Байлығым да, бақытым да – денсаулық — Сценарилер — Bilim
Байлығым да, бақытым да – денсаулық
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі
Химия — биология пәні оқытушысы
Ергалиева Назгуль Муратовна
«Электромонтер» І курс 29 топ кураторы
Тақырыбы: “Байлығым да, бақытым да– денсаулық”
Сабақтың мақсаты: Бала бойында табиғат пен өнердегі сұлулықты түсінуге дені сау, әдептілік ережелерін бойына сіңірген рухы мықты, қабілеті мүмкіндігінше дамыған азамат тәрбиелеу және жас ерекшеліктеріне сай гигиена талаптарын сақтауға мақсат ету.
Әдісі: Сайыс сабақ
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, рефераттар, журналдар, шарлар, ленталар, гүлдер және балалардың өздері жазған шығармашылықтары.
Өту барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Негізгі бөлім.
а) Құттықтау сөз;
б) Кештің мақсаты;
в) Топ мүшелерін атау.
ІІІ. Қорытындылау.
Сабақты жүргізу әдісі:
1) Топ мүшелерін таныстыру;
І топ – “Халық емшілері”
ІІ топ – “Дәрігерлер”
2) Білім сайысы (мақал – мәтелдер жалғасын табу).
3) “Кім жылдам?” ойыны (шөптер мен дәрілердің аттарын айту).
4) П.К. Ивановтың 12 өсиетін айту.
5) “Тұмау” ауруының тарихы, емделу жолдары, сақтану жолдары (І,ІІ топ).
6) “Кім тапқыр?” сөз жұмбақ.
Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар!!!!
Бүгін 1 курс оқушыларымен ұйымдаса отырып, “Бақытым да, байлығым да — денсаулық” атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Негізгі тәрбие сағатымыздың мақсаты бала бойында табиғат пен өнердегі сұлулықты түсінуге дені сау, әдептілік ережелерін бойына сіңірген рухы мықты, қабілеті мүмкіндігінше дамыған азамат тәрбиелеу және жас ерекшеліктеріне сай гигиена талаптарын сақтауға мақсат ету.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығы бойынша Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту, денсаулық жүйесін қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 2002 жыл денсаулық сақтау жылы ретінде белгіленіп, жеке тұлғаны “тепсе темір үзетін” мықты, денсаулығы күшті етіп қалыптастыру ісіне мүмкіндіктер жасауға қатты назар аударылды.
Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау жарғысында “денсаулық жәй дымкес немесе кеміс болмау емес, бой күші, рухани және әлеуметтік жағынан сайма – сай толымды болу”,- делінген. Сол себептен баланың дұрыс өсіп дамуымен, денсаулығын нығайтумен айналысатын адамдар жас ұрпақтың денсаулығын сақтаудың міндерттерін жақсы біоген жөн.
1. Баланың денсаулығына ұқыпты қарау, қорғау, аурудың алдын алуға зор мән беру.
2. Бала күтімінің қыры мен сырын жақсы білу, күн тәртібін, сапалы тамақ мәзірін мұқият қадағалау.
3. Санитарлық гигиеналық, керпияздық, тазалық жағдайына қатты көңіл бөлу.
4. Балалар ауруларының аттарын, белгілерін, емдік дәрілерін білу, емдеудің қарапайым түрлерін, емдеу жолдарын білу, кейбір аурулардың белгілерін тану, анықтау.
Ендігі сөз кезегі сынып оқушыларына беріледі. Жүргізуші
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді
Дархандықты қазаққа дала берген секілді
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді
Еркелікті, ерлікті желден алған секілді.
І. Әділқазылар алқасын сайлау.
Жүргізуші
1. Тәрбиеге үйреткен
Тәрбиенің басшысы
Химия пәні маманы
___________ апай
2.“Өзге тілдің бәрін біл,
өз тіліңді құрметте”, — дегендей
қазақ тілі мен әдебиет маманы _________ апай.
3. Бас ауырса, тіс ауырса,
Бізге дәрі беретін
Ақ халатты, абзал жанды
_________ апайымыз бар енді.
ІІ. Топқа бөлу
1. Халық емшілері
2. Дәрігерлер тобы
Сайыстың бөлімдері
1. Топ мүшелерін таныстыру
“Халық емшілері” тобы:
Сенім менен құраным
Ем боп дарып жүр әнім.
“Дәрігерлер тобы:
Ақ халатты, абзал жанды
Адам жанын түсінетін
Жан бар ме екен бұл өмірде,
Дәрігерден асатын.
2. Білім сайысы (мақал – мәтел).
Жер үстінде адам өмір өткізер
Бар нәрсені білім қолды жеткізер
Бар ізгілік тек білімнен алынар
Білімменен аспанға жол салынар.
