Біздің университет — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека
1-тапсырма. Ой шақыру. Университет туралы пікірлесейік.
1. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті туралы не білесіз?
2. Әл-Фараби деген кім?
3. Университет қайда орналасқан?
4. Не үшін осы оқу орнын таңдадыңыз?
5. Неліктен ҚазҰУ-ды ЖОО-ның флагманы деп атайды?
2-тапсырма. ҚазҰУ жайлы шетел ғалымдарының пікірлері. Назар аударыңыз!
«ҚР-дағы танымал ірі оқу орындарының қатарында білім және ғылым орталығы саналатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үлкен интеллектуалдық потенциалы бар. Оған талай жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан университет басшылары мен жетекші оқытушылары, жинақталған материалды және гуманитарлы ресурстары себеп» (Михаил Розенблюм, Постдам университетінің физика және астрофизика институтының профессоры. Германия)
«Университет басшыларымен әңгімелесіп, сіздердің университеттеріңіз жайлы көбірек мағлұмат алдым. Мемлекетегі университеттің алатын орны, оқытушылар мен студенттердің мобильдігі саласындағы университет жасап жатқан халықаралық әріптестіктің ауқымдылығы қатты таңғалдырды. Университет тек ұлттық нақышта ғана емес, сонымен қатар аймақтық дәрежеде де білім сапасын жетілдіріп, ғылыми зерттеулерді дамытуда да көшбасшы болып табылады. Биік шыңдардан көріне беріңіздер» (Барбара Вайтгрубер, Балон үдерісінің сыртқы істер жөніндегі жұмыс тобының төрайымы. Австрия)
– Шетелдік ғалымдардың пікірі осындай, сіз өз университетіңізбен қалай мақтанар едіңіз?
Университет әкімшілігі және лауазымдарымен таныс болыңыздар!
Университет басшысы кім? / Ректор.
Оның орынбасары кім? / Проректор.
Оқытушылар құрамын қалай атайды? / Профессор. Доцент. Аға оқытушы.
Ассисент.
Факультет басшысы кім? / Декан.
Кафедра басшысы кім? / Кафедра меңгерушісі.
3-тапсырма. Жаңа сөздермен таныс болыңыздар.
Білім ордасы, жетекші оқу орны, дербес, өзін-өзі басқару, мәртебесі, алыптар, бағыт, мерейтой, университет қалашығы, оқу жүйесі, ұлттық оқу орны.
4-тапсырма. Мәтінді оқып, мәтінге сұрақ қойыңыздар.
ҚазҰУ-ым – білім кеніші
Әлемдік деңгейдегі білім ордаларының бірінен саналатын қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тамыры тереңде, тарихы бай. Ел ертеңіне алаңдаған қазақ зиялыларының талап-тілегі ескеріле отырып, 1933 жылдың 20 қазанында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Қазақстан үшін кадрлар дайындау туралы» арнайы қаулы қабылдайды. Сол құжат негізінде 1934 жылдың 15 қаңтары Қазақ мемлекеттік университетінің ашылған күні болып саналады. Қазіргі таңда университет Республикадағы жетекші оқу орны. 1991 жылы университетке шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың есімі берілді. 1993 жылы Президент жарлығымен дербес, өзін-өзі басқаратын мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесін иеленіп, Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті болып аталды.
Қазір университеттің 14 факультетінде 16 мыңнан аса студент оқиды. Студенттер үшін 1,5 млн. кітап қоры бар ірі кітапхана, асхана, спорт кешені, дүкен, кинотеатр жұмыс істейді. Бірнеше оқу ғимараттары бар. Негізгі оқу ғимараттары тұрған жерді «университет қалашығы» деп аталады. Қалашықта Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы бар.
ҚазҰУ – еліміздің ең ірі ғылыми орталығы. Бүгінгі таңда университетте 2000-нан аса білікті оқытушы жұмыс істейді, олардың ішінде 1000-нан аса ғылым докторы мен кандидаты, 100-ден аса академик пен 50-шақты философия докторлары бар.
Университетте өткен жылдарда Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді алыптар дәріс оқыған.
Бүгіні ҚазҰУ нағыз элиталық жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне айналды. Ол көптеген қазақстандық интеллектуалдық, саяси және экономикалық элитаны даярлап шығарды.
Елбасымыздың «ҚазҰУ – бұл Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің іргетасы» деуі тегін емес.
