Ер адам әйеліне «жақсы көремін» деп айтуы керек пе?


Негізінен, Алла тағала ерлерге әйел адамға мейірімділікпен қарауға, жақсы қарым-қатынас жасауға бұйырады. Бұл жайлы Қасиетті Құранда: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар» делінген («Нисә» сүресі, 19-аят).
Әйел адам табиғатынан нәзік болғандықтан күйеуінен жылы сөзін, қамқорлығын, мейірімділігін көруді қалайды. Ал ерлі-зайыптылардың, бауырлардың, жақындардың бірін-бір жақсы көріп «сені жақсы көремін» деп айтулары да сауапқа жатады.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла тағала қиямет күні: «Менің разылығым мен ұлылығымның құрметі үшін бір-бірін жақсы көрген құлдарым қайда? Менің көлеңкемнен басқа пана болмаған осынау күні оларды Өзімнің көлеңкеме саялатамын», – деп айтады», – деген (Муслим, бирр 37).
Бір ғана жылы сөз жүректерді жылытып, ерлі-зайыптылардың сүйіспеншіліген арттырады, оларды жақындастыра түседі, әрі сауапқа кенелтеді. Сондықтан бір-біріңізден жылы сөздеріңізді аямаңыздар, «сені жақсы көремін» деп жиі айтыңыздар!