Дип. Ежелгі түркілердің көршілес елдермен қарым — қатынастары (6-8 ғғ)
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Тарих факультеті
Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
Ежелгі түркілердің көршілес елдермен қарым — қатынастары (6-8 ғғ)
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………………..3
1. ТҮРКІЛЕР ЖӘНЕ ҚЫТАЙ 1.1 Саяси байланыстар ………………………………………………………………………….8 1.2 Қытай жылнамалары түркілер туралы…………………………………………15
2 ТҮРКІ – СОҒДЫ ҚАТЫНАСТАРЫ…………………………………………………25
3 САСАНИЛІК ИРАН МЕН ВИЗАНТИЯ ТҮРКІЛЕРДІҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНДА ………………………………………………………………………………..34
ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………………………………….47 ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР……………………………………………………….50
|
К І Р І С П Е
Тақырыптың өзектілігі. Кез-келген халық өзінің ұлттық тарихын тереңінен зерттеп-зерделеуге ұмтылыс жасайды. Патшалық, кейін Кеңестік дәуір тарихшылары түркі халқының бай тарихи мұраларын зерттеуде сыңаржақты пікір қалыптастырды.
Мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бұрмаланып тарих бетінде ақтаңдаққа ұрынған жәйттерді қайта қолға алды. Сондықтан біз қарастырғалы отырған көне түркілердің көршілес орналасқан Қытай империясымен жүргізген саяси, экономикалық, мәдени байланыстарындағы бай тарихи мұраларды бітіру жұмысының тақырыбына арқау етіп отырмыз. Бұл мәселе бүкіл түркі халықтарын ойландыратын үлкен өзекті мәселе екенін атқымыз келеді.
Әлем тарихының аясынан алып қарасақ, көне түрік халқы мен оның өзінің, ол құрған мемлекеттің тарихы: түріктер неліктен пайда болды, сосын тіпті де өз жұрағаттары болып табылмайтын көптеген халықтарға атын беріп, неге құрып кетті? – деген сауалға келіп құяды. Осынау мәселені тек саяси тарихты немесе әлеуметтік қарым-қатынасты талдау арқылы шешу жолында талай-талай талпыныстар жасалса да одан ешбір нәтиже шықпады.
Адамзат тарихынан алатын орнының орасан зор маңызына қарамастан, көне түріктер саны аз болған, сол себепті де Қытай мен Иранға қоныстас көрші болуы олардың іс-әрекеттеріне әсер етпей тұра алмады. Демек, осынау елдердің әлеуметтік және саяси тарихы бірге өріліп, байланысып кеткен, сондықтан да оқиғалар желісін қалпына келтіру үшін біз олардың әрқайсысының тарихын назардан тыс қалдырмауға тырыстық.
Тақырыптың зерттелу деңгейі.Көне түркілер мен Қытай арасында,ы қарым-қатынас жөніндегі зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың орта шенінде ірң тарихшылар еңбектерінен көрініс тапты.
Оның ішінде Н.Я.Бичуриннің ғылыми қызметі ерекше. Н.Я.Бичуриннің қытай жазба ескерткіштерінің ертедегі Орта Азия халықтары туралы мәліметтері жинағын бастырып шығаруы синологиядағы аса көрнекті құбылыс болды.[1] ш томдық еңбекте қытай деректемелерінің Қазақстанды ертеде және ортағасырларда мекендеушілердің: хуннулардың (сюннулардың), үйсіндердің, қаңлылардың, янцайлар мен түрік тайпаларының тарихы жөніндегі негізгі ақпарат жинақталған.
