Болашақ экологтарды даярлауда кредиттік оқыту жүйесіндегі студенттің өзіндік жұмысының маңызы

0

Қоғам сұранысына сəйкес болашақ маман құзырлығына қойылатын талаптар жоғары білім жүйесіне көпдеңгейлі білім беру мен кредиттік оқыту технологиясын енгізуге жол ашты. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттің өзіндік жұмысын ұйымдастыруды белсендіру жəне оған жаңаша көзқарастың қажеттігі кредиттік технологияның ережелеріне сəйкес оны жоспарлауға, ұйымдастыруға, əдістемелік қамтамасыз етуге жəне бақылауға байланысты болды.

СӨЖ-дің маңызы мен статусының артуының себептері:

  • студенттің жоғары оқу орны қабырғасынан алуы тиіс білім көлемінің ұдайы өсуі оқыту қарқындылығын арттыру қажеттігіне əкелді;
  • оқу бағдарламасындағы өзіндік жұмыс көлемінің артуы (2/3 бөлігі) студенттің өздігінен алатын білімінің көлемінің артуына əкелді;
  • осыған сəйкес,           СӨЖ-ді ұйымдастыру əдістемесін жаңалау: СӨЖ мазмұнын жаңаша анықтау; СӨЖ-дің əдістемелік қамтылуын жаңалау; СӨЖ-дің жаңа формаларын қолдану; СӨЖ-ді белсендіру мен тиімділеу құралдарын қолдану қажет болды, СӨЖ ұйымдастыру қағидалары   мен              функциялары толықтырылды, жаңа инновациялық СӨЖ түрлері енгізілді;
  • СӨЖ субъектілері – оқытушы мен студенттің рөлдері өзгерді; СӨЖ бағасының студенттің жинайтын кредитіне əсер етуі СӨЖ-ді бақылау жүйесіне өзгерістер əкелді, СӨЖ-ді бақылау міндетті болды;
  • СӨЖ-ді жүргізуде оқытушының қатысуына жəне білім алушының көп сатылы академиялық оқу деңгейіне байланысты СӨЖ құрылымының өзгеруі (СӨЖ, ОБСӨЖ) себепкер болды.

Дəстүрлі сызықты оқыту жүйесінде өзіндік жұмысқа аудиториялық сабақта өтіп үлгермеген, болмаса қосымша немесе тереңдеп оқуға арналған материалдар берілетін, немесе жаңа оқу материалы аудиториялық сабақта түсіндіріліп, оны бекіту жұмыстары өзіндік жұмысқа қалдырылатын. Ал, кредиттік оқыту жүйесінде негізгі білім көлемін игеру өзіндік жұмыстың үлесіне тиіп, оған міндетті түрде бақылау жасалынады. Өзіндік жұмыста теориялық білім алдын- ала игеріледі, алынған білімді түзету, тереңдету, бекіту жəне білімді дағдыға айналдыру жұмыстары оқытушы қатысуымен жүретін аудиториялық сабақтарда жүргізіледі.

Кредиттік оқыту жүйесінде білім алушының өзіндік жұмысының оқытушы қатысуынсыз жəне  оқытушы басшылығымен жасайтын өзіндік жұмысы болып жіктелуі бұл ұғымның мəніне, студенттің өзіндік жұмысының түрлерінің мазмұнына жəне ұйымдастырылуына жаңаша қарауды талап етеді.

Студенттің өзіндік жұмысына ерекше екпін жасау қажеттігі экология мамандығына арналған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында да айтылған. Мысал  ретінде, онда «Студенттің  өзіндік  жұмысы, академиялық  пəн  шеңберінде оқытушының басқаруымен жəне аудиториялық, сонымен  қатар аудиториядан тыс уақытта да  орындалады. Студенттердің өзіндік жұмысы міндеттерді іс жүзінде шешу дағдысын қалыптастыруға, логикалық ойлауды, шығармашылық белсенділікті, оқу материалын меңгерудегі, зерттеулік жолдарын, танымдық қабілетін дамытуға бағытталған. Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру жоғары оқу орнының  негізгі нормативтік құжаттарына, соның ішінде, оқу жоспарларына, жұмыс бағдарламаларына, курс бөлімдерін өз алдына оқуға арналған материалдарға сəйкес жүзеге асырылады.