ҚазҰУ – Халықаралық университеттер ассоциациясына мүше. Университет Американың, Еуропаның, Азияның, Африканың 415 университетімен байланыс жасайды. Жыл сайын 70-тен аса студент шет елдің жоғары оқу орындарында білім алады.
Университетте оқу жүйесі үш сатылы: Бакалавриат, магистратура, PhD. 2008 жылдың мамыр айындағы Ғылыми кеңесте 2009-2011 жылдарға арналған университеттің жаңа даму стратегиясы қабылданды. Ол үш бағыттан тұрады. Біріншісі – менеджменттің барлық деңгейін түбегейлі жетілдіру, екіншісі – мамандарды халықаралық талаптарға сай даярлау, үшіншісі – ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жетілдіру. Университет аталған стратегияны біртіндеп жүзеге асыра бастады. Өткен жылы әлемдік тәжірибеде орныққан ИНТРАНЕТ желісіне негізделген оқытудың кредиттік жүйесіне көшті.
2009 жылы университет 75 жылдық мерейтойын тойлады.
5-тапсырма. Мәтінмен жұмыс.
1. Мәтінге жоспар құрыңыз.
2. Мәтінді жоспар бойынша әңгімелеңіз.
3. Мәтіннен тірек сөйлемдерді табыңыз.
4. Әр абзацқа өздеріңіз сұрақ дайындаңыздар.
6-тапсырма. Сөздерді дұрыс орналастырып, сөйлем құраңыз.
1. Қазақ, 1934 жылдың, мемлекеттік, 15 қаңтары, болып саналады, университетінің, ашылған күні.
2. Университет, жетекші, қазіргі, оқу орны, таңда, Республикадағы.
3. «Университет қалашығы», негізгі, тұрған жерді, ғимараттары, деп аталады, оқу.
4. Орталығы, ірі ғылыми, ең, ҚазҰУ – еліміздің.
5. Ғимараттары, бірнеше, оқу бар.
6. Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, 1993 жылы, мемлекеттік жоғары оқу орны, Президент жарлығымен, мәртебесін иеленіп, дербес, өзін-өзі басқаратын, болып аталды.
7. Шет елдің, жыл сайын, орындарында, 70-тен аса, жоғары оқу білім алады, студент.
7-тапсырма. Жағдаяттық тапсырма.
1. Егер сіздің болашақта жеке ЖОО болса, сіз талапкерлерді оқуға қандай тәртіппен қабылдар едіңіз? Қандай тәртіпке жүгінер едіңіз?
8-тапсырма. Деректер сөйлейді. Жадыңызда тұтыңыз!
Ғылым мен білімнің маржандарын өз тұнығына сіңірген білімнің қаймағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы 1934 жылы қаланды.
***
1991 жылы университетке ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың есімі берілді.
***
1993 жылы Президент жарлығымен дербес, өзін-өзі басқаратын мемлекеттік жоғары оқу орны мәртебесін иеленіп, Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті болып аталды.
***
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2001 жылғы 5 шілдедегі Жарлығымен университетке «ұлттық» деген ерекше мәртебе берілді.
***
Бүгінде ЖОО рейтингтерін анықтау әлемнің 30 елінде жүргізіліп келеді. Халықаралық сарапшылардың сараптамасында Қазақстан 2007 жылдан бері ЖОО рейтингтік көрсеткішін анықтайтын ел ретінде көрсетілді. Рейтингтен орын алған 60 ЖОО-ның ішінде бірінші тұғырға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті лайық деп табылып, Қазақстандағы ең үздік оқу ордасы ҚазҰУ деп танылды.
***
2007 жылы Республикадағы іргелі жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ТМД елдерінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының «Ғылым және білім» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
***
Өткен оқу жылында ҚазҰУ-да тұңғыш рет РҺD философия докторлары бітірді. Осылайша ҚазҰУ ТМД елдерінің арасынан бірінші болып халықаралық стандартқа сай кадрларды даярлаудың үш сатылы деңгейін игерді.
***
Бүгінгі таңда университетте 2000-нан аса білікті оқытушы жұмыс істейді, олардың ішінде 1000-нан аса ғылым докторы мен кандидаты, 100-ден аса академик пен 50 шақты философия докторлары бар. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті, әлемдік талапқа жауап бере алатын маман дайындау.
***
ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасы – қазақстандық жоғары оқу орындарының ең кітап қоры бай кітапхана. Кітапханада 1,5 млн. кітап қоры бар.
9-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!
Сан есім. Сан есімнің түрлері.
