Біз жемқорлыққа қарсымыз! — Сценарилер — Bilim

0

Біз жемқорлыққа қарсымыз!

«Қалалық оқушылар Сарайы» МКҚК

қосымша білім беру педагогі Таубатырова Мира Тыныштыққызы

Музыка қосылып, сахнаға 7 бала шығады. Көрерменге жанымен, бірінің артынан бірі тұрады. Қолдарында қара бес саусақты қолғап. Сахнада  «Адал болашаққа бірге барамыз» деп жазылған қорап  бар.

Бала: (Алдындағы тұрған дүкеншінің иығынан түртіп, өзіне қаратады. Осылайша әрбір сөйлеген адам алдындағы адамды иығынан түртіп өзіне қаратады) Апа, сәлеметсіз бе, «Сникерс» беріңізші. Сосын, мама папаға темекі берсін деді. Мама «Өзі біледі, чек соқпай-ақ қойсын — деді.

Дүкенші: Жарайды, мә.

Инспектор: Сәлеметсіз бе. Мен салық комитетіненмін. Сіздің кассалық аппаратыңызды көруге бола ма?

Дүкенші: Әрине, болады. Бірақ, ол бүгін ғана істен шығып қалған.

Инспектор: Түсінікті, мен акт толтырамын.

Дүкенші: Мүмкін, бір ретке кешірерсіз. (Дүкенші ақ конверт береді)

Инспектор: (Конвертті алып) Жарайды, бұдан былай қайталанбасын!

Инспектор: Мен қызымды сіз басқарып отырған оқу орнына түсірсем деймін.

Ректор: Жарайды, ҰБТ-ны қалай тапсырды?

Инспектор: Мәселе сонда болып тұр ғой. Мектепте нашарлау оқып еді. Бірақ, мен оның қалай да дәрігер болғанын қалаймын. Өзіңіз бірдеңе қыларсыз?!

Ректор: Жарайды. Мен оны жеті-сегіз жыл сүйретуім керек. Сондықтан, менің еңбегімнің қанша тұратыны өзіңізге белгілі шығар?

Инспектор: Әрине, мінекей, алыңыз! (Конверт Ректордың қолына беріледі)

Ректор: Жақсы, келістік. Мен Бәкеңнен келдім. Балама жүргізушінің куәлігі керек еді. 

Полиция: Мхм. Бәкеңнен келсеңіз, бұл мәселенің қалай шешілетінін білетін боларсыз?

Ректор: Әрине! (Ақ конвертті соған береді)

Полиция: Жақсы, өзім хабарласармын. (Алдындағы адамға) Менің қызым сіз ұйымдастырып отырған өнер байқауына қатысып жатыр еді. Мен оны бас жүлдеге ғана лайық деп ойлаймын.

Мәдениет қызметкері: Иә, түсінікті. Аты-жөнін жаздыңыз ба?

Полиция: Әрине, бәрі осының ішінде.

(Осы кезде тежегіштің дыбысы естіледі де, инспектор балаға келеді)

Мәдениет қызметкері: Ой, балақай. Қатты ауырды ма? Аяқ-қолың сау ма?

Бала: Сау сияқты (Үсті- басын қағынып, телефонын алады)

Мәдениет қызметкері: Не істеп жатырсың?

Бала: Ата-анама хабарласамын.

Мәдениет қызметкері: Жоқ, о не дегенің? Жігіт емессің бе? Қатты жарақатың жоқ. Мә, ала ғой. «Сникерс» алып жерсің.

(Конверт баланың қолына беріледі. Барлығы шеңбер құрып тұрады. )

Автор: Есіңізде ме, көріністің басындағы «Сникерс» осылай келген. Біздің айтқымыз келгені, жемқорлық — жең ұшынан қол жалғау, қазіргі таңда үздіксіз шеңберге айналды. Онымен күресу біздің қолымыздан келмейді. Дегенмен де біз мынадай шешім ұсынамыз. Жемқорлықпен күресті әрбір адам өзінен бастаса қалай болар еді? Тежегіштің дыбысы қайта естіледі)

Бала: Жоқ, мен бүгін аман қалдым, аға. Сіз осылай жол ережесін бұза беретін  болсаңыз, келесіде  менің досымның, не бауырымның  өліміне себепші болуыңыз мүмкін. Алыңыз мынауыңызды! Мен ата-анама хабарласамын!

(Қолындағы қара қолғапты шешіп, сахнаның алдындағы қорапқа салады.)

Мәдениет қызметкері: Бүгін сіздің  қызыңызға, басқа талантты баланың сағын сындырып, жеңіс алып беремін. Ертең ол бір жерде мұрнына мәдениеттің иісі де бармайтын бастық болмасына кім кепіл? Рухани құлдырау деген осыдан басталады.Алыңыз ақшаңызды!

(Қолындағы қара қолғапты шешіп,  сахнаның алдындағы қорапқа салады.)

Полиция: Жоқ, жүргізушілік куәлікті әркім  өзі оқып, тәжірибеден өтіп алуы керек. Ертең ол  көшеде менің өзімді немесе туыстарымды басып кетпейтініне мен қалай сенемін? Сондықтан, қайтып алыңыз мынауыңызды!

(Қолындағы қара қолғапты шешіп, сахнаның алдындағы қорапқа салады.)

Ректор: Мектепте білімге құмартып, жарытпаған бала қалай дәрігер болады?  Кез келген мамандық сауаттылықты талап етеді. Соның  ішінде дәрігерлік екі есе. Ертең сол баланың алдына өзім ауырып бармасыма кім кепіл?

(Қолындағы қара қолғапты шешіп, сахнаның алдындағы қорапқа салады.)

Инспектор:Касса аппаратына акт жазамын. Өйткені салық менің қалтама емес, Үкіметтің бюджетіне түседі. Бүгінгі салық — ертеңгі көшенің жарығы, жолдар, балабақша, мектеп, аурухана. Сондықтан конвертіңізді алыңыз да, мына акт-іге қол қойыңыз.

Дүкенші: Жоқ, балақай, заң жүзінде 18 жасқа дейін шылым сатылмайды!  Мамаңа соны ескерт, сау бол!

(Қолындағы қара қолғапты шешіп,  сахнаның алдындағы қорапқа салады.  Ақ конвертті жүргізушінің қолына береді.Барлығы ортаға шығады.

Автор: Құрметті ағайлар, апайлар, таң қалмаңыздар! Бала да болсақ, біз көп нәрсені естіп, біліп жүрміз. Сыбайлас жемқорлық — кез-келген мемлекеттің  дамуын тежейді.  Біз өз болашағымызға  алаңдаймыз. Сондықтан да

Бәрі: Біз жемқорлыққа қарсымыз!