Қазақша шығарма: 9 Мамыр — Жеңіс күні (Ұлы Жеңіске 70 жыл)

0

Жоспар
I Арды биік ұстап өткен азамат
II Отты жылдар елесі
1.«Бәрі де майдан үшін, Жеңіс үшін!»
2. Ел үшін туған ерлер
3. Майдандағы Қазақ қыздары
4. Соғыс елесі ақындар шығармаларында
III Біз — бейбіт елдің ұланымыз

Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат — екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап.

Бұл тақырыпты шын мәнінде ашу үшін сол сұрапыл соғысты өз көзімен көрген адаммен сұхбаттасқанды жөн көрдім. Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен өтіп, Отанға деген махаббатын от басып, су кешіп жүріп дәлелдеген ардагерлеріміз жылдан-жылға, күннен-күнге азаюда, олардың тірі қалғандары, арамызда жүріп Жеңістің тәтті дәмін татып жүргендері саусақпен санарлықтай. Сондай ержүрек батырлардың бірі менің жерлесім, Тараз қаласының тұрғыны — Тұрмағанбет ата.

— Сәлеметсіз бе, ата! Маған сіздей ұлы адаммен кездескен, сіздей батырды көзбен көрген үлкен қуаныш! Менің сіз туралы, соғыс туралы барлығын білгім келсе де, сіздің мазаңызды ала бермей, сұрақтарымды нақты, қысқа қоюға тырысамын. Ата, сіз қашан, қайда туылғансыз, соғысқа қалай шақырылдыңыз?

— Сәлеметсің бе, айналайын, ниетіңе рахмет! Мен өзім жас та болмасам, сол кездер есімде жақсы сақталған. Мен 1923 жылы Қосбөлтек ауылында туылғанмын.1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 412-атқыштар полкінде екі айлық әскери дайындықтан өттім. Осы жылдың наурызында сержант даңқын иеленіп, екінші Украиндық фронтқа жіберілдім.

— Фронтқа алғаш жіберілгеніңізде қандай сезімде болдыңыз, қорықтыңыз ба?

— Шайқасқа алғаш кіргенімде, мен өте қатты қорқып кеттім: жау ұшақтары аяусыз атып жатты, танктер үздіксіз ағылып жатты. Біздің әскеріміз минут сайын сирей берді, аяусыз қырыла берді.

— Тұрмағанбет ата, ал соғыс аяқталғанда сіз қайда едіңіз?

— Мен кіші лейтенантқа дейін көтеріліп, Румыния мен Венгрияны қорғауға қатыстым. Кейін Будапештке жөнелтілдім. Сондағы ұрыстардың бірінде ауыр жарақаттанып, 1944 жылдың желтоқсанында әскери ауруханаға түстім. 1945 жылы, соғыс бітісімен, Ұлы Отан соғысының бес әскери шендерімен Отаныма оралдым. Сондағы қуаныштан жаным шығып кетер ме екен деп ойладым.

— Ал қазір кімдермен тұрып жатырсыз?

— Мен жұбайым Бибиажармен 60 жыл өмір сүріп, төрт қыз, бес баланы өсірдім. Қазір жұбайым қасымда болмаса да, Құдайға шүкір, немерелерім мен шөберелерімнің қызығына бөленіп отырмын және өзімді ең бақытты жан санаймын!

— Ата, сұхбатыңызға көп рахмет! Жеңісіңіз құтты болсын, аман болыңыз!

Осы сұхбаттан кейін мен адамзат жүрегіне айықпас жара салған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, отты жылдардың елесі әлі күнге халық жүрегінен өшпегенін түсіндім. Өйткені, адамзаттың бүгінге дейінгі сапарындағы ең сұрапыл қырғын да Ұлы Отан соғысы екені әлемге аян.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар, — деп ақындар жырлағандай, әр шаңыраққа, әр жұрекке салған жара алпыс бес жыл өтсе де әлі жазылып қойған жоқ.

Елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын нағыз тарихи аласапыран кезеңде:

Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп

Тірі жанға болмай жаттығым, — деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен Қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды. «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», — деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді.

Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді.

Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды. Басынан аяғына дейін құрыштай қаруланған гитлершілдер соғыстың бас кезінде 190 дивизияны, 5 мыңдай самолетті, 3700-дей танкті, 50 мыңнан астам қару мен минометті шабуылға шығарды. ССРО жеріне басып кірген жау әскерлерінің жалпы саны бес жарым миллион адамға жетті. Оған дейін 12 мемлекетті басып алған және 14 одақтасы болған жау Баренцов теңізінен Қара теңізге дейінгі аралықтағы зор майдан шебінде соғыс ашты. Гитлер және оның төңірегіндегі дүлейлер Кеңес елін «тұтқиыл» шабуылмен талқандап, әлемдегі тұңғыш социалисті мемлекетті құртып жіберуді, совет адамдарын құлға айналдыруды, Кеңес елін герман империализмінің отарына айналдыруды ойлады. Бірақ, совет халқы міз бақпай, анталап келген жауға айбындылықпен қарсы тұрды. Халық Коммунистік Партияның басшылығымен өзінің Отанын қорғауға батыл бел буып шықты, әділетті азаттық соғысқа жұп жазбай тұтаса көтерілді, бұрын болып көрмеген табандылық пен қайсарлық танытты. Осындай сұрапыл соғыс күндерінде халқымыз майдан мен тылда жеңіс үшін керекті жағдай жасаудың ауыр жүгін көтерді.

Майданға кеткен талай мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнына шексіз қиын, ұйқысыз, ас-сусыз еңбек вахтасында әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер тұрды. Әр отбасының басшысы майданда болды. Сондықтан, сол кездегі адамдарға тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді.. «Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиістісің!» деген ұранды ұстанған адамдар қатал тәртіп пен еріксіз жұмыс істетулерге қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ешқандай қысым көрсетусіз-ақ ұйымшылдықтың асқақ үлгісін көрсетті.

Осынау қиын күндерді қазір 89 жасқа келген әжемнің айтқан әңгімелерінен де естіп, заманның сыры мен үнін көз алдыма елестетемін. Соғыс басталған кезде 24 жастағы менің әжем шахтада жұмыс істеген. Жалғыз қызы Нұрғайшаны үйге қамап, таңның атысы мен күннің батысына дейін дамылсыз еңбек еткен. Осы күндерді еске алғанда әжем өздері айтатын мына әнді үнемі айтып отырады:

Басталды ойсыз жерден мына соғыс,
Отырмыз Сталинде болып қоныс.
Ештеңе көрмеген әйел сорлы
Шахтада ұйымдасып болдық таныс.
Бастаушы бұл шахтаны басшымыз бар,
Қалижан екіншіміз тағы да бар.
Норманы толтыруға жан ұшырып,
Қостайтын жетпіс адам жұмысшы бар.
Лампшкем стеклосы жанар ма екен,
Бұл бейнет біздің бастан қалар ма екен
Жақсылық болды деген хабар келсе
Жан шықпай кеудемізде қалар ма екен.
Налымаймын қиындықты осынау іске,
Жүретін еркек ісі түсті бізге.
Отанды қорғаушыдан артық па жан

Тек қана сыймай кетеді жалын ішке, — деп ыңылдап ән салған әжем «құлыным-ау, Құдай сендердің бастарыңа бұл күндерді бермесін!» деп сол кезді тебірене еске алады.