Қытай хроникаларының материалдарына ауқымқы тарихи филологиялық түсініктемелер берілген. Қытай деректемелеріне негізделген нақ сондай ертедегі зерттеулерді араб деректемелерін қоса отырып Абель Ремюза, Ст.Жюльен жүргізген [2]. Оларда түріктердің, эфталиттнрдің тарихы Орта Азия мен Қазақстанда манихей, будда діндерінің таралуы қарастырылады. Орталық және Ішкі Азияның ортағасырлық тарихын жасауға ашатын қытай деректемелерін басып шығару өз кезінде одан әрі жалғастырылды. Қытай және Византия деректерін салыстыру негізінде Э.Шаванн (1903) УІ-УІІІ ғасырлардағы Жетісудың батыс түріктерінің тарихын зерттеді[3]; Қытай, Үндістан, Алдыңғы Азия және Византия арасындағы өзара қатынастар мен мәдени алмасуды жеңілдету ісінде батыс түріктерінің атқарған рөлін анықтады: Сюань Цзанның маршрутын тарихи-географиялық тұрғыдан түсіндіріп берді, Сыма Цяннің “тарихи жазбаларын” аударуды жүзеге асырып, оған ауқымжы тарихи түсініктемелер жазды. Біршама уақыт өткен соң да Грот (1921) хуннулар туралы тарауды аудару және олар туралы неғұрлым толық текстологиялық мәліметтер келтіру үшін Сыма Цяннің шығармасын қайтадан қолға алады.[4]
Жазбаша (көне түрік және қытай) деректемелеріне жүгіне отырып, А.Н.Бернштам ежелгі түрік мемлекетінің әлеуметтік құрылымын зерттеп, әскери-демократиялық қоғамның ерте феодалдық қатынастар жүйесіне ұласуын айқындады. Ол сондай-ақ У-УІІ ғасырлардағы соғды қоныстанушылығының рөлі мен маңызын және оның Түрік қағанатымен өзара қатынасын анықтады.[5]
Н.Я.Бичуриннің жақсы дәстүрін жалғастыра отырып, Н.В.Кюнер Орталық Азия халықтары туралы қытайдың құнды хабарларының үлкен топтамасын жариялады. Түріктер туралы тарихи мәліметтердің қытай тілінде екі томдық жинағы шығарылды. [6]
Ертедегі және алдыңғы орта ғасырлардағы Қазақстан жөніндегі қытай деректерінің хабарлары тартылды. Оларға үйсіндер, Түрік қағанаты кезіндегі түріктер, түркештер, қарлұқтар жөнінде Ю.А.Зуев [7]7[] жасаған талдау жемісті болып шықты. Қытай жылнамаларынан аудармалардың жариялануы, әулеттік хроникалардың мәліметтерін ежелгі түрік ескерткіштері мен генеологиялық аңыздардың материалдарымен, сол сияқты антик дәстүрімен салыстыру ертедегі Қазақстанның этникалық үрдістерінің, саяси оқиғалары мен тарихи географиясының кейбір жақтарын жаңаша түсінуге мүмкіндік берді.
Көне түрік жазуын зерттеу ісінде С.Е.Маловтың еңбектерінің маңызы ерекше. Ғалымдардың ежелгі түрік ескерткіштерінің материалдарына негізделген зерттеулерінің нәтижелері түрік қағанаттары шеңберінде болған этногенетикалық үрдістердің Орталық Азия мен Сібірдің түркі тілдес халықтарының қалыптасу тарихына өте елеулі ықпал жасағанын көрсетті.[8]
С.Г.Кляшторный монографиясында ежелгі түріктердің руналық текстерінен алынған материалдар талданып, жүйеге келтірілген, олар басқа деректемелердің материалдарымен салғастырылып, қол жеткен нәтижелер Қазақстан мен Орта Азия тарихына сәйкес тарихнамалық тұрғыдан да, деректеметану тұрғысынан да қорытылған. Түріктер тарихын талдап жасаумен бірге, кангюй проблемасы, Жетісуға соғдылардың қоныстануы соншалықты мұқият зерттелді.[9]
Л.Н.Гумилев түрік халықтарының тарихы жөніндегі кітаптарының жарыққа шығуын да атап өту қажет. Олар хунну державасы мен ежелгі түріктердің мемлекетіне арналған. Сол әлеуметтік-саяси көшпелі қауымдастықтардың пайда болу, даму және жойылу заңдылықтары зерттеледі. Автор кең көлемді тарихи проблемаларға (хуннулар мен түріктердің саяси өміріне, олардың тұрмысына, дініне, мәдениетіне), сондай-ақ екі дәуір – ертедегі дәуір мен орта ғасырлар шебіндегі Ішкі және Орталық Азия көшпелілерінің географиялық орналасуына зор көңіл бөлген.[10]
Қазақстанның аса көрнекті ғалымы, ағартушы, саяхатшы, этнограф, Қазақстанның, Орта және Оралық Азияның тарихы мен мәдениетін зерттеуші Ш.Ш:Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына қарай 5 томдық Шығармалар жинағының жаңа басылымы жарыққа шықты.[11]
Мерекелік 1985 жылы Алматыда ЮНЕСКО шеңберінде “Орта ғасырлардағы Орталық Азиядағы мәдени-тарихи үрдістер” деген халықаралық конференция өткізілді. Онда УІІІ-ХУІІ ғасырларда Орталық Азияда болып өткен этно-мәдени үрдістерге, аймақтың көшпелі және отырықшы халқы өркениетінің әлеуметтік-экономикалық базасы мен олардың арасындағы өзара қатынастарға, мемлекеттік құрылыс сипатына, мәдениеттердің өзара байланысы мен өзара ықпалына баса назар аударылды.
Қытай жылнамаларының материалдарын ғылыми айналымға енгізу, ертедегі және ортағасырлық Қазақстанның түрік тайпаларының тарихын талдап шешу жалғастырылды (В.С.Таскин, А.Г.Малявкин, Ю.А.Зуев, И.Рахевильц, А.Ш.Қадырбаев).[12]
С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтановтың жазбаша деректемелер мен археологиялық деректердің бай материалына сүйеніп жазған “Қазақстан ш мыңжылдық жылнамасы” деген кітабының шығуы Қазақстан тарихнамасында елеулі құбылыс болды. Ғалымдар Қазақстанның шығыстанушы-тарихшылары мен археологтарының халықаралық үлкен қоғамдастығы жетістіктерін қорыту еңбегін өз мойнына алған. Қазақ халқы этногенезінің жалпы үрдісін авторлар 2-3 мың жыл бойы халықтың екі тобының: үнді-европалық және орталық-азиялық топтарының өзара әсері мен қосылуы деп көрсетеді.[13] Сондай-ақ бүгінгі таңда қазақ-қытай қатынасына байланысты еңбектерді жазған Мұхамедханұлы Н [14], Мыңжан Н [15], Қинаятұлы З [16] есімдерін атауға тиіспіз. Аталған авторлар еңбектері бітіру жұмысының мазмұнын ашуда үлкен көмекші құрал болды.
Деректік негізі. Жібек жолының толысып гүлденуі Қытайда Таң әулеті билік еткен кезеңге (618-907) тұстас келеді. Орталық Азия халықтары, олардың тарихы туралы мәліметтердің келесі үлкен кешені сол дәуірге арналған екі хроникада бар. “Таң әулетінің ескі тарихын” (“Цзю Таншу”) Қытайдың бөлшектенуі кезінде – автордың тобы, ал “Таң әулетінің жаңа тарихын” (“Синь Таншу”) да Сун дәуірінде (1043-60) Қытайдың аса көрнекті ғалымы әрі ақыны Суян Сю (1007-72) бастаған авторлар ұжымы жазған. Таң әулетінің тарихы жөніндегі екінші еңбек біріншісінен жаңсақтықтар мен қателер көп табылуына байланысты жазылған. Хроникаларда батыс түріктер, түркештер, олардың этногенезі, Батыс түрік қағанатының, Түркеш қағанатының құрылуы мен олардың ыдырауы туралы саяси тарих пен этнологиялық мәліметтер берілген.
Қарлұқтар, олардың Жетісуда және Қазақстанның оңтүстігінде, сондай-ақ қазіргі Қырғызстанда орналасуы туралы қытай материалдары өте құнды. Ертедегі дәуір мен б.з. УІІІ ғасырына дейінгі Орталық Азия тайпалары мен олардың мемлекеттік құрылымдары тарихыныңнегізі арқауын нақ қытай деректемелері бойынша біршама толық жасауға болады, бұл әсіресе үйсіндердің, қаңлылардың, ежелгі түріктердің, түркештердің, қарлұқтардың саяси тарихына байланысты.
Орталық Азияға саясатшылардың жазбалар жанры Таң әулеті билеген кезеңде де, ХІІІ ғасырда да ең басты деректеме болып қала береді. “Сянь Таншу” мен “Цзю Таншуда” Жетісуға Шығыс Түркістан полистері арқылы жүріп өткен қытай саяхатшыларының маршруттары: Шу, Талас өзендерінің аңғарлары, Ыстықкөл суреттелген. Алайда олардың ішінде буддаға тауап етуші Сюань Цзан (шамамен 596-664) қалдырған жазбалар мейлінше толық болып табылады. Ол жазған шығарма “Ұлы Таң әулеті кезіндегі Батыс өлкесі туралы жазбалар” (“Да Таң Сиюйцзи”) деп аталады және Сюань Цзанның Орта Азия арқылы ндістанға саяхатына арналған. Сюань Цзан Суяб, Невакет, Талас арқылы жүріп өткен. Ол қаһан сарайын, түрік тайпалары мен басқа да тайпалар кәсібінің әдет-ғұрпын суреттеген.
