Дипломдық жұмыс. 1979-1989 жылдардағы Ұлыбритания сыртқы саясатындағы басым бағыттар тарихы

0

МАЗМҰНЫ

 

КІРІСПЕ

 

1-ТАРАУ. ҰЛЫБРИТАНИЯ 20-ШЫ ҒАСЫРДЫҢ 80-ШІ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖҮЙЕСІНІҢ АУҚЫМЫНДА

1.1 Ұлыбритания сыртқы саяси қызметінің құрылымы мен функциялары

1.2 М.Тэтчер тұсындағы Форин оффис және оның халықаралық ұйымдардағы ұстанымы

 

2-ТАРАУ. 1979-1989 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҰЛЫБРИТАНИЯ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНДАҒЫ БАСЫМ БАҒЫТТАР

2.1 Ұлыбританияның АҚШ, КСРО мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастары

2.2 Ағылшын-аргентин қақтығысы және консерваторлық үкіметтің саяси ұстанымы

2.3 Ұлыбритания – Қытай қатынастарындағы Гонконг мәселесі

 

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

 

  Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның  қазіргі тәуелсіздік тұрпатындағы көпвекторлы сыртқы саясаты халықаралық қатынас тарихындағы әлемдік жетекші елдер ұстанымының басым болған бағыттарын жете саралай білуді қажет етеді. Осындай әлемдік саясатта белсенді елдердің бірі Ұлыбританияның  1979 жылы билікке келген консерваторлық үкіметінің халықаралық қатынастардағы саяси ұстанымын, жалпы осы кездегі мемлекеттің сыртқы саяси бағыттарының даму ұстанымдарын зерттеу  мәселенің өзектілігі  болып отыр.

Ұлыбритания капиталистік қатынастар дәуірінің орнауы кезеңінен бері Еуропа елдерінің ішінен бір қадам алда болып келгені белгілі. Тарих тағылымында бұл елдің ішкі, сыртқы саясатын У.Черчилл, Г.Вилсон, Э.Хит секілді өзге де саяси басшылары белсенді құрып, жүргізіп келді. Ұлыбританияның әлемдегі беделінің үстем, салмағының ауыр болуы осы басшылардың қызметімен, жүргізген саясатымен тікелей байланысты. Бітіру жұмысын зерттеу мәселесінде, 1979-1989 жылдардағы Ұлыбритания сыртқы саясатын қалыптастыруда 10 жылдан астам Ұлыбритания премьер-министрі қызметін атқарған, кеңес баспасөзі «Темір ханым» деп атаған – Маргарет Хильда Тэтчердің рөлі ерекше.

Британдық империяны құруда дипломатия өзіндік рөл атқарып, елдің билеуші топтарының жердің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамдарды тәуелдігінде ұстау үшін еркінің жүзеге асуына қызмет жасады.  Тіпті осыған орайластырылған арнаулы мемлекеттік кеңселер жабдықталып, олардың жүйелі жұмыс істеуі парламент қарарларының бір қатар күн тәртібіне арқау болды.  Ал, өткен ғасырлардағы ағылшын дипломаттары Ұлыбританияның неоколониалдық саясатын орындауға аз күш жұмсап отырған жоқ.

Кезінде сыртқы саясатта 1830 жылдан Генри Джон Пальмерстонның  жетекшілік етуімен қалыптасқан дәстүрлі британдық дипломатиядағы  еуропалық тепе-теңдік ұстанымы, ағылшындарға “біздің мәңгілік одақтастарымызбен, тұрақты достарымыз жоқ, бірақ біздің мүдделеріміз тұрақты және мәңгілік, сондықтанда оларды қорғау біздің-борышымыз” делінетін   қашанда халықаралық қатынас мәселесінде ұтқыр болып келген принципте әрекет ету бағытын әкелді. Осы түсіндірме арқылы тақырып жаңалығының жалпы сипаттамасын бағамдауға болады.

