жұмысының нәтижелерін кеңінен қолдануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі.
Дипломдық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертация жұмысы кіріспеден, негізгі мәселені қарастыратын үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізбегінен тұрады.
І ОРАЗ ЖАНДОСОВТЫҢ ҚОҒАМ ЖӘНЕ САЯСИ ҚАЙРАТКЕР РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ
1.1 О.Жандосовтың өскен ортасы мен саяси көзқарасының қалыптасуы
Ораз Қиқымұлы Жандосов өмір сүрген тарихи кезең өзінің күрделі сипатымен қазақ халқы мен оның зиялыларының жүріп өткен жолында ерекше орын алады. Бұл арада қайраткердің өмірде ұстанған саяси және азаматтық позициясын тура және терең түсіну үшін алдымен өзгеріске ұшырап отырған саяси билік пен қазақтың рухани жетекші және билеуші топтарының арақатынасын мүмкін болғанша дәлірек түсінген жөн. Оларды белсенді саяси қызметпен айналасуға мәжбүр еткен мәселелер жер мәселесі, ұлттық мүддені қорғай алатын мемлекеттік жүйеге кіру болатын. Сол арқылы ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға мүмкіндік туғызатын жағдай қалыптастыру және басқа көптеген түрлі қоғамдық мәселелер өз шешімін таппаған еді. Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы жылдары Республикамыздың тарихында ерекше орын алады. Уақыт өткен сайын еліміздегі европалық және мұсылман коммунистерінің ара қатынасы шиеленісе түсті. Ондағы негізгі қайшылық ұлт мәселесі төңірегінде қалыптасты. Бүгінгі таңдағы ұлттық санадағы терең өзгерістер, әкімшіл-әміршіл жүйе жылдарындағы орныққан кейбір қатаң танымдарға сын көзбен қарауды қалыптастыруға бағыт ұстанғандығын байқатады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі мемлекетіміздегі жаңарулармен тың серпіндер тарихымыздағы ақтаңдақ беттердің орнын толтыруды, оқиғалар мен құбылыстарды жаңаша көзқарас тұрғысынан бағалауды қажет етеді. Кеңестік дәуірдегі зерттеулерде қазақ зиялы қауым өкілдерінің халықтың саяси-қоғамдық жағдайында алатын орны мен атқарған қызметтерін қарастыру өте маңызды.