Ертедегі және орта ғасырлардағы қытай деректемелері, сыңаржақ болғанына қарамастан, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуде ерекше құнды.
Біздің заманымыздағы мыңжылдықта ежелгі түрік және түркі тілдес тайпалар мекендеген жерлерден шыққан көне түрік жазбаша ескерткіштерінің құны баға жеткісіз.
Түрік авторлар жазған бұл жазбаша деректемелердің елеулі және даусыз екі қасиеті бар, олар – автохтондылығымен, яғни жерлекті сипатта болуымен және түпнұсқалылығымен ерекшеленеді – автор өзінің көз алдында не болғаны немесе болғанынан көп уақыт өтпеген оқиғалар жайында, өзі жақсы білетін фактілер туралы жазған. Сол арқылы ежелгі түрік деректемелері түрік қоғамындағы этникалық, әлеуметтік және мәдени үрдістер туралы жат жерлік байқаушылар жазған мәліметтерге неғұрлым дәл түсінік береді. Монғолия жерінен мейлінше құнды ежелгі түр текстері табылды.
Деректеметануда Енисей мен Таластан ашылған ескерткіштердің зор маңызы бар.
Ең алдымен түрік хандары Күл-тегін (732) мен Білге қаған (735) құрметіне қойылған ескерткіштер – Кошоцайдам құлпытастарын атап өту керек. Бұл жазбалардың авторы, басқа да көпшілігіндегі сияқты, қаған әулетінен шыққан Йолығ-тегін болған, ол түрік тілінде жазған есімі бізге белгілі тұңғыш жазушы. Осы екі ескерткіш басқа да руна жазбаларының бәрі дерлік салыстырылатын өзінше бір өлшемдерге айналды. Тоныкөк ескерткіші (шамамен 716), Құлшора құрметіне орнатылған ескерткіш (722), Онгин жазбасы қосылатын Кошоцайдамның мәнерлі тексі негізінен Шығыс түрік қағанаты жөнінде мәліметтер береді.
Сонымен бірге оларда Қазақстан мен Орта Азияның батыс түріктері тарихының оқиғаларына қатысты маңызды естеліктер бар, оларға талдау жасау тарихи-географиялық, тарихи-саяси және этнографиялық прроблемалардың тұтас кешенін зерттеу жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді. Ең құндысы – “он оқ” (он жебе) халқы, түргештер, қарлұқтар, оғыздар, кенгерестер, Жетісу соғдылары туралы мәліметтер.
Елтеміш Білге қаған (747-759) құрметіне жазылған эпитафия болып табылатын Селенга тасы (яғ,и Шине Усу ескерткіші) орхон есерткіштеріне жатады. Бұл жазбада түріктермен бірге ұйғырлардың тайпалық бірлестігіне билік еткен қыпшақтар уақыты жағынан бірінші рет ауызға алынады. Елтеміш қағанның түріктермен, түркештермен, қарлұқтармен және басмылдармен өзара қатынастарының тарихы да баяндалады.
Батыс түрік қағанатының Жетісудан (Талас өңірінен) табылған ескерткіштері елеулі мәдени тарихи қазына болып табылады, оған қабірлерге қойылған құлпытастарға, теңгелерге, тұрмыстық заттар мен ағаш таяқшаларға жазылған ое екі жазба жатады. Бұл ескерткіштердің жоғарғы мерзімі едәуір айқын – УІІІ ғасыр, ал төменгі хронологиялық шегі тегінде, УІ-УІІ ғасырлар шегі болуы ықтимал.
Қорыта айтқанда ежелгі түрік ескерткіштерінің алдыңғы ортағасырлық Қазақстанның тарихи географиясы мәселелерін талдап шешуге айқын жарық беретін деректеме ретіндегі маңызы бағалау қиын.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті.УІ-УІІІ ғасырлар аралығындағы көне түріктер мен қытай елі арасындағы қарым-қатынасты қарастыру үшін біз алдымызға мынадай мақсаттар мен міндеттерді қойдық:
— УІ-УІІІ ғасырлардағы түріктердің мемлекеттіліктің ерте түрлері жөніндгі мәселеге ден қою;
— УІ-УІІІ ғасырдардағы қытай тарихын хронологиялық деңгейде түркі қағанаттарымен өзара саяси байланысын баяндау;
— Түркі қағанатынан батыс қағанатының бөлініп шығу барысын Қытай мемлекетімен туындаған саяси қайшылықтар негізінде талдау;
— Көшпелілердегі феодалдық қарым-қатынастың ертеректегі түрлерін көрсету;
- Түрік-қытай арасындағы мәдени қарым-қатынасындағы Жібек жолының рөлін айқындау;
- Қытай деректеріндегі Түркілержайлы мағлұматтарға талдау жасау,
- Түркі –соғды қатынастарының ерекшеліктері,
- Сасанилік Иран және Византиямен қарым-қатынасындағы Түркілердің рөлін ашып көрсету
Бітіру жұмысының құрылымы: кіріспе, үш тарау, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. ТҮРКІЛЕР ЖӘНЕ ҚЫТАЙ
1.1 Түркілер мен Қытайлар арасындағы саяси қарым-қатынасы
545 жылы Ұлы түркілер мемлекеті құрылғаны белгілі. Құрылған кезеңінің алғашқы жылдарынан бастап түркілер мемлекеті мен Қытай мемлекеті арасында тығыз саяси қарым-қатынас орнады.545 жылы Солтүстік Қытайда Шығыс Вэй империясымен Шығыс Вэй империясы соғысты. Батыс Вэй императоры қарсыласына қарсы соғыста одақ іздеп, түркілер мемлекетіне елші жібереді. Түркілер қағаны Бумын Батыс Вэй астанасы Чаньанға көп сыйлықпен елшілер жіберіп, одақ құруды қабылдады.
Бумын қаған түрік елінің ата жауы болып келген аварлар (жужандар немесе жуань-жуань) қағаны Анағұйдың қызына үйленбекші болып, ханға сөз салу арқылы аварлармен арада жанжал тудырады. Анағұй келісім бермеді. Өзіне тәуелді түркілер қағанының бұл қылығына қаһарланды. Бұл жағдай Бумынның Батыс Вэй мемлекетімен жасаған одағын жандандырып, аварларға қарсы көмек сұрауға итермеледі. Нәтижесінде, 551 жылы Бумын Анағұйға тосыннан шабуыл жасап, толығымен жеңді. Бумын Елхан лауазымын алады [1].
Кейінгі жылдары да түркілер мен аварлар арасындағы қақтығыстар тиылмады. 555 жылы Батыс Вэй территориясына көшіп барған аварларды Батыс Вэй императоры түркілерге ұстап берді. Өйткені Батыс Вэй басшысы империясына қарсы соғыста түркілерге үлкен үміт артқан еді. Батыс Вэй мемлекетінің көмегімен түркілер аварларды тарих сахнасынан жойып жіберді. Бұл оқиға Мұқан қаған (553-572) билік құрған жылдардың алғашқы ширегінде орын алды.
УІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, түркі мемлекеті территориясы шығысында Кәріс түбегінен, батысында Каспий теңізіне дейін, оңтүстігінде Алашань, Гоби шөлдерінен, солтүстігінен Байкал теңізіне дейін созылды.
Түрік сөзінің деректерде жиі кездесуі, көрші өркениеттер жүйесіндегі түркілер елінің басым салмағын көрсетеді. Вэй-Чжоу мемлекеті де өз қарсыластарымен соғыста Түрік қағанатына үлкен мән беріп, үміт артты.
Батыс Вэй мемлекетінде 557 жылы Вэй әулетінің соңғы императоры тақтан тайып, орнына басқа әулеттің келуімен, мемлекет Вэй-Чжоу деп аталған еді. Вэй-Чжоу мемлекеті де шығыстағы Бэй-Ци мемлекетін құлатуды көздеді. Осы жолда екі император да Мұқан қағанға ханшаларын айттыруға елшілер жіберді. Мұқан қаған Вэй-Чжоу мемлекетімен одақ құруды қалады