БАҚ тіліндегі перифраз атаулардың тілдік табиғаты мен қолданысы
Бұл мақалада қазақ тіліндегі жеке дара көп сөз етіле қоймаған перифраз ұғымының тілдік табиғаты қарастырылады. Перифраз атаулардың өзіне тән белгілері, мазмұндыққұрылымдық жүйесі жағынан өзіне ұқсас метафора, метонимия, синекдоха, тұрақты теңеу, эпитет, табу, эвфе мизм, фразеологизм сияқты ұғымдардан қалай ажырату керектігі жөніндегі мәселелер ғылыми талқылауға түседі. Қазіргі қоғам өмірінде БАҚ тілінде ақпарат таратудың негізгі көзі болып табыла тын тілдік бірліктер ішінен перифраз атаулардың да қолданыстық қызметі ерекше. Яғни перифраз сөздер таңбаланған ұғымға стилистикалық нәр беретін, лексикасемантикалық жағынан – бейнелі, образды, әсерлілігі жағынан – стильдік, экспрессивтік, эмоцияналдық мәнге ие болғандықтан, оқырманға, тыңдарманға ерекше әсер ететін бейнелі, образды сөздер ретінде журналистер тілінде жиі қолданатындығы мақалада нақты мысалдар негізінде дәйектелді.
Тілдік санада танылған затты, ұғымды білдіретін тілдік бірліктерді тура атамай астар лап, жанамалап, бейнелеп бағалау нəтижесінде сөз мағынасының семантикалық шеңберінің ұлғаюына байланысты жаңа перифраздық атаулар пайда болады.
Қазақ тіл білімінде перифраз мəселесін лексикология саласының аясында М. Балақаев, Ә. Болғанаев, Б. Қалиев, Р. Сыздықова, Ә. Ахметов, сияқты зерттеушілер метафора, метонимия, синекдоха, эвфемизм, табу ұғымдарымен сабақтастыра қарастырғаны белгілі.
Ал перифразды жеке зерттеу нысаны ретінде Г. Амандықова көркем əдебиет тіліндегі перифраздарды зерттесе, Л. Жеребаева қазақ тіліндегі перифраздардың тілдік табиғатына байланысты диссертация қорғады.
Ғалымдардың топшалауынша, перифраз атаулар да фразеологизмдер, тұрақты теңеулер, стилистикалық фигуралар сияқты бір ғана мағына тұтастығына ие болып, құрылымы көбінесе атаулық тіркестер секілді екі-үш сөздің тіркесінен жасалып, ауыспалы мағынада қолданылатынын алға тартады. Мысалы, Бостандық аралы (Куба), Тұманды альбион (Англия), қылқалам шебері (суретші), темір ханшайым (Маргерт Тетчер) жəне т.б.
Мəселен, Ғ. Қалиев «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі» еңбегінде перифраза атауына төмендегідей түсініктеме береді:
Парафраз, парафраза (грек. Paraphrasis сипаттау, сипаттама оралым) – 1) сөздің сөз тізбегінің мəнін басқаша түсіндіріп жеткізу (мəтінде мен деудің орнына осы жолдардың авторы делінуі):
- жай сөздің орнына оның ауыс мағынасын білдіретін сөздердің қолданылуы. Мыс.: арыстан – аң патшасы, жылан – аты жаман, ұры – қолы жылдам [1, 245].
Қазақ тіл білімінде перифраз атауларды өзіне ұқсас метафора, метонимия, синекдоха, теңеу, эпитет, табу, эвфемизм, фразеологизм сияқты тілдік бірліктерден қалай ажыратуға болады деген мəселер үнемі күн тəртібі мəселесінде көтеріліп отыратындығы белгілі.
Осыған орай, профессор Байынқол Қалиұлы перифраз (сипаттама сөз) болу үшін кемінде бес түрлі шарт болу керектігін ұсынады. Олар:
- Сипаттама сөздер кемінде 2 не 3 сөздің тіркесінен жасалып, негізінен екі сыңардан құралуы шарт.
- Сипаттама сөздің ол сыңарлары анықтауыштық (адъективтік) немесе изафеттік (генетив) қатынаста тұруы керек. Осы тұрғыдан ақ алтын деген – анықтауыштық қатынаста, шөл кемесі деген – изафеттік қатыната тұр. Сондықтан бұлар сипаттама сөздерге жатады. Ал «Қазақстанның бұрынғы астанасы» деген – сипаттама сөз емес, ол тек анықтама (түсініктеме) ғана.