Ұлыбритания әлі де халықаралық қатынастардағы  өз ықпалын кеңейту үшін дипломатияны басты қару етіп қолдануда. Ұлыбританияның сыртқы саясаты, соның ішінде М.Тэтчер үкіметі тұсындағы сыртқы саясатын талдау тарихшылар үшін аз қызығушылық туғызбайды. Ұлыбритания сыртқы саясатын зерттеуде бұл кезең кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Себебі, бұл кезеңде британ билеуші тобы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын өзгертіп, Ұлыбританияны әлемдік держава ретінде қайта танытуға ұмтылысымен, халықаралық қатынастар жүйесіндегі реакциялық ұстанымдарымен ерекшеленеді.

1979-1989 жылдардағы Ұлыбритания сыртқы саясатындағы елеулі оқиғалар – консерваторлық үкіметтің алдағы сайлаудағы жеңісін қамтамасыз еткен, Фолкленд аралдары үшін болған ағылшын-аргентин қақтығысында (соғысында) ағылшындардың жеңіске жетуі және Қытай Халық Республикасымен Гонконг аралын қайтару жөнінде бірлескен келісімге келуі болды. Алдыңғысында 1833 жылға дейін Аргентинаға тиесілі болған, кейіннен ағылшындар басып алған Фолкленд (Мальвин) аралын өздеріне қайтармақ ниетте болған аргентиналықтарға қарулы күшпен жауап қайырса, соңғысында бейбіт келісіммен Гонконгты тарихи отанына қайтару арқылы көреген саяси шешім жасады.

Аталған тарихи оқиғаларға қатысты Ұлыбританияның саяси ұстанымын талдап, анықтау қазіргі заман және халықаралық қатынастар тарихы үшін маңызды болып табылады. Осы кезеңдегі Ұлыбританияның сыртқы саясатын зерттеу арқылы қарама-қайшылыққа толы әлемнің және халықаралық қатынастар дамуының негізгі ұстанымдарын да бағамдауға болады.  Сонымен қатар, әлемдік саясаттағы онды-солды тануда  демократиялық даму мен нарықтық экономиканың іргесін қалаудың жолына түскен Қазақстан үшін, саяси және демократиялық дамудың тәжірибесі мен дәстүрлеріне бай, қазіргі заманға сай қуатты экономикалық негіздегі Ұлыбританиялық дипломатия тарихына да назар салудың маңызы зор.

Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік қалыптастырған жаңа мемлекеттер үшін бұрынғы жүйеден экономиканы басқарудың белгілі бір дағдылары мұраға қалғанымен, дербес түрде сыртқы саясатты жүргізу мүлдем тың жол еді. Сондықтан, ағылшын сыртқы саясат мекемесінің (Форин оффис) уақыт сынынан өткен қызметтік құрылымын зерттеу, оның тиімді жақтарының Қазақстандағы  дипломатиялық қызметтің қалыптасуы мен дамуына сәйкестендіре қараудың  әсерлігі бітіру жұмысы мәселесінің  тәжірибелік маңыздылығын артырары сөзсіз.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. 1979-1989 жылдардағы Ұлыбритания сыртқы саясатындағы  басым бағыттар тарихын бағамдау арқылы қазіргі заманғы әлем тарихындағы Ұлыбританияның саяси беделін саралап, М.Тэтчер бастаған консерваторлық үкіметтің дипломатиялық қатынастардың дамуына қосқан үлесін және ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі халықаралық қатынастар дамуындағы Ұлыбританияның негізгі ролін анықтау болып табылады. Бұл мақсаттарға жету үшін төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру негізделеді:

  • Ұлыбритания сыртқы саяси қызметінің құрылымы мен функцияларын анықтау;
  • М.Тэтчер тұсындағы Сыртқы Істер ведомоствосының қызметі мен оның халық ұйымдардағы ұстанымын бағамдау;
  • Ұлыбританияның АҚШ, КСРО мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарының ара салмағын саралау;
  • Ағылшын-аргентин қақтығысындағы консерваторлық үкіметтің саяси ұстанымын сараптау;
  • Ұлыбритания-Қытай қатынастарындағы Гонконг мәселесін екі жақты ұстанымдар негізінде қарастыру.