Ер елім, көрсет тағы еңбек күшін,
Еңбекпен қас дұшпанның өрте ішін.
Түр білек, түс еңбекке ту астында

Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін, — деп халық ақыны Нұрпейіс Байғанин елді майдан үшін еңбек етуге үндегендей, тылдағы жұмысшылар Республикамыздың ауыр өнеркәсіп саласында да адам айтқысыз жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, осындай қысқа мерзім ішінде Қазақстанның түсті металлургия саласында ондаған рудниктер, шахталар мен байыту фабрикалары ашылды. Содан кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Теміртаудағы металлургия зауыты, Гурьев мұнай айдау зауыты іске қосылды. Кенді Алтай өнімдері, Шымкент қорғасыны, Балқаш мысы, Ақтөбе ферроқорытпалары, Қарағанды көмірі, Ембі мұнайы — осылардың бәрі майдан қажеті үшін жөнелтіліп жатты.

Осындай сұрапыл жылдарда да қонақжай, адал ниетті, ақкөңіл, меймандос халқымыз ізгілік сипатын, адами қасиеттерін жоғалтып қоймады. Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, басқа да республикалардан келген баспанасыз миллиондаған адамдар мен жетім-жесірлерді халқымыз құшақ жая қарсы алып, шын жүректен бауырына басты. Босқындармен өз баспанасын да, қолындағы соңғы тілім нанын да бөлісіп жеді. Әрине, мұның бәрі де мақтан тұтарлық әрекеттер, Жеңіске жетуіміздің бірден-бір себепшісі.

Балам, сенің бұл халқың-батыр халық,

Батырлығын жауына татырды анық, — деп ақындар жырына арқау болған халқымыздың батырлығы, ерлігі қан майданда талай рет дәлелденді. Дүниені дүр сілкіндірген осы алапат соғыста қазақтың 497 азаматы Кеңес Одағының Батыры атағын алды, тарихта өшпестей із қалдырды. «Ел шетіне жау тиді» дегенді естігенде Қабанбай, Бөгенбай, Амангелді батырлардың ұрпақтары қолдарына қару алып, бір кісідей кеуделерін оққа тосуға әзір екендіктерін білдірді, елі үшін өлуге, елін қорғауға ант берді. Қазақ халқынаң ой-сезімін Шығыс Қазақстан облысындағы «Еңбек» ауыл шаруашылық артелінің колхозшысы Рақым Қондыбаевтың: «Фашистік құзғындар еркіндік сүйгіш халықты құлдыққа түсіруге, жерімізді, малымызды тартып алып, мойнымызға арқан салуға тырысады. Бұлай болмақ емес! Қазақ халқы бойындағы Амангелдінің айбынды рухы өлген жоқ. Біздің даламызда ержүрек жігіттер мен сәйгүлік аттар қашан да бар. Отан соғысында қазақтар құлдыққа түсірушілерге қарсы қасық қаны қалғанша шайқасады деп ант етеміз!» деп қасиетті жерімізге шабуыл жасаған фашистік хайуандардың сұмдық арсыздығынан сырт қала алмайтындығын, басқыншы жауға туған жер топырағын таптатпайтындығын айтқан жалынды сөздерінен көре аламыз.

Жау жағадан алғанда елін қорғау өмірлік парызы деп білген, елін ерлерше қорғап, Отан соғысының лаапылдаған отының ішінде қаза тапқан жалынды публицист, ер жүрек жауынгер Баубек Бұлқышев Отанды қорғауды азаматтық борышы деп түсінді. «Өмір сүргім келеді» деп шырылдаған небәрі жиырма сегіз жастағы жауынгер өзінің ерен еңбегі мен керемет батырлығының арқасында дүние жүзіне танылып, үлкен құрметке бөленді. Жауынгер қаламынан шыққан жалынды үн жерлестерінің жанын тебірентіп, отты жылдарда өз рөлін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды.

«Біз-кеңес адамдарымыз, біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады… біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол — Отанға деген сүйіспеншілік», — деп еліне, жеріне деген шексіз махаббатын, құрметін майданда дәлелдеген, бүкіл әлемді шошытқан халқымыздың біртуар азаматы, қайталанбас тұлға Бауыржан Момышұлының ел үшін еткен еңбегін айтпай кеткен мүмкін емес.

