Қазақша шығарма: 1 Желтоқсан — Тұңғыш Президент күні (Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев)
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті ретіндегі қызметінің заңға сәйкес екенін 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен ең алғашқы бүкілхалықтық сайлау одан әрі орнықтыра түсті. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауының Қазақстан Республикасы болып өзгеруіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті лауазымымен қызметке кірісті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Басқолбасшысы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының Төрағасы, Қазақтардың Дүние жүзі Қауымдастығының Төрағасы. Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның және басқа да бірқатар шет елдің жоғары ордендері мен медальдарымен марапатталған. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің аса ірі мемлекет басшылары мойындаған Қазақ мемлекетінің ең алғашқы басшысы, дүние жүзіне әйгілі саясаткерлердің бірі. Ол ел басқару ісінде халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесі мен әлемдік тәжірибені тал бойына тоғыстырған алымды да алғыр басшы. Ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, ел ішіндік және әлемдік ахуалдармен санаса отырып ұрымтал әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті. Н.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз Қазақ елінде дүниежүзілік-тарихи маңызы бар істер атқарылды. 1991 жылдың күзінде 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына от бүркіп, апат қауіпін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 459 ядролық жарылыс өткен бұл полигон енді мәңгіге тыншыды. Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Н.Назарбаев Америка Құрама Штаттарының, Ресейдің, Францияның билеушілерімен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісті. Бұл біз үшін өтеуі қымбат келісім еді. Өйткені ядролық державалар (АҚШ, Англия, Россия, Қытай, Франция) Қазақстанның тәуелсіздігіне, егемендігіне және бүгінгі шекараларының өзгермейтініне құрметін білдірді, Қазақстанның тәуелсіздігіне территориялық біртұтастығына қарсы күш қолданбауға міндеттенді, Қазақстанға экономикалық қысым көрсетуге бармайтынын мәлімдеді. 1995 жылы соңғы ядролық қару Қазақ елінен әкетілді. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды. Президент Н.Назарбаевтың көптеген бері қолға алып, практикаға енгізіп келе жатқан іргелі идеясы-Еуразиялық одақ құру. Бұл, әрине, бұрынғы Кеңестер Одағын тірілту емес. Еуразиялық одақ қос құрлықты мекендеген мемлекеттер мен халықтар арасындағы интеграцияны жаңа сапалы биіктікке көтеру. Алғашқы нәтижеге де қол жетті. 2000 жылдың күзінен бері бес мемлекеттің басын қосқан еуразиялық экономикалық одақ өміп сүріп келеді. ЮНЕСКО күнтізбесіне Абайдың 150 жылдық, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдық, Түркістанның 1500 жылдық мерейтойларының енуі, Париж бен Лондонда, Берлин мен Токиода Қазақ арыстарының аттары құрметпен аталып, ән-күйлеріміз бұрынғыдай жалтаңкөзденбей, барынша еркін, қуанышты көңілде шалқуы мәдениетімізді, өнерімізді, ғылымымызды ғана түлетіп отырған жоқ, санамызды, дүниетанымымызды, мінезімізді де жаңаша қалыптастыруда. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында қыруар іс атқарылды. Бірақ олардың ішінде екеуін атап өту керек. Біріншісі – 1997 жылы Президент Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2030» даму стратегиясы, екіншісі –елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі. Үш ғасырға жуық уақыт бойы отаршылдықтың тауқыметін тартып, этнос ретінде шалажансар халге түскен Қазақ халқын ел етіп, ТМД елдерінің аясындағы ең көп тілді, көп конфессиялы Қазақстанның еңсесін көтеріп, тәуелсіздік жолымен алып жүру міндеті Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайына жазылды. Бұл жолда да тәуелсіздікті тәу ететін, шынайы демократияға ұмтылған, ұлтаралық түсіністік пен достықты өмір салты еткен, болашағына сеніммен қадам басқан қазақстандықтардың символына айнала білді.