- Сипаттама сөз құрамында кіретін мүшелердің бірінші сыңары негізінен тура мағынада тұрады да, екінші сыңары – ауыспалы мағынада тұрады. Айталық, қара алтын (мұнай) дегендегі қара сөзі – тура мағынада, ал алтын сөзі – ауыспалы мағынада тұр.
- Сипаттама сөз алғаш жасалған кезінде еркін тіркес (матасу, қабысу) болғанымен кейіннен ол сыңарлар тұтасып кетіп, тұрақты тіркеске айналады да, бір ғана заттың атын білдіреді. Соған орай сипаттама сөздің берер жалпы мағынасы да ауыспалы, бейнелі мағынаға айналады.
- Сипаттама сөз жасалу үшін заттың (денотаттың) өзі адамзат баласы үшін маңызды, мəнді, аса қажетті зат болуы керек жəне сол сөзді жасаушы адам əлгі заттың құндылығымен, маңыздылығымен мақтана алатындай болуы қажет. Яғни сипаттама сөз жасалу үшін көңіл күйдің көтеріңкі болуы шарт.
Осы бес қасиеттің бесеуі де болса ғана əдеттегі еркін тіркестер тұрақты тіркеске айналып, жеке сөздің қызметін атқарады. Біздің сипаттама сөздер деп отырғанымыз, міне, осындай бейнелі, образды сөздер. Егер жоғарыда көрсетілген 5 белгінің екеуі не үшеуі болып, қалған екі не үш белгісі болмаса, ол сипаттама сөз бола алмайды [2, 304].
Яғни, тілдік ұжымның қатталған санасында танылған байырғы атау сөзді өзінің тура мағынасында атамай, тіркесімділікті, бейнелілікті, образдылықты негізгі шарт етіп жанама, ауыспалы мағына беру арқылы перифраз атауды қалыптастыруға болады екен.
Бүгінгі қоғамды ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес, өйткені олар халықпен, бүкіл қоғамдық ахуалмен тығыз байланыста біте қайнасып өмір сүреді. Күллі əлемдегі, ел ішіндегі болып жатқан түрлі оқиғалар мен жағдаяттар көбінесе радио, телевизия, газет ақпараттары арқылы көпшілік қауымға таралып жтады.
Тіпті радио – ақпаратты шұғыл таратып, жедел құлақтындыратын болса, телевизия – оқиғаны, болмысты көз алдымызда көрсетсе, газетжурнал – деректі, оқиғаны талдап, түсіндіреді.
Бүгінгі БАҚ тілінде ақпарат таратудың негізіг көзі болып табылатын тілдік бірліктер ішінен перифраз атаулардың да қолданыстық қызметі ерекеше деуге болады. Публицистикалық стиль ерекшелігіне сəйкес перифраздық тілдік бірліктер əрі атауыштық, əрі бейнелілік, əрі көркемдік қызметте кеңінен қолданысқа ие болып отыр. Мəселен, тіліміздегі көгілдір экран (телевизор), аспанкемесі(ұшақ), ақхалаттылар(дәрігерлер), ғасыр дерті (СПИД), темір тұлпар (маши на), тілсіз жау (өрт), үш әріп (ҰҚК), былғары қолғап шебері (боксшы), кәрі құрлық (Еуропа), демократия аралы (Қырғызстан), күншығыс елі (Жапония), аспанасты елі (Қытай), қара құрлық (Африка) сияқты перифраз атаулардың негізгі қолданыс өрісі БАҚ тіліндегі публицистикалық стильдің дамуымен тығыз байланысты болып отыр. Журналистер тыңдарманға, оқырманға əсерлі, образды, жағымды жету үшін өздерінің коммуникациялық актілерінде перифраз атауларды жиі қолдануға тырысады.
Бүгінгі мерзімді баспасөз, теледидар, радио хабарлары тілінде жиі жұмсалатын перифраз атаулар ретінде «қанатты метал» – алюминий, «қара алтын» – мұнай, «көгілдір отын» – газ, «ақ ұлпа» – қар, «дала аруы» – жүгері, «теңіз алыптары» – киттер, «қыр баласы» – ауыл баласы, «солтүстік еркелері» – страустар, «алла үйі» мешіт, «саналы сандық» – компьютер, «темір тұлпар» – машина, «ащы су» – арақ, «жуан жұдырықтылар» еркектер, «нəзік жандар» – əйелдер, «түнгі көбелектер» – жезөкшелер, «алыс-жақын елдер» – таяу шет ел, алыс шет ел, «ауыр темір» лом, «темір тор» – түрме жəне т.б. атауларды жатқызуға болады.
