Биосфера ресурстары |
Философиялық және экономикалық тұрғыдан адам мекенінің экологиялық инфрақұрылымының нашарлауының басты себебі — парасатты адам тіршілігінің басты негізі табиғат пен технократтық «мүдделерінің» алшақтығы. Салауаттылық пен мәдениет дағдарысы бастауын экономикалық дағдарыстан алмайды, ол алдымен қоғамның экологиялық инфрақұрылысының бұрмалануы. Қазіргі қоғам дамуында әр адамның үлесіне келетін қажетті экономикалық құндылықтың сандық көрсеткіштерін емес, сапалық, соның ішінде қоғамның маңызды экологиялық жетістіктерінің көрсеткіштері маңызды орын алады. Бұл мәселе планета халқының саны өскен сайын өткір болып келеді.
XX ғасырда демографиялық өзгеріс біршама ерекше сипат алды. Халық саны 1 млрд 630 млн нан 6 млрд дейін өсті. Өткен үш ғасырда (1600-1900) халық саны үш есе өссе, ал соңғы ғасырда (1900-2000) — төрт есеге өсті. Халықтың өсуі әлемнің барлық аймағында, әсіресе Азия, Африка, Латын Америкасында, Үндістан мен Қытайда байқалуда.
Халық санының өсуі мен адамдардың өмір сүру деңгейінің жоғарылауы, қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін халық өсімін экоиомикалық және мәдени өсіммен үйлестіру қажет.
Халық санының үнемі өсуі көптеген елдердің, әсіресе дамушы елдердің алдына адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін қояды. Әлемде жыл сайын аштықтан 2 млн адам өледі. Азық-түлік мәселесін шешумен қатар адамдарды сумен қамтамасыз ету, атмосфералық ауаны сақтау, топырақтың құнарлығын сақтаудың маңызы бар. Қазірдің өзінде кейбір аймақтарда судың, әсіресе тұщы судың жетіспеуіне, қоршаған ортаның ластануына байланысты күрделі мәселелер туындауда.
Халық жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілуі керек. Ғалымдардың бағалауынша, отынның дәстүрлі түрлерімен (көмір, мұнай, табиғи газ, шымтезек, жанатын тақтатас) адамзат 1980 жылғы қолданыс деңгейінде 300-320 жылға, ал 2000 жылғы қолданыс деңгейінде 140-150 жылға қамтамасыз етілген. Сондықтан халық шаруашылығында бірінші орында балама энергия алу әдістері, мысалы, атомдық, сутектік т.с.с. шығу керек. Басқарудағы күрделі термоядролық синтез мәселелерін шешу арқылы адам орасан зор мөлшерде энергия алады.
Адамның өскелең талабын қанағаттандыру үшін әр түрлі табиғат ресурстары мен өндіріс күші қарқынды даму қажет, ал бұл нооценозаның табиғи ортаға әсерін күшейтеді. Осы жағдайда «адам-қоғам-табиғат» жүйесінің әрекеттесу негізіне биосфераның даму болашағын еске ала отырып, экологиялық заңдылықтарды бұлжытпай орындауды енгізу керек.
Адамның азық-түлік алудағы елеулі көзіне теңіздер мен мүхиттардың тағамдық ресурстары жатады. Бірақ оларды пайдаланғанда экологиялық білім, атап айтқанда, минимум заңы, лимиттік факторлар мен экологиялық валенттілік, толеранттық, оптимум, адам мен өндірістік даралар, ішкі динамикалық тепе-теңдік пен оның салдары және т.б. негізінде «қоғам-табиғат» жүйесіндегі арақатынасты дамыту қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.