Даңқы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысудан басталған Б.Момышұлы тарих сахнасына шықты. Атақты әскер қолбасшысы Б.Момышұлы жарық жолын Жетісудан бастап, Европаның төріне — Берлинге барып ат басын тіреді. Полк командирінен дивизия командиріне дейінгі даңқты жолды басып өтті. От-жалын кешіп жүріп:

Болса егер менің саған керегім,
Күндерімді, түндерімді,
Ой толқынын, сыр толқынын
Саған ғана беремін! — деп ерлікті, елдікті, отансүйгіштікті насихаттады.

Баукең — соғыс өнерін жетік меңгерген, әскери қимылдарға әзірліктің және оны жүргізудің теориясы мен практикасын, әскери стратегияны, оперативтік өнер мен тактиканы ұтымды қолдана білген қолбасшы. Ол — 207 рет соғысқа қатысқан қаһарман батыр. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен» дейтін өмірлік ұстанымынан бір мысқал да ауытқымаған, бойында иненің жазуындай жалғандығы жоқ, бір өзіне ғана жарасар ерлік пен өрлік бар, төрт жыл сыз жастанып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кескілескен шайқастарды басынан өткізген қайсар да қайтпас ер есімі қазірде батырлықтың символына айналды. Қан майданда от көсеп, қан күреген батыр Мұхтар Шаханов тілімен айтсақ:

Көз жұмғанша ел мүддесін ту ғып ұстап қасарған,
Ар мен намыс сөз болғанда өзіңнен кім аса алған?
Бір ғажабы: қан майданда көзсіз батыр атанып,
Куәлігін жарты ғасыр кеш алған.

Бұл баршамызға белгілі 1991 жылдың 11 желтоқсаны еді.

Баукеңнің ел алдындағы биік бағасы, сіңірген еңбегі, өнегелі өмірі, қатал да суық мінезі, алмас қылыштай қиып түсер өткірлігі, айта берсек таусылмайтын, қайта жыл өткен сайын жаңарып отыратын жақсы қасиеттерді Табиғат-Ана біртуар жанның басына үйе салғаны қандай ғанибет!

«Есімі ер жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деп Баукеңнің өзі айтқандай, оның есімі ел жүрегінде мәңгіге сақталды. Ендеше, Бауыржан батыр шын мәнінде бақытты ер!

Майданда шайқасып, жеңілістің ащы дәмін де, жеңіс қуанышын да татқан жерлестеріміздің бірі, ротаның саяси жетекшісі — Василий Клочков. Оның «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва!» деген жалынды сөздері бүкіл әлем жұртшылығына тарап кетті. Ол жетекшілік еткен 1075-атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының 1941 жылғы 16 қарашада Дубосеково разъезі түбінде жаудың он сегіз жауынгерлік машинасын жойып, оны шығысқа жібермеген өшпес ерлігі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Сондықтан да, 28 батырдың бейнелері әндерде, дастандарда, аңыздарда айтылып, мәрмәр тастарда қашалып, бояулармен бейнеленіп мәңгілікке қалдырылды.

Рейхстаг баспалдақтарының кіре беріс бағанына бірінші болып шабуыл туын қадаған Ақмола қаласының Қырыққұдық деген жерінде туып өскен Қазақ лейтенанты Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер, вяткалық орыс Григорий Булатов еді. Бұл туралы 1945 жылдың 3 мамырында Берлинде шыққан «Воин Родины» газетінде: «Они отличались в бою! Родина с глубоким уважением произносит имена героев.. Над цитаделью гитлеризма они водрузили знамя Победы. Запомним имена храбрецов: Рахымжан Кошкарбаев, красноармеец Григорий Булатов» деп жазылған еді.