Жұмыстың методологиялық негізі.  ХХ ғасырдың басындағы батыс тарихнамасында үрдіс болған тарихты салалы қарастырудың методологиялық ұстанымын басшылыққа ала отырып, мәселені халықаралық қатынас саласына қатысты нысаналар негізінде өркениетті талаптар деңгейінде бағамдаудың теориялық-танымдық  үрдісі бітіру жұмысы барысында қадағаланып, тұрақты зерттеу бағдарына алынды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі.  Тақырыптың зерттелуі уақыт сынынан өткен қазіргі заман тарихының мәселелері ауқымында қаралатын М.Тэтчер үкіметінің сыртқы саясатындағы ұстанымдар талдауларға негіз жасаған тарихшы, саясаттанушы, дипломаттардың назарынан тыс қалған емес.

Ұлыбритания дипломатиялық қызметі мен сыртқы саясатын зерттеуге бағытталған зерттеу еңбектерге – В.А.Рыжиковтың, В.М.Матвеевтің, А.Лебедевтің, В.А. Матвеевтің, В.И.Поповтың еңбектерін атауға болады.

Орыс тарихшы-ғалымы В.А.Рыжиков кеңес-американ қатынастарын зерттеуге арналған монографиялық еңбегінде соғыстан кейінгі Ұлыбритания мен КСРО арасындағы дипломатиялық қатынастардың дамуының негізгі мәселелерін, Ұлыбритания сыртқы саясатындағы «кеңестік» және «американдық» факторларды салыстыра отырып зерттейді [1].

В.М.Матвеев болса, өз зерттеуін Ұлыбритания сыртқы саяси дипломатиялық қызмет мекемесінің (Форин оффис) қазіргі заманғы қызметі мен құрылымын баяндап, М.Тэтчер тұсындағы сыртқы саяси қызметтің ерекшеліктері мен ролін анықтауға арнайды. Оның айтуынша: «М.Тэтчер үкіметі британ дипломатиялық аппаратының шынайы мәселелерін шешуге ешқандай әрекеттер жасамады. Оның орнына олардың дипломатиялық қызметіне кедергі жасаумен болды»,- деп жазады. Бұл  М.Тэтчер Форин оффиске қысым жасап, сыртқы саяси шешімді тікелей өзі шешкендігін көрсетеді [2].

Британ сыртқы саясатының мәселелеріне қатысты очерктік зерттеу жүргізген орыс тарихшысы А.Лебедев еңбегінде ХХ ғасырдың соңғы ширегінде Ұлыбритания сыртқы саясат мәселелері саралана келіп, М.Тэтчер тұсындағы консерваторлардың сыртқы саясат концепцияларына терең талдау жасайды. Ұлыбританияның ЕЭҚ, НАТО ұйымдарымен, АҚШ, КСРО мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарының негізгі мәселелерін атап өтеді. Сондай-ақ, ағылшын-аргентин қақатығысындағы консерваторлық үкіметтің ролі, Гонконгтің Қытайға қайтарылуы жөнінде мағлұматтар береді [3].

Британияның бүгінгі мен өткенін саралайтын В.А.Матвеевтің [4].  және мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының қоғамдық өзгерістерге негіз болар тұстарын қарастыратын В.И.Поповтың [5]. зерттеулерінің де тақырып мәселелерін ашудағы рөлі зор. В.И.Попов еңбегін М.Тэтчер тұсындағы Ұлыбританияның қоғамдық-тарихи даму ерекшеліктерін зерттеуге арнаған. Автор осы кездегі Англия ішкі және сыртқы саясатын зерттеудің өзектілігіне тоқталады. Ал, В.А.Матвеев еңбегінің ерекшелігі, ол Ұлыбританияның кеңестермен қатынастарын жаңаша саяси көзқараспен қарап, осы кездегі ағылшын үкіметінің батыста алғашқылардың бірі болып кеңес Одағындағы өзгерістерді қолдап, қатынастарды жақсартуға ұмтылғанын атап өтеді.

Тақырыпқа байланысты ғылыми зерттеулер қатарын авторлар құрамы басып шығарған ғылыми-монографиялық зерттеу жинақтары толықтырады. Олардың ішінде Л.С.Гаджиев, С.П.Перегудовтың жетекшілігімен шыққан бүгінгі  консерватизмнің тарихи келбетін саралауға негізделген монографияда Ұлыбританиядағы консерватизмнің тарихи қалыптасуы мен дамуын анықтай келіп, консерватизмнің Тэтчерлік этапына зерттеу жүргізіледі  [6].

Е.А.Сырцова мен В.Р.Ткачевтің қазіргі уақыт өлшеміндегі Гонконг және Ұлыбритания мәселеріне қатысты ғылыми жұмыстарында Ұлыбритания үшін Гонконгтің экономикалық, әскери-стратегиялық маңызы зерттеледі [7].

Келесі С.П.Мадзоевскийдің, Е.С.Хесиннің редакторлығымен шыққан еңбекте авторлар Ұлыбританияның 70-80жылдардағы әлемдік капиталистік шаруашылықтағы орны мен елдің ішкі экономикалық жағдайы зерттеледі. Сондай-ақ, сыртқы экономикалық байланыстардың негізгі түйінді мәселелері, ЕЭҚ-тағы рөлі жөнінде толық баяндалады [8]. Зерттеу Ұлыбританияның 70-80 жылдардағы әлеуметтік, экономикалық құрылымын зерттеуде көмегін тигізеді.

Тақырып мәселесін ашуда  басшылыққа алынған ғылыми зерттеу еңбектер қатарына Фолкленд аралы үшін орын алған ағылшын-аргентин қақтығысын сараптайтын Е.В.Метяеваның [9]. зерттеуі, П.М.Ивановтың Гонконг мәселесіне қатысты [10]., сондай-ақ   М.И.Сладковскийдің Қытай мен Англия ұстанымдарына [11].,Каррингтонтың тарихи тұлғасын жасаудағы Г.В.Колосовтың авторлығымен шыққан [12].  еңбектердің саралануы да ерекше.

Е.В.Метяева ғылыми зерттеуін Фолкленд аралдары үшін болған ағылшын-аргентин қақтығысының себептері мен салдарларын анықтауға арнайды. Автор аралды ағылшындардың жаулап алуынан бастап, 1982 жылғы қақтығыстың қорытындыларына дейін зерттейді. Қақтығыс кезіндегі АҚШ-тың, Латын Америкасы елдерінің қатынастарын жекелеп зерттеуге алады. Аталған еңбектің қақтығыстың негізгі түйінін түсінуге тигізер көмегі зор.

Иванов пен Сладковский еңбектеріне сонау сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ұлыбританияның Қытайды жартылай отарлауынан бастап, Гонконгтың Қытайға қайтарылу келісіміне дейінгі мәселелер арқау болған. Біздің қарастырып отырған тақырыпқа сай Сладковский Ұлыбритания-Қытай қатынастарындағы Гонконг мәселесінің 1978 жылға дейінгі дамуын зерттеуге, меңгеруге көмектессе, Иванов, Гонконгты қайтару жөніндегі келісімдердің құқықтық-нормативтік дайындық процесін зерттеуге көмектеседі.

Г.В.Колосовтың ғылыми-сараптамалық шолуы Ұлыбритания сыртқы саяси қызметін жетілдіруде, Англияның НАТО-дағы мүддесін қорғауда үлкен қызмет атқарған саяси қайраткер, М.Тэтчер тұсындағы бірінші үкіметтің Сыртқы Істер министрі болған П.Каррингтонның өмірі мен қызметі жөнінде мағлұмат алып қана қоймай, Англия сыртқы саяси даму бағытын түсінуге мүмкіндік туады.

Тақырыптың ғылыми-зерттеу қорын – ғылыми-танымдық журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар да толықтырады. Оларға «Международная жизнь», «Новое время», «Молодой коммунист» журналдарына жарияланған Л.Замятин [13], А.Козлов [14], А.Лебедев [15], В.Михеева [16], С.Володин [17] сияқты авторлардың тарихи зерттеу мақалаларын атауға болады.

