Батыс түрік қағанатының тайпалары | туралы қазақша

0
97

Қазіргі кезде көптеген кикілжіңдердің алдын алу үшін дүние жүзіндегі барлық елдердің мемлекеттік шекарасы, ондағы әрбір азаматтың жерге иелік етуі нақтылануда. Жалпы шекараны анықтау мен оны межелеу деген не? Шекара – мемлекеттер арасындағы бөлініс сызығы, жерінің межеленуі. Ал, шекараны нақтылау – келіссөз жолымен мемлекеттік шекара шебін айқындау, оның өтетін шегін сипаттау. Батыс түрік қағанатында VII-VIII ғасырларда түркі тайпаларының территориялары мен шекаралары қалай анықталды? Шекаралар міндетті түрде рулық таңбалармен белгіленетін, олар территорияны маркировка жасаудың бір тәсілі болды (жартастарда, балбал тастарда). Сонымен қатар бұл қатынас түрлері құқықпен де реттелді.

Батыс түрік қағанатында, жалпы түркілерде оны реттейтін негізгі құқық көзі – салт-дәстүр, ол кодификацияланған және мемлекетпен қорғалатын. Мемлекеттегі билік тұтқасын ұстаған «Ашина әулетінің» құқығы ерекше болды. Бұл құқық қағанаттың билеушілері тарапынан қабылданған заң түрі «Төреге» бірікті. Түркі қағанатында Төре заңы елді басқару, билік жүргізу құқығын атқарды. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттің ішіндегі тұтастықты сақтау, ру арасындағы қайшылықтарды, қарым-қатынасты реттеуді көздейді. Түркі қоғамындағы әдет-ғұрып құқықтары және «Төре» кейінгі осы қоғамның мұрагерлерінің құқықтық қатынастарында жалғасын тапты. Алайда ол заң түріктерде жазбаша емес, ауызша тараған заңдардың бірі болды. Сондықтан оның жекелеген баптарын табу үшін осы кезеңді қамтитын қытай деректеріне шолу жасау қажет болып тұр.

«Жоунаманың» 50-бумасының 42-баянында түркілер туралы «Олардың тұрақты орын тепкен мекені жоқ. Бірақ әрқайсысының өздеріне тиесілі жері болады. Қаған Өтүкен тауына тұрғылықты. Оның ордасының есігі шығысқа қаратылады », – деп көрсетіледі. Бұдан түркілердің көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындығы және нақтылы тұрақтары, қоныстары барын көруімізге болады. Түріктермен тұрмысы ұқсас телектер туралы Солтүстік әулеттер тарихының 99-бумасының 87-баянында «Өріс пен суаттың жағдайына қарай көшіп жүреді» деп қыстауы мен жайлауы бары сипатталады. Шекара Батыс түрік қағанатында тайпалар арасында және көрші мемлекеттер арасында табиғи нысандармен межеленді. Қытай деректерінде тайпа немесе мемлекет арасында шекара ретінде табиғи нысандар анықталатыны аз болса да көрсетілген. Мысалы, Солтүстік әулеттер тарихының 99-бумасының 87-баянында Ышбара қаған Сүй патшасымен екі арадағы шекараны анықтауда ұзақ келіссөз жүргізіп келді. Ақыры сәті түсіп шекара етіп Маңғар шөлін белгіледі.

Аталған мәселені түркі тайпаларына тұрмыстіршілігі ұқсас тайпалармен салыстыру жасау мәселені салыстырмалы түрде түсінуге көмектеседі. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқында (XVIII ғасырларда) жерге рулық меншік түрі болды. Сондықтан да әр рудың, әр ауылдың белгілі бір көшіп-қонатын қыстауы, жайлауы анықталып беріліп отырған. Бұл ру арасындағы үнемі болып тұратын даужанжалдың тосқауылы болды. Бұл қарым-қатынастар заңмен реттелді. Мысалы, «Жеті жарғыда»: «Жер – мемлекеттің негізі… әр рудың өзінің қысқы қонысы және жаз жайлауы анық болуы керек» деп көрсетіледі. Сол сияқты «Егер көшбасшы /ру басшысы, ақсақал/ ауылдың қонатын жеріне белгі қоймаса, кез келген ауыл келіп сол жерге қона береді». Осы заңда қонатын жерге белгі қою тәртібі сипатталған: найза шаншиды, құрықты бекітеді, рудың таңбасын салады /мәселен бұлақ басына/, рубасы белгілі бір затын қалдырып кетеді / мәселен шақшасын, кісенін, биік өскен шөптің / бетеге/ басын буып кетеді деп көрсетілген. Тағы мән берілетіні жерге /жайылым-қыстау/ байланысты даулар әр рудың сол жерге қатыстылығы ескеріліп шешіледі.

Жер иелері бір рудың мүддесін көздегендіктен, бұл мәселені шешуді олардың иелік еткен жерлерінде ата-бабаларының қонысына, құдықтардың салуына, кейбір кезде қазылған арықтардың болуына қарай анықталып отырған6 . Көшпелілер шағын ауыл болып бір-бірінен 10-15 шақырым қашықтықта орналасады және қоныстарын ыңғайлы жерге орнатқан. Яғни, киіз үйдің жанында 10-15 шақырым қашықтықты бақылап тұру мақсатында төмпешік немесе шоқы болғанын қалайды.