Кредиттік оқыту жүйесінің ендірілуіне байланысты білім берудің жаңа парадигмалары енді «оқу – қалай оқуыңа», «өзін-өзі дамыту» жəне «өмір бойына оқу» болды. Бұл – кредиттік жүйеде енді оқытушының өзіндік жұмысқа аса маңыз беріп, оны ұйымдастырудың алуан түрлері мен жолдарын студентке көрсете отырып, студенттің танымдық əрекетінің ұйымдастырушысы болуы керектігін білдіреді. Кредитік оқыту жүйесіндегі оқу үдерісінде студент енді əрекет субъектісіне айналды.

Кредиттік оқыту жүйесінде де СӨЖ-дің атқаратын функциялары өз маңызын жоғалтпайды, ол:

  • студенттің өз бетімен жұмыс істеу білігі мен дағдысын дамытады;
  • теориялық білімін дамытуға жағдай жасайды;
  • таңдаған мамандығына қызығушылығын арттырады;
  • шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасайды;
  • өз бетімен білім алуды қажетсінуге тəрбиелейді;
  • оқу мен ғылыми жұмыстың байланысын күшейтуге мүмкіндік береді;
  • игерген білімді практикада толығырақ қолдану мүмкіндігін береді;
  • дүниетанымдық білім  мен білігін дамытады;
  • мақсатқа ұмтылушылыққа, ыждаһаттылыққа, тиянақтылыққа жəне жауапкершіліке тəрбиелейді [1].

Бұл СӨЖ функцияларының тізімін кредиттік жүйенің ерекшелігіне байланысты төмендегідей қызметтермен толықтыруға болады:

  • студентті СӨЖ уақытын тиімді пайдалануға, уақытын жоспарлауға үйретеді;
  • өзіндік бақылаудың дағдыларын қалыптастырады;
  • кредиттік жүйеде СӨЖ-ді белсендіру ақпараттық технологиялардың негізінде іске асатындықтан, ақпараттық технологиялармен жұмыс дағдысын дамытады.

Білім алушылардың өзіндік  жұмысы (БӨЖ)  –  дидактикалық   міндеттерді өз бетімен орындауға бағытталған, танымдық əрекеттерге қызығуын қалыптастыруға, ғылымның белгілі бір саласы бойынша білімдерін толықтыруға бағытталған білім алушының ерекше оқу іс-əрекеті [2,3]. Ол логикалық ойлауды, шығармашылық белсенділікті, оқу материалын өз бетімен игергенде зерттеулік шешім қолдануды қалыптастыруды қамтамасыз ететін практикалық міндеттерді іске асырумен байланысты болады.

БӨЖ білім алушылардың санатына байланысты студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ), магистранттың өзіндік жұмысы (МӨЖ), докторанттың өзіндік жұмысы (ДӨЖ) болып бөлінеді. Ал білім алушының оқытушының жетекшілігімен жасайтын өзіндік жұмысы (ОБӨЖ) – сабақ кестесіне көрсетіліп, оқытушының басшылығымен аудиторияда жасайтын жұмысы. Ол оқытушының басшылығымен жасалатын студенттің өзіндік жұмысы (ОБСӨЖ) жəне  оқытушының басшылығымен жасалатын магистранттың өзіндік жұмысы (ОБМӨЖ) болып жіктелінеді. БӨЖ-дің жалпы көлеміндегі ОБСӨЖ бен ОБМӨЖ-дің үлесін жоғары оқу орындарының өздері анықтайды. Кредиттік оқыту жүйесінде бакалавриатта оқытушының басшылығымен жүргізілетін əр 1 аудиториялық сағатқа 2 сағат өзіндік жұмыс (оқытушы қатысуынсыз жəне басшылығымен жүргізілетін СӨЖ) қоса жүргізіледі.

ОБСӨЖ – арнайы белгіленген уақытта алдарына қойылған дидактикалық мақсатты орындау үшін оқытушының ұйымдастыруымен жүретін білімді  іздеуге, оны ұғыну, бекіту, біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру жəне дамыту, алған білімдерді жинақтау жəне жүйелеуге бағытталған студенттердің іс- əрекеті [2]. Ол əр пəн бойынша өту мерзімі, уақыты, тьюторлар мен аудиториясы көрсетіліп, барлық академиялық кезең бойы графикке сəйкес жүргізіледі. Тьютор студенттің ағымдық рейтингісіне сəйкес оның ОБСӨЖ сабақтарына қатысуын, жекелей кеңес  алуын реттеп отырады.

