Би — мидың дамуына әсер етеді
Би миыңыздың қызметін қалай жақсартады? Бұл сауалға биомедицина мен медицина-әлеуметтік зерттеулер саласының маманы Алмаз Шарман жауап берді. Ғалымның айтуынша, би билегенде адам қас қағым сәтте түрлі қозғалыс жасап, қайда бұрылып, қандай қимыл жасаймын деп ойланып үлгереді. Сол мезетте мидың кинестетикалық, рационалды, әуенді және эмоцияға жауапты қызметтері бірдей іске қосылады. Осы арқылы мидағы нейрондық байланыс нығая түседі.
Ал бидің кейбір түрлері, әсіресе жұптасып билеп, серігін жетелейтін би түрлері үнемі шешім қабылдауды қажет етіп тұрады. Бұл да миға оң әсер етеді екен.
Тағы бір айта кететін жайт, адамзат жаңа дағдыны үйренген сайын есте сақтау қабілеті де арта түседі. Жаңа дүниені танысам, меңгерсем деген адам миының жүйке талшықтарының жұмысы едәуір жақсарады. Тіпті, альцгеймер секілді ауруға шалдыққан науқастардың білім алып, ізденісте жүргендері өз дертін бақылауда ұстай алатын көрінеді.
Сондықтан, тіл меңгеру курстарына жазылып, биографиялық, тарихи кітаптар оқысаңыз миыңыз үшін пайдасы өте үлкен.