Қазақша тәрбие сағат: 1 мамыр — Бірлік, Ынтымақ күні (Ақпыз, қара, сарымыз)

0

Тәрбие сағаттың тақырыбы: Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Тәрбие сағаттың мақсаты: Қазақстан Республикасындағы халықтардың ынтымақтастықпен, бірлікпен, тең құқықпен өмір сүріп жатқандығын және оны үлгі етіп, әр халықтың салт — дәстүрлерін сақтап келе жатқан қаншама ұлттардың салт — саналарынан хабардар ету, балалардың өз өнерлерін көпшілік ортаға салу арқылы шығармашылық білімдерін көрсету, балалардың жаңа қырларын ашу.
Тәрбие сағаттың көрнекілігі: «Ынтымақ галереясы» атты плакат, тақырыбы, слайд — суреттер, балалардың әр ұлт өкілдерінің киім үлгілері.

Тәрбие сағаттың барысы:
Жүргізуші:
Сәлеметсіздер ме, оқушылар, ұстаздар мен құрметті ата — аналар қауымы.
Бүгінгі біздің «Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз»- деп аталатын мәдени — мектеп ішілік тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Жаса елім, жаса достық бірлікпен,
Көштен қалма, қалма және тірліктен.
Елім менің – Қазақстан Отаным,
Алға өрле үшінші мың жылдықпен
Тек достықпен, өзгеде ел — халықпен — деп бүгінгі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Онда қазақтар, орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, украиндар, дүнгендер және тағы басқа ұлт өкілдері тұрады. Олар өздерінің осындай кең байтақ Қазақ жерінде өмір сүріп жатқандарына қанша жыл өтсе де, Қазақ халқының осынша кең пейіл, қонақжай екендігіне көз жеткізді. Олар өз елдерінде болмасада, қазақтардың елін елім деп, жерін жерім деп құрметтеп, үлкен үлгілі отбасының кейпін көрсетуде. әлем халықтарының мұндай көп ұлттан құрылған мемлекетте осыншалық тату — тәтті, бейбітшілікте өмір сүріп отырғандығы біздің елдің арқасы және олар мұны жақсы біледі, рахметтері шексіз екендіктерін білдіреді.
Бүгінгі біздің 6 — сынып оқушыларымен бірге ұйымдастырып отырған тәрбие сағатымызда, оқушыларымыз шама — шарқына қарай үш топқа бөлініп, үш түрлі ұлттың өнерімен, халқымен, салтымен, ұлттық тағамымен өнер көрсете отырып, сайысқа түспекші.
1 — топ: «Қазақтар»
2 — топ: «Орыстар»
3 — топ: «Өзбектер»
Жүргізуші:
Қара қылды қақ жарған,
Әділ сынды дәл айтқан.
Бағаларын береді,
Көрсеткен жақсы өнерге, — дей келе әділ — қазылар алқасын сайлап алайық.
Бүгінгі сайыстың 1 — ші кезеңінде ортадағы халықтар өздерін таныстырып өтсін.
Алғашқы топ: Мінезі бар салмақты,
Алғашқы топ «Қазақты»
Қарсы аламыз бәріміз,
«Қазақ» деген халықты.
Ортада «Қазақтар» тобы өздерінің таныстыруларымен.

