Дабылды жырдың дауылпазы ашық сабақ
Сабақтың тақырыбы: Дабылды жырдың дауылпазы
Сабақтың мақсаты: Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын меңгерту, жеке тұлғасын таныту, ақын шығармашылығына қызығушылықты ояту
Дамытушылық мақсаты: Оқушылардың талдай ойлауын қалыптастыру,берілген материалдарды қорыта алу,шешім шығару дағдыларын дамыту,шығармашылыққа баулу, рухани танымын кеңейту.
Тәрбиелік мақсаты: Туған халқының талантты ақынына, әдебиетке, туған елге деген сүйіспеншілік сезімдерін оятып, адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Зерттеу шеберханасы.
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, ақынның суреті, өмірбаяны, естеліктері бейнеленген слайдтар.
Пәнаралық байланыс: Тарих, бейнелеу өнері, музыка.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
— Құрметті оқушылар,қыран қанатты, дауылпаз ақынымыз Қасым Аманжоловтың туғанына 100 толуына арналып отырған сыныптан тыс оқу сабағымыздың мақсаты- ақын өмірі мен шығармашылығының қызықты тұстарымен танысу, ол туралы білімімізді тереңдету,өлеңдерін түсініп,сүйіп оқу
— Қасым Аманжолов өзінің батыл ойлы,шыншыл да терең сырлы,дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандарының сүйіспеншілігіне ие болып,жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын
Халықтың рухани бай әдеби мұрасынан күш – қуат алған Қасым қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына шалқар шабытпен, қаламдас достарының ішінен ерекше өз үнімен оқшау келген дара тұлға.
Слайд №1. Ақын портреті
Қыран қанатты ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл
І.Қызығушылықты ояту
«Қасымды халық біле ме?» Аудан орталығында түсірілген видеосюжет көрсетіледі.
Көріп отырсыздар халық арасында да Қасымды білетін де, білмейтін де адамдар бар екен. Сіздер ше?
1-сұрақ:Сіздер Қ.Аманжоловтың қандай өлеңдерін білесіздер,олармен қашан таныстыңыз,еске түсіріп жазайық.(флипчарт тақтаға жазу)
2.Неге біз бүгін Қ.Аманжоловтың шығармашылығына тоқталмақпыз,қалай ойлайсыңдар?(жауап нұсқалары флипчартқа жазылады)
Дұрыс айтасыздар,ендеше белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының сөзіне назар аударайық.(сабағымыздың эпиграфы)
Слайд №2.
«Хакім Абай –қазақ жырының қасиетті Алатауы болса,ақиық ақын Қасым –қазыналы Қаратауы»
Серік Ақсұңқарұлы
Ақын туралы ақынның өзінен артық кім айта алар?Алғашқы сөзді ақынның өзіне берейік.( («Өзім туралы» әні орындалады)
ІІ.Мағынаны тану
1.Зерттеу шеберханасы «Аманжол Рақымжанның Қасымымын» (Қасымның қысқаша өмірдеректерімен биографтар таныстырады)
1-биограф:Қасым шежіресімен таныстыру. Слайд №3
Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі.Қасымның аталары Арғын Қаракесек ішіндегі Қара деген рудың Оразқұл деген атасынан тарайды(шежіреге назар аудаыңыз)
Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады.
1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.
Қ. Аманжоловтың ақын, азамат болып қалыптасуына Орал қаласы үлкен әсер етті. Осы қалада ол ең алғашқы махаббат, жастық жырларын жазды. 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.
2-биограф:
1936-1941 жылдары Қ. Аманжолов Алматыға барып, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет істейді. Бұл кездері ол өлеңмен қатар әр түрлі тақырыпқа мақала, очерк, фельетон жазады.
1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көреді.
1939-1941 жылдар арасында Қ. Аманжоловтың шығармашылық елеулі өрлеу дәуірі басталады. Осы кездерде жазған «Нар тәуекел», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Заула, заула Турксиб», «Сұлтанмахмұт туралы баллада» сияқты өлеңдерінде өрісті ойлар, терең сезім қуаты, өткір тіл байлығы байқалады. Және де Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Байрон, Маяковскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударуы Қасымның шығармашылық өнерінің өсу жолын анықтай түседі. Қасым қалың жұртшылыққа өзінің ақындығы, аудармасымен ғана емес, сонымен қоса әнімен, домбра, сырнай, скрипка, пианино тартатын әдемі өнерімен де танылған. Ол өз өлеңіне ән шығаруды өте қызық көрген. «Дариға», «Туған ел» атты өлеңдері бүгінгі жақсы әндер тізіміне қосылады. Қ.Аманжоловтың бірінші өлеңдер жинағы. 1940 жылы Қасым Маяковскийдің он шақты өлеңін аударып 1941 жылы «Бар дауыспен» деген атпен жеке жинақ етіп жариялады.
Қ. Аманжолов тек қана лирик емес, сонымен қоса эпик ақын. «Дүние қандай жап-жарық», «Сақыпжамал», «Күйім тасып барады, күйім тасып», «Жаным сәулем, еркешім, қызыл гүлім» атты өлеңдері Қасымның лириктігін танытса, «Ақын өлімі туралы аңыз», «Боран», «Біздің дастан», «Жамбыл тойында» атты поэмалары оның эпиктігінің дәлелі.
Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін «қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде» болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде «Орал», «Сарыарқа», «Байкал», «Өтіп бара жатырмын» тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясынық жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді.
Соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалы өлең жазған. «Үстімде сұр шинелім», «Мартбек», «Жеңіс дауысы», «Орал», «Ертіс», «Сибирь», «Сарыарқа» сияқты өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін, соғыс өмірін суреттейді. Ал «Елге хат», «Достар қайда жүрсіңдер?», «Ағайға» деген өлеңдері туған елді, дос жорандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлайды.
1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэма.
3-биограф:
Ұлы Отан соғысы аяқталған соң Қасым майдан өлеңдерін газет-журналдарға көптеп бастырумен қатар жаңа өлеңдер жазды. Осы кездері оның «Біздің дастан» поэмасы жазылып, таңдамалары өлеңдер жинағы «Дауыл» деген атпен жарық көрді. 1949-1952 жылдары Қ. Аманжоловтың «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтары «Таңдамалы шығармалар» жинағы басылып шықты.
М. Лермонтовтың «Маскарад» драмасын, А. Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» атты ұзақ та күрделі поэмасын өте шебер аударады. 1948 жылы да Қасым көп жазады, «Дауыл» атты жинағы жарық көреді. Осы жылдары Пушкин мен Лермонтовтың бірсыпыра өлеңдеріне қоса, Пушкиннің «Полтава» поэмасын аударады. «Балбөбек», «Нұрлы дүние» жинақтарын шығарады. 1952 жылы «Таңдамалы шығармалары» жарық көреді.
1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел оның «Өзім туралы» атты өлеңі. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті. 1955 жылы 18 қаңтарда Қасым мәңгілікке көз жұмды.
2.Фото деректер « Слайд №4
3. «Бізде қонақта» айдары
а.Қасым ақынның жары Сақыпжамал апай мен қызы Дариғаның естелігі
ә.Қонақтармен сұхбат
4.Ізденіс шеберханасы «Берейін өмірімнен өлең жасап»
1.Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу,талдау
Өлеңнің аты Тақырыбы Идеясы Өлеңдегі ақын мінезінің көрінуі Басқа ақындармен үндестігі бар ма
«Дауыл»
«Нар тәуекел»
«Атамекен»
«Сарыарқа»
«Дариғашым»
«Нұрлы дүние»
ІІІ.Рефлекция.Түйін
1.Ақпарат-карточкалармен жұмыс (Көп нүктенің орнына қажетті сөздер мен сөз тіркестерін қойып жазу қажет)
А) Қ.Аманжолов ……………………. дүниеге келген.
ә) Қ.Аманжоловтың ақын,азамат болып қалыптасуына …………. әсер етті.
б) 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы ……………………. деген атпен жарық көрді.
в) Ақын өлеңдерінің ақырыбы …………………………………..
г) ………………………. Қасым мәңгілікке көз жұмды.
д) Ақынның …………………… поэмасы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған.
2.Қасым поэзиясына қандай анықтауыштарды таңдар едің?
Шынайы,мөлдір,таза,шыншыл,реалистік,нәзік,ойлы,өжет,қуанышты,қайғы-мұңды,шуақты,романтикалық,т.б (өзің жалғастыруыңа болады)
3. «Қасым деген қалғыған жанартау ғой……»
___________ Қасым ___________
4.Қортынды сөз: Ақтаңдақтар» ашылмай тұрған заманда, өткен ғасырда соғыстан кейінгі 40-50 жылдары ақын Қасымның есімі Қазақ поэзиясында Махамбет пен Абай және Сұлтанмахмұттан кейін аталатын көзі тірі классик саналған. Белинский: «ХІХ ғасырдағы орыс жазушыларының бәрі Гогольдің «Шинелінен» шыққан» десе, қазіргі кезде біз: «ХХ ғасырдағы қазақ ақындарының бәрі Қасымның қарымынан шыққан» деп айта аламыз. Қасымның «Бір күй бар домбырамда», «Дариға, сол қыз», «Өзім туралы» т.б. өлеңдерін Қазақ даласы жатқа білетін. Қасымның ақындығы туралы ел арасында небір аңызға бергісіз әңгімелер тараған. Қазақтың қайсар Қасым ақыны ғана сол заманда атын атауға да болмайтын ардақты ағаларының үңірейіп бос тұрған орнын жоқтатпауға жараған ұлы ақын болды.
Тек кейін ғана, 37-ншінің құрбандары ақталғасын ғана Қасым мен Абайдың арасында Ілияс, Сәкен, Шәкәрім, Мағжан сынды поэзия алыптарының бар екенін халық кеңінен білді. Алайда Қасым Қазақтың ұлы ақындарының бірі ретінде ұлттық поэзия тарихында мәңгіге қалды. Бейнелеп айтсақ, Қазақ деген халықтың өз елінің құрылуына тарихта «Қасқа жолды» Қасым ханның үлесі қандай болса, Қазақ поэзиясы тарихындағы Қасым ақынның алар орны да тап сондай.
Сабағымызды Серік Ақсұңқарұлының мына шумағымен аяқтаймыз:
Қазақта Қасым бір туар.
Ол жайлы сансыз жыр туар.
Оның екі жүз жылдығын,
Бүкіл әлем тойлайтын,
Бақытты,жақұт күн туар.