«Қолын кессең бір сөз айтпас,
Шын қаһарман ер жігіттер

Аз болмады қазақта» дегендей, төсін оққа төсеген батыр аталарымыз Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, Н.Әбдіров, Р.Амангелдиев, С.Баймағамбетов, Д.Шыныбеков, С.Жылқышев, Т.Мырзаевтың есімдері алтын жұлдыздың сәулесімен шағылысып, өткен ғасырдағы сұрапыл күндерді еске салады.

Сол майданда біздің аруларымыз да талай қиындықтарды бастан кешті. Қолдан келместей көрінгенімен, сол кездері нәзік жанды әйелдер кез келген батырдың өзін қайыстыратын жүк көтерді. Олар өздеріне ешқандай жеңілдікті талап етпестен, қашан да жауынгерлермен бір сапта тұрды. Тіптен, дәл осы қыздардың бар болуы жауынгерлерді рухтандырып, оларға күш-қуат берді.

Ерліктің қос қанаты деп білемін

Аяулы Әлия мен Мәншүгімді, — деп есімдерін ән-жырға арқау еткен шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімі бүгінгі ұрпаққа ерліктің ғажайып үлгісі деп айтар едім. «Майданға жіберетін ешкімім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан менің өзімді жіберуді өтінемін» деп Алматыдағы медицина интитутының жас түлегі Мәншүк Мәметова Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен қосылғысы келетінін білдірген болатын. Жас қыздың қайтпас қасарлығы таң қалдырмай қоймайды. Сол секілді мергендігімен талай жаудың көзін құртқан Әлия есімі тарих парақтарында алтын әріппен жазылып қалды. Мәншүк пен Әлиядан басқа халқының абыройын асырып, елінің даңқын шығарған, от пен оқтың арасында жүріп, жаралыларды өлімнен құтқарған көптеген Қазақ қыздары майдандағы ерліктеріне лайық орден, медальдармен, бас қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталған. Алайда, осы сұрапыл қанды қырғында өмір мен өлімнің арасында жас өмірін сарп еткен Қазақ қыздары жөніндегі деректер өте аз, олардың көбісінің есімдері де белгісіз. Мұны майдангер Қазақ қыздары кешіре қоймас!

Әлеуметтік-тарихи өзгерістер мен құбылыстарға қашанда алдымен үн қатуға, өз үнін білдіруге әзір елгезек халық ақындары мен жазушыларының шығармалары бұл жылдары ерекше шабытқа толы болды. Олар жазушылар мен ақындардың туған халқына қалтықсыз қызмет етіп, соның мұңын мұңдап, жырын жырлауының айқын айғағы еді. Бұл шығармаларда неміс фашистеріне деген кек пен өшпенділік, халықты ізгі күреске шақыру, үндеу сарыны көрінді. Әсіресе, Отанға төнген қауіп 96 жастағы қарт ақын Жамбылды тыныш жатқызып қоймады.Соғыстың алғашқы төрт жылында ол үш мың жолдай жыр төкті. Олардың ішіндегі ең көркемі әрі құндысы «Ленинградтық өренім» толғауы еді. Бұл өлең 1941 жылы 900 күн, 900 түн қоршауда қалып, елден бөлініп, қиын шақты басынан өткізген қаһарман ленинградтықтарға арналған болатын.

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзені сүйкімді

Бұлағындай көремін, — деп басталатын толғау қалада радиолардан беріліп, әр көшеде, алаңда плакат ретінде жазылап, қала халқына, Ленинградты қорғаушыларға зор қуат берді, орталық газеттерде және майдан газеттерінде басылып жатты. Майдандағы әскерлер де, тылдағы жұмысшылар да, аналар мен қарт әжелер де, тіпті жас балалар да Жамбыл өлеңін сүйсініп оқыды. Жауынгерлер ақынның жалынды сөздерінен керемет рухтанып, арыстандай арпалысты, мыңдаған адамдар көздеріне жас алып, жігерленді. Себебі, Жамбыл бұл өлеңінде әскердің қаһармандығын, жауға деген өшпенділігін айтады. Ақын: «Жата алмаймын төсекте жаным қалай жайланат» деп, өзін олармен бірге санайтынын білдіреді.