Жүргізуші: Көршімізді сыйлаймыз,
Қонақ келсе қимаймыз,
Қасымызға алып — ап,
100 күндетіп тойлаймыз,- дей келе ортағы «Орыстар» тобының таныстыруын тыңдайық.
Жүргізуші: Көшіп — қонып жүретін,
Ала дорба асынып,
Киноларға түсіріп,
Шаршамайтын өмірден
Ортада «Өзбектер» тобы өздерінің таныстыру өлең шумақтарымен.
Топтарымызға рахметімізді айта отырып, әділ — қазыларына сөз кезегін береміз.
Жүргізуші: «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейді Қазақ мақалында. Бұл сөздің қаншалықты дұрыстығын өмір көрсетіп отыр.
Мынадай бір аңыз бар:
Бір қарт өзінің ұлдарына бір бума шыбықты сындыруды ұсынады. Ұлдары олай әурелеп, былай әурелеп шыбықты сындыра алмайды. Сонда қарт буманы шешіп, шыбықтарды бір талдап сындырып көруді ұсынады. Шыбықтар оп — оңай сынады.
Сонда ақсақал қария: «Бірігіп өмір сүрсеңдер, сендерге ешкімнің әлі келмейді, ал жеке — жеке өз беттеріңмен жүрсеңдер, әр қайысыңды біртіндеп құртады» — дейді.
Әрине, мұның барлығы шындық. Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын болады.
Сонымен кезекті «Өнерлі біздің халқымыз» атты сайысқа береміз.
Ортада «Қазақтар» тобы: «Қара Жорға» биімен.
Келесі: орыс ханымдарының билеріне кезек берсек.
Ал, енді ортада өзбектердің өздерінің ерекше өнерімен.
Ал, халқымыздың өнеріне тәнті болдық. Бағасын әділ — қазыларымыз бере отырсын.
Жүргізуші: Бүкіл дүние жүзі бойынша қазақтардың саны – 12 млн. Бүгінде шет елдерде тұратын қандас бауырларымыздың саны 3, 5 млн адам.
Қазақстанда 130 — ға жуық ұлт өкілдері тұрады. Олардың ішінде ең көп санды орыстар — 30%, украиндар – 3, 7%, өзбектер – 2, 5% құрайды. Адам санының өсімі мен дамуы жағынан Қазақстан БҰҰ — на мүше мемлекеттер қатарында да қомақты орын алады. Даму жағынан қазіргі күні ТМД — ға кіретін мемлекеттердің ішінде алдыңғы орында. Қазақстанда 84 қала, 200 кент, 2036 аудандық округ, 7684 ауылдық мекендер бар. Қазақстан тұрғындарының 56%- ы қалада, 44%- ы ауылдық жерлерде тұрады.
Қанша ұлт болсын,
Қанша салт болсын,
Ынтымағы жарасқан
Мәдениетті ел болсын,- дей келе сайысқа түсуші қонақтарымызға кезекті берсек. Олар бізге өздерінің ұлттық тағамдарымен таныстырса.
Жүргізуші: әрбір халықтың бай мәдениеті бар. Ертегі, аңыз, салт — дәстүрлер ұрпақтан — ұрпаққа беріліп отырады. әр халықтың өзінің ұлттық ертегісі, бесік жыры бар. Бірақ олардың бәріде бір атаның баласындай бақыт, бейбітшілік, жарқын болашақ үшін өмір сүреді. Бұл мақсат бәрінің басын біріктіреді.
Сонымен ортада әр халықтың ертегілерінен үзінді.
Қазақтар назарларыңызға «Алдар көсе мен Қожанасыр хикаяларын» ұсынады.
Орыстар бүгін «Бауырсақ» ертегін алып келген.
Өзбектер «Шалқан» ертегісінен үзінді көрсетпекші.
Енді әділ қазылар алқасы өз бағаларын көрсете отырсын.
Жүргізуші: Жер бетіндегі халықтардың барлығы мына 3 — нәсілге бөлінетінін бәріміз білеміз. Олар: маңғолоидтық, негроидтық, еуропоидтық.
Әртүрлі нәсілдерге жататын адамдар бір — бірімен табиғи ортаға бейімделген сырт келбеті жөнінен ғана ерекшеленеді. Олардың көру, есту және ойлау қабілеттері бірдей. Нәсілдік ерекшеліктер қоғамның дамуына, халықтардың іс — әрекеттеріне ешқашан әсер етіп көрген жоқ.
Нәсілдерді осындай бір — бірімен бір — бірімен тең деп есептейтіндер қатар еуропоидтықтар өздерін ақ нәсілдіміз деп жоғары, негроидтықтарды қара нәсілділер деп, маңғолоидтықтарды сары нәсілділер деп төмендететіні бар. Олар қара және сары нәсіл адамдарының ойлау қабілеті төмен, тек қана дене еңбегімен айналысуға жаратылған, жер бетінде жалғыз ақ нәсілділер билік жүргізу керек деген өздерінің биік ұстанымда тарихымызға үңілу арқылы көруімізге болады.
Біздің еліміз нәсілшілдік, ұлтаралық араздықты қоздыруға жол бермейді. Қазақстан Республикасындағы сан жағынан аз халықтарға қамқорлық жасау үшін «Қазақстан халықтарының ассамблеясы» құрылған. Түрлі нәсілдерге жататын барлық ұлт өкілдерінің тең құқықтығы Конституциямен қорғалады.
Біздің еліміз ынтымағы жарасқан, бірлігі нығайған үлгілі елдердің біріне айналды. Халық әрқашан бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарған қиындықты бірге бөлісіп, қандай жағдайда да өздерінің бірліктерін көсетіп келеді.
Жүргізуші: Сонымен, кезекті әділ — қазылардың шешіміне берсек.
Жеңімпаздарды құттықтай отыра мына өлең жолдарын сіздерге арнаймыз:
Көз тойғысыз қазағымның жері бар,
Ну орманы, тауы, өзені, көлі бар,
Қазағымның елін, жерін қорғайтын
Жас жеткіншек ұланы бар, елі бар.
Міне, осындай егеменді еліміз,
Кең жазира, ұлан — байтақ еліміз.
Туған елін, туған жерін сүйетін,
Біз қазақтың ұланымыз, еріміз — дей келе барлықтарыңызға рахметімді айтамын.
Оқушылар өз өнерлерін көрсеткені үшін, және қатысқан ата — аналар мен ұстаздарға алғысым шексіз.
Енді барлығымыз ортаға шығып «Қара Жорға» биін бірге билейік.
Келесі кездескенше, сау болыңыздар!!!