Қазақша сценарий: Жаңа жыл

0

Қазақша сценарий: Жаңа жыл казакша Қазақша сценарий: Жаңа жыл на казахском языке

Зал мерекеге сай безендірілген. Музыка фонында ортаға екі жүргізуші шығады.
1-жүргізуші:
-Армысыздар ардақты ағайын, Ұлағатты ұстаздар!
2- жүргізуші:
Бармысыздар, замандас, бауырлар, шабыты шәкірттер.
1-жүргізуші:
Бүгін сізге жырдан алқ тағайын,
Шат күлкіге толы болсын маңайың.
Көргендер де көрмегенде арманда.
Жаңа жылың құтты болсын ағайын.
2-жүргізуші:
Зеңгір көкте жұлдыз болып жанайын,
Ай жүзіндей айшықтанып, арайың.
Жанға шуақ, бойға қуат әкелген.
Жаңа жылың құтты болсын ағайын.
1-жүргізуші:
Бәрекелді, бәрекелді! Құрметі халайық! Бүгінгі жаңа жыл кешін барлығымыз көтеріңкі көңіл күймен, әсем ән, сәнді бимен өткізуге ат салысамыз деген үмітіміз бар.
2- жүргізуші;
Олай болса, көңіліміздің керегесін кеңейтіп, баршамызға береке сыйлар мерекелі кешіміздің шымылдығын ашуға рұқсат етіңіздер!
/Ортаға шығыс биі мен “Айналайын” тобы/
1-жүргізуші:
Құрметті жамағат “Жақсы сөз- жарым ырыс!” – деп дана қазақ айтқандай, жүрекке жылылық ұялатар алғашқы Жаңа жылдық құттықтау сөзді ақыл ойы жетілген саналы ұрпақты сезімі сергек, арманшыл дана ұрпақты тәрбиелеп жатқан білім ұясының білікті басшысы, академик Русаков атындағы №2 шипажай мектеп-интернатының директоры Замзагүл Нарымбекқызына береміз.
2- жүргізуші:
— Келесі құттықтау сөз бүгінгі кешіміздің құрметті қонағы қалалық білім бөлімінің бас маманы Раиса Болатқызына беріледі.
1-жүргізуші:
Армысың, аманбысың Жаңа жылың.
Жаңа жылым! О, менің Жаңа жырым!
Сиыр жылы келгенде, сый ғып тартып,
Ақтарайық әнменен көңіл сырын.
/”Жаңа жыл” әні орындайтын Шоланов Р./
2- жүргізуші:
-Құрметті халайық! Бүгінгі Жаңа жыл кешіне сәйгүліктерін желдіріп, алтындатқан шанасымен Аяз ата мен сүйкімді Ақша қар келе жатыр деген хабар алып тұрмыз.
1-жүргізуші:
* Қуаныңдар, ағайын, тамсаныңдар.
* Сүйінішпен маңайға жар салыңдар.
* Аяз ата келеді Ақшақармен,
* Қол соғып қошеметпен қарсы алыңдар!
/осы кезде музыкамен асыға күткен Аяз ата мен Ақшақар келеді./
Аяз ата:
Ассалаумағалейкум, Жыр кешкен ел,
Нарына нарық заман мінгескен ел.
Дәуірдің дүрмегіне үндескен ел,
Тәңірдің тылсымымен бірлескен ел.
1-жүргізуші:
Ассалаумағалейкум, Ата!
Аяз ата:
Уағалейкумассалаум, балам!
2-жүргізуші:
Армысыз Ата! Армысың Ақша қар.
Аяз ата:
Бар бол, балам! Біз қай жерге келдік қарағым?
1-жүргізуші:
— Балығы талдау тулаған, Бақасы қойдай шулаған, мыстың алыбы қарт Балқашқа келдіңіз.
Аяз ата:
— Бәрекелді, балам! Балқаш әнмен жырдың мекені деп естуші едім. Өнерге жақын өрендерің мұнда да бар шығар?
2-жүргізуші:
— Әрине, ата! Шығыстың шырайын кіргізер мыңбұралған бишілеріміз дайын тұр. Сіз рұқсат берсеңіз болды.
Аяз ата:
-Рұқсат шырақтарым, рұқсат.
/шығыс биі/
1-жүргізуші:
-Құрметті халайық, Құрметті Аяз ата Ақша қар! Бүгінгі Жаңа жылдық мерекемізбен құттықтап, кең байтақ Қазақстанымыздың түпкір –түпкірінен өнердің өрінде жүрген не бір саңлақтар келіп қалыпты. Ортаға шақырсақ қалай қарайсыздар?
2-жүргізуші:
Олай болса, ортаға еліміздің ордалы оңтүстік өңірінен келген өнерпаздарды шақырамыз. /ортаға 8а сыныбының КВН командасы шақырылады./
1-жүргізуші:
— Сіздердің алдарыңызда еліміздің астықты солтүстік өңірінен келген өнер саңлақтары. Қарсы алыңыздар! /8ә сыныбы КВН/
Би: “Шарара” 10а қыздары
2-жүргізуші:
-Қадірлі көрермендер! Алдарыңызда еліміздің байлыққа толы Батысынан келген қонақтарымызды шақырамыз. /9а сыныбы/
1-жүргізуші:
— Құрметті халайық ортаға Еліміздің шырайлы Шығысынан келген шынайы өнер тарландарын шақырамыз. /9ә сыныбы/
1-жүргізуші:
— Құрметті көрермен қауым! Еліміздің Шығысы мен шекаралас жатқан кәдімгі Корей елінен де елшілер келген көрнеді. Олай болса, ортаға корей халқының тыныс-тіршілігін бейнелейтін бишілерін шақырсақ. /”Айналайын” бишілер тобы. Корей биі./
2-жүргізуші:
— Ал, ардақты ағайын! Ендігі кезекті еліміздің Орталық кіндігі – Арқалы Арқа жерінен келген арландарымызға берсек. /10а сыныбы/
1-жүргізуші:
-Қадірлі халқым! Еліміз еңсесін көтергелі біраз жылдар өтіпті. Жыл өткен сайын жаңарған жерлерді көреміз. Соның бір дәлелі: Өткен тышқан жылы 10-ға толған жас Астанамыздың гүлдей жайнап өсуі. Олай болса, осы кезекте ортаға Еліміздің Ордасы – Ару қала Астанадан келген өнер өкілдерін шақырамыз. /ортаға мектеп түлектері 11 сынып КВН /
соңынан “Замана” тобы бір ән жолдайды. /
2-жүргізуші:
— Ардақты ағайын! Бүгінгі біздің жаңа жыл мерекемізге арнайы ат басын тіреп, құрметті қонақ болып, өнерін шашу еткелі келіп отырған бұрынғы түлегіміз, бүгінгі мақтанышымыз, керемет күйші, мықты музыкант, табиғи талант иесі Қымбат Мұхаметқалиеваны ортаға шақыруға рұқсат етіңіздер.
2-жүргізуші:
Ал, Аяз ата , Ақша қар! Бағанадан бері алдарыңызда әдемі әзіл мен әдемілік сыйлаған әр жерден келген өнерпаздардың арасында табаны жерге тимей, шыр айнала билейтін шеберлер де бар көрінеді. Олай болса, осы азаматтардың арасынан бір-бір өнерпаз шығып, бидің құдіретін танытса дейміз.
/ортаға әр сыныптан бір биші шығып, “Лезгинка” және “Жорға” билерін билеп береді./
1-жүргізуші:
-Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Өткен жылға ешкімнің өкпесі жоқ шығар, “Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл — жарылқасын” демей ме?! Ортамызға тарихтан өтер “Тышқан” жылы келе жатқан көрнеді. Ескі жылымызды есімізге түсіріп, еңсемізді көртеріп қарсы алсақ, қалай қарайсыздар?
Аяз ата:
— Бәрекелді қарақтарым! Келсін, тышқан келсін…
/тышқан жылы шығады./
Тышқан жылы: Ассалаумагалейкум, ағайын! Армысыздар, Аяз ата Ақша қар!.
Аяз ата:
Иә, Тышқан қайда тарттың?
Тышқан жылы:
— Тарих қайнауына. Осы жерде бұзау бауырыма жолығып кетейін деп келдім. /осы кезде мөңіреп сиыр жылы келеді./
Жаңа жыл:
— Ассалаумагалейкум, ағайын! Ассалаумагалейкум Аяз ата! Ассалаумагалейкум, тышқан аға! Армысың, Ақша қар.
Аяз ата:
— Бар бол балам.
Тышқан жылы:
Уагалейкумассалам, сен бала бұзаумысың?
Жаңа жыл:
— Дәл өзімін.
Тышқан жылы:
— Айналайын келші, танауыңнан бір иіскейін. Ал, бұзаужан! Кімдер даттап, кімдер мақтайды, өзі білсін.
Жақсылы, жаманды жыл болдым. Қолымнан келген біраз шаруаны атқардым білем. Мына тұрған халық куә, содан сұрарсың. Әлі де болса атқарылар істер көп. Соның бәрін саған аманат қылып қалдырам, қарағым.
Жаңа жыл:
— Аманатқа адал болуға, халыққа жайлы, ел тілегіне сайлы болуға ант етемін.
Тышқан жылы:
— Ал, мен жылжиын, ағайын! Келген жылдарың құт береке сыйласын!
1-жүргізуші:
Қош, өткен жыл!
Қош келдің Жаңа жыл.
2-жүргізуші:
Ал, Аяз ата, Ақша қар! Асығып тұрған секілдісіздер. Әрине, әлі де барар жер, басар тауларыңыз көп болғандықтан, сіздерді көп бөгемейік.
1-жүргізуші:
-Иә, ата мына халқыңызға бата берер кезде келді ғой деймін.
Аяз ата:
Болар, болар…
Уа!!!
Мен батамды берейін,
Үстем болсын мерейің
Әрқашанда бұл елге,
Қуанышқа келейін.
Жақсылық елден кетпесін,
Жамандық, келіп жетпесін.
Қызыр болсын жолдасың.
Әруақтар қолдасын!
Қара ниет дұшпаның,
Бұл жалғанда оңбасын.
Аман болсын, мал басың,
Адал болсын жолдасың.
Бейбітшілік заман болсын.
Ел іргесі аман болсын.
Осы айтқаным қабыл болып,
Батам менің тәммам болсын!
Әумин!
Жаңа жылдарың құтты болсын!!!
Барлығы бірге:
Жаңа жыл құтты болсын!
Жаңа жыл әні орындалады.
Кеш соңы бимен ұласады.


Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!