Қазақша сценарий: 1 Қыркүйек — Білім күні (Балабақша | Алғашқы қоңырау)
Мақсаты: 1 қыркүйек — Білім күні мерекесінің маңызын түсіндіру, сезіндіру. Ата Заң күні мерекесін атап өту.
Сахна мәдениетіне баулу. Көңілді орта қалыптастыру.
Барлық балалар «Балдәурен» әнінің әуенімен түрлі — түсті шарлар ұстай көңілді би билейді, би аяқталғанда шарларды ұшырып жібереді. Ортада жүргізуші 5 — 6 бала қалады:
1 — бала: Қандай керемет! Бүгін көңіл — күйім шарықтап тұр!
2 — бала: Себебі бүгін мереке ғой!….
3 — бала: Иә, иә! Бүгін — 1 қыркүйек, білім күні!
4 — бала: Бәсе, бүгін оң көзім қайта — қайта тартқан еді………
5 — бала: Осылай әңгімелесіп тұра береміз бе?
Балаларды шақырып, мерекені бірге тойламаймыз ба?
1 — бала: Кеттік онда! (Ортаға тақпақ айтатын басқа балалар ауысып тұрады)
6 — бала: Өмірдің бейбіт бағы бұл,
Асудан асып асқарлы
Мінекей биыл тағы бір
Жаңа оқу жылы басталды.
7 — бала: Балабақша есігін
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай мәпелеп,
Өсіруде бақшамыз.
8 — бала: Бұл — екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз — осы үйдің гүліміз
Біз — осы үйдің сәніміз.
9 — бала: Егемен елдің төсінде,
Шуағын шашқан арай күн
Азамат болып өсеміз
Қызыға әлем қарайтын.
10 — бала: Биіктерге бастайтын асқаралы
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні
Мерекеде бәріміз бір дауыспен
Шырқайық еліміздің әнұранын!
ҚР Мемлекеттік әнұраны
11 — бала: Бүкіл елде басталып бүгін жыры,
Бақ қоңырау шақырар ұғымдыны.
Білім — ғылым бастауы, мерекелі
Құтты болсын бүгінгі Білім күні!
12 — бала: Шайдай ашық бейбіт күннің аспаны
Ауламыздың келісіп тұр бар сәні
1 — қыркүйек — салтанатты мерекемен
Құттықтайды меңгеруші баршаны!
Сүйікті апайымыз -…………………………… құрметті сөз кезегін ұсынамыз!
Құттықтау сөз
13 — бала: Мерекемізді апайларға арнап әсем әнмен жалғайық.
Риза етіп баршаны
Әсем әнге саламыз
Таудан биік талабы
Біз — сүйкімді баламыз!
Ән «Сүйкімді баламыз» муз: Б. Жұмабекова
(Көңілді музыкамен Күлдіргіштер бір — бірімен сумен атылатын пистолетпен атысып (немесе майда түрлі — түсті доптармен) ойнап келеді)
1 — Күлдіргіш: О! Мұнда балалар көп екен! Жақсы болды!
2 — Күлдіргіш: Келіңдер балалар, қызы — ы — ық ойын ойнайық!
1 — Күлдіргіш: Неге сонша сықиып киініп алғансыңдар?……
13 — бала: Бүгін – білім күні ғой! Үлкен мереке!
14 — бала: Біз енді ойынды азайтамыз, көбірек оқитын боламыз.
2 — Күлдіргіш: Солай деңдер?! Ал көп оқып миды ашытып керегі не?
15 — бала: Корабльді басқарып
Көк жүзіне самғатар
Тауды бұзып, тас жарып
Мұхиттарды жалғатар
Сырлары көп ғылымның
Шешілмеген әлі де
Тереңдігі білімнің
Керек екен бәріне!
16 — бала: Білім — менің ертеңім
Өсу үшін өркенім
Жүзем оқу — айдында
Жайып білім желкенін
Қиындықтан өтуге
Армандарға жетуге
Білім алам ерінбей
Еліме қызмет етуге!
1 — Күлдіргіш: Керемет! Онда біз басқа да Күлдіргіш достарымызды
шақырып сендерге мереке құрметіне би билеп берейік,
шашуымыз болсын!
