Дипломдық жұмыс: Биология | Оңтүстік Қазақстан жағдайында картоптың алғашқы тұқым шаруашылығын енгізіу

0

Мазмұны

Кіріспе
1. Ғылыми зерттеу бөлімі
1.1.Аналитикалық шолу
1.1.1. Картоптың халық шаруашылығындағы маңызы
1.1.2. Дақылдың таралуы және ботаникалық сипаттамасы
1.1.3. Өсімдіктің биологиялық ерекшеліктері
1.1.4. Картоптың бастапқы тұқым шаруашылығының қазіргі жағдайлары
1.1.5. Биотехнологиялық негізде тұқым шаруашылығын жүргізу
1.1.6. Өсімдікті клондық микрокөбейту артықшылықтары
1.1.7. Жасушаларды және ұлпаларды өсіруге қажетті қоректік орта
1.2. Зерттеуді қою мақсаты
1.3 Тәжірибелік бөлім
1.3.1 Зерттеуді жүргізу әдістемесі
1.3.2 Бастапқы затқа (шикізат) және дайын өнімге сипаттама
1.3.3 Анализдеу әдісін таңдау
1.3.4 Зерттеудің нәтижелері және оны талдау
1.3.4.1. Дедиффереңциялану және каллустың түзілуі
1.3.4.2. Картоп сортына байланысты морфогенез, ризогенез және регенерация процестерінің жүруі
1.3.4.3. Меристемалық өсімдіктердің морфологиялық сипаттамасы және олардың әртүрлі жағдайларға байланысты өзгеруі
1.3.4.4. Биологиялық белсенді заттардың меристемалық картоптың өсуі мен дамуына әсері
1.3.4.5. Өсуді реттегіштердің меристемалық картоптан отырғызатын материалдың шығымына әсері
1.3.5 Технологиялық бөлімге арналған ұсыныстар мен қорытындылар
2. Технологиялық бөлім
2.1 Технологиялық сызба нұсқасын және режимін негіздеу және таңдау
2.2 Таңдалған технологиялық сызба нұсқаның түсіндірме жазбасы
2.3 Негізгі және көмекші құрал жабдықты таңдау
2.4 Технологиялық есептер
3 Тіршілік қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
4. Қоршаған ортаны қолдау
5. Экономикалық бөлім
6. Бизнес жоспар

Кіріспе

Жұмыстың өзектілігі. Қазіргі кезде биотехнология ғылыми – техникалық үрдістердің негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Биология және техника ғылымдары, генетикалық және ұлпалық инженерия салаларының жетістіктері негізінде адамзат өмірінің деңгейін айтарлықтай жоғарылатуда тірі ағзалардың барлық мүмкіншіліктерін пайдалануға болады. Биотехнологиялық өнімдерді өндіру арқылы өндірістік – технологиялық, экологиялық және әлеуметтік – экономикалық өзекті мәселелерді жақын аралықтарда және стратегиялық жоспарлар құру арқылы шешіледі.
Әрбір елдер, оның ішінде Қазақстан Республикасы үшінде ұлт саулығын, экономиканың тұрақтылығын және қорғаныс қабілеттілігін арттыру өте маңызды, әрі күрделі мәселе болып отыр. Бұл мәселені шешуде биотехнологияға басты назар аударылуы тиіс. Әсіресе, биотехнология ауыл шаруашылығы өндірісіне кеңінен қолдануға бағытталу қажет. Өйткені, біздің еліміздің стратегиялық мақсаттарында халық шаруашылығы осы салаға көп көңіл бөледі [1].
Тұқым шаруашылығында биотехнология жетістіктерін пайдалану арқылы дақыл сорттарын сауықтыру және олардың сыртқы орта ықпалдарына төзімді (ыстыққа , суыққа, топырақ ортасына және тағы басқа) жаңа сорттарын алу Қазақстан Республикасында 1995 жылдардан бері қолға алынып келеді. Өйткені, тұқым шаруашылығында биотехнологияны қолданып, дақыл өнімділігін 15-30 пайызға дейін жоғарылатуға болады [2].
Оңтүстік Қазақстан жалпы картоп дақылының өсіп-дамуы үшін қолайсыз болып табылады. Механикалық құрамы орташа саздақты болатын сұр топырақтар, түйнек түзу кезеңіндегі тым жоғары температура және ылғалдың жетіспеушілігі картоп өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады [3].
Картоп өнімділігін көтеру үшін әртүрлі табиғи ортаға тиісті агротехникалық шаралар жүйесін оңтайлы жүргізгенде ғана нақты жетістіктерге жетуге болады. Бұл шаралар жүйесінің бірі нақты табиғи ортаға бейімделген негізгі аурулуаға және зиянкестерге төзімді, жоғары сапалы және өнімділігі мол сорттарды пайдалану, сонымен қатар отырғызу үшін жоғары сапалы сау тұқымдық материалдарды қолдану керек.
Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысы жағдайында картоп шаруашылығын дамытудағы алғашқы міндеттердің бірі оның тұқым шаруашылығын дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Картоптың өнімділігінің деңгейі отырғызатын тұқымдық материалдың сапасына тікелей байланысты болғандықтан, дақылдың тұқым шаруашылығын тиісті жағдайға келтіру бүгінгі күннің басты өзекті мәселесі болып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи-климаттық жағдайлары жоғары температуралық ықпалдармен сипатталатындықтан картоптың тұқым шаруашылығын жүргізу және элиталық тұқымдық материал өндіру кәдімгі клондық таңдап алу тәсілімен оң нәтиже бермей отыр. Ыстық ауа-райы жағдайында вирус ауруының аз ғана мөлшері дақылдың өнімділігі мен сапасына айтарлықтай кері әсер етеді.
Аталған өзекті мәселені шешу үшін биотехнологиялық тәсілдерді қолдана отырып вируссыз негіздегі картоптың элиталық тұқымдық материалын өндіруді жолға қою қажет болып отыр. Бұл тәсіл арқылы элита алудың мерзімін үш-төрт жылға дейін қысқартуға және жоғары репродукциялы тұқымдық материалдармен тауарлық егіс алқаптарын қамтамасыз етуге болады [4].
Қазақстанның ыстық климаттық жағдайларын ескере отырып, картоптың бастапқы сауықтырылған тұқымдық материалын алуда және картоп өндіретін шаруашылықтарды жоғары сапалы тұқымдық материалдармен қамтамасыз ету үшін биотехнологиялық тәсілдерді қолдана отырып вируссыз негізде жүргізіп, ондағы басты назар микроклонды көбейту технологиясы мен жасушаларды және ұлпаларды өсіруде қолданылатын қоректік ортаның міндетті компоненттерінің бірі болып табылатын өсімдіктердің өсуін реттеуіштерін оңтайландыру қажет.
Жұмыстың мақсаты — Оңтүстік Қазақстан жағдайында картоптың алғашқы тұқым шаруашылығын енгізіу үшін қажетті сауықтырылған бастапқы материалды алуда қолданылатын микроклональді көбейту технологиясын жетілдіру.
Ғылыми жаңалығы — биотехнологиялық жетістіктерді қолдана отырып вируссыз негізде картоптың бастапқы материалын алуда алғаш рет отандық табиғи негізде алынған биологиялық белсенді заттар қоректік орта компоненттері ретінде зерттелді.
Қорғауға шығарылатын негізгі мәселелері:
— Өсімдік сортына байланысты каллустың түзілу мерзімі, сонымен бірге морфогенез, ризогенез және регенерация процестерінің жүруі
— Биологиялық белсенді заттардың картоптың пробиркалық өсімдігінің өсуіне және дамуына әсері.
— Картоп сорты мен биологиялық активті заттарға байланысты пробиркалық өсімдіктердің морфологиялық параметрлеріне әсері
Жұмыстың мақала ретінде журналдарға жариялау және жарық көруі
Жұмыстың құрлысы мен көлемі

1. Ғылыми зерттеу бөлімі

1.1 Аналитикалық шолу

1.1.1. Картоптың халық шаруашылығындағы маңызы

Картоп өте маңызды ауылшаруашылық дақылы. Картоп түйнегі, ең алдымен кеңінен әр түрлі тағамдарға пайдаланылады. Бір килограмм түйнек 840 калорияға дейін береді және адамның бір күндік рационында айтарлықтай орын алады.Картоп түйнегінде 22-25 % құрғақ зат, оның ішінде 80-85 % крахмал және 3 %-ға дейін белокты заттар болады [8]. Картоп ақуызы өзінің биологиялық құндылығы жағынан дәнді дақылдар ақуызынан анағұрлым жоғары бағаланады, өйткені оның құрамында және жануарлар организімдерінде синтезделмейтін амин қышқылдары (ванилин, лизин, трифтофан, лейцин т. б.) көп.
Картоп түйнегі адам организмінің қалыпты қызметіне өте қажетті көптеген бағалы витаминдер (С, В, А, Р, К) мен минералдық тұздардың маңызды көзі. Түйнегінде 20 %-ға дейін крахмал, 2 %-зға дейін ақуыз, әр түрлі витаминдер С (42 мг%), В1 (0,110 мг %), В2 (0,051 мг %), В6 (0,190 мг%), РР (1,220 мг %), фоли қышқылы каротин (56 мг %), май (0,15 %) болады. Сонымен қатар пектинді заттар, жасунық, стериндер, органикалық қышқылдар (лимон, қымыздық, алма және тағы басқалар) кездеседі, минералды тұздардан калий (523мг %), фосфор ( 58 мг %), магний (32 мг %) сондай-ақ, микроэлементтер темір, марганец, никель, кобальт, йод, кальций кездеседі [5]. Көрсетілген маңызды заттарының болуына байланысты картопты халық медицинасында зат алмасу, тыныс алу, көз, жүрек, бүйрек ауруларын емдеуде қолданылады. Картоптың жас өскіндерінің микробтарға қарсы әрекеті анықталған. Картоп крахмалы өт қышқылдарының белсенділігін арттырады, ол өз кезегінде ішек бактерияларының жұмысын жақсартады. Шет елдік ғаламдардың картоп түйнегінен алған ингибин препараты казіргі таңда асқазан жарасын, күйікті емдеуде кеңінен пайдалануда.
Картопты көптеген халық шаруашылық өндірістерінде кеңінен қолданады. Мысалы, 1 т картоптан 112 л спирт, 55 кг көмірқышқылы, 17 кг крахмал, 80 кг глюкоза және де тағы басқа заттар алуға болады [7].
Картоп, әсіресе сауын малы, шошқа және құстар үшін мал азықтық дақыл ретінде жоғары бағаланады. 100 кг картоп түйнегінде 31 азықтық өлшем және 1,6 кг қорытылатын (сіңімді) протеин бар. Картоп көптеген ауылшаруашылық дақылдарына жақсы алғы дақыл, тыңайтқыш пен мелиорацияға қайтарымы мол. Жоғары агротехника жағдайында бір орынға қайта отырғызуға, тіпті дара дақыл ретінде өсіруге болады. Сонымен қатар, картоп — бір өлшем жерде жоғары өнім құрайтын потенциалды мүмікіндігі бар өнімді далалық дақылдардың бірі. Қазіргі уақытта Республикамыздағы барлық картоп егістігінің жалпы көлемі 212 мың га құрайды. Қартоптың орташа өнімі соңғы жылдары облыстар бойынша 76-118 ц/га аралығында өзгерді, мұның өзі өсірудің агротехникалық шараларының бұзылуынан және тұқым шаруашылығының жолға қойылмағандығынан деп қарау қажет. Биологиялық ерекшеліктерін еске отырып картоптың өсіру технологиясының негізгі шараларын дұрыс іске асырғанда және ғылыми жетістіктер мен озық тәжірибені өндіріске енгізгенде картоп өнімін суармасыз жерлерде 140-180 ц/га, ал суармалы жерлерде 250-300 д/га дейін жеткізуге болады [8].

1.1.2. Дақылдың таралуы және ботаникалық сипаттамасы

Картоп алқа тұқымдасына жатады және егістіктегі негізгі түрі Sоlanum tuberosum. Табиғи тегі бойынша картоп сабағы жыл сайын өліп отыратын көпжылдық шөптесін өсімдік, бірақ жер шарының көптеген елдерінде бір жылдық өсімдік түрінде өсіріледі. Оны вегатативті түрде (түйнек, көзше және бүршіктерімен) және тұқымымен көбейтуге болады. Өндіріс жағдайында картоп негізінен түйнегімен-қысқарған жер асты өркенінің өзгерген түрімен көбейтіледі. Тұқымымен көбейтілгенде картопқа кіндік тамыр мен жалғыз сабақ, ал түйнегімен көбейтілгенде шашақ тамырлар жүйесі мен бұта пайда болады. Қартоп бұтасы бірнеше сабақтардан құралады [10].
Картопты түйнегімен көбейткенде тамыр жүйесі шашақты болады. Ол жекелеген сабақтардың тамыр жиынтығы деп есептеледі әрі бірінші және столон маңы тамырларынан тұрады. Тұқымымен көбейтілгенде кіндік тамыр жүйесін қалыптастырады.
Түйнектерімен көбейтілгенде биіктігі 180-200 см жететін бірнеше қырлы сабақтардан тұратын бұта түзеді. Бұтадағы сабақ саны түйнектерде өскен көзшелер санына, түйнектің мөлшері мен өсіру тәсілдеріне тәуелді. Картоптың жапырақтары күрделі, үзік-дара қауырсынды — қиықты, бірнеше жұп бүйір бөліктері мен бөлекшелерден тұрады, сабақ бойында бұрандалы орналасқан [9].

1 сурет — Картоп өсімдігінің тұқымнан дамуы

Гүлдері қос жынысты, бестік типте, күрделі шиыршық гүл шоғырына жиналған. Әрбір гүл тозаңдарымен бес аталықтан және бағана ұзындығы әртүрлі аналықтан тұрады, түстері жасыл-сарғыштан күрең қызылға дейін. Картоптың барлық сорттары гүл түзе бермейді.
Жемісі – шырынды жидек, көптеген тұқымдардан тұрады. Тұқымдары ұсақ жаншылған, ақ-сұр және сарғыш түсті, 1000 санының массасы 0,3-0,5г.
Түйнек — түр өзгерісіне ұшыраған жер асты сабағы болып табылады, пішіні мен түсі әртүрлі. Түйнектің бетінде бұрандалы тәртіппен орналасқан көзшелер (түр өзгерісіне ұшыраған жапырақтар) болады, олар тыныштық күйіндегі 2-3 бүршіктен құралған.

1- домалақ, 2- сопақ, 3- ұзынша

2 сурет — Картоп түйнектерінің пішіні

Түйнектің столонға бекіген жерін кіндік, ал оған қарама-қарсы жағын төбесі деп атайды. Сортына қарай картоп түйнегі домалақ, сопақ, ұзынша-сопақ болуы мүмкін. Сыртқы түсі бойынша түйнектер ақ, сары, қызыл, қызғылт, қызғылт-күлгін болады, ал жұмсағының түсі — ақ, сарғыш, сары, күлгін.
Түйнектің анатомиялық құрылысы сабаққа ұқсас: оның ұзындық қимасында түтікті сақина шоғын көруге болады, ол түйнек бетіне таяу көзшелерге қарай орналасқан, түйнектің орта бөлігі барынша ылғалды өзекпен толтырылған, ол негізінен крахмал жасушаларынан тұрады; түйнектің сырты эпидермис түзетін перидерма қабатынан тұрады [13].
Шаруашылық бағыты мен пайдалануына қарай картоп сорттары асханалық, техникалық, мал-азықтық және әмбебап топтарға бөлінеді. Өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығына байланысты ерте пісетін (70-80 тәулік), ортадан ерте (80-90), орташа мерзімде (90-100), ортадан кеш (100-120) және кеш пісетін (120 тәуліктен артық) картоп сорттары ажыратылады [18].

1.1.2 Өсімдіктің биологиялық ерекшеліктері

Картоп түйнегінің маңызды биологиялық қасиеті — тыныштық күйі кезеңімен сипатталады, мұның өзі тұкымдық материалды келесі өніміне зиян келтірмей күзгі — қысқа кезеңде сақтауға мүмкіндік береді. Тыныштық күнінің ұзақтығы картоптың сорты мен сақтау жағдайларына байланысты. Қысқы сақтау режімін дұрыс қолданғанда картоп түйнегі 6-7 ай бойы өспей жақсы сақталады.
Мәдени сортты картоп қоңыржай климаттың өсімдігі және тұрақты мол өнім температурасы айтарлықтай жоғары емес орта ендік аудандарында алынады. Тағы бір айта кететін жайт, картоп жоғары иілімді (пластикалы) және өсіру технологиясын дұрыс қолданғанда онда қолайлы емес табиғи жағдайларда жақсы өнім қалыптастыра алады. Тыныштық күйден өткен түйнектер топыраққа отырғызғаннан кейін +3-5С температурада өне бастайды. Бірақ бұл температурада оның өнуі баяу жүреді, тамырлары нашар дамиды, ал түйнектер саңырауқұлақ ауруларымен жедел залалданады. Температура -4-7 — 8° дейін көтерілгенде түйнектердің қалып өнуі байқалады. Әрі карай температура жоғарылағанда түйнектердің өну белсенділігі, әсіресе ылғалды топырақта кенеттен арта бастайды. Түйнектердің белсенді өнуіне ең қолайлы температура 4-16 — 18° деп есептеледі [25].
Картоптың сабағы мен жапырағының өсуіне қолайлы температура +5-6°. Олардың максимум өсуі орташа ылғалды топырақта +17-22° температурада байқалады. +25°-тан жоғары температура өсімдіктерді әлсіретеді, ассимиляция процесі баяулайды, ал 42°-тан жоғары температура жер бетіндегі өсімдік массасының өсуін тоқтатады. Картоптың сабағы мен жапырағы төмен температураға да өте сезімтал. -1-1,5° суықтықта және ауаның жоғары салыстырмалы ылғалдылығында өсімдік қарайып кетеді және өліп қалады. Картоп түйнектері гүл қауыздары пайда болған кезде түзіле бастайды және бұл кезеңдегі топырақ температурасы +16-18°, немесе +22-25° ауа температурасына сәйкес келеді де ең қолайлы болып табылады. Топырақ температурасы + 6°-тан төмен және + 23°-тан жоғары болғанда түйнектердің өсуі тежеледі, ал + 26~29°-та түйнектің тузілуі мүлде тоқтайды.
Өсімдіктің толық дамуына қажетті биологиялық белсенді температура жиынтығы ( + 10°-тан жоғары) пісу мерзімі ерте және ортадан ерте пісетін сорт үшін 1400-1600°, орташа мерзімде пісетін сорт үшін 1600-1800° ортадан кештеу және кеш пісетін сорт үшін — 1800-2000°. Бұл көрсеткіш Солтүстік Қазақстанда 1800-2200° аралығында, ал негізінен 1600 °-ден 2600°-қа дейін өзгереді [16]. Сондықтан ортадан кештеу, әсіресе кеш пісетін сорттар қажетті оптимум температураны алып үлгермейді, нәтижесінде ерте және орташа мерзімде пісетін сорттардың өнімінен анағұрлым төмен өнім қалыптастырады.
Картоп топырақ ылғалдылығына талғампаз. Бүршіктердің өнуі мен өркендердің пайда болуына қажетті ылғал аналық түйнек есебінен қанағаттандырылады. Өсімдік көгінің пайда болуы мен сабақ-жапырақтар қалыптасуының алғашқы кезеңінде өсімдіктің ылғалға қажетсінуі шамалы, өйткені жапырақтардың буландыру беті үлкен емес және осы кезеңде олар куаңшылыққа айтарлықтай төзімді. Өсімдік өсе келе ылғалға қажетсінуі арта түседі, барынша қажетсіну жаппай қауыздану-гүлдену кезеңіне сәйкес келеді, бұл кезде олардың, жер бетіндегі массасы жақсы дамыған және тіршілік қызметі жоғары. Бұл кезеңде түйнектер пайда бола бастайды, сондықтан ылғалмен үздіксіз түрде қамтамасыз ету жоғары өнім алудың басты шарттарының бірі бұл кезеңдегі судың жетімсіздігі тургордың төмендеуі мен жапырақтың солып қалуына әкеліп соғады, ал мұның өзі фотосинтезге теріс әсерін тигізеді, өнімнің мөлшері мен сапасы төмендейді. Тамырлардың негізгі массасы тараған алаңда осы топырақтың ылғалдылығын ТДЫ 70-80% дәрежесінде ұстағанда өнімнің қорлануына ең колайлы жағдайлар жасалады.
Өсіп-өну соңында, сабақ пен жапырақтың солып, түйнектің өсуі темендегенде алғашқы кезеңдерге қарағанда картоптың ылғалға қажетсінуі кемиді. Өсіп-өну кезеңінің соңына қарай қалыптасқан жылы әрі құрғақ ауа-райы түйнектердің түзілуін тездетеді, оларда мықты әрі калың қабықтың пайда болуына мүмкіндік жасайды, соның нәтижесінде өнімді жинаған кезде түйнектер аз жарақаттанады да қыста жақсы сақталады. Керісінше, жауын-шашынды ауа райы түйнектердің пісуін кешеуілдетеді, оларда жұқа, әлсіз қабық түзіледі, жинаған кезде олар жеңіл жарақаттанады және нашар сақталады [18].
Топырақтағы ылғалдың тым артық мөлшері, оның жетімсіздігі сияқты картоп өніміне теріс әсерін тигізеді: түйнектер сылбыр өседі, олардағы крахмал мөлшері азаяды, бактериялық және саңырауқұлақ ауруларымен залалдану артады.
Картоптың транспирация коэффициенті метеорология жағдайларына, сорттың ерекшеліктеріне және өсіру әдістеріне байлынысты картоптың транспирациялық коэффициенті 330-700 өлшем бірлігінде өзгереді. Орта есеппен 1 кг картоп түйнегін алу үшін 150 л су қажет. Алайда бұл көрсеткіш топырақ құнарлығы мен механикалық кұрамына байланысты өзгереді: құнарлы саздақ топырақ 85-100 л, құнарсыз, құмдак топырақта 160-200 л дейін көтеріледі [26].
Қазақстан жағдайында аудандастырылған картоп сорттарының, көпшілігінде интенсивті өсу мен түйнек түзу шілденің аяғы, тамыздың бас кезінде болады, бұл жазғы ылғалдың мол түсетін кезіне сәйкес келеді де, өнімнің қалыптасуына мүмкіндік жасалады. Алайда, осы кезеңде қолайсыз ауа-райы қалыптасса (куаңшылық, жоғары температура), өсімдіктер қысылып өседі, әрі жекелеген жағдайларда вирусты аурулар да етек алып кетеді. Климаттың мұндай теріс құбылыстары аймақтың оңтүстік бөлігінде, суарылмайтын жерлерде өсірілетін картопқа қатты әсер етеді.
Картоп-жарық сүйгіш өсімдік. Жарық жетімсіз болғанда сабақ созылып кетеді, жапырақтар сарғаяды, бүршіктену мен гүлдену әлсізденеді, өнім қатты төмендейді. Сондықтан алқапқа өсімдікті дұрыс орналастыру арқылы бұтаның жан-жақты жарықталуын қамтамсыз ету қажет, ал бұл фотосинтездің қолайлы жағдайда өтуіне мүмкіндік береді. Оптималды отырғызу жиілігін таңдап алу сортқа, отырғызылатын материалдың көлеміне, ылғалмен қамтамсыз етілуі мен топырақ құнарлығына байланысты.
Нақты жағдайда бір гектарда 40-50 мың м2 жапырақ беті ауданын түзетін картоп жиілігі ең колайлы деп есептеледі. Картоптың көптеген сорттары сабақ-жапырақтарының дамуы мен гүлдеуіне қарай ұзақ күнді өсімдіктер қатарына жатады.
Биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес картоп топырақтың борпылдағына, оның ауа, ылғал өткізгіштігіне жоғары талап кояды, органикалық және минералдық заттарға бай орташа саздақ қышқылдау реакциялы топырақта жақсы өнім береді. Картоптық тамыр жүйесі мен столондарының жақсы дамуына қолайлы ауа режимі тығыздығы 0,9-1,1 г/см3 қара және қоңыр топырақта жасалды [20].
Қатты тығыздалған, әсіресе сортандау — сазды топырақта өсімдік көгі кешігіп (5-7 күн) шығады, өсімдіктердің өсуі тежеледі, тамыр жүйесі нашар дамиды, топырақтың беткі қабатында шоғырланады да, тез өліп калады. Ауыр сазды топырақтардың тығыздығы 1,3-1,4 г/см3 жеткенде түйнектер киқы-жиқы пішінде түзіледі, азықтық және тұқымдық сапасын жоғалтады әрі нашар сақталады. Мұның бәрін Қазақстан жағдайында көп тараған механикалық құрамы ауыр топырақта және суармалы жерлерде қатты ескерген жөн, себебі олар жаздың екінші жартысына қарай өте тығыздалып қалады.
Картопты қолайлы мерзімде отырғызғанда оның гүлденуі маусымның соңы және шілденің басында, ал ортадан кеш пісетін сорттарында тіпті шілденің аяғында байқалады. Қалыпты өсіп-өну кезеңінде түйнектің пайда болуы әсіресе аймақтың солтүстік бөлігінде, айтарлықтай агрометеорологиялық қолайлы жағдайларда өтеді.
Қазақстан жағдайында көптеген картоп сорттары түйнектерінің ең қарқынды өсуі тамыз айына сәйкес келеді де барлық түйнек өнімінің 60-80 пайыз, ал кейбір жылдары 93-95 пайызға дейін жетеді. Ортадан кештеу пісетін сорттарда тіпті қыркүйек айында да, егер ерте күзгі үсік өсіп-өнуді тоқтатып тастамаса, өнімге айтарлықтай салмақ қосылады [25].

1.1.3 Картоптың бастапқы тұқым шаруашылығының қазіргі жағдайы

Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруда және сапасын жоғарылатуда жоғары түсімді сорттар мен будандарды енгізудің маңызы зор. Сорт — өндірістің басты және шешуші факторы болып табылады, осы жағдайда сапалы тұқым өсіруге және одан мол, жоғары өнім жинауға мүмкіндік туғызады. Сондықтан тұқым шаруашылығы — ауылшаруашылық ғылымының және өндірісінің негізгі саласы бола отырып, оның басты міндеті — шаруашылықтарды жоғары сапалы тұқымдық материалдармен қамтамасыз ету саналады.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!