Сабақ кестесіне енген ОБСӨЖ пəннің оқу материалын  қосымша оқуға бағытталады, онда студентке өзіндік жұмыстың тапсырмалары беріліп, үй тапсырмаларын, курстық жобаларды (жұмыстарды), семестрлік жəне бақылау жұмыстарын, есептерді жəне СӨЖ-дің басқа да тапсырмаларының түрлерін орындау туралы консультация беріледі, оларға бақылау, тексеру жасалады, интерактивті сабақ түрлері жүргізіледі. Дайындық деңгейін арттыру үшін ағымдық рейтингі төмен студенттерге немесе пəн бойынша берілген тапсырмаларды орындауда қосымша əдістемелік көмек қажет еткендерге консультациялар беріледі. ОБСӨЖ сабақтары консультативтік жəне интерактивтік формада болуы мүмкін, ол формалар оқу курсының қиындығына, оған бөлінген аудиториялық сағат санына, студенттердің дайындық деңгейлеріне байланысты анықталады. ОБСӨЖ-дің тақырыптары, тапсырмалары, жүргізу формалары, сағат көлемі пəннің силлабусында сипатталады.

«СӨЖ аудиториялық сабақтарда өтілген материалдар жөніндегі білімін толықтыру жəне кеңейту мақсатында студенттің аудиториядан тыс жұмыс істеуін қарастырады». Оқытушы қатысуынсыз жүретін СӨЖ – жоғары оқу орнында оқу үдерісінің басты бір бөлігі, оқытушының тапсырмасымен жəне əдістемелік басшылығымен, оның тікелей қатысуынсыз орындалатын, оқу материалын өздігінен игеру үшін студенттің жасайтын жоспарланған жұмысы.

Қазақстан Республикасында оның үлесіне осы уақытқа дейінгі сызықты оқыту жүйесінің типтік жəне оқу жоспарларында 20-30 % беріліп келсе, ал оқытудың кредиттік жүйесінде оқу бағдарламасының барлық  көлемінің үштен екі бөлігін құрайды. Ал шетел ЖОО-да СӨЖ-дің аудиториялық сабақтармен арақатынасы 1:3,5 немесе 1:4 құрайды [4]. СӨЖ студенттердің танымдық жəне кəсіби əрекеттеріне қызығушылығының дамуына, білімдерін тереңдетуге, кəсіби біліктіліктері мен дағдыларының қалыптасуына мүмкіндік беріп, студенттің өз бетімен игеру арқылы алатын білімінің сапасына тікелей ықпал етеді. Сондықтан да еліміздің ЖОО-да кредиттік оқыту жүйесінің ендірілуінен СӨЖ-ді жаңаша, тиімді ұйымдастыру – бүгінгі таңда өзекті мəселе болып отыр.

 

 Әдебиеттер

  1. Шкутина Л.А., Сарсекеева Ж.Е. Педагогические основы организации самостоятельной работы студентов в рейтинговой системе обучения (на примере учебной дисциплины «Педагогика»). – Караганда: Изд-во «Санат-Полиграфия», 2005. – 124 с.
  2. Основы кредитной системы обучения в Казахстане / С.Б.Абдыгаппарова, Г.К.Ахметова, С.Р.Ибатуллин, А.А.Кусаинов, Б.А.Мырзалиев, С.М. Омирбаев; Под общ. ред. Ж.А.Кулекеева, Г.Н.Гамарника, Б.С.Абдрасилова. – Алматы: Қазақ университеті, 2004.–198 с.
  3. Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрінің 2005 жылдың 9 желтоқсанында №753 бұйрығымен бекітілген «Эксперименттік режимде іске асырылатын кредиттік оқыту жүйесі туралы ереже».
  4. Нурманбетова Д.Н., Нефедова Л.В., Ковальская С.И., Абдильдина Р.Ж. / Методические рекомендации по разработке учебно-методических комплексов учебных дисциплин для студентов. – Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2004. – 42 с.

 

Автордың аты-жөні, тегі: Беркімбаев К.М., Мейірбекова Г.П.