Басқару. Мемлекеттік және жергілікті басқару — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека
1-тапсырма. Ой шақыру. Төменде берілген басқарудың ұстанымдары туралы пікір алысыңыздар.
— Басқарудың ұстанымдары —
Заңмен басқарсаң, жазамен жасқасаң халық тітіреп тұрады, бірақ ұятын ұмытады. Кісілік жөнімен басқарсаң, халық елбіреп тұрады, һәм арын сақтайды.
Кон-фу-цзы
Басқаруға кедергі келтіретін қағида:
— принципсіз саясат (ұстаным);
— еңбексіз табылған байлық,
— мінез-құлықсыз білім,
— санасыз сайраңдау.
Махатма Ганди
Басқару ұстанымдары: ептілік, шыдамдылық, төзімділік.
Дала ойшылдары
Адамгершілікке сүйеніп басқару.
Аристотель
– Өз пікіріңізді қосыңыз.
2-тапсырма. Мәтінді оқыңыздар және аударыңыздар.
Басқарудың түрлері
Басқару дегеніміз – іс-әрекетті жүзеге асырудың тиімді жолдары. Басқару — үздіксіз үрдіс. Ол адамзат дамуының әр кезеңінде жаңа идеяларға, жаңа бағыттарға өзгеріп отырады. Басқару қызмет аясына қарай әлеуметтік, саяси, экономикалық, экологиялық, рухани, мәдени т.б. болып бөлінеді. Басқарудың екі түрі бар: мемлекеттік басқару және жергілікті басқару. Мемлекеттік басқару дегеніміз – экономиканы, әлеуметтік тұрмыстық ахуалды, әскери істі ұйымдастыру т.б. мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктерін басшылыққа алу. Жергілікті басқару жоғарыдан берілген талаптарға бағынады.
3-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Сұрақтарға жауап жазыңыздар.
1. Басқару дегеніміз не, оның қандай түрлері бар?
2. Жергілікті басқару мен мемлекеттік басқарудың қандай айырмашылықтары бар?
3. Еліміздегі мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағыттары қалай дамуда деп ойлайсыз?
4-тапсырма. Жағдаяттық тапсырма
Сіз премьер-министрсіз. Еліміздің экономикасын мемлекеттік және жергілікті басқару үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
5-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.
Парламент
Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғарғы өкілді органы. Парламенттің өкілеттілігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезде аяқталады. Парламенттің ұйымдастыруы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгіленеді. Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан, сенаттан және мәжілістен тұрады. Республикамыздың жоғары өкілді және заң шығарушы органы болғандықтан, Парламент елде мемлекеттік билікті орнықтыру, тұрақтандыру бағытында кәсіби шеберлікпен жұмыс істейді.
6-тапсырма. Мәтін бойынша түсінігіңізді тексеріңіз.
– Парламент қандай орган?
– Парламенттің өкілеттігі қаншаға созылады?
– Депутаттардың құқықтық жағдайы немен белгіленеді?
7-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемдерді аяқтаңыз.
1. Басқару дегеніміз – іс-әрекетті жүзеге асырудың …………. .
2. Басқару – ………. .
3. Басқарудың екі түрі бар: ………….. .
4. Мемлекеттік басқару дегеніміз – экономиканы, әлеуметтік тұрмыстық ахуалды, әскери істі ұйымдастыру т.б. мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктерін ……… .
5. Жергілікті басқару жоғарыдан берілген ……….. .
8-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Үстеу және оның түрлері.
Үстеу – қимылдың жайы-күйін, әр түрлі белгілерін сипаттайтын сөз табы. Мысалы: Оқты жаңбырша жаудырады.
Үстеу – қимылды жан-жақты сипаттайтын сөз табы. Оған қимылдың болған иә болатын мезгілі, орны, мекені, мөлшері, қалай жасалғаны, мақсаты, себебі сияқты алуан түрлі мағыналар жатады. Мысалы: Бүгін қымыз жақсы ашыған екен.
Үстеулер: мекен (жоғары, төмен, жол-жөнекей), мезгіл (таңертең, ертең, кешке, биыл), мөлшер (сонша, талай, недәуір), сын-қимыл (әрең, шалқасынан, кенеттен), мақсат (әдейі, қасақана), себеп-салдар (амалсыздан, шарасыздан), күшейткіш (орасан, тіпті, босқа).
9-тапсырма. Мәтіндерден үстеулерді табыңыздар. Түрлеріне ажыратыңыздар.
Глоссарий
Мемлекет – қоғам өмірін ұйымдастырудың саяси нысаны.
Басқару – іс-әрекетті жүзеге асырудың тиімді жолдары.
Мемлекеттік басқару – экономиканы, әлеуметтік тұрмыстық ахуалды, әскери істі ұйымдастыру т.б. мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктерін басшылыққа алу.
Жергілікті басқару – заң актілерінде белгіленген құзырет шегінде жергілікті өкілді және атқарушы органдар тиісті аумақта мемлекеттік саясатты жүргізу, оны дамыту мақсатында жүзеге асыратын, сондай-ақ тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты болып табылатын қызмет.
Менеджмент — өндірісті басқару принциптерінің, әдіс-тәсілдерінің және құралдарының жиынтығы.
Мемлекеттік саясат – мемлекетпен және қолданылатын құралдарымен жүзеге асырылатын мақсаттар мен міндеттерінің жиынтығы.
Үкімет – Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.
Құқықтық реттеу – адамдар әрекетінің заңды нормаларын, ережелерін анықтаумен байланысты болатын мемлекет қызметінің түрі.
Басқару мәдениеті – басқару процесін ұйымдастыру мен жүзеге асырудағы, басқарушылық еңбекті ұйымдастырудағы жетістіктердің, сондай-ақ қоғамдық мораль, этика, эстетика, құқық нормалары мен қағидаларына сай келетін басқару жүйесі мен қызметкерлерге қойылатын талаптардың жиынтығы.
Билік — өзара байланыс процесі кезінде адамдардың басқалардың үстемдігін мойындауды білдіреді.
Тест тапсырмалары
1. Мезгіл үстеуді көрсетіңіз.
А. Көп
Б. Ерте
С. Жоғары
Д. Астында
2. ……….. — өндірісті басқару принциптерінің, әдіс-тәсілдерінің және құралдарының жиынтығы.
А. Маркетинг
Б. Менеджмент
С. Аукцион
Д. Жәрмеңке
3. Көп нүктенің орнына қажетті үстеуді қойыңыз: … қалаға жүретін боламыз.
А. Ертең
Б. Тікелей
С. Өңкей
Д. Мұндайлық
4. Менеджментті қызметкерлер үшін заңды күші бар нұсқаулықтар, ережелер негізінде …………… әзірлейді.
А. Мемлекеттік ұйымдар
Б. Жоғары лауазымды басшылық
С. Заңды тұлғалар
Д. Жеке тұлғалар
5. Мекен үстеуді көрсетіңіз.
А. Дереу
Б. Тез
С. Ертең
D. Ілгері
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:
1. Басқарудың қандай түрлері бар?
2. Үстеу дегеніміз не?
3. Үстеу мағынасына қарай қалай бөлінеді?
4. Үстеу құрамына қарай нешеге бөлінеді. Мысал келтіріңіз.
5. Қалай ойлайсыз, басқарушы қандай қасиет-сапаларға ие болуы керек?
СОӨЖ тапсырмасы:
«Қазіргі Қазақстандағы Мемлекеттік басқару» тақырыбында шағын шығарма жазыңыздар. Жаңа тақырып бойынша жаңа сөздерді пайдалануға тырысыңыздар.
СӨЖ тапсырмасы:
1. Қазақтың би-шешендері ел басқаруда қандай әдіс-тәсілдерді қолданған?
2. «Шағын кәсіпорынды басқару» тақырыбында монолог-мәтін жазыңыздар.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!