В.Михеева өз ғылыми мақаласында біз қарастырып отырған кезеңдегі Ұлыбританияның ішкі және сыртқы саясатының түйінді мәселелерін талдауға алады. Ал, А.Козлов ғылыми мақаларында Ұлыбритания-Қытай қатынастарындағы Гонконг мәселесі бағамдалады.

Бітіру жұмысының ғылыми сараптамалық деңгейін мазмұндандыруда қолданыстық  үлесі ауқымды болған зерттеу еңбектерінің   қарастырылуы бүгінгі тарихты жазудың барысындағы өлшемдерге бағынды.

Бітіру жұмысының деректік  негізіне алынған  құжаттар қорын үш топқа бөліп қарастыруға болады. Олар – құжаттық деректер, саяси қайраткерлердің мемуарлық шығармалары және мерзімді баспасөз материалдары болып табылады.

Құжаттық деректер негізін Ұлыбританияның АҚШ, КСРО және басқа да ұйымдар арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихын бейнелейтін А.А.Громыко[18] және Л.Ф.Ильичевтің[19] басшылығымен жинақталып, басылған құжаттар мен материалдардың жинағын атауға болады. Онда халықаралық келісімдердің мәтіні мен дипломатиялық мәлімдемелер берілген.

Ал, мемуарлық деректер қорына М.Тэтчердің [20]  отставкаға кеткеннен кейін жазған мемлекетті басқарудағы шеберлікті тәжірибе ретінде сипаттаған еңбегін тек мемуарлық қана емес, терең ғылыми еңбек деп баға беруге болады. Автор бұрынғы саяси оқиғалардың сабақтарын талдай отырып, «қырғи-қабақ» соғыс саясатындағы АҚШ пен КСРО мемлекеттерінің ролін саралайды. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңдағы халықаралық қатынастардың дамуын, оның негізгі проблемаларын зерттеп, Еуропа, Азия, Алыс және Таяу Шығыстағы саяси оқиғаларға баға береді. Азия гиганттары ретінде Қытайдың даму тарихына тоқтала келіп, 1984 жылғы Гонконгты қайтару жөніндегі келісімнің мәнін түсінуге үлкен бағдар береді.

Одан кейінгі мемуарлық шығарма 1980-86 жылдары КСРО-ның Ұлыбританиядағы елшісі боп қызмет атқарған, тарих ғылымының докторы, тарихшы-дипломат В.И.Поповтың М.Тэтчер: тұлға және саясаткер деп аталатын мемуарлық еңбегі[21]. Автор еңбегінде М.Тэтчер тұсындағы консерваторлық үкіметтің ішкі, сыртқы саясаттарынан толық мағлұмат беріп, сол тұста орын алған тарихи-саяси оқиғаларға өзінше баға береді. Сыртқы саясатында Фолкленд аралдары үшін болған ағылшын-аргентин қақтығысы, Ұлыбританияның НАТО, ЕЭҚ,  БҰҰ-дағы ұстанымдарын, АҚШ, КСРО мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастарын терең талдап, баяндайды.

М.Тэтчер тұсындағы басты саяси мәселелерді түсінуде ағылшын тарихшысы  Крис Огденнің М.Тэтчердің тұлғасындағы биліктегі әйел болмысын тарих куәгері мен саяси оқиғаларды тікелей болмысында ажыратуға арналған құжаттық еңбегінің де деректік маңызы зор [22]. Деректік мәліметтерге негізделген жинақтың ғылыми сараптамасы М.Тэтчердің өмір жолы мен саясаттағы рөлін және үкімет басшысы ретінде ішкі-сыртқы саясат мәселесін толық қамтиды. Ол көптеген шетелдік ресми баспасөз деректері негізінде оның жүргізген саясатының өзекті тұстарын баяндайды. Сыртқы саясатында АҚШ, КСРО мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастары, Фолкленд аралдары үшін болған қақтығыс, М.Тэтчер билігінің тарихи қорытындыларына сараптама жасайды.