Би «Күлдіргіштер биі»
17 — бала: (Аида) Бүгінгідей мереке күні біз де Бақдәулет досымыз
екеуміз барша қауымға әнімізді арнағымыз келеді…
Қабыл алыңыздар!
Жеке ән «Жас дәуірдің түлегіміз» муз: И. Нүсіпбаев
(Әсем әуен ойналып «Бақыт құсы» ұшып келеді)
Бақыт құсы: Сәлем, баршаңызға! Мен — Бақыт құсымын. Қариясы сыйлы,
балалары бақытты Қазақстан дейтін байтақ елді мекен етемін.
Мәңгілік ел халқының қос мерекеге арнаған лебіздерін мына
сиқырлы шарға жинап жүрмін. Лебіздерге толған сиқырлы
шар еліміздің көгінде барша Қазақстандықтарға нұрлы шуағын
шашып тұратын болады.
18 — бала: Неліктен қос мереке дедіңіз? Бүгін білім күнінен басқа тағы
қандай мереке?
Бақыт құсы: 30 тамыз – Ата Заң күнін кеше ғана бүкіл ел тойлады. Ата Заң —
елдегі бақыт пен бірліктің, бостандық пен теңдіктің кепілі.
Бұл мереке туралы бұрын сендер естімедіңдер ме?
19 — бала: Естігенде қандай! Ата Заң күні мерекесіне де біз арнайы
тақпақтар жаттадық, тыңдап көріңіз.
20 — бала: Ата заңым — тірегім
Арман, үміт, тілегім
Өрлеп, өскен бүгінгі —
Өз Отаным, ұлы елім!
21 — бала: Ата заңым — бірлігім
Берекелі іс, тірлігім
Елдің ырыс, бақыты
Бейбітшілік, нұрлы күн!
22 — бала: Ата заңым – қуатым
Сенім, мақсат, мұратым
Мақтанышым, көк туым
Көкте шалқып тұратын!
Қазақстан — ұлы елім
Әнге қосам өр атын!
Жеке ән «Мақтаным — Қазақстаным» муз: А. Еспенбетова
Бақыт құсы: Өте тамаша! Мен риза болып тұрмын. Кеткім келмейді, бірақ
бүкіл Қазақстанды аралап шығу үшін асығуым керек.
Мына сиқырлы шарға мерекелік лебіздеріңді айтып жіберіңдерші:
Балалар: — Қос мереке құтты болсын!
— Еліміз өркендей берсін!
— Білімділер көп болсын!
— Бейбітшілік күні жарқырай берсін!
— Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
— Мәңгілік ел болайық! т. б.
Бақыт құсы: Көп рахмет, сендерге, балалар! Мереке мерекеге ұласа берсін!
Сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыз!
23 — бала: Біз – еліміздің жас өркеніміз,
Желді керген желкеніміз,
Желбіретер көкте туын
Біз — еліміздің ертеңіміз!
Би «Ерке балалар биі»
24 — бала: Балабақшамыздағы нағыз ерке достарымыз апайларымен бірге келе
жатыр, қарсы алайық! (І сәбилер тобы балалары ортаға шығады)
26 — бала: Ерке достарымыздың тілін тапқан……………………. апайлардың
мерекелік құттықтауларын тыңдайық……
Құттықтау сөз
Би «Бөбектер биі»
27 — бала:……………………………, жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу сәті де келіп жеткен сияқты.
28 — бала: Несі бар? Онда көп ойланбай алғашқы қоңырау соғу құрметін кішкентай бөбектеріміз………………….. (ұл мен қыз) сеніп тапсырайық!
Алғашқы қоңырау соғу салтанаты
29 — бала: Шырылдаған тыным алмай
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам
Оқу оқып, білім алмай?!
Ғылымның көп тас қамалы
Ғалымдық та асқаралы
Бар білімнің нұр бастауы —
Балабақшадан басталады!
Жеке ән «Күмбірле, қоңырау!» муз: А. Еспенбетова
30 — бала: Мереке тағы да құтты болсын! Қоңырау үнімен жаңа оқу жылының
алғашқы оқу іс — әрекетін бастау үшін тобымызға асығайық.
Шаршамай – талмай білім теңізіне сүңгиік!
Биіктерді бағындырудан жалықпайық!