Сан есімдер – сандық ұғымды білдіретін, есімдер тобына жататын сөз табы. Сан есім белгіні білдіретін болғандықтан көп жағдайда зат есіммен тіркесе қолданылады. Мысалы: он бес кітап, жиырма қалам, жеті жұлдыз.
Сан есімдер әріппен де, цифрмен де жазылады.
Сан есім сан атауын әр түрлі білдіруіне байланысты бірнеше мағыналық топтарға бөлінеді:
1. Есептік – бір үй, жүз елу бес адам.
2. Реттік – жүзінші пәтер, төртінші көше, алпыс алтыншы қатар. Реттік сан есім есептік сан есімге -ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнағы жалғануы арқылы жасалады.
3. Жинақтық – біреу, екеу, үшеу.
4. Топтық – оннан, жүзден, бес-бестен, он-оннан.
5. Болжалдық – жүздеген, елудей, мыңдай, он шақты, жүзге жуық.
6. Бөлшектік – төрттен бір студенттер, оннан үш, үштен екі.
10-тапсырма. Мәтіннен сан есімдерді тауып, түрлеріне ажыратыңыз. Сан есімдер тіркескен сөздерге назар аударыңыз.
Білгенге маржан! Сандық мәндер арқылы айтылатын ұлағатты ұғымдар.
Бір жеңнен қол, бір сөзді, кіндігі бір, бір тарының қауызына, бір тайпа ел.
Екі оттың ортасында, екі талай күндерде, екі жарты бір бүтін, екі талай, екі көздің біріндей.
Ер кезегі үшке дейін, үш ұйықтаса түсіне кірмеген, үш қайнаса сорпасы қосылмас.
Төрт көзі түгел, төрт құбыласы түгел, төр аяғы тең жорға, екі көзі төрт болып.
Бес биенің сабасындай, бесаспап, бес саусағындай белгілі, бес тиындық.
Алты арыс, алты алаш, алты бақан алауыз, алты қырдың астында.
Жеті ата, жеті қат жер, жеті қат көк, жеті қазына, жеті жұрт, жеті тозақ, жігітке жеті өнер аз, жеті нан құдайы.
Сегіз қырлы бір сырлы, сегіз жұма.
Тоғыз қабат торқа, тоғыз тарау жол, тоқсан толғанып, тоғыз құмалақ.
Он саусағынан өнер тамған, он сегіз мың ғалам, он екіде бір нұсқасы жоқ, он екіде бір гүлі ашылмаған, он екі ай, он екі мүше.
Қырық қатпар, қырық күн шілде, қырық шілтен, әйел қырық шырақты, қырық бір құмалақ, отыз күн ойын, қырық күн той, қырық құбылып, қырық рулы ел.
Сондай-ақ, жүз құбылу, құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық, мың болғыр, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік, он төртінші туған айдай секілді сөз тіркестері сандар мәнін аша түседі. Халқымыз цифрларды ойнату арқылы тіліміздің алтын қорын одан әрі байыта түскен (С. Кенжахметов. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті).
11-тапсырма.
– Сөз тіркестерінің мәнін ұқтыңыз ба?
– Оқытушы көмегімен мағыналарын дәптерлеріңізге жазып, мәнін есіңізге сақтаңыз.
12-тапсырма. Мына есептік сан есімдерді реттік сан есімдерге айналдырып, тірек сөздермен сөйлем құрыңыз.
199, 4, 1970, 10, 78, 120, 66, 2010, 36, 95, 2004.
13-тапсырма. Сөздерді сәйкестендіріңіз.
Жоғары басқару
Жетекші ордасы
Білікті білім
Білім маман
Университет орталығы
Интранет қалашығы
ғылыми желісіне
өзін-өзі оқу орны
14-тапсырма. Сандар да сөйлейді. Есіңізге сақтаңыз!
1980 жыл. «Биофизика» оқу ғылыми-өндірістік бірлестігі құрылды.
1984 жыл. 1 маусым күні шығыс филологиясы кафедрасы құрылды.
1985 жыл. 19 маусымда университетімізде шетел азаматтары үшін дайындық факультеті ашылды.
1986 жыл. ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Е.Е. Ерғожин ректорлық қызметін атқарды.
1988 жыл. ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор М.М Әбділдин ректорлық қызметін атқарды.
1989 жыл. 27 наурызда салтанатты түрде Қазақ мемлекеттік университеті тарихы жайлы мұражай ашылды. Шығыстану факультеті ашылды.
1991 жыл. 4 сәуір күні ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор К.Н. Нәрібаев ректорлық қызметке тағайындалды.