Бірнеше жыл КСРО сыртқы істер министрлігін басқарған дипломат, кеңес қоғам қайраткері А.А.Громыконың естелік-құжаттармен жинақталған  жинағының осы кезеңдегі халықаралық қатынастардың бағыт-бағдарын айқындаудағы рөлі зор [23].  Автор естелік кітабында соғыс пен бейбітшілік, батыс пен шығыс мәселелерін, кеңестік сыртқы саясаттағы батыстық, американдық бағыттарды талдайды. Шетелдік саяси қайраткерлермен кездесуінде алған әсерлерін жазады. Ол М.Тэтчермен кездесуін, оның КСРО-ға қатысты ұстанымы мен көзқарасын халықаралық келісімдер аясында атап өтеді.

Тақырыптың келесі деректік негізін мерзімді баспасөз материалдары – газет, журналдар құрайды. Жұмысты жазу барысында негізінен кеңестік басылымдар қолданылды. Атап айтсақ, Кеңес Одағындағы басты саяси басылым – «Правда» газеті мен «Советская культура» газеттері және «Международная жизнь», «Молодой коммунист», «Новое время», «Латынская Америка» журналдары жұмысты жазу барысында дерек көзі ретінде кең пайдаланылды. Бұндағы мақалаларда кеңестік журналистердің Ұлыбритания сыртқы саясатына жасаған саяси шолулары, кеңес тарихшыларының халықаралық қатынастардағы Ұлыбритания ұстанымын талдаулары баяндалады. Мысалға Л.Замятин «Тэтчеризм» [13] деп аталатын мақаласында М.Тэтчер саясатының негізгі концепцияларын атаса, А.Лебедев [15], А.Козлов[14]  сияқты қоғамдық тақырыптардағы саяси шолушылар Ұлыбритания сыртқы саясатының даму бағыттарына талдау жасайды.

Аталған деректік материалдар 1979-1989 жылдардағы Ұлыбритания сыртқы саясатындағы басым бағыттар тарихын зерттеуге негіз болып табылады.

 Бітіру жұмысының хронологиялық шеңбері М.Тэтчер бастаған консерваторлық үкімет билікке келген 1979 жылдан 1989 жылға дейінгі онжылдық кезеңді қамтиды.

Бітіру жұмысының құрылымы кіріспе, қорытынды бөлімдермен қатар екі тараудан және пайдаланылған деректер тізімінен тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1-ТАРАУ. ҰЛЫБРИТАНИЯ 20-ШЫ ҒАСЫРДЫҢ 80-ШІ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖҮЙЕСІНІҢ АУҚЫМЫНДА

 

       1979 жылы М.Тэтчер бастаған консерваторлар билікке келгеннен кейін ішкі саясатта үлкен өзгерістер жасады. Тіпті М.Тэтчердің ішкі саясатта жүргізген саясаты «Тэтчеризм» деген атау алып, тарих бетіне енді. М.Тэтчер билігінің алғашқы жылында ағылшын саяси ортасында сыртқы саясат мәселесінде сынға ұшырап отырды. Алайда, халықаралық қатынастар дамуындағы жағдай Лондонға нақты сыртқы саяси бағыттарын анықтап алуды талап етті. Атап айтсақ, оның ішінде американ әкімшілігінің КСРО-ға қарсы жаңа «неоглобальдық» курсы, Еуропалық экономикалық қоғамдастықтағы бюджеттік саясатқа байланысты қайшылықтар, халықаралық ұйымдардағы ұстанымы мәселесі. Бұлардың барлығы М.Тэтчерге Ұлыбритания сыртқы саяси қызмет мекемесі – Форрин офистің функцияларына өзгеріс енгізуді талап етті. Сонымен бұл тарауда Ұлыбритания сыртқы саяси қызметінің құрылымы мен функциялары және оның халықаралық ұйымдарға қатысты саясаты мен ұстанымы баяндалады.

 Скачать

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз