Демократиялану ғаламдық үдеріс ретінде | туралы қазақша
Қоғамды демократияландыру және құқықтық мемлекетті қалыптастыру идеялары ХVIII-ХІХ ғасырларда шынайылыққа айнала бастағаны мәлім. Сол кезеңде Ұлыбританияда тұрақты парламенттік жүйе қалыптасып, Франция мен Америкада демократиялық революциялар орын алды. XIX ғасырдан бастап демократияны дүниежүзілік құбылыс ретінде айта беруге болатын. Осы кезде жеке меншіктің басымдығы мойындалып, тұлға құқығы мен саяси таңдау еркіндігі құрметке ие бола бастады. Көптеген елдерде биліктің сайланбалығы идеясымен, саяси теңдік пен бостандық жағдайында дауыс беруді өткізумен шындап айналыса бастады. Еуропа елдері сословиелік артықшылықтардан бас тарту және халықты суверенитет көзі ретінде мойындау жолына түсті. Билік басындағы топтар азаматтық институттардың маңыздылығы мен дербестігін мойындауға мәжбүр болды. Әңгіме бұл жерде мемлекеттің рөлі мен орнын конституциялық шектеу туралы болды.
Кез келген мемлекеттің азаматтық қоғам мен демократиялық жүйені орнату жолында жасайтын басты қадамдары:
- Халықты суверенитет бастауы ретінде мойындау. Мемлекет билікті және басқару құқығын халық бергенін мойындауы тиіс.
- Билікті қалыптастыруда сайлау нысанына өту. Толыққанды заңнамалық өкілеттіліктерге ие Парламент құрылу керек.
- Мемлекет қамқорлығынан дербес азаматтық қоғамның мәртебесін бекіту.
- Демократиялық Конституция мен заңдарды қабылдау.
- Билік бөлінісіне өту.
- Еркін сайлаулар өткізу.
Міне, демократияны іске асыруға қажетті алғашқы қадамдар осылардан басталады. Әрине, бұл жолға өткен ғасырда түскен елдердің шынайылығы басқа жағдайда болды. Тіпті біздің күніміздегі демократиялық нормалар туралы түсініктердің өзі олардың XIX ғасырдағы түсінігінен айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, ол кезеңде әйелдердің сайлау құқығы туралы сөз көтерілмейтін, халықтар бүгінгі күндегі түсініктегі конституциялық монархия идеяларынан мүлдем алыс еді, корольдер мемлекеттегі ең ауқымды құқыққа ие лауазым иелері ретінде қала берді, көптеген елдерде құлдық әлі де сақталып қалған болатын, адамдардың құқығы мен бостандықтары туралы әңгіме қозғау отарларда өмір сүріп отырған тұрғындарды білдірмейтін. Дегенмен, оларды әмбебап түрде және қандай да бір шектеулер мен қалыс қалуларсыз қолдануға мүмкіндік беретін демократия түсінігінің тұғыры сол кезеңде қалыптаса бастағанын ескеруіміз керек. Әртүрлі елдердің демократиялануы басқа елдерден ерекше тарихи жағдайлар мен орталарда өтті. Осы орайда, жекелеген қоғамдар бұл бағыттағы қозғалыстарын тоқтатып, олардың диктаторлық тәртіптерге қайта оралған жағдайлар орын алғанын да айта кету керек. Әлемдік масштабтағы осы үдерістердің өзіндік заңдылығы бар.
XIX ғасырдың өне бойында және XX ғасырдың басында әлемдегі ондаған елдер Американ және Француз революцияларының ықпалымен демократиялану жолына түсті. Әрине, адам құқығы мен бостандығының заманауи өлшемдері тұрғысынан бұл шараларды шектеулі әрі жүйесіз деп айтуға болғанымен, біз осы тәжірибелердің арқасында демократиялық құрылыс қағидатына жаппай өтудің басталғаны туралы айта аламыз. Осы кезеңдегі бір ғасырдың ішінде әлемдегі 33 елде негізгі демократиялық институттар құрылды. АҚІП, Ұлыбритания мен Францияны қоспағанда, олардың қатарына Италия, Аргентина, Ирландия, Исландия, Швейцария мен тағы басқа мемлекеттер қосылды. Бұл үдеріс әсіресе I дүниежүзілік соғыстан кейін (1914-1918 жж.) белсенді түрде жүре бастады. Осы кезеңде демократиялану жолына Еуропаның көптеген елдері түсті. Олардың қатарында Шығыс Еуропадағы Чехословакия және Балтық бойы елдері болды.
Алайда, бірқатар елдерде демократиялық жүйелердің айтарлықтай берік орнықпағаны белгілі болды. Көптеген өкіметтер экономикалық дағдарыстарға дайын болмай шықты. Жекелеген елдердің әскерлері сыртқы қысымдарға төтеп бере алмады, сондықтан Еуропада Германияның II дүниежүзілік соғыстағы жоспарларын қолдаған бірқатар сателлит-режимдер құрылды. Италияда (1922 ж.) билік басына фашистік үкіметтің келуімен кері толқын басталды. Осыдан соң Еуропаның көптеген елдері авторитарлық және тоталитарлық басқару әдістеріне шегініп кетті. 1933 жылы Германияда өткен сайлауда неміс ұлтшылдығын басшылыққа алатын нацистік партия жеңіске жетті. Демократиялық режимдер өткір экономикалық және саяси дағдарыстар жағдайында батыл шаралар қабылдауға әлсіздігі мен қабілетсіздігін көрсетті. Қоғам экономиканы тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдай алғанмен, әлемді II дүниежүзілік соғысқа алып келген авантюристер мен «аузымен шөп орған» демагогтардың уәделеріне сенуді қалады. Демократиялық күштер халықтың қалың бұқарасына ықпал етуі салмақтырақ болған фашистік және ұлтшыл күштерге қарама-қарсы тұра алатын лайықты балама бере алмады. Жалпы, өткен ғасырдың 20-30 жылдары демократия дәстүрлері берік орнаған елдердің өзі (Англия, Франция, АҚШ) депрессияны басынан өткеріп отырған болатын.
#Демократиялану #ғаламдық #үдеріс #ретінде
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз