Қазақша тәрбие сағат: 1 мамыр — Бірлік, Ынтымақ күні (БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ҚАЗАҚ ЕЛІ)

0

Тәрбие сағат білімділігі: Жас ұрпақты тарихи-мәдени және рухани құндылықтарды бағалауға үйрету. Оқушыларға Қазақстан Республикасы әлемде ең алғашқы мемлекеттердің бірі болып сырттан келген басқа ұлт өкілдеріне алтын бесік болғандығын ұғындыру.
Тәрбие сағат дамытушылығы: Басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрпын сыйлау, сөйлеу қабілеттерін, шығармашылықтарын дамыту.
Тәрбие сағат тәрбиелігі: Қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу. Оқушылардың бойына ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату, ынтымақтыққа, достыққа, өз Отанын сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
Тәрбие сағат түрі: аралас сабақ
Тәрбие сағат әдісі: сұрақ-жауап, өлеңдер оқу, түсіндіру, ТҚЖ қолдану.
Тәрбие сағат көрнекі құралдары: әр ұлттың киімі, слайд , гүлдер, шар, қағаздан жасалған ұшақтар
Тәрбие сағат барысы:
I. Психологиялық даярлық.
Қайырлы күн, балалар!
Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш нұр іздеген,
Шуақ толған жанымыз, жүрегіміз
Үлгі алсын көрген жан мына бізден
Сендердей ақылды, мейірімді, білімге құштар балаларды көргеніме мен бүгін өте қуаныштымын.Ендеше, сендер де сондай қуанышты жүзбен бір — бірлеріңе күлімсірей қарап, бас иіп амандасайық.
Ерлан:
Әнұраным –жанұраным, Айтар әнім -сөйлер сөзім. Мәңгі бақи шырқалады. Республикам Әнұраны!
Қазақстан Республикасының әнұраны орындалады.
— Біз сендермен Қазақстан Республикасының әнұранын орындадық.Әнұранның авторлары кім?
Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев , Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Күндер өтті кешегі, Жігер құм боп жасыған, Несіне оны жасырам? Әнұраным бүгінгі Баға жетпес асыл ән
— Еліміздің тағы қандай рәміздері бар? Ол туралы не білесіңдер?
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары — Жандарбек Мәлiбеков пен Шоты Уәлиханов.
Айжан:
Қаны да, жаны да қазақтың, Егемен еркіндік –ғажап күн. Жүзінен білінген, Сарайлар төрінде ілінген, Елтаңба — егемен елдің белгісі.
Елтаңба — өжеттік, өрліктің белгісі.
Елтаңба — тәуекел, ерліктің белгісі.
Елтаңба — кемелдік, кеңдіктің белгісі. Елтаңба — өзге ел мен теңдіктің белгісі. Елтаңба — егемен елдің белгісі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков.Мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi.Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi.Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Назира:
Жарасқан байрақтың мәні бар, Көк аспан, күн, қыран –сәні бар. Көк байрақ –ашық көк кеңісім, Алтын күн — белгісі жеңістің. Алтын күн көтерген ел құсы- Халқымның батырлық белгісі!
Нұрбол:
Рәміздерім – елдігімнің белгісі, Білу керек бала дағы ең кіші. Рәміздерім -Әнұран, Ту, Елтаңба, Рәміздерді жатқа білген жөн кісі
— Біздің әнұранымыз, елтаңбамыз, көк байрағымыз бар. Бұл нені білдіреді ?
Әлішер:
Ғасырлар бойы азаттық аңсаған ата — бабалардың жолы азапты, тағдыры ауыр болғаны анық. Қазақ халқы талай зорлық, зобалаңды бастан кешірді. Ата-бабаларымыз «Азаттық ақ таңы атса екен, Тәуелсіздік келсе екен» деген армандары ХХ ғасырдың соңында келіп жетті. Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеті бостандықтың көк туын желбіретті.
Арлан:
Туған ел- Қазақстан арайлы. Бүгін саған әлем түгел қарайды. Тәуелсіздік тұғыры бұл халқымның
Бейбітшілік таңы әр кез арайлы.
Бауыржан:
Арайлы азаттықтың нұрын құшқан, Шолпандай жарқыраған күншығыстан. Тәуелсіз Қазақстан – туған елім, Досы көп, бата алмайды бірде дұшпан.
Бауыржан:
Тәуелсіздік –он бір әріп құралған, Сан ғасырлар бар қазаққа боп арман. Талай дара, даналардың көз жасы, Қаныменен атты таң боп алдан.
Тәуелсіздік қасиетті ұғым бұл, Ей, келешек, жан тәніңмен ұғып, біл! Он бір әріп — не мағына береді? Ал талдайық жеткеніңше қызыл тіл.
Т-әріпі –білдіреді теңдікті
ә-әріпі – әдептілік, әлдікті
у-әріпі – уайымсыз уақытты
е-әріпі – егемендік елдікті
л-әріпі – дейді лағып, лепірме
с-әріпі — сенімділік секілді
і-әріпі – ілтипат пен ізет қой
з-әріпі- зиялық тілек қой
д-әріпі –шақырады достыққа
і-әріпі- ілкімді боп сақтыққа
к-әріпі- дейді күн бол көктегі
Ойын. «Тәуелсіздік ұшағы» Қазақстанның атаулы күндерін айту.
1991 жылы 16- желтоқсанда «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
1991 жылы 1 -желтоқсандағы жалпыхалықтық сайлауда Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
1991 жылы 10 қазан.Қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғады.
1992 жылы 4-маусымда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің сессиясында Республикамыздың Туы, Елтаңбасы, Гимні қабылданды.
1993 жылы 12- қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық ақшасы — Теңге айналымға енді.
1994 жылы ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.
1995 жылы 1-наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
1995 жылы 30-тамызда жаңа Ата Заңымыз қабылданды.
1997 жылы 10-желтоқсанда астанамыз Ақмола қаласына көшірілді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы — Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көп этностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Көрініс.
Немересі атасына:
— Ата, неге біздің елімізде басқа ұлт өкілдері тұрады? Олар біздің елімізге қашан келді, келу тарихы қандай?
— Оны өздерінен сұрайық.
Слайд көрсету.Әр ұлт өкілдері өздерінің Қазақстанға келу тарихын айтып, ұлттық тағамын ұсынады.Өз өнерлерін көрсетеді.
Мереке:
Мы дружной семьею живём в Казахстане,
Татары, уйгуры и русские с нами.
Так пусть же крепнет во веки веков
Дружба народов всех возрастов
Алтынай:
Қазақжері – қонақжай төрдің жері,
Қазақ елі – қассақтай ердің елі.
Толқынында тарихтың қуғын көрген,
Барша ұлтқа құт мекен болған еді.
Наргиза:
Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді.Тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды.
Аружан:
Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.
Татулығын жырға қосам ұлттардың,
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
Арайлым:
Тілі бөлек болғанменен тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.
Наргиза:
Қазақ елі қашаннан да жыр елі
Тарихында тұлғалар көп киелі.
Қазақстан аясында бұрыннан
Бірнеше ұлт бірге өмір сүреді.
Бір-бірімен тату-тәтті тұрады.
Бәрінің де Қазақстан тұрағы.
Топпен жұмыс.Екі топқа бөліп, бірінші топ «Бірлік» тақырыбына эссе жазады, екінші топ осы тақырыпқа мақал-мәтелдер айтады.Жекелеген оқушыларға жазған эсселерін оқыту.
Айжан:
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.

Бауыржан :
Қазақстан — елім менің
Қазақстан — жерім менің
Саған арнап тартылады
Күйім менің !
Халық күйі «Тепеңкөк» орындайтындар Сатпеков Бауыржан, Каскеев Бауыржан, Бекенова Анель
Қазақ биі. Билейтіндер: Төлеуова Айжан, Омар Назира
Таир:
Кім білмес қазағымның қою шайын,
Жал-жая, қазы-қарта, құрт пен майын.
Ақ тілекпен әрбір келген қонағына,
Құрметпен шығаратын төрі дайын.
Келіңіз ұсынамын төрден орын,
«Досым» деген адамға міне қолым.
Әр қазақтың жүрегінде осы тілек,
Адамзат, оң сапарда болсын жолың.

Жаса, жаса тыныштық
Достық бізге тым ыстық,
Бірлік – байлық, ырыс – құт.
Хормен : «Туған жер» әні.