Бақ пен нарық мәселесі | туралы қазақша

0

Қазақстандағы БАҚ заңы осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Онда мынадай тұжырымдар бар: Бұқаралық ақпарат құралы — мерзімді баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың басқа да нысаны. Мерзімді баспасөз басылымы — тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және кемінде жарты жылда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы.

Журналист — бұқаралық ақпарат құралының өкілі. Еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негізінде бұқаралық ақпарат құралы үшін хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзірлеу жөніндегі қызметті атқаратын жеке тұлға.

Бұқаралық ақпарат құралының редакциясы — жеке тұлға не бұқаралық ақпарат құралына материалдар жинауды, дайындауды және шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын шығармашылық үжым.

Бұқаралық ақпарат құралына меншік иесі — бүқаралық ақпарат құралын иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, не заңды тұлғалардың бірлестігі.

Біздің еліміз қоғамның нарықтық қатынастарына еніп отыр. Осы орайда БАҚ-та зор өзгерістер дүниеге келуде. Экономикада баға еркін жолға қойылды, мемлекеттік меншіктің орнына жекешелендіру орын алды. Осының бэрі рынокқа, нарық жағдайына бастаған қадамдар еді.

Сондай-ақ тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары пайда болды. Бұл журналистикадағы жаңа сипатты танытқандай болды. Бұрынғы кеңестік кезеңде БАҚ түгел мемлекеттік меншікте болса, енді қазір жеке меншік газет-журналдар өмірге келді. Олар акционерлік қоғамдарға бірікті. Жаңадан меншік иелері шықты. Келе-келе республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызы жекешелендіріліп, 20 пайызы ғана мемлекеттік болып қалды.

Соның арқасында бұқаралық ақпарат құралдары цензурадан босап, экономикалық және саяси тұрғыда еркіндікке бет алды. БАҚ өзі тапқан пайдасын өзі көретіндей жағдайға келді. Бірақ екінші жағынан бастапқы кезде баспасөз шығару оңай да болған жоқ. Оның себебі баспаханалық қызмет ауқымы қымбатқа түсті. Ондайда қағаз, бояу, техника мен технологиялық жұмыстарға көп шығын жүмсалды. Полиграфиялық процестерді атқару мен басылым өнімдерін ел аймақтарына транспорт арқылы жеткізу мен пошта қызметінің бағасы да өсе түсті. Басқа да коммуникация, электр қуаты тегін емес, бәрімен есептесіп отыруға тура келетін. Оның үстіне журналистер жалақысы тағы бар.

Міне, осылайша нарықтық қоғам күш алып қалыптасқанша, пайда табу дәрежесі біртіндеп өскенше талай қиындықтар да болмай қалған жоқ. Бұл ретте жаңа заманның рыноктық ахуалын терең түсініп, іскерлікпен жұмыс істеуге бар күш-жігерді жұмсап еңбек етуге тура келді.

Әрине, бүл ретте нарықтық экономиканы жақсы меңгергендер қысылтаяңнан шыға білді, ал олай жасай алмағандар банкротқа ұшырап, кейбір басылымдардың уақыт тезіне шыдамай, жабылып қалғандары да болды. Кейінірек мемлекет өз жағдайын жақсарта бастағанда барып, Ақпарат министрлігінің мемлекеттік тапсырыстары арқылы материалдар дайындап, көмек көре бастады. Бұдан бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестік конкурсында тендер арқылы жеңіп шығып, белгілі бір мөлшерде қаржы иемденуіне қолы жетті.

Келесі бір проблема — баспасөз өнімдерін, оқырмандар сұранысы мен қажеттілігіне орай, қызықты да тартымды етіп шығаруға байланысты еді. Былайғы жерде осындай жағдай баспа өнімдерінің өтімділігіне мән беріп, соған бейімделу әрекеті туындады. Бұл үшін де қажымай-талмай, білікті жұмыс істеу тиімділігін ойламай болмайтын.

Оған қоса, ұжымдасу мен капиталы бар іскер топтармен байланыста жұмыс істеу әжептәуір еңсе көтеруге себін тигізді. Сөйтіп БАҚ келе-келе өз бауырын жаза бастады, бәйгеде оза шапқандар да болды. Ондай басылымдар оқырман жұртшылықтың талап-тілегіне сай келіп, нарық жағдайында өз орнын таба бастады. Инвестиция тарту, жарнама беру арқылы қаржы айналымын жасауға тырысты.

Мұның бәрі өздігінен келетін нәрсе емес. Ең бастысы редакцияларда, мейлі баспасөз болсын, мейлі телерадио болсын, менеджерлік, маркетингтік қызметті дұрыс жолға қоюға байланысты болатыны түсінікті. Іскер басшы мен қабілетті ұжым болса алынбайтын асу жоқ. Істің оңтайлы көзін таба білу, тиімді жұмыс істеу қажет. Мысалы, жоспарлау, ұйымдастыру, жетекшілік ету, зерттеу, бағалау, шешім қабылдау сияқты процестерді жүргізе білу керек. Бұған қоса іске анализ жасау, әдіс-тәсілдер қолдану, қателік жібермей, тәжірибе жинақтау сияқты еңбек шарттарын орындау қажет. Алдағы жұмыстарға көз жібере отырып дұрыс болжамдар жасай білу де табысқа жеткізбек.

Республикамызда қазір баспасөз түрі мемлекеттік және мемлекеттік емес болып бөлінеді. Бірақ демократиялық және нарықтық қоғам кезінде бұлай бөлудің өзі шартты болып есептеледі. Әдетте мұның өзі негізінен қаржыландыруға байданысты айтылып жүр. Яғни мемлекет қаржысымен шығатын басылым мен жекеше қаржымен шығатын басылымдар секілді.

Демек, мемлекеттік органдар қаржыландыратын баспасөз — әкімдіктер мен министрліктер, үкімет қарамағына қарайтын басылымдар болса, жеке қаржыға шығатын басылымдар — үкімет қарамағынан тыс, бизнесшілер мен коммерциялық іс адамдары иелігіндегілер.

Мемлекеттік баспасөз негізінен биліктің саясаты мен позициясын қолдауға тырысады. Мемлекеттік емес баспасөз еркін тақырыпты қаузағанды жөн көреді. Дегенмен бұл да қатып қалған шарт емес. Өйткені қазіргі жағдайға қарасақ, мемлекеттік те, мемлекеттік емес баспасөз де өз қалауларынша демократиялық қоғамның үрдісімен, сөз бостандығы бойынша шығарылып келеді. Сайып келгенде, мұның өзі республикамыздағы басылымдардың мемлекеттік те, қоғамдық та мәселелерді демократиялық бағыт-бағдармен жариялап келе жатқанын көрсетсе керек.

Қазақстан баспасөзі қазір осылайша даму үстінде! БАҚ заңында сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы туралы былай деп жазылған: «Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенімдерін баспа арқылы және өзге де нысанда білдіруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдіспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік беріледі». Иә, Ата Заңның кепілдігі қымбат.

#Бақ #пен #нарық #мәселесі