Халық ақыны Н.Байғанин шығармаларының басты тақырыбы майданға көмекті күшейту, жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың бойында ел алдындағы борышты өтеу сезімін тәрбиелеу болды. Ақын жауға деген ыза-кегін:

Өлер күнің таянды:
Халық түгел ашынған,
Алар сенен қанға-қан
Алар сенен жанға-жан
Жоқ боларсың, бітесің,
Адам жауы-сұр жылан,- деп білдіреді.

Осындай сұрапыл жылдары бір қолына қару, бір қолына қалам ұстаған өршіл рухты, сыршыл батырымыз, жан дүниесі шымырлатқан шерге толы ақынымыз Қасым Аманжолов болды. Буырқанған була күшке, екпінді еркелікке толы, шиыршық атып, бұлқына ойнап тұрған айбынды, қайраты, тепсініп темір үзердей ішкі қуаты сапырылыса, шайқала шапшыған ақын өлеңдерінде Отанға деген шексіз махаббатын керемет суреттейді. Ақынның осындай отты, өршіл шығармаларының бірі — «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы. Басқыншы зұлым жауға ең соңғы оғы қалғанша берілмей соғысып, ажалмен бетпе-бет тұрған, ерлікпен қаза тапқан жауынгер ақын Абдолланың ерлігін, батырлығын суреттейтін бұл шығарма керемет ұлтжандылықпен, ерекше айбындылықпен жазылған.

Қасиет-күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың!
Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың! — деген поэма үзіндісі «ата жаумен арпалысқан ұланды ұлы ететін, жаужүрек батыр ететін — оның Отанына деген махаббаты» дегенді дәлелдейді. Шынымен де, елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады!

Махаббат пен ашынудан серпіліп тұрған сұрапыл жігер-қайратты өр кеудесіне сыйғызған жас батырға арналған поэма — ақынның қасқырдай анталаған жауға қарсы ашынуы, айбары, дос туралы жан азасы еді…

Көңілге көп тоқыған
Кәрі-құртан ашынды.
Қара қағаз оқудан

Сауатымыз ашылды, — деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, Ұлы Отан соғысы, ондағы Жеңіс талай адамдардың тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. Ал енді бүгін, 9 мамыр күні, бұл мейрамды бүгінгі майдангерлер –соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгілерін көрсеткендер, ал бүгінде бейбіт еңбекке араласып жүрген Ұлы Отан соғысының мүгедектері тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбектерімен жеңісті шыңдаған шаруалар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен аналар мен қыздар тойлайды. Осынау Ұлы Жеңіс күнінде Отанымыз үшін өзінің жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, тамыр-таныстарына қайтып оралмай қалған қаһарман ерлерді ел болып еске түсіреміз.

9 мамыр – фашизмді жеңген қаһарман халқымыздың мереке күні. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиғандарды еске алу күні. Бұл күні аналар мен жесірлердің жүрегі осыдан 65 жыл бұрынғыдай сыздайды. Бүгін жеңімпаздардың, олардың балаларының, немерелерінің жүрегі мақтаныш сезіммен лүпілдей соғады!

Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қазір Республикамыздың дүние жүзінің алдыңғы қатарындағы мемлекеттердің бірі болып, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың өріс алып, халқымыздың тыныштықта бейбіт өмір сүріп келе жатуы — тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың адал да ұтымды тактикасының, үлкен парасат пен биік талғамының арқасында. Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз!

Жауды жеңіп табанға сап,
Жермен-жексен еткен ерім.
Қуан,қуан, күлші сақ-сақ
Шын жеңіске жеткен елім!