Австралияның оңтүстігінде теңіз алыптары (киттер) қырылуда («Хабар» арнасы). Номинация теориясында сөз əдетте біріншілік атау, екіншілік атау болып бөлінетіндігі белгілі. Перифраз сөздер – екіншілік атаулар, бейнелі, образды атаулар. Мəселен жоғардағы кит сөзінің семантикалық шеңберіне назар аударғанда оның басқа жануарлармен салыстырғандағы өте үлкен болуы жəне тек мұхит, теңізде ғана мекендейтін уəждері мен даралауыш семалары екіншілк номинацияның туындауына негіз болып перифраз атаудың жасалуына себеп болып отыр.
Солтүстік еркелерін (страустар) Африкадан солтүстік аймаққа əкелу екінің бірінің қолынан келмейді («Қазақстан», Ақерке Қабекеева).
Мəселен жоғардағы страус сөзінің семантикалық құрылымына назар аударғанда біріншіден, бұл жануардың қазақ халқының тілдік санасында ертеден қалыптаспағаны жəне оны алыс солтүстіктен əкелетін диференциалды семалары негізге алынғаны белгілі , екіншіден страустың мінез-құлқы, жүріс-тұрыс кербез болғандықтан қазақ тілінде осы ұғымды таңбалайтын ерке сөзінің контекске сай таңдалынып алуы екіншілік номинация тұрғысынан жаңа перифраз атаудың қалыптасуына себеп болып отыр.
Тіл білімінде перифраздарды тілдік (узуалды) перифраздар жəне поэтикалық (авторлық) перифраздар деп екіге бөліп қарастыру дəстүрге айналған. Перифраз сөздердің бұл екі түрінің де жасалу тəсілдері мен функциялық қызметі жағынан бір-біріне ұқсас. Тек олардың қолданыс өрістері əртүрлі. Мəселен, тілдік перифраздар жалпыхалықтық тілде көп қолданылса, поэтикалық перифраздар көркем əдебиет пен публицистикалық стильде жиі ұшырасады. Төмендегі келтірілген мысалдардың біршамасының семантикалық, стилистикалық табиғаты жеке авторлық поэтикалық перифраздардан туындап бүгінде қолданылу сипатына қарай тілдік тұрақты қолданыстағы перифраздарға ауысып келе жатқандығына нақты дəлел болмақ.
Мысалы, Өкінішке орай, үй шаруасынан бас көтере алмаған əйелдер қатерлі дертке (рак) көп шалдығады екен («Алматы», Д. Аязбаев).
Ақтөбе облысындағы жанар-жағар майдың жоқтығынан орақ науқаны (шабыс) кеш басталды («Қазақстан», Айзат Тұрғынбекқызы).
Ал ащы судан (арақ) ажырататын Нəфиса ханымға қарапайым халықтың алғысы шексіз («Рахат» арнасы).
Бірақ саналы сандықта (телевизор) қазақ тілді бағдарламалар атымен жоқ («Қазақстан, С. Әбдуəлі).
Алматының іргесіндегі Жауғашты түрмесінде жазасын өтеуші 38 нәзік жанға (əйелдер) рақымшылық жасалып, түрмеден босатылды («Информбюро»).
Солтүстіктегі алып көршіміз (Ресей) бұл мəселеге оң көзбен қарап отыр («Кенже Жұманұлы»).
Кешеге дейін Орталық Азияда демократия аралы атанып келген Қырғызстан бүгінгі күні ол атаудан айырыла бастағанға ұқсайды («Айқын» 2010 жыл 7сəуір).
Темір тұлпарды (машина) ерттеп мінген Гуля апай мұнсыз жұмыс бітпейді дейді («Хабар», Руслан Оспанов).
Төрт дөңгелекті көлік (машина) шығарудан жапондықтар алты құрлықтың алдында келеді («НТК» арнасы).
Алтайдың ар жағынан келген қандастардың əрбір əні шын жүректен орындалады («Қазақстан», Н.Сұлтанұлы).
