Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | З. Ахметовтің «Абайтану» ғылымы саласындағы еңбектері
Мазмұны
КІРІСПЕ
І-ТАРАУ. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ З. АХМЕТОВ
1.1. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті
1.2. З. Ахметовтің өмірі мен шығармашылығы
ІІ- ТАРАУ. З. АХМЕТОВ ЖӘНЕ АБАЙТАНУ ҒЫЛЫМЫ
2.1. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен зерттелу тарихы.
2.2. З. Ахметовтің «Абайтану» ғылымы саласындағы еңбектері
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Кіріспе
Қазақ әдебиетінің кеңес дәуірінде өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқан және Абайтану ғылымы саласында өзіндік із қалдырған негізгі өкілдерінің бірі- З. Ахметов. Ғалымның қазақ әдебиетіндегі алатын орнын, жеткен жетістігін, шыққан биігін, өзіндік қасиетін жарыққа шығарып, өскелең ұрпаққа паш ету бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде десек, біздің бүгінгі ғылыми жұмысымыз осындай ірі жұмыстың бір шеті ғана болып табылады.
Жұмыста З. Ахметовтің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбектері және оның маңызы тұрғысында сөз болады. Ғалымның Абайтану ғылымындағы жемісті еңбектері жинақталып нақтыланады және маңызы айқындалады.
Зерттеудің өзектілігі.
Біздің ғылыми жұмысымызда бүгінгі таңда зерттеу әлі де қолға алына қоймаған, кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінде жемісті еңбек еткен, артында мол мұра қалдырған ірі тұлға З. Ахметовтің салған сүрлеуін жарыққа шығару. Осының негізінде төмендегідей міндеттердің шешімін табуға талпындық:
1. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің негізгі көрсеткіштері,
2. З.Ахметовтің қазақ әдебиетіндегі өзіндік салған сүрлеуі,
3. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуы,
4. З. Ахметовтің Абайтану ғылымындағы өзіндік қолтаңбасы.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы.
-Абайтану ғылымының өркендеп дамуындағы еңбектерді топтастырып бір жүйеге түсіру;
-Егемендік алғанға дейінгі және егемендік алғаннан кейінгі Абайтану ғылымының өзара байланыстығының негізгі арналарын анықтап көрсету.
Зерттеу жұмысының әдістері.
Зерттеу барысында сипаттама, жүйелеу, түсіндіру сияқты әдіс — тәсілдер пайдаланылды.
І-ТАРАУ. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ З. АХМЕТОВ
1.1. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті
Қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып, жан-жақты дамуындағы негізгі кезеңдердің бірі-кеңес дәуірі екендігі анық. Сол кезеңдегі билік басында отырғандар зерттеушілердің назарын осы дәуірдегі әдебиеттің жандануына бұрып, солардың негізінде кеңестік заманның артықшылығын, осы мезгілдегі әдебиет дамуының жетістіктерін баса айтуға бағыттады. Шындығында да жалпы әдеби істің ілгерілеуінде, әдебиет жанрларының тууы мен баюында, әдебиеттің қоғам ісіне батыл араласуында, ақын-жазушылар қатарының өсуі мен әдебиеттің тақырыптық арнасының кеңеюінде бұл дәуір әдебиеті аса үлкен орын алатын еді. Сондықтан күнделікті әдеби сыннан басқа бұл дәуір әдебиетіне келелі зерттеулер жасалды.
Кеңестік дәуірдегі әдебиет дамуын ғылыми қорытындылауға арналған тұңғыш еңбек -«Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» 1949 жылы жарық көрген еді. Кезінде ол сол дәуірдің идеологиялық талабына жауап бермейді деген сылтаумен сыналды. Одан кейінгі талап -осы аттас кітаптың жаңадан жасалған нұсқасы (1958). Очерк сол жылы орыс тіліндс басылды. Мәскеуде 1960 жылы жарияланды. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті туралы толық зерттеу кейін «Қазақ әдебиетінің тарихының» үшінші томы (бірінші, екінші кітаптар) күйінде жарық көрді (1967)[1].
1954 жылы қыркүйекте Қазақстан Жазушылары өздерінің үшінші съезін өткізді. Онда 1939-1954 жылдар аралығындағы әдебиеттің тәжірибесі, көркемдік табысы мен кемшіліктері талқыланды. Съезден кейін 1955 жылдың қаңтарында бастап соғыс кезінде тоқтап қалған «Қазақ әдебиеті» газеті қайтадан шыға бастады. Қазақ әдебиеті дамуының кейінгі жағдайларына бұл съез де, одан кейін (1954 желтоқсан) өткен. Одақ жазушыларының екінші съезі де пайдалы ықпал жасады. Оларда өмірді тереңірек зерттеу, көркемдікке жету әдебиеттегі түр мен стиль мәселелеріне бірсыпыра көңіл бөлінді.
Отызыншы жылдардан бастап қазақ әдебиетінің қарқынды басталысы бұл кезде бірсыпыра идеялық-көркемдік мектебінен өткен еді. Әдебиеттің тұтқасын ұстаған аға таланттар ұрпағы қалыптасты. Осылардың творчестволық ізденісі арқасында қырқыншы жылдардың екінші жартысында-ақ ұлттық әдебиетіміз үлкен-үлкен шығармалар туғызды.
Соғыс тәжірибесін жинақтауда, халық ерлігінің рухани мазмұны және оның қайнар көзін ашуда «Қазақ солдаты» романының орны үлкен. Онда жаңа заман батырының тәрбиелену, өсу жолы кең бейнеленген.
Осыларға жалғас қазақ әдебиетінде жаңа романдар легі дүниеге келді. Ә.Нүрпейісовтің «Күрляндия» (кейін «Күткен күн» болып өзгерілген — 1950) романы бұрын өдебиетте көрінбеген жас жазушының эпиктік талантын мойындатты. Оның кең тынысты романы өмір шындығын қамтуы мен шеберлігі жағынан ұнамды бағаланды.
Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінде өндіріс тақырыбына арналған жаңа романдар жарық көрді. Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды» (1952), Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» (1953), Ә.Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» (1953) романдары қазақ даласында өндіріс орындарының пайда бола бастауынан бергі ұзақ процестің, қазақ жұмысшыларының туып қалыптасуының көркем шежіресін жасады. Алғашқы екі роман Қарағанды жұмысшыларының бұрынғы және кейінгі өмірін, азаттық жолындағы күресін суреттейді
Осы дәуірдегі ірі шығармалардың бірі – С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты мемуарлық кітабы еді. Отызыншы жылдардан басталған бұл шығарманың екі кітабы 1953 жылы жарық көрді. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы феодалдық –патриархалдық тіршілігін кең суреттеп, оның бойында оянып келе жатқан прогресс ұғымын нанымды бейнелеуде бұл роман да дәуірлік қызмет атқырды.
Жастар өміріне арналған С.Шаймерденовтің «Инеш» (1953) романы, М.Иманжановтың «Алғашқы айлар» (1950), З.Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» (1955) повестері де осы жылдар жарық көрді.
Бұл жылдарлағы қазақ повестерінің қатарын С.Бакбергеновтың «Талғат» (1950), «Күй» (1951). Қ.Жармағамбетовтың «Әнші-азамат» (1951) атты шығармалары толықтырды.
Бұл тұста С. Омаров, Б. Момышұлы, С. Шаймерденов, Б.Соқпақбаев, тағы басқалар жаңа әңгімелерімен көріне түсті. Елуінші жылардың басында тың көтеру науқаны жаңа очерктердің көптеп жазылуына себепкер болды. Қазақ жазушылары үлкен-кішісіне қарамай, тыңға аттанып, халықтық үлкен іске үн қосты. М.Әуезовтің «Түркістан солай туған», С.Мұқановтың «Туған жердің тыңында» атты очерк кітаптары. Ғ.Слановтың М.Иманжановтың, О.Нұршайықовтың очерктері жарық көрді. Бұлар қазақ прозасының шағын жанрларынында өсу жолындағы ізденісін танытты.
Қазақ поэзиясы бұл дәуірде өзінің заман талаптарына елгезек қарайтын әдетімен, соғыстан кейінгі бейбіт еңбек тақырыбын жырлауға белсенді қызмет етті. Қазақ өлеңі көркемдік салада іздене жүріп, еңбектің қоғамдағы рөлін, еңбек адамының бейнесін, сол арқылы жаңарып жатқан өмірдің жарқын суреттерін ашуда бірқатар табыстарға жетті. Қазақ лирикасының да өсіп-жетілгені –осы тұс. Шағын лирикада қазақ ақындары отан сүйгіш сезімді, адамның ішкі байлығын, табиғаттың жарқын көріністерін суреттей алуға көтерілді[2].
Соғыс жылдары танылған Қасым таланты бұл тұста ерекше толысты. Оның жырларынан адам бойындағы рухани қуат, тегеурінділік, табандылық, қайсарлық мол көрінеді. Соғыстан қайтқан солдат сезімінің байлығын да, отаншылдық ойдың толысуы да танылады.
Бейбіт еңбектің өндірістегі қимылын ондағы адамдарды жырлауда Қ.Бекхожиннің «Жезқазған жырлары» мен М.Әлімбаевтың «Қарағанды жырлары» көрнекті орын алады. Бұл жырлар еңбекті адамға абырой, даңқ әперетін творчество дәрежесіне көтере жырлаумен, адамды таңдаудағы және суреттеудегі көркемдік ізденістермен бағалы.
Қазақ жыры шындық сырын кең қамтыған, ойлы, суретті лирикаға молықты. Махабатты, табиғатты жырлау да бұрышы дәуірлерге қарағанда едәуір дамыды. Соғыс апатынан жапа шеккен халықтың баянды бейбітшілікті қалауы да жырға айналды. Қазақ әдебиетіндегі бейбітшілік жырлары «Бсйбітшілік даусы» (1951), «Бейбітшілік берік қолда» (1952), «Бейбітшілік жасасын» (1953) атгы жинақтарға бірікті.
Бұл жылдар поэма жанрының да өркен жайған кезеңі болды. Соғыс салған жараны еске алу, бейбіт еңбекке көшудің проблемалары, қоғамдық өмірдің жаңалықтары меп жаңа адамның бейнесін жасау қазақ поэмасының тақырыптық ауқымын кеңейте түсті.
Соғыстан кейінгі дәуірдегі қазақ поэмасының идеялық-көркемдік ізденістерін байытқан айырықша талант иесі – Хамит Ерғалиев (1916-1997) еді. Ол алғаш «Әке сыры» (1947) поэмасымен танылды. Поэма соғыстың ауыртпалығын көрген солдаттың баласымен сырласу түрінде жазылған.
Тұтастай алғанда бұл дәуір қазақ поэмасының есейтенін танытты. Ол сюжетті, лирика-публицистикалық поэмалар үлгісінде қатар дамыды. Драмалық тартысы күшті, өмір шындығын кең суреттеген өлеңді романдар да туды. Аталған шығармалардың көбі халық өмірінің шындығын көркем бейнелей алуымен, формалық, бейнелілік сыпаттарымен бұл жанрдың мүмкіндіктері мол екенін байқатты[3].
Қазақ драматургиясы саласындағы ізденістердің бағыт-бағдары да сол дәуірдің міндеттерінен туындады. Қоғам мен адам тағдырындағы қайшылықты күйлерді дәл танып, шығармаға тартыс есебінде пайдалану, сол тартыста жеңіп шыққан еңбек адамының биік рухын бейнелеу драматургияның негізгі беталысын белгіледі. Оның үстіне 50-жылдардың бас кезінде «тартыссыздық» теориясының сыналуы, өмірде тартыстың барлығын мойындау, сол тартыстың әлеуметгік сипатын тану жолындағы ізденістерге бастады.
Осы дәуірдегі драматургиялық дамуға белсенді үлес қосқан жазушы — Әбжаппар Әбішев (1907-2000). Әдебиетке отызыншы жылдардың орта тұсында келіп, проза мен драматургияда қатар жұмыс істеген ол ұлттық драматургияның кейінгі дамуында көрнекті рөл атқарды. Өзінің ең тәуір пьесаларын ол осы кезде жазды.
Соғыстан кейінгі дәуірде ауыл шаруашылығын көтеру, ондағы еңбекті жаңаша ұйымдастыру, бұл жолда ескі әдістерді өзгертіп, шаруашылық жүргізудің тиімді жолдарын қолда бірқатар пьесаларда көтерілді. Мұның өзі заманның талап етіп отырған проблемасы еді. Соғыс салған жараны тез жазу, халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін заман жаңа амалдарды керек етті.
Әдебиет сыны мен әдебиетті зерттеу ғылымы үшін бұл дәуір аса бір қиын, әрі күрделі кезең болды. Партияның идеология саласындағы қаулылары, космонополитизмге қарсы күрес ең алдымен әдебиет пен өнердегі «бұрмалаушылықтардың» бәрін сын мен ғылымнан көрді. Қазақ әдебиетіндегі «ұлтшылдықты» әшкерелемей отырған да сын мен ғылым боп шықты.
Бұл дәуірде туған күрделі еңбектер қатарында «Қазак әдебиеті тарихы» (1 том.1948. М.Әуезовтің баскаруымен) мен «Қазақ совет әдебиеті тарихынын очеркі» (1949. Қ.Жұмалиевтің басқаруымен), «Совет дәуіріндегі қазақ халық поэзиясының очерктері (1955 Н.С.Смирнованың басшылығымен) атты ұжымдық зерттеулерді атауға болады. Жеке ақындар творчествосы туралы зерттеулер туа бастады. Қ.Жұмалиевтің «Махамбет» (1948), «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1950). Б.Кенжебаевтың «Сұлтаимахмұттың ақындығы» (1949), З.Кедринаиын «Мұхтар Әуезов» (1951), Т.Нұртазиннің «Сәбит Мұқанов творчествосы туралы» (1950) атты монографиялары жарық көрді. 1954 жылы Абайдың қайтыс болуының 50 жылдығы аталып өтті. Мерейтой тұсында М.Әуезовтің, Б.Кенжебаевтың, Қ.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, Қ.Мұхаметхановгың, 3.Ахметовтің жана мақалалары жарық көрді. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл, Иса Байзақов шығармашылығы іріктеле бастады. Күнделікті өдеби сынға Т.Нұртазин, К.Жармағамбетов, С.Сеитов, С.Төлешев, т.б. белсенді араласты. Бұл еңбектерді бағалауда артық-кем қателіктер орын алғаны жоғарыда айтылды. Соған қарамастан бұлар қаралып отырған әдебиет сыны меп зерттеу саласындағы байсалды еңбектердің қатарын толтырғаны даусыз.
Соғыстап кейінгі дәуірдің әдебиеті осындай қиыншылықтарға қарамастан, барлық жанрда ізденіп, кемелденуге аяқ басқан әдебиет болғаны бүгін дау тудырмайды. Қазақ қаламгерлерінің таңдаулы туындылары бүгінгі заман мен тарихи тақырыпты қатар жырлауда едәуір табыстарға жетті. Олар одақтық оқырмандар талғамына толып, шетелге танымал бола бастады. Бұл салада аға буын ақын-жазушылардың таланты мен тәжірибесі жетекшілік рол атқарды. Оларға ерген ұрпақ та байсалды ізденіс танытты. Мұның бәрі қазақ әдебиетінің әлемдік даңқын көтерген жаңа әдебиетті жасаудың алгашқы адымы болатын.
Қазақ әдебиетінің дамуының бір кезеңі бұл- жаңғыру кезіндегі қазақ әдебиеті кезеңі алдыңғы дәуірлерге қарағанда бірсыпыра өзгешеліктермен ерекшеленеді. Әдебиет дамуы жайындағы кейбір жалған теориялар, оның ішінде «тартыссыздық», «уақыт дистанцясы», «шындықтың сыртын жылтыратып бейнелеу» сияқты ұғымдар сынға ұшырады. Жазушылардың өмірмен байланысын арттыру мәселесі көтерілді, творчестволық ынталылыққа жол ашылып, қаламгерге деген сенімсіздік азайды. Мұның өзі өмір талаптарынан туындаған дүниелер болатын. Оның бірталай белгілері өмір мен әдебиетте 50-жылдардың бас кезінде-ақ белгі берді[4].
1958 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мсн өнерінің онкүндігі, осы дәуір ішінде өткен Қазақстан жазушыларының IV (1959) және V (1966) съездері республикадағы әдебиет дамуының мәселелерін талқылап, оның жаңа міндеттерін бслгіледі Қазақстан жазушыларының қатары білімді, дарынды жастармен толықты, 1959 жылы оның қатарында 158 адам болса, 1966 жылгы съезд қарсаңында олардың саны 242-ге жетті. Жас таланттар қазақ әдебиетінің ауыр жүгін арқалап келген аға буын өкілдерімен ытымақтаса, бірлесе, әдебиеттің жаңа міндеттерін шешуге қатысты.
Бұл дәуірдегі әдеби қозғалыстың басты ерекшеліктерінің бірі жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы деуге болады. Бұл осы дәуірдс туған прозалық шығармаларда айрықша танылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактілер сынға ұшыраганнан кейін қазақ жазушылары бүгінгі заман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылды. Ел тарихындағы маңызды тарихи оқиғаларды суреттеуге ойысгы.
Бұл саладағы жаңаша ізденістің бір үлгісін Мұхтар Әуезов көрсетті. Ол «Өскен өркен» (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруде өзгеше ізденіс танытты. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін эпикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. Сонымен байланысты моральдық-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Осы негізде Қазақстанды мекендейтін халықтардың бүгінгі қарым-қатынастарына үңілді. Өмір шындығып әрқашан қат-қабатымен көтеріп үйренген жазушы бүгінгі тіршіліктін де күнгей жағын ғана қозғамай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтерды шыншылдықпен ашады.
Мал шаруашылығын өркендету шараларын проблемалық тұрғыда көтере отырып, ондағы адам тағдырының әрқилы өзгешеліктеріне көңіл бөлу Т.Әлімкұловтың «Ақ боз ат» (1962) романында да байқалады. Мұнда қазақтың қанына сіңген жылқы кұмарлық, жүйрік ат баптау, бәйгеге қосу, сонымен бірге сауықшылдықты қызық көрген елдің дәстүрлі кәсібі мен өнері кең бейнелі сурет табады.
Бұл жылдардағы ауыл еңбеккерлері жайлы романдарды Қазақстанда тың көтерумен байланысты туған жаңа туындылар толықтырды. Бұлардың ішінде С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», 3.Шашкиннің «Сенім» романдары көрнекті орын алады.
Осы жылдары роман жанрында Зейін Шашкин (1912-1966) елеулі қызмет етті. Әдебиеттік қызметін өлең жазудан бастап, кейін сын-зерттеу саласында еңбек еткен Зейін 1937 жылы жазықсыз жер аударылып елуінші жылдардың орта кезіне дейін шығармашылық үзіліске тап болды. Осыдан соң әдебиет өміріне қайта оралған ол ерекше бір белсенділікпен жұмыс істеп, эпикалық прозада көптеген шығармалар тудырды. Олардын ішінде «Ұядан ұшқанда» (1957). «Тоқаш Бокин» (1958), «Темірқазық» (1959), «Теміртау» (1960). «Доктор Дарханов» (1962), «Өмір тынысы» (1964), «Сенім» (1956) сияқты романдар мен повестер бар. Бұларда автор қазақ жеріндегі әлеуметтік өзгерістер мен халық өмірінің маңызды оқиғаларын көтерді.
Бұл шығармалар әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеу жалаң тақырып қуалау емес, адамдардың биік сапасын ашу, адамгершілікті сақтау, бастан кешкен қиындықтарға қарамай, қайткенде адам боп қалу проблемаларымен байланысты қойылғанын дәлелдейді. Ауыл өмірі, өндіріс тақырыбы кейіпкерлердің еңбек еткен ортасын, олардың қоғамдық міндетке деген көзқарасын, қатысын таныту үшін алынады. Ал, адам- қайда болса да адам, қазақ әдебиеті осы адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылды.
Бұл дәуірдің бірталай тәуір шығармалары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезеңдердің шындығын танытуға арналды. Халықтың азаттық жолындағы күресі. Жаңа өмір үшін талас бұл шығармалардың негізгі өзегі болып табылады. Бұл салада Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (1957), «Көз көрген» (1963), С.Мұқановтың «Есею жылдары» (1963), Х.Есенжановтың «Акжайық» (1957—1965), Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» (1961—1970), Ғ.Слановтың «Асау арна» (1962) сияқты романдарының атап айтарлық маңызы бар.
Бұл дәуірде тарихи адамдар өмірінен алынып жазылған шығармалар ішінде Д.Әбілевтің «Ақын арманы», «Арман жолында» (кейін «Сұлтанмахмұт» деген атпен трилогия болып басылған) атты романдарының көркемдік табыстары аз емес.
Бұл дәуірде сонымен қатар Отан соғысы дәуірінің шындығы қайта қаралып, оның адам тағдырына әсерін ашарлык бірталай тың туындылар жазылды. Оларлың ең тәуірлері қатарында Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» (1956), Б.Момышұлының «Артымызда Москва» (1958) сияқты кітаптары бар. Бұл шығармалар жеке адамға табыну саясатының сыналған кезінде, бұрын сыңаржақ суреттеліп келіген соғыс шындығын бар болмысымен, қалтарыссыз бейнелеуге бастама болды. Оларда соғыстың алғашқы кезіндсгі майдангерлердің ауыр өмірі, катты ұрыспен шегіну оқиғалары суреттелді. Сондай қиыншылык сынынан өткен біздін отандастарымыздың жеңіске деген сенімі, жауынгерлік бейнесі, оптимизмі тарихи шындыққа сүйеніп көрсетілген[5].
Аталған дәуірде қазақ прозасының даму тенденциясын осы сияқты көлемді романдар айкындағанмен, прозанын басқа жанрлары да әдеби процеске өзіндік үлесін қосты. Прозаның жаңа ізденістерін баянды етуде С.Шаймерденовтің «Мезгіл», С.Омаровтың «Күншуақ» Н.Ғабдуллиннің «Өмір-қымбатсың маған», О.Таразидің «Құйрықты жұлдыз», Ә.Кекілбаевтің «Бір шөкім бұлт», Ш.Мұртазаның «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», Б.Соқпақбаевтың «Менін атым – Қожа», Р.Тоқтаровты» «Бакыт», Ж.Молдағалиевтің «Жаз ерке» Қ.Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» повестерінің елеулі орны бар.
Осы жылдардағы көркем әңгімені дамытуға да осы аталған жас жазушылар мол қатынасты. Сонымен қатар әңгіменің атақты шебері Ғабит Мұсірепов те бұл жанрға қайта оралып, біраз әңгімелер жазды.
Елімізде жеке адамға табынушылықты сынаумен байланысты илеологиялық шектеушілік пен ой-пікірге салынған тұсаудан босау қазақ поэзиясының қанатын кең жазуына, өмір шындығын бейнелеуде ақындық онды шалқыта еркін жырлауына жол ашты. Бұрын саясатқа құрылған науқандық өлеңдердің үгіттік сыпатына көбірек көңіл бөлінсе, енді жалпы адамның рухани тіршілігіне, оның қуанышы мен қайғысына, сүйіспеншілік сезімдері мен табиғатпен сырластығын жырлауға мүмкіндік туды. Осындай тұста әдебиетке келген жас ұрпақ тежеу көрмеген қалпымен еркін араласып, поэзияны, әсіресе, лириканы жаңа сапаға көтерді. Олардың ішінде Ғ.Қайырбеков, І.Мәмбетов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, С.Жиенбаев, М.Мақатаев, Е.Ибрагим, Ш.Мұхамеджанов, Ж.Нажімеденов, Т.Айбергенов, С.Асанов, О.Абайділданов, т.б. бар еді.
Қазақ лирикасының жаңа ізденісі әлемдік озық поэзия дәстүрімен байланысты көтеріле түсті. Қазақ ақындары олардан үйренгенімен, ешкімді қайталамай, өз шындығына лайық дамытты.
Қазақ поэзиясының табыстары ақындарымыздың өмірге өктем араласып, дәуірдің әлеуметтік-философиялық мұңын ашуында жаңа қадам болды. Онда әр түрлі стиль мен түр ізденістері тоғысты.
«Тартыссыздық теориясының» күйреуі, жеке адамға табыну кезінің таршылығынан босау драматургияның дамуына да қолайлы жағдайлар туғызды. Драматургия бүгінгі заман тақырыбын жырлауда, ондағы қоғамдық қайшылықтар мен адам тағдырының драмасын ашуда батыл қадамдар жасады. Бұл әсіресе, Ш.Хусайыновтың, Ә.Тәжібаевтың, Т.Ахтановтың, Қ.Мұхамеджановтың пьессаларында анық көрінді.
Осы дәуірде қоғамдық дамуға кірген өзгерістер драматургиядан да қалыптасқан жүйені бұзып, өмір шындығын әрқилы жағынан батыл бейнелеуді талап етті.
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа зерттеулер оны тұтас жинақтап көрсетуге де, ауыз әдебиетінің жанрларын талдауға да, жеке ақындардың шығармашылығын бағалауға да көңіл бөлді……