Чернышевскийдің пікірінше, көшпелі халық адам басына 1,5 десятина жерді қажет етсе, отырықшы халықтың адам басына 0,78 десятина жер қажет екенін көрсетеді. Ал егер жер шөл немесе жартылай шөлейт аймақ болса, онда көшпелілерге одан да көп жер мөлшері қажет болмақ. Чернышевский есептеп шығарғанындай, орта есеппен 24-25 жылқысы бар көшпеліге 2-3 шаршы км. жайылым қажет деген (Избранные экономические произведения М,1948, Т 3, ч 1.) қорытынды жасайды. Н.Н.Крадин көшпелілердің қоныстану тығыздығын қарастыра келіп, 1 шаршы км.-ға 0,5-2 адам деп көрсетеді. С.А.Плетневаның (Плетнева Кочевники средне вековья М., 1982 г.) айтуы бойынша, ХІ ғасырдың соңында ғана көшпелілердің көші-қон аймақтары нақты айқындалды. Ретсіз көшіп-қону аяқталып, біреудің жерлерін басып алу тоқтатылды. Отбасылық жер дауы арнайы мәселеге айналды. Көшпелілердің арнайы орнатылған жайылымдарды пайдалану тәртібі орнатылды. Олар қоныстарының шекарасын айқын біліп отырды. Олар қыстауы мен жайлауларына белгілі маршрутпен ғана көшіп жүрді. Бұл дәстүр ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келді. Сонымен ХІІ ғасырда Батыс Сібір, Арал маңы, Каспий маңында 3 негізгі көшіп қонудың формалары анықталды.

Біріншісі және негізгісі – «меридианды», ол жазда солтүстікке салқын аймақтарға, ал қыста оңтүстікке жылы аймақтарға негізделген көшіп-қону. Бұл көшіп-қонудың түрі Кішібековтің тұжырымы бойынша Орталық Азия мемлекеттері өкілдеріне тән болды10. Келесі түрі «вертикалды» қыстаудан алқапқа. Ал биік таулы алқаптардан жазғы жайылымдарға қарай қоныс аудару. Бұл, әсіресе, Іле Алатау, Қаратау, Тарбағатай тауларының маңында өмір сүрген көшпелілерге тән. Көшпелілерде жер қауымдық меншікте болды. Сол сияқты біз қарастырып отырған Батыс түрік қағанатында да жағдай сондай болған. И.М.Май­ скийдің Моңғолияға жасаған экспедиция материалдары негізінде (1921 жыл) Н.Н.Крадиннің айтуы бойынша көшпенділердің экономикасының экстенсивті болуы олардың ішке қарай емес, сыртқа қарай кеңеюіне жағдай жасайды, яғни, жайылым ресурстарын арттыру есебінен. Мал шаруашылығына үлкен кеңістіктер қажет екенін ескерсек, жайылым үшін жерлер өте тез бөлініп алынатын болған. Бұл мал және адам санының өсуін тежеді. Нәтижесінде жайылым ресурстары, мал саны және көшпенділер саны арасында белгілі территорияда динамикалық баланс қалыптасты. Осыны дәлелдей түсетін моңғолдардың мынадай мақалы: «Шөпсіз мал жоқ, малсыз азық жоқ». Жазғы жайылымдар өзен, көл, құдықтар жанында болса, қыстаулары желді емес, тау етектерінде орналасты. «Моңғолдардың құпия шежіресінде» ортағасырлық моңғолдарда жайылымдар мен жер иеліктерін бөлу мен пайдалану көшпелі қауымның басым тобының шешімімен анықталатын болған. Ірі тайпалық одақтардың құрамындағы рулар өзара келісілген бағытпен көшіп-қонып жүретін. Г.Е.Марков өзінің «Азия көшпенділері» деген еңбегінде көне моңғол тайпаларының территориясы деп «тайпа белгілі уақытта малын баққан жайылымдардың бірлігі» деп тұжырым жасайды. Осы ретінде моңғолдардың «nutug», түріктердің «yurt» ұғымдарын түсінуге болады. Территориялар қарудың күшімен қорғалды. Алайда, басқа тайпалар тарапынан ығыстырылып, өз территориясынан басқа жерге қоныс аудару жағдайлары да болды.

Сонымен қатар, белгілі бір тайпаның жері арқылы басқа тайпалардың өтуіне де (арнайы келісім бойынша) рұқсат етілетін. Ол қазіргі ғылымда «сервитут» ретінде белгілі. Яғни, сервитут – бөтен жер учаскелерін шектеулі мақсатты пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аң аулау шаруашылығы және өзге де қажеттер үшін пайдалану құқығы. Нәтижесінде Г.Е.Марков өз еңбегінде «тайпалық территория» қозғалмалы, ал тайпалардың территорияларға иелік етуі шартты болды деген қорытынды жасайды. Сондай-ақ, автор кейбір ірі моңғол тайпаларының ұзақ уақыт бір жерлерді иелік етіп, көші-қон дәстүрі қалыптасқанын айтады. Су ресурстары да жайылымдарды пайдалану принципіне негізделіп пайдаланылды. Тарихта су ресурстары үшін моңғолдар соғысқаны туралы деректер жоқ. Қорыта келгенде, Батыс түрік қағанатында өмір сүрген көшпелі тайпалар территорияларды анық тауда және шекараларын межелеуде ғасырлар бойына қалыптасқан тәжірибені пайдаланып, оны дәстүр ретінде сақтап, келесі ұрпақтарына жеткізе білді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Телеуова Э. Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік-құқықтық ерекшеліктері. Алматы. «Қазақ университеті». 2007. 3-б.

#Батыс #түрік #қағанатының #тайпалары