Қазір компьютер заманы, шындығында ақылды машиналар үш минутта керегіңді тауып береді (А.Сейітханов).
Көгілдір отынмен жүретін жиырма автобус келді («Алматы ақшамы» 2010 жыл 23 желтоқсан).
Жолдан өте бергенде жігітті темір тұлпар қағып өтті («КТК», Кенже Жұманұлы).
Ораза айт мейрамының алғашқы күні ашылған Алла үйі (мешіт) еліміздегі іскер азаматтардың, жергілікті халықтың қаражатына салынды («Хабар», Ардақ Айбарұлы).
Күнкөріс үшін осы ауыр темірді қолға алдық дейді əйелдер қауымы («Астана» арнасы). Ал кәрі құрлықтың (Еуропа) үні енді түрікше естіліп жатса, бұл – елін Еуропамен етене етуді көксеген Мұстафа Кемал Ататүріктің тағы бір арманының орындалғаны («Жас қазақ» 2010 жыл). Бұл рынокта бүгінге дейін ала тақиялы ағайындардың (өзбектер) жолы болып келеді («Егеменді Қазақстан» 2010 жыл 17 ақпан).
Сонымен қатар перифраз сөздер таңбаланған ұғымға стилистикалық нəр беретін, лексикасемантикалық жағынан – бейнелі, образды тілдік бірлік болғандықтан, əсерлілігі жағынан стильдік, экспрессивтік, эмоцияналдық мəнге ие болғандықтан, тыңдарманға ерекше əсер ететін бейнелі, образды сөздер ретінде журналистер тілінде жиі қолданатындығына жоғарыда келтірілген мысалдар айқын дəлел болады.
Қазақ тіл білімінде перифраз сөздердің лингвистикалық статусы əлі күнге дейін толық айқындалған жоқ. Лингвистикалық зерттеулерде бұл газеттік фразеологизмдер, перифраздар, газеттік стандарттар, газеттік штамптар сияқты атаулар мен де атап жүргендер бар. Сонымен қатар перифраздардың стилистикалық ресурсы күшті болғандықтан, оларды «көркем перифраздар» жəне «штамп перифраздар» деп саралап жүргендер де бар.
Мəселен бұл жөнінде, «Көркем перифраздарды қысқарту шығарма құрылымын түгелдей қысқартуға алып келеді, тек қана құрылымдық емес, сондай-ақ мазмұндық, көркемдік жағынан алғанда синтагмалық қоршаудың біржола өзгеретінін,ал«штампперифраздардың»сөйлемқұрамынан немесе одан да күрделірек синтаксистік бірліктерден алып тастау, оны лексикалық жүйенің басқа бірліктерімен ауыстыру көркем шығармаға ешбір зиянсыз екенін зерттеуде атап көрсетеді» [3, 15].
Сондай-ақ, БАҚ тілінде кездесетін бұрыннан қолданыста бар перифраз атаулар мен кейінгі жылдары пайда болған атауларды салыстырып қарағанда, олардың көпшілігі орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) тəсілі арқылы жаслып жатқандығын байқауға болады. Әсірессе бұрынғы қазақ ұғымы мен тілдік санасында жоқ қызыл әтеш (өрт) – красный петух (пожар); темір ханшайым – железная леди; қызыл сойқандар (Манчестер Юнайтед) – красные дявольи; тұманды Альбион (Англия) – туманный Альбион сияқты перифраздар осының айқын дəлелі болмақ.
Қорыта айтқанда, перифраз тілдік бірліктер бүгінгі БАҚ тілінде жиі қолданылатын, тыңдарманға, оқырманға əсерлі, образды, бейнелі ақпарат жеткізу мақсатында жиі жұмсалып журналистер тілінде тұрақтылық сипатқа ие болып келе жатқан, номинация теориясынан алғанда тіркесімділікке бейім ауыспалы мағынадағы екіншілік номинациялық акт болып табылатын тілдік бірліктердің бірі деуімізге болады.
Әдебиеттер
- Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 440 б.
- Қалиев Б. Сипаттама сөздер дегеніміз қандай сөздер // Сөзстан (мақалалар жинағы). – Алматы: 2009. – 304 б.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Ред. басқ. І. Кеңесбаев, Е. Мұсабаев. – Алматы, 1978. – Т. 3-15 б.