Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы
3-4 жасында балаңыздың алғашқы достары пайда болады. Өзін көпшілік ортада тұлға ретінде сезіне бастайды. Олар бір-бірімен ойнау барысында рөлге ену, әңгімелесу арқылы танымын кеңейтеді. Бірінің айтқан ақпаратын бірі қабылдайды. Демек бүлдіршін өсіп келеді.
5 жасқа таяғанда бала ұстамды, сабырлы бола түседі. Үлкендердің сөзін тыңдап, айтылған әңгіме төңірегінде ой түйетінін аңғарасыз. Сөйтіп ол өзінің мектепке әзірлігін көрсете бастайды.
Мектепке бару бұл – баланың есеюге қадам басуы. Бұрын отбасымен, балабақшадағы, ауладағы балалармен ойнап жүрсе, енді жаңа ортамен, сыныптастарымен танысады. Бірте-бірте мектептің еркелікті көтермейтін орын екенін байқайды.
Балаңыздың одан кейінгі әрекеті сізді бұрынғыдан да таң қалдыруы мүмкін. Жинақы, сөздерін ойланып барып айтады. Яғни, орта оның қалыптасуына, есеюіне ықпал етіп жатыр. Жақында аузынан «Мен өзім!» деген сөзді естіп жатсаңыз түсіністікпен қараңыз.