Қазақша Жұмбақ: От, түтін, сіріңке

0

Қазақша Жұмбақ: От, түтін, сіріңке казакша Қазақша Жұмбақ: От, түтін, сіріңке на казахском языке

Басына қара таудың бітер қорған,
Онда жоқ бекітерге айыл-тұрман,
Қасына төрт нөкерін ертіп алып,
Үстіне қайырлы бай мініп тұрған.

Қазан, ошақ


Үш балада бір қармақ.

Мосы


Дыбыстасаң қарамас,
Болса-дағы құлағы.
От-жалынмен аралас,
Тату-тәтті тұрады.

Қазан, от



Бар екен арасанның үш төресі,
Жайлауы бір апанның кенересі.
Асты зерден болғанда, үсті балдан,
Адамзаттың ойласақ неменесі!

Қазан, ошақ


Тап-тап, тап балшық,
Тап-тап соққан сор балшық.
Іші қызыл қиямет,
Сырты сұлу әлемет.

Пеш


Қызыл сиырды байлап салдым,
Көк сиырды айдап салдым.

От, түтін


Бір жансыз бір жансыздың жанын алар.

От


Жалт-жұлт етеді,
Жалмай-жалмай жұтады.

От


Жаурағанды күлдірер,
Аяғы жоқты жүргізер,
Өз еркіне жіберсең,
Дүниені бүлдірер.

От


Қара сиырым қарап тұр,
Қызыл сиырым жалап тұр.

Қазан мен от


Бір қара өгізге екі теңдей-теңдей жүк арттым,
Бір бала үстіне мінгізіп шылым тарттым.

Пеш, мұржа


Боп, боп, бопылдақ,
Бопылдақ үсті үш тармақ.
Үш тармақта соқыр шақ,
Соқыр шақ үсті жез қармақ.

Күл, ошақ, қазан, тамақ,шөміш


Қос белбеу, мауыт шекпен, қазан қалпақ,
Нәрседей жылан сорған қарны жалпақ.
Бір жерден қозғалмайды сабыр етіп,
Қылмайды сабырсыздық етсе жалтақ.

Жалпақ пеш


Іші қызыл әлеумет,
Сырты қызыл керемет.
Тыңдап тұрып дәл ұрсаң,
Пайғамбарға сәлем ет.

Тандыр пеш


Аузы қара,
Түбі жара.
Сулап салсаң,
Шығады сары бала.

Тандыр пеш


Арқаға міндім, хан болдым,
Үйге келдім, құл болдым.
Отқа жандым, күл болдым.

Отын


Ұзыннан ұзақ,
Көкке тұзақ.

Түтін


Шешесі мәсісін кигенше,
Қызы Мәскеуге барып қалды.

Түтін


Кішкентай ғана сандығым,
Өмірге керек жабдығым.
Сандығыммен бітірем,
Керегімнің барлығын.

Сіріңке


Бір қорада қамалған сансыз жануар,
Әрқайсысының басында тұрған панар.
Аңдаусызда сүйкеніп тиіп кетсе,
Тыз етіп сол жануар от боп жанар.

Сіріңке


Елу тентек тып-тыныш,
Бір сарайда жатады.
Тысқа шықса біреуі,
Жарқ етіп от шашады.

Сіріңке


Үйге кіріп ақ бала,
Болып шықты қап-қара.

Көсеу


От басында ұзын темір.

Көсеу


Жұмбағым жұты қара,
Таба алмаған кісінің беті қара.

Көсеу


Іші қара,
Тысы ақ.

Мұржа


Дүниеде бір сұлу бар жылтыраған,
Көргенде жел мен суды қалтыраған.
Сен оны қасына алып жүре қалсаң,
Нәрсе жоқ қараңғыда табылмаған.

Шам


Ояғы дуалша,
Бұяғы дуалша.
Ортасында молда бала.

Шам


Бір нәрсе әділ етті,
Әділ етті де өліп кетті.

Шам


Бір түйем өлді арықтап майы көптен,
Жануар семірмейді жеген шөптен.
Ол түйем зәудеғалам өліп кетсе,
Сүйегі табылмайды жерден, көктен.

Майшам


Сығырайып қарады,
Аласарып барады.

Майшам


Жарығы күндей,
Таң қалдырар адамды,
Жалындап күймей.

Электр жарығы


Сыртының сырнайы бар,
Ішінің бүтін айы бар,
Май ішінің өзегі бар,
Бір апта өшеді,
Бір апта көшеді,
Кезегінде керегі бар.

Лампа, шам, білте


Үй сайын бір-бір құсты қойдық байлап,
Тұрады уақытында көзі жайнап ,
Ішіне бір сырғалы салып қойсаң,
Бар суын ішіндегі шығады айдап.

Лампа


Бір нәрсе заты тастан, іші қуыс,
Ұстауға қиын екен қылса жұмыс.
Өтпейді өткір пышақ, шажан қылыш,
Қайтадан күл болады қылсаң соғыс.

Шамның шынысы


Бір жерде бір бәйтерек жеке біткен,
Басында әділ патша мекен еткен.
Неше күн жер астында жатып-жатып,
Жолай алмай қасына қыршын кеткен.

Шырақ пен шіркелер


Бір нәрсе тау үстінде мекен еткен,
Басына шарбақталып күмбез тіккен.
Болғанда судан себеп, тастан бөгеу,
Жеріне күрмек шыбық тетік еткен.
Еш нәрсе өз тұсынан істемейді.
Сыртынан бірнәрсе кеп хабар еткен,
Адамға түнде пайда беру үшін,
Дүниеге аты мәлім, даңқы кеткен.

Керосин, лампа