Биоценоздардың динамикасы және эволюциясы |

0
105

Биоценоздар өзгеріссіз қалмайды, олар дамиды, эволюциялық өзгеріске түседі, олардағы ағзалардың жағдайы мен тіршілігі және даралардың арақатынастары үнемі өзгеріп тұрады. Кез келген биоценозда болатын барлық алуан түрлі өзгерістерді — ырғақты немесе үдемелі деп бөлуге болады.

Қоғамдастықтың ырғақты өзгерісі сыртқы жағдайдың тәуліктік, маусымдық және көпжылдық периодты әсерінен туындайды. Ортаның күн мен түн арасындағы температура, ылғалды және биоценоздағы айырмашылық ерекше болған сайын биоценоздағы тәуліктік өзгерістер де күштірек болады. Қоғамдастықтағы тәуліктік ритм барлық зоналарда, экватордан тундраға дейін байқалады.

Биоценоздардың мезгілдік өзгерісі тек қана олардың көбею цикліне, мезгілдік орын ауыстыруына, кейбіреуінің жыл бойғы өнімдеріне тәуелді. Жылдың белгілі бір уақыт аралығында көптеген түрлер іс жүзінде қоғамдастық тіршіліктен шығып, тыныштық жағдайда болады (қатардан шығып қалу, анабиоз, ұйқыда), қолайсыз онтогенез периоды стадиясында басқа климаттық зонаға ауысып отырады.

Көпжылдық өзгерістің қоғамдастыққа әсер етуі жылдар бойғы сыртқы жағдай өзгерісіне тәуелді. Мысал ретінде өзендердің тасуы, жылдар бойы жауын-шашын мөлшерінің өзгерісі, жерасты суының деңгейінің төмендеуі және т.б. Бұдан басқа көпжылдық периодты популяциялық толқын деп аталатын — жануарлардың белгілі бір түрі санының шұғыл өсуіне байланысты.

Қоғамдастықтағы үдемелі өзгеріс бір қоғамдастықтың орнын екінші қоғамдастық басуына әкеледі. Бұл өзгерістің себебі бір бағытқа бағытталған әрекеттің ұзақ болуынан туындаган факторлар, мысалы, мелиорация нәтижесінде батпақтардың құрғауы, су құбырларының антропогендік ластануының жоғарылауы, мал өрістерінің көбеюі. Мұнда пайда болатын бір биоценоздың екінші биоценоздармен алмасуын экзогенетикалық деп атайды. Егер осы жағдайда қоғамдастықтың құрамы қысқарып, түрдің құрамы жұтаңдаса, өнімділігі төмендесе мұндай қоғамдастықтың алмасуын деградация деп атайды.

Бірақ бір биоценоздың басқа биоценозбен алмасуы қоғамдастықтың өз ішінде, тірі ағзалардың өзара эрекеттесуі нәтижесінде болатын үдерістерден туындауы мүмкін. Мұндай алмасуды эндогенді деп атайды.

Тірі ағзалардың өзара және оларды қоршаған абиотикалық ортамен әрекеттесуі нәтижесінде қоғамдастықтың өзгеруіне бағытталған заңды құбылыс сукцессия деп аталады.

Сукцессия, барлық компоненттер жағдайы мен қасиеттері өзгере отырып, кеңістікте және уақыт бойынша, жүйелі түрде бір биоценоздың орнына басқаның келуі, ол табиғи факторлардың әсерінен және сол сияқты адамның іс-әрекетінің әсерінен де пайда болады. Осыған байланысты сукцессия бірнеше түрге бөлінеді: антропогендік, пирогендік, апаттық және т.б.

Литропогендік сукцессия — бір биотопта адам қызметінің және оның тікелей немесе жанама түрде экожүйеге әсерінің нәтижесінде биоценоздардың жүйелі алмасуы. Мысалы, орманның оталуы, атмосфераның газдануы және т.б.

Пирогендік сукцессия — өрт нәтижесінде биоценоздардың алмасуы (табиғи немесе адам кінәсінан).

Апаттық сукцессия — экожүйеде болған апатты оқиғаның салдарынан болатын сукцессия: қатты жел соғудан, су тасқынынан, зиянкестердің көп таралуынан және т.б.

Табиғаттағы сукцессия масштабы әртүрлі. Қауымдастықтың ұйымдасу тәртібі қалай сақталса, сукцессия үдерісінде де тәртіп сақталады: биоценоздардың ірі өзгерістері кішігірімдерден құралады. Тіпті зат айналымы жақсы реттелген тұрақты экожүйелердің өзінде қауымдастықтың күрделі ішкі құрылымын үнемі сүйемелдеуші көптеген жергілікті сукцессиялық алмасу болып тұрады. Экожүйенің дамуына қарай алғашқы оны мекендеген түрлер біртіндеп өмір сүруге бейімделген жаңа түрлермен алмасады. Мысалы: жапырақты ағаштың көлеңкесінде баяу өсетін және көлеңкеге төзімді қылқанжапырақты ағаштар өседі. Олардың бойы жапырақты ағаштан биік болған кезде жарық сүйгіш өсімдіктерге кері әсерін тигізеді. Түрдің басқа түрмен осылайша ауысуын экологиялың сукцессия деп атайды. Экожүйедегі өсімдіктердің алмасуы жануарлардың, ең алдымен өсімдіктердің белгілі түрімен қоректенетін қорек тізбегіндегі бірінші тұтынушы, ал содан кейін келесі деңгейдегілердің алмасуымен қоса жүреді. Экожүйенің дамуына сай оны құраушы түрлердің саны да артады, ал олардың арасындағы байланыс күрделене және тармақтала түседі. Ақырында, ортамен тепе-теңдіктегі және ұзақ уақыт аралығында өзін өзгеріссіз сақтай алатын, тұрақты жетілген экожүйе пайда болады. Әдетте сукцессия үдерісі мыңдаған жылдарға созылады, бірақ кей жағдайда, мысалы өрттен кейін немесе суаттарды шөп басып кеткенде, бір экожүйенің орны екіншінің орнын басқанын бір ұрпақ өкілдері байқаған.

Толысқан экожүйенің тұрақты болғанына қарамастан олар да басқалармен алмаса алады. Бұл климат кенет өзгергенде, ал әсіресе соңғы жылдары адам қызметінің әсерінен (орманның кесілуі, шалшықтардың құрғатылуы, жердің жыртылуы, қалалар мен поселоктардың салынуы және т.б.) болып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.