Қазақша мақал — мәтел: Сүйіспеншілік, ғашықтық, махаббат, сүйіспендік
Азапсыз махаббат — арзан махаббат.
Махаббат барда машақат бар.
Көз мыңды көрер,
Көңіл бірді сүйер.
Шынайы сезім шытынамайды.
Сүйіктің болмаса, дүние суық.
Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу.
Әркім сүйгеннің құлы.
Сүйгенін «шұнағым» дер.
Сүйгеніңді іздесең,
Жел оңыңнан тұрады.
Әркімдікі өзіне,
Ай көрінер көзіне.
Жан қимақ бар,
Жар қимақ жоқ.
Өзіңдікі өзіңе оттай ыстық көзіңе.
Махаббат жасқа қарамайды.
Сүйген жүрек дірілшіл,
Күйген көңіл ырымшыл.
Жас-жастың тілегі бір,
Жібектің түйіні бір.
Сүймегенді сүйемін, сүйерімнің көңілі үшін.
Тәні сұлу сұлу емес, жаны сұлу — сұлу.
Жаны сұлудың тәні сұлу.
Көрік тойда керек, махаббат күнде керек.
Өз сүйгенің өзіңе, үрдей көрінер көзіңе.
«Жаным» десе, жан семіреді.
Сүйген қыздың аты көп.
Сүйіктіңнің міні — басты қадірі.
Сұлуды көру — көзге себеп.
Жүйріктен жүйрік озады жарыстырса,
Сұлудан сұлу озады салыстырса.
Сұлулықтан да зекет алу керек.
Қас жүйрікте сын болмас,
Қас сұлуда мін болмас.
Әр сұлудың бір міні бар.
Балғын гүлде сояу жоқ,
Қас сұлуда бояу жоқ.
Көңіл кімді қаласа, сол сұлу.
Сүйіктінің көзі сыршыл.
Сүйіктінің әрбір қылығы сүйкімді.
Асай біл аш кезіңде,
Сүйе біл жас кезіңде.
Ғашықтың тілі — тілсіз тіл.
Өттім дей бер арманда,
Жар таппасаң жалғанда.
Махаббат — дауасыз дерт.
Махаббат ләззәтқа бай,
Қызғаныш азапқа бай.
Махаббат — қашып құтылмас қайғы.
Сұлулық тойда керек,
Ләззәт күнде керек.
Махаббат көнермейді.
Егіле сүйген елжіретер,
Ақыры бір күн еңіретер.
Көз көруге,
Ақыл білуге,
Жүрек сүюге тоймайды.
Сүюдің көркі — теңінде.
Ғашықтың ханды да,
Қараны да теңестіреді.
Өз теңін таппаған,
Өмір бойы өкінер.
Махаббат — өмір көркі.
Кімді сүйсең де,
Шын көңіліңмен сүй.
Сүйсінбесең сүйме.
Ғашықтық пен құмарлық — екі айырық жол.
Сұлуды сүю — пайғамбардың сүннәті.
Сала берме көзіңді әр жақсыға,
Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.