23 қазанда С.М.Ккиров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аты өзгертіліп, оған ұлы философ, ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің есімін беру туралы ҚазКСР Министрлер кабинетінің қаулысы шықты.
1992 жыл. Философия-экономикалық факультеті философия және саясаттану, сондай-ақ экономика және социология деген екі дербес бөлімдерге бөлінді.
Наурыз айында экспериментальды және теоретикалық физика институты ашылды.
15-тапсырма. «Университет» сөзімен тіркесетін сөздерді жазыңыз.
16-тапсырма. Аударма жұмысы. Переведите 10 причин, по которым твой друг должен поступить в КазНУ.
1.Во-первых, Казахский национальный университет – старейший вуз страны, в нем все лучшее, что присуще высшей школе Казахстана.
2. Во-вторых, здесь работают самые квалифицированные преподаватели.
1. В-третьих, КазНУ обучает студентов на 14-ти факультетах.
2. В-четвертых, кроме дневной, в университете есть заочно-вечерная форма обучения, и, если нужно, ты сможешь и учиться, и работать.
5. В-пятых, КазНУ им. аль-Фараби – это единственный вуз Казахстана, который стал членом Международной ассоциации университетов и принимает активное участие в деятельности МАУ. КазНу также является одним из учредителей Евразийской ассоциации университетов. А это значит, что диплом нашего университета признается во всем мире.
6. В-шестых, КазНУ поддерживает связи со 175-ти университетами стран Америки, Европы, Азии и Африки. Ежегодно около 70 студентов обучаются в зарубежных вузах. Кроме того, на всех факультетах читают лекции зарубежные специалисты.
7. В-седьмых, КазНУ – крупнейший научный центр страны. Научные школы, сложившиеся в университете, оказывают позитивные влияние на развитие науки всей Республики Казахстан.
8. В-восьмых, университетская библиотека имеет книжный фонд в 1,5 млн. книг и является крупнейшей после Национальной библиотеки и библиотеки Академии наук. Учебный процесс почти полностью компьютеризирован.
9. В-девятых, университет располагает военной кафедрой, и вместе с дипломом ты имеешь возможность получить воинское звание.
10. В-десятых, нигде о твоем быте и о твоем здоровье не позаботятся так, как в КазНУ. Если ты приехал из другого города, ты можешь поселиться в общежитии, если любишь заниматься спортом – к твоим услугам спорткомплекс КазНУ, на территории КазГУграда есть Комбинат питания, во Дворце студентов есть все условия для занятий художественной самодеятельностью, а веселых и находчивых ждут турниры КВН: А если ты будешь отлично учиться, то можешь сэкономить на оплате за учебу («Қазақ университеті» газетінен).
Тест тапсырмалары
1. ҚазҰУ қандай оқу орны?
А. Іргелі
В. Үздік
С. Жетекші
Д. Белгілі
2. Реттік сан есім қай қатарда?
А. 14 факультет
В. 70-тен аса
С. 30 елінде
Д. 1991 жылы
3. Университет кімнің атымен аталады?
А. Әбу Райхан Бируни
Б. Ибн Сина
С. Конфуций
Д. Әбу Насыр әл-Фараби
4. Университет қай жылы «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының «Ғылым және білім» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды?
А. 1991 ж
Б. 1993 ж.
С. 2003 ж.
Д. 2007 ж.
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:
1. Сан есім дегеніміз не, мысал келтіріңіз.
2. Сан есімнің түрлеріне мысал келтіріңіз. Сан есім қандай сұрақтарға жауап береді?
3. Мәтіндегі негізгі сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге айналдырыңыз.
4. ҚазҰУ іргетасы қашан қаланды?
5. Студенттер сарайы кімнің есімімен аталады?
6. Оқу ғимараты тұрған жер қалай аталады?
7. Соңғы жылдары университетте қандай стратегия қабылданды?
8. Университеттегі оқу неше сатылы?
СОӨЖ тапсырмасы. «Менің таңдаған университетім» тақырыбына мына сұрақтар төңірегінде шағын эссе жазу:
а) Университтегі оқу жүйесі сізге ұнай ма?
ә) Білім беру сапасы қанағаттандыра ма?
б) Білім сапасын арттыру үшін тағы не керек деп ойлайсыз?
д) Осы университтеті таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
( 0,5 бет көлемінде).
СӨЖ тапсырмасы: Ұлы шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби туралы реферат дайындау, ауызша баяндау.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!