1) Ауру астан
Дау қарындастан
2) Тұмау аяғы – құрт
Тұман аяғы – жұт.
3) Денің сау болса,
Жарлымын деме,
Жолдасың көп болса,
Жалғызбын деме.
4) Тазалық – саулық негізі,
Саулық – байлық негізі.
5) Көзің ауырса, қолыңды тый,
Ішің ауырса, аузыңды тый.
6) Дәрі шөптен шығады,
Дана көптен шығады.
7) Аурудың жақсысы жоқ
Дәрінің тәттісі жоқ.
8) Жарлының байлығы –
Денінің саулығы.
3. “Кім жылдам?” (шөптер мен дәрілердің аттарын айту. Екі топ жарысады).
4. П.К. Ивановтың 12 өсиеті
1. Күніне екі рет табиғи суға шомыл. Қалай шомыласың оны жағдайың біледі: көлге, өзенге, ваннаға түс, болмаса душ қабылда, үстіңе су құй. Реті қалай келеді, солай істе. Жылы сумен жуынсаң, соңынан үстіңе суық су құй.
2. Шомылар алдында немесе одан кейін, ал егер мүмкін болса, табиғатқа шығып, шомылу кезінде жалаңаяқ жерді басып тұрып, қыста, ең болмаса, 1-2 мин. қар бас. Аузыңмен бірнеше рет ішке дем алып, ойша өзіңе және барлық адамдарға денсаулық тіле.
3. Арақ ішпе, темекі тартпа.
4. Аптасына, тым болмаса, бір рет ас пен судан толық тыйылуға тырыс – жұма күнгі сағат 18-20-дан жексенбі күнгі сағат 12-ге дейін. Бұл сенің еңбегің мен тынымың. Егер қиын тисе, қайткенде де бір тәулікке шыда.
5. Жексенбі күнгі сағат 12-де табиғатқа шық та, жалаңаяқ жер басып тұрып, бірнеше рет тыныс ал, ішіңнен жоғарыда айтылғандай тілек тіле. Бұл сенің ісіңнің мейрамы. Бұдан кейін тәбетің тартқан дәмнің бәрін тартынбай жей беруіңе болады.
6. Өзіңді, айнала қоршаған табиғатты сүй. Төңірегіңе түкірме, жалпы қақырынып – түкірініп ішіңнен ештеңе шығарма. Осыған әдеттен – бұл сенің денсаулығың.
7. Жұрттың бәрімен, әсіресе қартаң адамдармен қай жерде, қай уақытта болсын амандасып жүр. Денсаулығың жақсы болсын десең, өзгелердің де саулығын сұрап амандас.
8. Қолыңнан келгенше адамдарға, әсіресе қаріп-қасер, ауру-сырқау кісілерге көмектес. Олардың мұқтажын орындауға жаныңмен, жүрегіңмен ұмтыл, жәрдеміңді қуана-қуана жаса. Сен өзіңе дос табасың және бейбітшілік ісіне үлес қосасың!
9. Өз бойыңдағы сараңдықты, жалқаулықты, тоқмейілдікті, екіжүзділікті, менмендікті, пайдакүнем есепшілдікті, қорқынышты жең. Адамға сен, адамды сүй. Олар туралы өзің әділетсіз сөз айтпа, біреудің ғайбат сөзіне сене салма.
10. Ауру, сырқау, өлім туралы ойларды миыңнан шығар. Бұл сенің жемісің.
11. Ой мен істі бір-бірінен бөліп қарама. Оқығаның жақсы-ақ, бірақ ең бастысы — істеу керек.
12. Бұл іс туралы өзгелерге де айтып, тәжірибеңді бөліс, бірақ бұған мақтанып, кісімсіп кетпе. Қарапайым бол.
5. “Тұмау” ауруының шығу тарихы, емделу жолдары, сақтану жолдары. (І, ІІ топ айтады).
6. “Кім тапқыр?” Сөзжұмбақ (Дәрілік өсімдіктердің аттарын жазу).
“Халық емшілері” тобы
Жауаптар: (бақбақ, қалақай, ақболжусан, адыраспан, алабота).
“Дәрігерлер тобы”
Жауаптар: (таңқурай, итмұрын, мия, қалақай, жусан).
Достар, достар, кетсек те біз есейіп,
Денсаулық қызығын біз кешейік.
Таза ауа, мөлдір су, қойнауы бай
Баурайында табиғаттың кездесейік.
7. Қорытындылау
Құрметті ұстаздар, оқушылар!
Бүгін міне, “Бақытым да, байлығым да денсаулық” атты тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті деп ойлаймын. Бағанадан бері балаларымыздың денсаулыққа, табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін, білімділіктерін тамашаладық. Ендігі сөз кезегі мектеп басшыларына және әділқазылар алқасына беріледі.